Мақтааралда екі премьер-министр құрылысты бастап кетті
Айына бес мәрте оңтүстікке табаны тисе, Түркістаннан аттап шықпайтын премьер-министр Асқар МАМИННІҢ бұл өңірде қызмет бабымен міндетті түрде баратын ауылы көбейгендей. Әр қиындықтың бір қайырымы бар дегенге салсақ, аралайтын ауылы көбейген Асқар МАМИНГЕ бұл сапардың бір пайдасы өзбек әріптесімен «гәпіріп» қалмақ. Үкімет басшыларының бұлайша бас қосуы екі ел арасындағы қарым-қатынасты жетілдіре түспек.
Сонымен, үкіметтің баспасөз қызметінің хабарынша, Қазақстан мен Өзбекстан премьер-министрлері Түркістан облысының Мырзакент ауылында жаңа шағын ауданның құрылысын бастап берген. Сондай-ақ, қолына күрек ұстаған Асқар Мамин үй ірге тасына темір бұрап жатқан Өзбекстаннның премьер-Министрі Абдулла Ариповпен кездесу өткізіпті.
Одан кейін, үкімет басшылары Мақтаарал ауданының су басқан аумақтарын аралап көріп, Жаңажол ауылдық округінің Нұрлыжол, Өргебас және Фирдоуси ауылдарында болып, су тасқыны салдарын жою аясында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысқан.
Екі премьер-министр әр ауылдағы тұрғындармен кездесу өткізген.
-Барлығы Мырзакент кентінде су тасқынының салдарынан зардап шеккен Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Достық елді мекендерінен 500 отбасы үшін жеке тұрғын үйлер, мектептер, балабақша мен фельдшерлік пункттер салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын ҚР және ӨР мамандары бірлесіп жүргізетін болады,- дейді баспасөз қызметі.
Премьер-Министр мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғындары жаңа немесе жөнделген баспанамен толық қамтамасыз етілетінін атап өтіпті. Олардың әрқайсысына республикалық бюджеттен 100 мың теңгеден беріледі. Сонымен қатар іскерлік топ өкілдері зардап шеккендерге демеушілік көмек көрсетпек.