Мақтаарал ауданының тұрғындары әкіміне сенім артып, тағы бір мүмкіндік берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалары жүзеге асуда. Елімізде аудан әкімдері сайлануда. Бұл реформа Түркістан облысында да сәтті жалғасуда. 5 қарашада Түркістан облысында 4 ауданның әкімі сайланған болатын. Мақтаарал ауданы бойынша сайлауға 3 үміткер қатысып, сайлаушылар тізіміне 70648 азамат енгізілді. Дауыс беруге 46114 сайлаушы қатысты. Сайлау қорытындысымен 29338 дауыспен Мақтаарал ауданының әкімі болып 1962 жылы туған, осыған дейін Мақтаарал ауданының әкімі болып қызмет атқарып келген Бақыт Насырханұлы Асанов сайланды.
Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды Мақтаарал ауданы активімен кездесіп, жаңадан сайланған Бақыт Асанов Бахыт Насырханұлының жұмысына сәттілік тіледі, бірқатар міндет жүктеді.
Мақтаарал аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулет Ерімбетов сайлау қорытындысы туралы баяндап, аудан әкіміне арнайы куәлігін тапсырды.
Облыс әкімі аудан басшысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары мен бағдарламаларын сәтті жүзеге асыру міндеті жүктеліп отырғанын атап өтті. Тұрғындардың өтініштерін сапалы, уақтылы шешу қажеттігін айтты.
– Мақтаарал – облысымыздағы аграрлық әлеуеті жоғары аудандардың бірі. Ауыл шаруашылығына инвестиция тартып, мақта өңдеу саласында озық технологияларды енгізу бойынша жұмыстар атқарылсын. Егін шаруашылығында кездесетін мәселелерді жедел шешіп, шаруаларды жан-жақты қолдау қажет. Екіншіден, аудан шекаралық аймақ болуына байланысты көрші елдің ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде мақта өніміндерін терең өңдеу тәжірибесін ауданда іске асырған жөн. Үшіншіден, аудан әлеуетін көтеру үшін шағын және орта бизнесті дамытуды тапсырамын. «Ауыл аманаты» бағдарламасын сапалы жүзеге асыру қажет. Ауданда шағын және орта бизнесті дамыту бойынша арнайы жол картасын әзірлеп, нақты шаралар қабылдау керек. Төртіншіден, Мақтаарал ауданында барлық елді мекендерді табиғи газ, сапалы ауыз су және электр энергиясымен қамту бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізілсін. Бесіншіден, білім беру мекемелерінде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылдануы тиіс. Алтыншыдан, ауданның экономикалық өсімін қамтамасыз ету бойынша нақты жоспар әзірленіп, аудан экономикасына инвестициялар тартып, жаңа өндіріс орындарын ашу бойынша нақты шаралар қабылдаңыз. Жетіншіден, ауданда қоғамдық және құқықтық тәртіпті күшейту, жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған нәтижелі шаралар қабылдау – уақыт талабы. Басты мақсат – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау. Ауыл, елді мекендеріміз жайлы, қауіпсіз, таза болуы қажет. Жаңадан сайланған аудан әкіміне мәслихат депутаттары мен аудан активімен бірлесе отырып, осы міндеттерді орындауды тапсырамын. Мақтаарал ауданын дамыту жолындағы істеріңізге сәттілік тілеймін! – деді Дархан Сатыбалды.
Бақыт Насырханұлы еңбек жолын 1984 жылы «Жетісай ауыл құрылыс» мекемесінде бастаған. 1986 - 1992 жылдары Ленин атындағы кеңшарда құрылыс бөлімінің шебері, Шардара ауданы, Көксу кеңшарында аға прораб болып жұмыс істеген. 1992 - 1997 жылдары Алматы қаласы, «Жібек жолы» сауда базасында және республикалық жастар кәсіпкерлігін қолдау қорында басшылық қызметтер атқарған. 1998 - 2008 жылдары Шымкент қалалық әкімшілігінің техникалық инспекциясы басшысының орынбасары болды. 1999 - 2008 жылдары Мақтарал ауданы, Жылы су ауылдық округінің әкімі, 2008 - 2018 жылдары Жетісай қаласының әкімі, Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары қызметтерінде болды. 2018 жылдың шілде айынан бүгінгі күнге дейін Мақтаарал ауданының әкімі қызметін атқарып келді.
Мақтаарал ауданының тыныс-тіршілігі жаңа әкімге таңсық емес. Өзі 5 жылдан бері басқарып келеді. Ендігі кезекте өзі бастаған жобаларды, істерді соңына дейін жеткізуге мүмкіндік алып отыр.
Мақтаарал ауданы қайта құрылғалы бері 5 жылда жалпы ішкі өнім көлемі 2 есе өсіп, 2022 жылы 81 млрд. теңгеге жеткен. 2023 жылдың 6 айының қорытындысымен бұл көрсеткіш 10 млрд. теңгені құрап, 10 пайызға өсіп отыр. Өсімдік шаруашылығы өнімі былтыр 841 млн. теңгені, мал шаруашылығы 9,3 млрд. теңгені құрады. Нәтижесінде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 5,8 пайызға өскен. Құрылыс жұмыстарының көлемі 1,8 есе өсіп, былтыр 9,7 млрд. теңгеден асты. Биыл жарты жылда 2 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылды. Былтыр негізгі капиталға 22,5 млрд. теңге инвестиция бағытталса, биылғы жылдың 6 айының қорытындысымен 12 млрд. теңге инвестиция тартылды. Ауданда 2023-2025 жылдары 47 млрд. теңгеге 17 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2022 жылдың 6 айында 5,3 млрд. теңгені құраса, 2023 жылдың тиісті кезеңінде бұл көрсеткіш 2,6 есеге артып, 14,4 млрд. теңгеге жетті. Өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 2022 жылдың 6 айында 3,6 млрд. теңгені құраса, ағымдағы жылы 3,5 есеге артып, 12,4 млрд. теңгеге жеткен. Осыдан бес жыл бұрын жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 22,3 пайызды құраса биыл бұл көрсеткішті 78,5 пайызға жеткізу көзделген. Оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 жылда 117 көшеге 2 млрд. 757 млн. теңгеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы уақыт аралығында 100 шақырымнан астам жолға тас төселген. Соңғы 5 жылда ауыз сумен қамтылған тұрғындардың саны 15,9 пайызға артып 97,1 пайызды құрады. 18 мың 477 абонент табиғи газға қосылған. 12 елді мекенде жүргізіліп жатқан жеткізуші газ құбырының құрылысы (1 млрд. 972 млн. теңге) биыл іске қосылады. «Мақтаарал» автоматты газ тарату станциясының құрылыс жұмыстары биыл аяқталмақ. Сондай-ақ жыл соңына дейін тағы 9 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етіліп, газбен қамту деңгейі 65,2 пайызға артады. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары салынып жатыр. Мектеп саны 51-ге жетті. Төрт елді мекенде 200 орындық мектептер салынып жатыр. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен облыста «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба шеңберінде аудан аумағында мектептердің мәселесін шешу мақсатында 1500, 900, 600 және 300 орындық 5 жаңа мектептің құрылысы жоспарлануда. Жалпы ауданда 2018-2023 жылдар аралығында 17 мемлекеттік мектептің жаңа ғимараты салынып, пайдалануға берілген. Биыл Еркінабад, Азамат, Өркениет және Нұрлыжол елді мекендерінен 200 орындық 4 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасымен 2 мектептің құрылыс жұмыстары басталып кеткен.
Екі емхана, дәрігерлік амбулатория және фельдшерлік-акушерлік пункті пайдалануға берілді. 4 елді мекенде жаңа медициналық тірек салынды. 2023 жылы жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2024 жылға Мақтаарал ауданы бойынша 5 медициналық нысан салыну жоспарланып отыр.
Шекаралас аймақтағы ауданның әлеуеті зор. Жүйелі жұмыс атқарылса, ел еңсесі көтерілері анық. Бұл ретте аудан әкімінің іскерлігі, қайраткерлігі қажет-ақ.