Алматы мен Астана халықаралық QS Best Student Cities 2027 рейтингіндегі орындарын жақсартып, өңірдегі жетекші студенттік қалалар қатарындағы позициясын нығайтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Алматы бірден 13 сатыға көтеріліп, әлемде 78-орынға жайғасты. Бұл - Қазақстан қалалары үшін аталған рейтинг тарихындағы ең жоғары нәтиже әрі Орталық Азиядағы үздік көрсеткіш. Астана да сегіз сатыға жоғарылап, 119-орынға көтерілді.
QS Quacquarelli Symonds агенттігі жасаған рейтингке әлемнің 150 қаласы енген. Алматының нәтижесіне қаладағы тоғыз жоғары оқу орнының QS World University Rankings 2027 тізіміне кіруі ықпал еткен. Соның нәтижесінде Алматы «Университеттердің рейтингтердегі нәтижелері» көрсеткіші бойынша әлемде 50-орын алды.
Сондай-ақ жоғары білімнің қолжетімділігі көрсеткіші бойынша Астана әлемде 9-орынға, Алматы 24-орынға ие болды.
Халықаралық рейтинг: Астана мен Алматы - студенттерге қолайлы қалалар