Жандар Асан: Жолдауда білім беру саласын цифрландыруға баса мән берілді

Білім беру әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыты ретіндегі маңызын сақтап келеді. Әлемде жыл сайын жасанды интеллектіні қолдану дағдылары бар мамандарға сұраныс артып отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері бойынша бағдарлама мен оқу материалдарын дайындауды, сондай-ақ ұстаздардың ЖИ технологиясын меңгеру дағдыларын қалыптастыруды тапсырды. Бұл жөнінде белгілі саяси сарапшы Жандар Асан айтты,-деп хабарлайды Malim.kz.
Ел Президенті Жолдауда атап өткендей, қашықтан оқыту мен жасанды интеллект негізінде ауылдық жердегі оқушыларды сапалы оқу материалдарымен қамтамасыз ететін «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектептің үлгісі жасалмақ.
«Білім экономикасына табысты көшу үшін Мемлекет басшысы ғылымды, білімді және инновацияны өзара байланыстырудың маңыздылығын атап өтті. Осыған сәйкес инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігінің қарамағына беру, сонымен бірге ғылыми институттар мен ЖОО-ларды үйлестірудегі министрліктің рөлін күшейту тапсырылды», – деп атап өтті Жандар Асан.
Сонымен қатар Президент жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланатын университеттерге көбірек дербестік беру қажеттігін айтты.
2025 жыл Президенттің шешімімен Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл, ең алдымен, өндірістік еңбектің адамға да, елге де зор пайда әкелуімен байланысты. Сондықтан Мемлекет басшысы Жолдауында жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруді, оларға лайықты еңбекақы қамтамасыз етуді ең маңызды міндеттердің бірі ретінде айқындады, – деді Жандар Асан.
Фото: Ж.Асанның архивінен

Ең көп оқылған
