Министр С.Брекешов не істейді? Тасқала целлофанқала болғалы тұр

Астанада қоршаған орта министрілігі бір ашылып, бір жабылып, одан қайта құрылып(қазірі атауы экология, геология және табиғи ресурстары министрлігі), жаңа да ескі министрлікке жалынды ұранмен келген министрлер атқарған істеріне есеп берместен басқа қызметке ауысып кетіп жатқанда орталықты айтпағанда шалғайдағы ауылдың экологиясына дабыл қағатын жағдай туды.

  • 20.09.2021

Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Тасқала ауылында көң-қоқыс төгетін жердің айналасы қоршалмағандықтан целлофан-пакеттер мен тағы да басқа түрлі қалдықтар ауыл ішіне кіруге «беттеп» келеді. Қоқыс полигонына барар жолда малдың өлекселері де жатыр. «Көң-қоқыс төгетін жердің айналасына жиі барып, тазалығын қадағалап тұрамын» деген ауыл әкімі жолда малдың өлексесі жатқанын да «білмейді».

Тасқала ауылының солтүстік бөлігіндегі қоқыс полигоны төрт гектар жерді алып жатыр. Ауылдан небәрі бір шақырым жерде тұр.  Malim.kz тілшісін осы полигонға апарған такси жүргізушісі бұл жерді күзетші күзететінін айтты. Ол не себепті қарауыл қойып қойғандарына түсінбей дал.

-Мынау шашылып жатқан қоқыстарды несін күзетеді, түсінбеймін. Айналасы қоршаулы болса бір жөн, қоқысты жер-жерге лақтырып кетпес үшін қадағалайтын. Жел тұрған кезде мына салафандар ұшып, ауылға кіреді. Былтыр жер-жерде шашылып жатты, оны дұрыс жинаған да жоқ. Қайта биыл кішкене болса да реттепті. Айналасын қоршап қойса, мұндай болмайды ғой,-деді аты-жөнін көрсетпеуді сұраған такси жүргізушісі.

Қоқыс полигонына күзетші көп келмейтінге ұқсайды. Қаңылтырдан тұрғызылған күзетші отыратын орынның іші темір-терсекке толы. Жүрмейтін «ДТ»-да «сән үшін» апарып қойғандай...

Жергілікті тұрғындар әкімдік қоқыс төгетін полигон мәселесін шеше алмай келе жатырғандарына бірнеше жыл болды дейді. Ал ауыл әкімі болса «қоқысты кез келген жерге лақтырып кетеді, ауыл тазалығына немқұрайлы қарайды» деп тұрғындардың өздерін айыптайды.

-Көбі тұрмыс қалдықтарын, қоқыстарын  белгіленген жерге апарып төкпейді. Жер-жерге тастап кете береді,-дейді Тасқала ауылының әкімі Гүлжан Мұхамбетқалиева.

Шенеунік полигон мәселесін «жақын арада шешеміз» деп отыр. Айтуынша, көң-қоқыс алаңын қоршауға аудандық бюджеттен 9 млн. 79 мың теңге бөлінген. Тендерді оралдық «BRAT.M» ЖШС ұтып алған.

-Мердігер мекеме басшысымен осы сіздің алдыңызда сөйлестім. Олар қоршау жұмыстарын осы айдың соңында бастайтындарын айтты, - дейді ауыл әкімі.

Гүлжан Мұхамбетқалиева қоқыс полигонының айналасының тазалығына тасқалалық «Нұр» жеке кәсіпкерлігі жауапты екенін айтады.

-Бұл жеке кәсіпкерлік тендерді осы жылдың мамыр айында ұтып алды. Сомасы—2 млн. 450 мың теңге. Бұлар ауыл ішіндегі мусорларды шығарып қана қоймай қоқыс полигонының айналасын таза ұстауға міндетті,-деді.

Әкім өзі де көң-қоқыс алаңының тазалығын жиі қадағалап тұратынын айтты. Бірақ ол қоқыс полигонына барар жолда малдың өлексесі жатқанын «білмейді», қоқыс полигонына соңғы рет қашан барғанын да есіне «түсіре алмады».

-Осы екі-үш күн бұрын бардым-ау деймін, әлде өткен аптада ма екен. Сіз айтып отырған малдың өлексесінің жатқанына көп болмаған шығар,-деп «таң қалды» Гүлжан Мұхамбетқалиева.

Ал «Нұр» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Нұр Ғаббасов болса, қоқыс полигонының айналасын тазартуға міндетті емеспіз деп, әкімнің сөзін терістеп отыр.

-Біз шұңқыр қазып, қоқыстарды көмеміз. Ал енді қоқыс полигонының айналасына шашылған салафандарды, қоқыстарды жинау міндетімізге кірмейді. Жол бойында жатырған малдың өлексесін біз алмаймыз,-деді Нұр Ғаббасов.

Ол қоқыс шығару және көму жұмыстарымен екі жылдан бері айналысып келе жатқанын айтады. Қоқыс полигонына не себепті күзетші қойғандарын да былайша түсіндірді: «Екі жылдан бері тендерді бір көзден сатып алу арқылы «ұтып» келдім. Биыл ғана тендер жария өтті. Үш-төрт мекеме қатысты. Төмен баға ұсынған соң, тендерді мен ұттым. Енді полигонға «не үшін күзетші қойылды?» деген сұраққа жауап берер болсам — ол күзетші емес, жай ғана тұрғындардың тұрмыс қалдықтарын тиісті жерге тастауын қадағалап тұратын адам. Жұма, сенбі, жексенбі күндері таңертеңнен кешке дейін қоқыс полигонының басында болады. Айына — 50 мың теңге жалақы төлеймін. Алғашында үш адам жұмыс істеген еді, қазір бір адам қалды».

Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды игеру – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылы мәлімдеген «жасыл» экономикаға көшу концепциясындағы басты тармақтардың бірі болатын. Атап айтқанда, үкімет 2030 жылға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға жеткізуі тиіс. Ал Экология кодексіне енген соңғы түзетулердің талабы бойынша, шірімейтін қатты пластмасс бұйымдарын Қазақстанда енді көмуге болмайды, оны тек қайта өңдеуге жіберу керек. Ал целлофан-пакеттердің қолданысын азайту үшін оны бұрынғыдай дүкендерде тегін таратуға шектеу салған. Алайда, экология министрлігінің астанада отырып шығарған бұл талаптары батыстағы Тасқалаға әлі жетпегендей.

Есенжол Елекенов,

Батыс Қазақстан облысы

Байланысты жаналықтар

БҚО-да 20 метр жолға 20 млн теңге қаржы жұмсамақ

07.06.2023

Ақжайықтың дәрігерлері айтысып жатыр: Заңды белшеден басқан кім?(Видео)

20.10.2021

Тасқалада Жолдауда айтылған спорт алаңы «жоғалып» кетті

15.09.2021
MalimBlocks
БҚО-да 20 метр жолға 20 млн теңге қаржы жұмсамақ

Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданына қарасты Ащысай мен Мырзақара арасындағы грейдер жолдың 10-15 метр жерін көктемде су шайып кеткен.

Ақжайықтың дәрігерлері айтысып жатыр: Заңды белшеден басқан кім?(Видео)

«Жалақымызды заңсыз қысқартып, аурухананың ақшасын өз қалтасына салып отыр».

Тасқалада Жолдауда айтылған спорт алаңы «жоғалып» кетті

Біреуі «біледі» дейді, енді біреуі «білмеймін» дейді. Шенеуніктер тілшіге неге өтірік айтты?