Тасқалада Жолдауда айтылған спорт алаңы «жоғалып» кетті
Біреуі «біледі» дейді, енді біреуі «білмеймін» дейді. Шенеуніктер тілшіге неге өтірік айтты?
Ақордада отырған президент «Денсаулық кепілі —дене шынықтыру» екенін, бұқаралық және балалар спорты үшін барынша жағдай жасалуы қажеттігін жолдауында айтуындай айтып жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев та осы мәселені назарларынан тыс қалдырған емес. Бірақ, Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы орталығы —Тасқала ауылының шенділері Қ.Тоқаев пен Н.Назарбаевтың сөздерін елемейтін де, құлақтарына қыстырмайтын да сияқты.
Өйткені, Тасқала ауылында аудандық бюджеттің 10 млн.782 мың теңгесіне салынған спорт нысанын жергілікті шенеуніктер «қажетсіз» деп тауып, «жоқ қылып» жіберген.
Бір кездері 11 миллиондай теңгеге салынған су жаңа спорт алаңы қазір қаңырап бос тұр. Бір шетіне сахна тұрғызып қойған.
2017 жылдың қараша айында пайдалануға берілген алаң құрылысын оралдық "BRAT.M" ЖШС жүргізген. Әу баста сапасыз салынған бұл алаңда балалар жарытып ойнамаған-да. Жергілікті тұрғындар 2019 жылы осы алаңда бір топ бала футбол ойнап жүргенде біреуінің аяғына қақпа құлағанын айтады. Сөздерінше, 10 жасар баланың аяғы бірнеше жерінен сынған. Осы оқиғадан соң, шенеуніктер спорт нысанына ешкім кірмес үшін есігін бірнеше жыл бойы құлыптатқызып қойған.
Аудан әкімдігіне қарсы тұрған спорт алаңын ақыры «қажетсіз» деп тауып, оның жабдықтарын басқа ауылға беруді ұйғарған.
-Алаң жабдықтарын Шежін ауылы әкімдігі алып кетті. Енді алаңның орнына тал-терек егіп, өрнек тас (брусчатка) төсеп, демалыс орнын жасаймыз ба деп отырмыз,- дейді Тасқала ауданы әкімінің міндетін атқарушы Аян Халауедин.
Ол тілшінің «10 млн. 782 мың теңге бекерге кетті деп есептемейсіз ба?» деген сауалына «Тап осы алаң Шежін ауылында тұр ғой. Онда тұрған ештеңе жоқ» деп жауап берді.
Алаң алғашында Тасқала ауылы әкімдігінің балансында болған. Кейін мәдени-демалыс орталығына берілген. Спорт нысанын қалпына келтіру үшін өткен жылы аудандық бюджеттен 2 млн. 553 мың теңге және бөлінген. Тендрді алматылық «Мидас Дистрибюшин» деген мердігер мекеме ұтқан. Алайда олар келмеген.
-Келмегені үшін мердігер компанияны сотқа бердік. Сот «жауапсыз компания» деп үкім шығарды. Мұның егжей-тегжейін мәдени-демалыс орталығының басшысынан сұрасыңыз болады, сол кісі сізге бәрін айтып береді, - деді Тасқала ауданы әкімінің міндетін атқарушы Аян Халауедин.
Ал мәдени-демалыс орталығының басшысы Миржан Есқалиев болса, ештеңе «білмейтінін» айтты.
-Бұл орталыққа басшы болып келгеніме жеті айдай болды. Маған дейінгі болған нәрселерді мен білмеймін. Білсем, нақты жауап берер едім. Білмегесін не деп жауап берем. Бірақ, бізден алып кеткен алаң қазір қолданыста, пайдаланып жатыр. Оны Facebook-тан көрдім. Өзіңіз Шежін ауылына барып көрсеңізде болады, - деді Миржан Есқалиев.
Айтқан сөздерінің рас-өтірігіне көз жеткізу үшін аудан орталығынан шамамен 50 шақырымдай қашықта орналасқан Шежін ауылына бардық. Алаңды мектеп ауласына апарып қойған. Жасанды төсеніші жоқ, іші топыраққа толы. Ешқандай қолданыста емес.
Кейін тілші Шежін ауылдық округі әкімдігіне барды. Өзін әкімдіктің бас маманымын деп таныстырған Замзагүл әкім Алғадай Жамбыл аудан орталығына таңертең кеткеннен әлі келмегенін айтты. Ол біздің сұрақтарымызға жауап бере алмаймын деді.
Журналист келгенін ескертпек болып, әкімге хабарласты. Шенеунік біразға дейін қоңырауға жауап бермеді. Сәлден кейін ғана тұтқаны көтерді.
-Алғадай Жамбылұлы сізге журналист келіп тұр. Қашан келесіз?-деді әкімдіктің бас маманы.
Әкімнің не дегенін Замзагүл естімеді, "даусыңыз естілмейді, ала-ало" деп «айғайлаумен» болды. Байланыс үзілді. Журналистке бір, телефонға екі қараған ол абдырап қалды. Кішкенеден соң:
-Білесіз ба, бізде связь жоқ, сеті ұстамайды. Интернет жоқ,-дедіЗамзагүл.
Бірер минуттан соң ауыл әкімі Алғадай Жамбыл жұмыс телефонына хабарласып, тілшіге алаңға қатысты мән-жайды айтты:
-Ауылда жаңадан салынған алаң бар. Оған балалар «сыймай» жатқан соң аудан әкімінен мәдени-демалыс орталығының қасында тұрған алаң жабдықтарын сұрап алдым. Биыл оның ішіне топырақ төсеп, беткі қабатын құйып қоямыз. Келесі жылы жасанды төсенішін төсейміз. Өзінің бұрынғы жасанды төсеніші пайдасыз. Мұның барлығына бір миллион теңгенің үстінде ақша керек. Ауылдағы шаруа қожалықтары көмектеседі деп ойлаймын. Аудан әкімдігінен ақша сұрағаным жоқ, бере ма, жоқ па білмеймін,- деді телефон арқылы пікір білдірген Алғадай Жамбыл.
Шенеуніктің «жаңадан салынған алаңға балалар сыймай жатыр» деген сөзін ауыл балалары жоққа шығарды. Олар алаңға ойнауға анда-санда ғана келетіндерін, оның өзінде балалар саны көп болмайтынын айтты. Бұл ауылда бар-жоғы мың жарымдай тұрғын тұрады. Ал 11 миллион бюджет ақшасына салынған су жаңа спорт алаңынан айырылып қалған Тасқала аудан орталығында 7 мыңға дейін тұрғын бар. Ал бұл ауылда Жолдауды қолдамаймыз деген шенеунік болған емес.
Есенжол Елекенов, Батыс Қазақстан облысы