Әлеуметтанушы: Парламенттік реформалар – Әділетті Қазақстанға бастар жол

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің саяси жүйесінде орын алған елеулі өзгерістер мен алдағы реформалардың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Әсіресе, Сенаттың соңғы 30 жыл ішіндегі рөліне берілген әділ баға мемлекетіміздің дамуына жасалған салмақты талдау деп білеміз.
1995 жылы күрделі саяси жағдайда құрылған Сенат бүгінде Қазақстанның саяси тұрақтылығы мен заң шығару жүйесінің сенімді тірегіне айналды. Бұл институттың ел тарихындағы орны мен жауапкершілігі ұлт тағдырымен тікелей байланысты.
Президент өз сөзінде парламенттік реформаны мемлекеттік билік жүйесін жаңғыртудың заңды жалғасы ретінде атап өтті. Бұл – ел ішіндегі саяси мәдениеттің, азаматтық белсенділіктің, ашық диалог пен сенімге негізделген жаңа басқару моделінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Қоғамда парламенттік реформа мәселесі бұрыннан көтеріліп келе жатқаны рас. Алайда бүгінгі саяси, әлеуметтік ахуал мен халықтың сұранысы бұл реформаны енді нақты іске асырудың қажеттігін алға тартып отыр. Президенттің «Реформа – ұдайы жүретін үдеріс» деген пікірі де осыған саяды.
Әділетті Қазақстанды құру жолында саяси жүйенің тиімділігі мен халықтың оған деген сенімі басты орында тұруы тиіс. Сондықтан да парламенттің рөлін күшейту, билік тармақтары арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан стратегиялық шешімдердің бірі деп есептеймін.
Жақсыбек Жиеналиев, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы

Ең көп оқылған
