Қанағат Жүкешев: Қазақ тілін шенеуніктер емес, ғылым дамытуы тиіс

Қазақша сөйлеуді алдымен мемлекеттік қызметкер меңгеруі тиіс деп түсіндіру – бұқаралық сананы теріс бағыттау

Аялдар Күнтуған

  • 11.11.2024

Философ, тарихшы, әлеуметтанушы, лингвист Қанағат Жүкешев талай жылдан бері қазақ тілін дамытудың, шын мәнінде мемлекеттік тілге айналдырудың өзіндік методикасын, философиялық тұжырымын ұсынып келеді. Оны жақтайтындар да, даттайтындар да көп. «Қазақ тілі әдеби нормалану керек, стандартты тілге көшкенде ғана тіліміздің көсегесі көгереді, адамдардың меңгеруіне қолайлы болады» дейтін оның ұстанымын даттаушылар – «бай тілімізді құртуды көксеп жүр» деп санайды. Өзінің ойын жеткізу үшін үнемі қазақ филологтарын дискурсқа шақырып келеді. Бірақ нақты ғылыми талқы өткен жоқ.  Ғалым "қазақ тілін жақтаймыз" деген ұранның көбі тілді дамытуды емес, құр айғайдан туып отырғанын да дәлелмен дәлелдеген. «Биліктегілер түгел қазақша сөйлесе, тіліміз өркендейді» деген идеяны «сауатсыз ұсыныс» дейді. Неге бұлай? Философты осынша күйіндірген қандай жағдай? «Тіл философиясы» кітабының авторын кең көлемді әңгімеге тартқан едік. Қалпын бұзбай оқырман назарына ұсынып отырмыз. 


                                     Қазақ тілі тауқымет тартып отыр

– Сіз «Тіл философиясы» атты ауқымды кітап жаздыңыз. Қазақ тілін стандарттау, жүйеге келтіру қажет деп көптен бері айтып келесіз. Кей пікіріңізге қазақтілді орта, ғалымдар мен жазушылар шамданып жатады. «Қазақ тілі аграрлы қоғамның бүлінген тілі деңгейінен ұзаған жоқ» дейсіз. Әдеби тіл нормасы қалыптасқан жоқ деп ашық айтасыз. Тілді стандарттау, яғни көпмәнді сөзді бір мәндіге айналдыру, тілдегі орынсыз қолданыстарды жою жөніндегі ғылыми пікіріңізді қолдаушылар бар ма? Өз ойыңызды тиянақты жеткізбей жүрмін деп ойламайсыз ба?

– Менің қазіргі қазақ тілін дамытуға қатысты ұстанымым көпке мәлім: қазақ тілін мемлекеттік мәртебесіне сай қызметін толық атқара алатын, индустриялы қоғамда әмбебап қолданылатын, стандартталған, әдеби нормаланған тіл ретінде дамыту. Бұл тренд дүниежүзілік тенденциялар астарында, озық лингвистикаларда қолданылған, тарихи ақталған, әмбебап теориялар мен тәжірибелерге сүйеніп жүзеге асырылуы керек.

Әдеби нормаланған тіл ұғымы бұған дейін қазақ филологиясында қате түсіндіріліп келді. Жалпыхалықтық тіл мен әдеби тіл ұғымдарының аражігін ажырата алмаудың салдары қазақтілді филологияны мүлдем теріс бағыттап, дрейфке тығып тастады.

Әдеби нормаланған тіл (сонымен қатар стандартты тіл) – жалпыхалықтық тілдің ядросын құрайтын, ресми аяда қолданылатын, өңделген, нормаға түсірілген бөлігі. Оның толық мәнін жете ұғу үшін стандартталған тіл мен әдеби тіл деп орысша, ағылшынша интернетке терсеңіз, бәрі алдыңыздан шығады.

Стандарттау – әдеби тілді дамытудың квинтэссенциясы, өйткені, әдеби тіл – ол нормаланған тіл.

Әдеби нормаланған тілде атаулар, ұғымдар, терминдер тұрақты тұлғада (план выражения), нақты мағыналық жүктемеде (план содержания) қолданылады. Бұған қоса, ақпарат тек ресми стильде ғана беріледі. Жіберілген және қабылданған ақпараттар толық синтаксистік және семантикалық сәйкестікте болуы керек. Заманауи дамыған тілдің алтын қағидасы осы.

Тіл перспективасы, біріншіден – нормамен, екіншіден – репрезентативтік қабілетімен, үшіншіден – замандастың рухани талабын өтей алатын, сапалы контентпен айқындалады. 

Әдеби нормаланған тіл – ол индустриялы қоғамның тілі. Дамыған индустриялы елдерде сөз қолданыстың осы формасы үстемдік етеді. Жалпыхалықтық тіл мәдениет, көркемөнер, тұрмыс аяларында еркін қолданылғанымен, көптомдық романдарға, ұзақ поэмаларға сұраныс азайған. Бұл – индустриялы елдердің бәріне тән үрдіс. Индустриялы қоғам жағдайында нормаланған әдеби нұсқасы жасалмаған тілдің күні қараң, оны ешкім меңгере алмайды. Қазақ тілі қазір осы тауқыметті тартып отыр.

Әдеби нормаланған тіл белгілі бір шарттылықтар негізінде қалыптасады. Оның бастау алуын европалық ғылым ұлттың және ұлттық экономиканың пайда болуымен, тауар өндірісінің жолға қойылуымен, құқықтық қоғамның орнауымен шендестіреді. Қоғам дамудың индустриялы басқышына аяқ артқанда мемлекеттік іс басқаруда, халықаралық қатынастарда, қаржы, бизнес салаларында, ғылымда, технологияда,.. болып жатқан үдерістер мен құбылыстарды репрезентациялау үшін әдеби нормаланған тіл қажет. Дүниежүзілік тенденцияда, тарихи ақталған қағида осылай

Қазақстанда әдеби нормаланған тілге қажеттілік ел тәуелсіздігін алғаннан кейін туды. Елде тауар өндірісі, нарықтық қатынастар, құқықтық мемлекет орнату үдерістеріне кірісуге 1991 жылдан кейін ғана мүмкіндік ашылды. Демек, Қазақстанда әдеби нормаланған тілге қажеттілік және оның пайда бола бастауы дамудың осы кезеңімен айқындалады. Қазақ филологтары осы тарихи құбылыстың мәнін түсіне алмады.

Ахрониялық адасу да қазақтілді филологияда ғылымға жат, оғаш құбылыстардың орын алуына әкеліп соқтырды. Әдеби тілдің өзі қалыптасқан  жоқ, ал Р.Сыздықова оның тарихын жазды. Оған ілескен филологиядағы қара нөпір бірінен кейін бірі қазақ әдеби тілінің тарихын жаза бастады. Бүкіл филолог атаулы тақырыпты кең таралған трендке айналдырды. Қазақ филологтары өздерінің әдеби тілінің тамырын ежелгі дәуірден, кейбіреулері тіпті жазу пайда болғанға дейінгі кезеңнен іздеді (қараңыз: С. Исаев. Қазақ әдеби тiлiнiң тарихы. – А.: 1989. 7-8 б.б.).

Орыс лингвистері, еуропалықтар сияқты, уақыт пен әлеуметтік тәжірибеде сыналған қағидаларға сүйене отырып, орыс әдеби тілінің қалыптасуын XIX ғасырдың бірінші ширегімен дәйектеді. Сол кезеңде «орыс әдеби тілі қалыптаса бастады» деген тоқтамға келді (Стариченок В.Д. Большой лингвистический словарь. – Ростов н/Д., 2008. 532-б.). Бұл кезең Ресейде өнеркәсіп төңкерісі жасалып, тауар-ақша қатынастары орнауымен тұстас келеді.

38-дің хаты: кәсіби филологтардың кәсібисіздігі жаныма батты

–  Сізді тілтанушы ғалымдар жиі сынайды. Сіз де оларды аямайсыз. Әлеуметтік желіде олармен үнемі айтысып, өз пікіріңізді дәлелдеп отырасыз. Тіл білім институтының ғалымдарымен осыған дейін қанша рет кезіктіңіз? Өз методикаңыздың дұрыстығын, идеяңыз бен философиялық тұжырымыңыздың актуалдығын түсіндіріп көрдіңіз бе?

 – Соңғы жылдары қазақтілді филология ғылымы аясында бірқатар өткір талқылаулар болды. Оларға жүздеген мамандар – лауазымда отырғандар, жауапты қызметкерлер, атақ пен дәреже иеленгендер қатысты. Түрлі форматтарда, кейбіреулерімен бетпе-бет, кейбіреулерімен жазбаша пікір алыстым. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімдері ғылыми-зерттеу институтында, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығында бірнеше пікірлесулер өтті. 2021 жылдың 4 қарашасында менің «Тіл философиясы» кітабым бойынша Республикалық ғылыми семинар (онлайн форматта) өтті. Оған атағы мен дәрежесі сай 38 кәсіпқой филолог қатысты.

Өкінішке орай, бұл басқосуларда қазіргі қазақ тілінің басына түскен тауқыметтің себептерін ашуға бара алмадық, тілді мемлекеттік мәртебесіне сай дамытудың ғылыми жолдарын талқылау болмады.

Мен көтеріп жүрген мәселелерге қатысты тұшымды пікірлер айтылмады. Біз өзеннің қарама-қарсы жағалауларында тұр екенбіз. Барымыз ғана емес, ұстанған бағдарымыз да кереғар болып шықты. Ашығырақ айтқанда, мен Батыстың озық лингвистикаларының позициясында тұрған екенмін. Менің қазақтілді философиядағы оппоненттерім кеңестік тілдерді жою саясатын жүзеге асыру бағытынан айнымапты.

Аталған семинарды жүргізген Е.Тілешов «біз Бұқардың, алашордашылардың, Мағжанның тілін әдеби тіл деп санамауымыз керек пе?» деп өзеуреді. Бұл –  жалпыхалықтық тіл мен әдеби тілді ажырата алмаған филологтың сауатсыз эмоциясы болатын (өткендердің бәрі шығармаларын әдеби тілде жазған деген теріс пікірін масайрай жариялаған осы «филолог» қазір Республикалық Тіл комитетін «басқарып» отыр). Сол семинарда Жүкешевтің барлық тұжырымдарына бір адамдай түгел қарсы шыққан 38 филологтың қолы қойылған мәжілісхаттың көшірмесін алдым. Е.Тілешовтың мұнысы мінеки, бәрі қарсы шығып отар, не қыл дейсің дегенге саятын жест болатын.

  Жазбаша келіп түскен сараптамалармен танысқанда  оппоненттерімнің стилистика дегеннен мүлдем бейхабар екеніне көз жеткізу мен үшін ауыр психологиялық соққы болып тиді. Батыс лингвистикаларында шығарылған қорытындылар тұрғысынан әдеби норма мәселесін зерттеп жүрген адамғы қазақ филологтарының стилистика туралы түсінігінің тым қораштығын сезіну іштей күйзеліске ұшыратты. Қазақтілді филологияда стилистиканы теріс түсіндіру Кеңес кезінен бастау алғанын бұдан бұрын да талай ескерткенмін. С.Аманжолов деген «академик» бастаған авторлар тобы дайындаған 9-сыныптың қазақ тілі оқулығында стилистика тіл материалдарын зерттейді деп, теріс түсіндірілген болатын (Аманжолов С., Хасенов Ә., Ұйықбаев И. Қазақ тілі. 9-с. оқулық. 21-бас.– А.: 1998. 99-б.). Аталған «оқулық» әр екі жыл сайын 22 рет қайта басылып, қазақ тілін ресми ақпаратты жеткізуге жарамайтын күйге түсірудің құралы ретінде қызмет етіп келген болатын.

Қазіргі әрекеттегі отандық филологтардың кеңестік әріптестерінің теріс түсіндірулерінен танбай келе жатуы бұлардың кәсіпқойлығы деңгейі мен саяси ындындарына көңіл аудару қажеттігін алға тартады. Жазбаша пікір берген адамдардың бәрі бірдей сөйлемін синтаксистік талаптар тұрғыдан дұрыс құра білмейтіндіктерін көрсетті. Солардың бірі профессор Қ.Қалыбаева аталған семинарда сөйлеген сөзінде жазбаша 3 беттік ғылыми сараптамасында 48 қате жіберді. Бұл жазбаның мадамның абысынына жазған былжыр хаты емес, оппонентіне жазған ғылыми сараптамасы екеніне назар аударыңыз. Оның мәтініне синтаксистік-грамматикалық талдау әлеужеліде жарияланды. Оған ресми қарсылық көрсету, ақталу болған жоқ.  

Жалпы, ғылыми қорытынды – колхозшылар жинаған өнім емес.  Ғылымда жеке адамның рөлі ерекше. Е.Тілешов болса, «біз көппіз, сондықтан, біздікі дұрыс» деген бандерлогтардың ұстанымымен әрекет етіп отырғанын өзі де аңғармаған сияқты. Осылай, қазақ тіл біліміне жаңа импульс әкелетін ғылыми еңбектің жарық көруіне кедергі жасалды.

Олар менің идеяма қарсы шықты, бірақ аргумент, дәлел келтіре алмады

– Сонда оппоненттеріңіздің Сізге қарсы негізгі аргументі, айтар сыны қандай?

– Менің ғылыми тұжырымдарыма қарсы ресми филологиядағылар өре түрегелді. А.Салқынбаева деген «профессор» Жүкешев қазақ ғалымдарына күл шашты дегенді айтты. Қазақ ғалымдарын жерден алып, жерге салды дегенді де бірқатарының аузынан естідім.

Иә, филологтарды жерден алып, жерге салғаным да, күл астына көміп тастағаным да рас. Олар менің идеяларыма қарсы шығуын шықты, бірақ, мәнге қатысты аргумент пен дәлел келтірмеді, ғылымымен жоққа шығара алмады. Мәселені тура талқылаудан қашып жүрді. Жеке басқа тиісуден ары бара алмады.

Айттым, түсіндірдім – ұқпады. Ашық талқылауға шақырдым – шықпады. Ашынғаннан дауысым ащы шығып кеткен кездер болды. Кейбір филологтарды үшбасты тамұқ күзетшісі цербер-төбетпен қосақтап суретке басып, ФБ-ға шығарып қойдым.

Жауап жоқ. Реакция жоқ.

Бір «академиктің» «сараптамасына» жауап ретінде екі тілде мақала жазып («Түйеқұс қорғанысы», «Страуасовая оборона»), лаққан пікірлерін көзіне шұқи көрсетіп, құмға басын тыққан суретін келтіріп, республкалық газетте жарияладым.

Жауап жоқ. Реакция жоқ.

Қазіргі қазақ филологиясында лауазымды орындарда отырған Е.Тілешов, А.Фазылжанова т.б. бір топ дәрежеленген филологтардың кеңестік аға буын әріптестерінің тілдерді жою бағытын ұстанып отырғандарын Р.Дж. Киплинг сипаттаған мешеу халықтың гимні фонында көрсетіп шығардым.

Жауап жоқ. Реакция жоқ.

Оншақты филологтың аттарын атай отырып, дөйдала көпірген, сауатсыз тұжырымдарын памфлет жанрында жарияладым.

Жауап жоқ. Реакция жоқ.

Осылардың бәрін мен шын ынтыға істеген жоқпын. Жазып отырғанда да өзіме ризалық сезімге бөленбедім. Еріксіз, кеңірдекке тұрып қалған түйткілді  шығардым. Ашынғаннан жаздым. Ашындырайын деп жаздым. Жандарына тиіп, дискуссияға келтіру үшін жаздым. Себебі, құбылыстың тіл тағдырына, ұлттың келешегіне қатысы болған соң, демек, қазақ руханиятындағы аса маңызды шындықты ашу қажеттігі болған соң, еріксіз осыны істедім.

Бәрібір, филологтар тарапынан жауап та, реакция да болмады.

Иә, менің тұжырымдарым теріс болуы мүмкін. Олай болғанда, дәлелдеу керек қой. Терісін көрсетіп, дұрысын ұсыну керек қой. Дұрыс болса – қуаттап өндіріске енгізу керек қой (мен үшін емес, ана тілің үшін).

Қорғаныс қайда? Ақыры, жеке бастың қадірін сақтауға ұмтылыс деген қайда? Ол да болған жоқ. Отандық филологтар тұлғалық қадірінің қамтамасыздығын ойламай, бастарын бүркеніп жатып алды.

Әлеуметтік психологияда моральдық қамтамасыздық (моральная обеспеченность) деген ұғым бар. Ол тұлғаның ел алдында, қоғамдық орындарда, ұжымда имиджін сақтау үшін, салихалылығына дақ түсірмеу үшін, арына кір келтірмеу үшін жасайтын әрекеті. Ал отандық филологтардың тұлға ретінде өздері масқара болып жатқанына жандары ауырмады.  Қорланбады.  Қарсы жауап жазбады. Құқыққорғау органдарына шағынбады. Этика кодексіне жүгінбеді. Тәні тірі болғанымен, тұлға ретінде өліп қалды. «Малым – арымның садақасы» деген тәмсіл олар үшін, керісінше, «арым малымның (мемлекеттен алып отырған жалақымның) садақасына» айналып кетті. «Тыңдаймын да, жей беремге» (И.Крыловтың мысығының қылығы) көшіп алды. «Өзім де рухани өлікпін. Тілімді де өлтіріп отырып ләпаха табамынды» өмірлік кредосына айналдырып алды.

Бұл – апатияның көрінісі. Апатия деген өлімнің қасына барып тұру деген сөз (Хаббард Л. Рон.). Бұл – қазақтың рухани зиялысының жанының мұрнының ұшына келген, анабиоз күйі. Өлім алдындағы әрекетсіздік. Өлуге келісу. Зауал шақ.

Қазақтың рухани өлімі туралы алғаш рет айтып отырған мен емеспін. Халықтың апатияға түсіп кеткен күйін сипаттап жүрген ғалымдар да, жырлап жүрген ақындар да бар. «Өліксің сен, өліктен де бетерсің. Әй, білмеймін, тіріле алар ма екенсің» деп жырлаған болатын солардың бірі (Иран Ғайып).

– Бұл айтқандарыңызбен «қырық кісі – бір жақ, қыңыр кісі – бір жақтың» керін келтіріп отырған жоқсыз ба? Мыңнан астам кәсіпқой филологтар арасынан сізді жақтап шыққан адам болмаған сияқты. Сіз де олардың арасынан сөйлемін дұрыс құра алатын маман таппапсыз. Себебін қалай түсіндіресіз?

 – Тарих түгел адасуға толы. Ұлылардың арасында да ұлы адасуды бастан кешіргендері толып жатыр. Карл Маркс, Ленин, Сталин,.. өрескел қателіктер жіберді. Бұл – жеке адамдардың адасуының мысалдары. Бәрінен көптің адасуы ауыр тиеді. 20 млн коммунистің адасуының салдарынан, Кеңес Одағының 250 млн халқы 74 жыл коммунизм құрамыз деп тыраштанды. Бәрінен де біздің халқымыздың 30 жыл бойы «кемеңгердің» соңынан ілесіп, адасқанының ұлттық мемлекетті омақастыра жаздағаны жанға батады. Мыңнан астам қазақ филологтары ғана емес, бүкіл қазақ қоғамы адасу үстінде. Ғасыр өтті: Оянбады! «Ел бола аламыз ба?» деп, еңіреуден танбады. Осыдан кейін бірдеңені дұрыс жасап жатырмыз деп, кеуде соғатындай не жайымыз бар?

Кеңс Одағында «қыңырлар» көп еді. Есіңізге салайын, бір ғана академик А.Сахаровтың «қыңырлығының» өзі неге тұрады? Жүздеген «қыңырлар» сотталып, шетелдерге қашып кетіп жатты. Айтпақшы, ана бір жылдары мені де филологиядағы «түзулерім» Парламентте талқылатып, шет елге қууды талап еткен болатын.

Ғылыми жаңалық кез келген адамның миына бірден құйыла кетпейді. Алғашында Эйнштейнді де түсінбеген адамдар көп болған. Өзгелерді қойып, Швед академиясында отырғандардың өздері, салыстырмалық теориясының мәнін түсінбей, ғалымға Нобель сыйлығын өзге теориясы үшін берген.

Мұны айтып отырғанымның себебі осы жазбаларды да көптің түсінбей отырғанын сезіп отырмын. Жалпы, мен көтеріп жүрген мәселелердің – қазақ тілін индустриялы қоғамда әмбебап қолданылатын, әдеби нормаланған тіл ретінде дайындайық дегенді түсініп жүргендерді көп ұшыратпадым. Өйткені, қазір бізде зиялылар мен кәсіпқойлар таусылып, олардың орнын «өңкей қиқым» басқаны жасырын емес. Біз ғылымы жоқ, кәсіпқой маманы жоқ, зиялысы жоқ елге айналып отырмыз.

Абсурдстан: айғайшылардардың сауатсыздығы

– Қазір қазақ тілінде – мемлекеттік тілде сабақ беретін мектептер саны көп. Университетте де қазақ тобының үлесі басым. Қазақтілді оқулықтар да жазылып жатыр. Әйткенмен, Мемлекеттік тілдің халіне көңіл толады деп айту қиын. Өзіңіз айтатын қазақ тілін, яғни мемлекеттік тілді индустриялы қоғам тіліне айналдыру үшін тілді стандарттау жеткілікті ме? Мемлекеттік тілді барша мемлекеттік қызметкер білуі тиіс деп міндеттесек, мемлекеттіке тіл өркендей қояды дегенге сенбейсіз. Оның себебі не?

 – Қазақша сөйлеуді алдымен мемлекеттік қызметкер меңгеруі тиіс деп түсіндіру – бұқаралық сананы теріс бағыттап жіберу мақсатымен, ойдан шығарылған шарғы болатын.

Бұра тартудың басы академиктер Ә. Қайдаров пен Ө Айтбайұлының: «үкіметтің барлық қаулы-қарарлары мен ресми құжаттарын мемлекеттік жауапты адамдардың өздері ... жазуы керек... Қайсы біреулер ғылым тілі десе, Тіл білімі институтына қарай ауыз ашады... Тілшілер термин жасамайды,..» (Тіл майданы. – Арыс, 2000, 51-б.) деген тезисінан бастау алған болатын. Осы тезисті жылдам қабылдап алған тілтанушы атаулы, баршаға тілді меңгерту филологтардың жұмысы емес, мұнымен саясатшылар айналысуы керек деген түсіндіруді таратып жіберді. Осылардың бәрі шенеуніктердің ісі деп, өздерінің төл міндетін орындаудан сытылып шығуға отандық филологтардың «кәсіпқойлығы» мен «арының» жетіп артылғанын көріп отырмыз.

Осылай, «кәсіпқой филологтарымыздың» ұсынуымен, сауатсыз қара нөпірдің олардың артынан еруімен, «Шенеуніктер сөйлесін, президент мәжбүрлесін» ұраны бұқара арасына тез тарап, ана тілім деп, еңірегенде етегі жасқа толатын миллиондық шоғыр дауырқты да дүрлікті келіп. Петиция жариялап, дүйім жұртты қол қоюға шақырды. Билікке бірнеше рет барып қайтты. 2020 жылы қайта жарияланған Ашық хатқа елдегі әлемге әйгілі тарландары бастап, 126 215 адам қол қойды (Депутат Қазыбек иса бастаған көпшіліктің ашық хатын айтып отыр. – ред.).

Нәтиже – 0.

Петицияшылардың әрекетіне мұрындық болған доктрина мынадай: Мемлекеттік тілдің тағдыры шенеуніктердің позициясына тіреліп тұр. Президент оларды қазақша сөйлеуге мәжбүрлеуі керек, ол үшін ҚР Конституциясының 7-ші бабының 2-ші тармағы алынып тасталуы керек.

Осы діттеуді қолдап дүрліккендердің арасында ұлттың танымал адамдары, зиялылар, абыз атанғандар толып жүрді. Және аз болмады. Шенеуніктерді Президентімен қоса, айыптады. Биліктегілер де бет бақтырмады. Ұлттың «ұлы ісін» қолдамады.

Неге?

Себебі, мемлекет артатын міндет, біріншіден, ғылыми тұрғыдан дәйекті, екіншіден, процедуралық тұрғыдан орындалатын, үшіншіден, қоғамға немесе салаға пайдалы нәтиже әперетін, ақыры, төртіншіден, құқықтық тұрғыдан сауатты болуы керек.

Бұл доктрина аталған талаптардың бірін де қанағаттандырмайды. Оның есесіне онда 4 абсурдты нұсқау бар.

1-абсурд: Тіл тағдыры шенеуніктердің сөйлеуіне қарап тұр.

Бала ұлттық аурасы тұнып тұр деп саналатын, туған үйінен тіл біліп шықпайды. Балабақша сәбиге тіл үйрете алмайды. Мектеп арнайы бағдарламамен, оқулықпен, әдістеме қолданатын мұғалімнің күшімен, бағамен ынталандырып, регламенттеп оқытып қазақ тілін білгізіп шығара алмайды. Ауыл мектебін, сонан кейін, ЖОО-ны қазақша бітіріп, өндіріске келген маман бірден орысшаға ауысып кетеді... Осыдан кейін, «тіл білмейтіндер» тек шенеуніктердің арасында ғана деп кім айта алады? Шенеунік атаулының бәрі осылардың арасынан шығып отыр емес пе?

2-абсурд: Шенеуніктерді қазақша сөйлеуге Президент мәжбүрлесін.

Әркімнің атқаруға тиісті төл міндеті бар. Әрине, мемлекеттік тілді дамытуға қатысты Президент парадигма ұсынуы мүмкін. Тіл істерімен айналысып жүргендерге рухани және материалдық көмек көрсетуге міндетті. Бірақ ол 40000 ± қазақ тілі мұғалімдерінің рөлін атқара алмайды. Президент – оқытушы емес.

Адамдарды тіл білуге үйрету экономикалық, әкімшілік, еріктік шаралармен жүзеге асырылмайды. Тіл білуге қажеттілік сол тілдің контентінің сапасымен – заманауи азаматтың рухани талаптарын өтейтін көркем туындылармен, тәрбиеленушіні ғылым негіздерімен таныстыратын оқулықтармен, тұшымды жаңалығы бар ғылыми шығармалармен, өткір және өзекті материалдары бар БАҚ арқылы жүзеге асырылады.

3-абсурд: Конституцияның 7-2 тармағын алып тастағанда, орыстілділер мен қазақ еместер еріксізден қазақша сөйлеуге мәжбүр болады деу ғылыми тұрғыдан да, құқықтық тұрғыдан да сауатсыз түсіндіру. Адамдарға құқықтық қысым көрсету арқылы тіл білуге мәжбүрлеу мүмкін емес. Оның үстіне, қазақ тілінде рухани азық болатын контент жоқ. Толыққанды қазақтілді орта жоқ.  

4-абсурд: Мемлекеттік тілді білмейтін адамдарды қызметінен босатып, олардың орнына тіл білетіндерді отырғызу керек.

Ұсыныстың абсурдтылығы сондай, 88 мыңнан астам шенеунікті (2023 жылдың басындағы мәлімет) тіл білмегендігі үшін жұмыстан алып тастағаннан кейін, олардың орнына қазақша мемлекеттік іс жүргізе алатын 88 мың қызметкер табылмайды. Өйткені, ресми аяларда – халықаралық қатынастарда, қаржы, бизнес, ғылым, технология салаларында қазақ тілінің өзі жоқ. Сондықтан, ешкім индустриялы қоғамның қойнауларында болып жатқан процестер туралы ақпаратты ресми стильде жеткізе аламын деп айта алмайды.

Парламент залынан атып тұрып, кез келген оратордың жағасынан ала түсіп, тіл білмейді деп айыптайтын депутаттың өзін мінбеге шақырып, аузына микрофон тосып, қолына шенеунік жеткізе алмаған мәтінді ұстатып, оны қазақ тілінде қалай жеткізудің үлгісін көрсет десе, не істер еді? Әлемге әйгілі тарландары бастаған жүз жиырма алты мың петицияшылдың қайсысы болса да, аузын буған өгіздей, мелшиіп тұрып қалар еді.

Бұдан шығатын қорытынды:

Қазақ тілін дамыту үдерісінде орын алған, бұқаралық санада бірден бір жол картасы сапасында қабылданған, тіл тағдырын айқындаушы фактор деп саналып келген «шенеуніктер сөйлесін, Президент мәжбүрлесін» доктринасының ғылыми, саяси, құықтық тұрғыдан негізі жоқ. Бұл – идеясы теріс, халықты адастырған, нәтиже шықпайтын, сауатсыз арандатудың көрінісі. Доктрина қазақ зиялысы деп аталатын шоғырдың тіл кеңістігінде болып жатқан үдерістерге объективті баға беруге қабілетсіздігін, тілдің әрекет аясындағы шынайы суретті көз алдына келтіре алмағанын көрсетті. Петицияларды ұйымдастырушылар дүниежүзі алдында Қазақстандағы тіл саясатының сауатсыз жүргізіліп жатқанын әшкереледі.

Актерлар тіл саясатынан аулақ, қатардағы адамдарға – сатушыларға, кондукторларға, көшеде жүргендерге,... тиісті. Кез келген мекемеге кіріп кетіп, алдынан шыққан адамдардың жағасына жармасты. Кейбір чувихаларды «Дядя Вова» деп айғайлатты. Сонысымен, көрші ел саясатшыларының негативті құлшыныстарын тасытты, Ресей Думасы депутаттарының қытығына тиді, делебесін қоздырды. Сайып келгенде, «шенеуніктер сөйлесін, президент мәжбүрлесін» доктринасы дүниежүзі алдында тілдің де, ұлттың да беделін түсіріп, қазақты сүлмірейтіп көрсеткен, сауатсыз арандату болып шықты.

– «Тіл философиясына» қызығушылық танытып, Сізді шақырып, пікіріңізді тыңдаған шенеуніктер бар ма?

– Ешкім тыңдамаса, өзіңдікі дұрыс емес дегенге келтірейін деп отырсың ғой.

– Жоқ, мүлде олай емес. Сізді тыңдайтын, идеяңызбен пікірлес жұртшылық жоқ емес. Жастар үнемі Сіз туралы, ойларыңыз бен пікірлеріңіз жайында айтып жүреді. Шенеуніктердің ортасында да сондай идеялас адамдар бар шығар дегенім ғой.

– Мен тіл туралы жазбаларымда Г.Тардтың «Адам белгілі бір мәселені толық түсінуі үшін,  біріншіден, оның сол мәселе туралы кем дегенде  60%  түсінігі, екіншіден, түсінгісі келетін зауқы болуы керек» деген тәмсілін жиі келтіремін. Мен үшін филологиядағы академиктер арасынан заманауи қазақ әдеби тілі туралы аталған мөлшердегідей түсінігі және түсінуге зауқы бар адамдар табылмағаны өкінішті.

Мен өз тұжырымдарымды ұсынып жүрген кезде Тіл комитетінде Ә. Қабаев деген отырды. Ауылы мен туыстары туралы өлең шығарғаннан басқа, филология ғылымының маңайына бара алмайтын, сауатсыз, комитеттің кабинетінде диспетчердің рөлін атқарып, алдына келген қағазды бөлімдерге жіберіп, жауап беруді соларға тапсырумен ғана айналысты. Көтеріліп жүрген мәселелерге қатысты ауыз ашуға шамасы да келмейтін, зауқы да жоқ адам еді. Оның тұсында тілге қатысты ешбір оңды шешім, игі бастама, пайдалы әрекет болған жоқ.

Ол кезде минстрдің креслосында отырған А. Аймағамбетов те тіл мәселелерін ғылыми амалдармен шешуге жол бермейтін әрекеттер жасады. Бірде жіберген ұсыныс хатым мен кітабымды алдырмай, поштадан қайтарып жіберіпті. Өйткені, қазақ «лысенкосы» мен ұстанатын ғылыми бағытты білетін, бірақ, оны қабылдағысы келмейтін. Ол тілге оңды өзгеріс әкелетін, перспективаға бастайтын ұсыныстардан үнемі бас тартып отырды. Менің кітабымдағы тұжырымдарды теріске шығаруға дәлелдері мен аргументтері жетпегендіктен, оған преспективалы ұсынысты көрмеген болу тиімді еді. Сондықтан, курьерлеріне Жүкешевтен келген корреспонденцияларды қабылдамай, поштаның өзінде қалдырып кетіңдер деген нұсқау беріп отырды.

              Құлдың зарын тыңдау ешкімге қуаныш та, рахат та әкелмейді

–  Қазақ тіл қала мәдениетінің тілі болуы керек деген ойыңызды да оқыған едім. Қазақ тілінде қалалық мәдениет жасалып жатқан жоқ па? Заманауи жас әншілер, поп-музыка өкілдері қазақ тілінде ән шырқап, оны қазақстандықтар ғана емес, өзге елдерде жаттап жатқанын білеміз. Ал  Димаш Құдайберген феномені мүлде бөлек әлем. Енді өзіңіз көптен бері айтып келе жатқан «Қалалық әдебиет» ұғымына сай әдеби шығармалар жазылуы үшін жазушылар қандай маңызды мәселелерді түсінуі керек? Біздің жазушылар бүгінгі қала адамының болмысы мен қалалық дүниетанымды зерделей алмай жатыр ма?  Қалада өскен жастарды өзіне баурайтын, солардың өмірін суреттейтін шығармалар неге аз? 

Көркем шығармалар қазақ тілінде жазылып, жарияланып жатқаны рас. Бірақ, олар аграрлықтан кейінгі қоғам өмірінің тұтас панорамасын сипаттай алмайды. Тақырыбы мен мазмұны жағынан заманауи қала адамының рухани сұранысын қанағаттандырмайды.

Қазақтілді жазушының сұрғылт ауыл мен мұңлы тарихты (аштан қырылғанын, шетке қашқанын,..) күңірене жазғаны, жайлау мен қыстау арасында, қойқора маңындағы оқиғаларды сипаттаған туындылары заманауи қала адамын қазақ тіліне тартып жүрген жоқ. Олары қазіргі қоғам адамдары үшін өзекті бола алмайды және олардың жан дүниесін тебіренте алмайды.

Құлдың зарын тыңдау ешкімге қуаныш та, рахат та әкелмейді. Қазақтың ауылын сағынып, туыстары туралы зарлап айтып жүрген әндері өркениетті қоғам адамдарына жат, оларды қазақ тілі мен мәдениетіне ынтықтырмайды, керісінше, үркітеді, жирендіреді. Құлдың өзі зарлауын ерлікке балайды, ащы шындықты айтып жатырмын деп ойлайды. Өзгені ғана емес, өзінің қазағын қазақтікінен үркітіп жүргенін сезбейді.

Көркем өнер де статикалық күйден шыға алмады, өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағы орнынан алға жылжыған жоқ. Өнердің өзге түрлерінде де алға басу байқалмады. Соңғы онжылдықтарда бірде бір татымды опера жазылмады. Музыка өнері де Қалдаяқов кезңінде тұрып қалды.

Қазақстан – индустриялы-аграрлы қоғам. Қазақтілді қауым рухани болмысымен, менталитетімен аграрлы қоғамның қойнауынан шыға алмады, индустриялы қоғамға сіңісе алмады. Тиісінше, көркем әдебиет те тек аграрлы қоғам адамдарына қызмет көрсетуде. Қоғамның индустриялы секторына олардың қатысы жоқ сияқты. Қорыта келгенде, қазақ тілінде аграрлы қоғам әдебиеті бар, индустриялы қоғам әдебиеті жоқ. Осыдан оқулықтар мен өзге педагогикалық басылымдарды толтыратын, қазақтілді контент тапшылығы туындауда. Сайып келгенде, қалыптасқан ахуалдың суреті мынадай: көркем шығармалар бар, заманауи адамдарға тіл үйренуге қажеттік тудыратын контент жоқ.

Қазақ ел боламын десе, ұлттық мәдениеті мен тілін дамытамын десе, қала өнеркәсібін қолына алуы керек. Соңғы 400 жылдан бергі қазақтың басынан кешкен тауқыметінің бірден бір себебі осымен – тауар өндірмегенімен, нарыққа қосыла алмағанымен, қару жасамағанымен, қала мәдениетін меңгермегенімен түсіндіріледі. Мұның аты формациялық артта қалу делінеді. Қазақтың ұлттық дағдарысы сонау XVII ғасырдан бастап Ресей қала салып, еуропалық индустриялы қоғамға ілесіп кеткенде, қазақтың қойдың көтін құрттағаннан басқаны білмей, жайлау мен қыстаудың арасында маңып жүргенінен басталған. Ол кезде орыс патшасы жұмысшының комбинезонын киіп алып, 200 нөкермен Еуропаның өнеркәсібін барлауға кеткенде, қазақ сұлтандарының көкейін тескен екі нәрсе болды: барымта және тоқал. Қазіргі қазақ шенеуніктерінің де көкейі осы екі нәрсемен тесіліп отыр: барымта және тоқал. Сәл ғана айырмасы ол кездің барымташылары бірінің малын бірі ұрлайтын. Қазіргі барымташылар бұған қоса, халықтың игілігін ұрлайды.

Қазақтың соры ауылында. Ауылдан шыққан жазушы қала адамының талғамына татитын шығарма жаза алмайды. Мен қазақтілді филология деген ғылым ретінде жоқ екенін айтып жүрмін.

                          «Қазақ бұлай сөйлемейді» тілді дамыта ма?

 – Қазіргі қазақ тілі калька тілге айналып кеткенін біраз жұрт мойындайды. Бұған басты себеп, орысша мәтіндерді қазақша аудару кезіндегі қате түсініктерден өрбіп отырғаны да шын. Тілді бұл қойыртпақ, түсініксіз аудармалардан сақтау үшін тілді стандарттаудан сырт, арнайы оқу-әдістемелік кітап шығарып, мектепте оқыту керек сияқты. Әр класстың «Қазақ тілі» оқулығына кемі 100 сөзден тұратын дұрыс айтылым-жазылым нұсқасы мен қате нұсқасын қатар берсе, бәлкім бұл үрдіс азда болса, азаяр. Болашақ қателерге жол бермеу үшін де керек шығар. Осындай қарапайым ұсыныс жасап, биліктегілерге нақты жоба ұсынып көруге бола ма?

Синтаксистік сәйкестік деген ұғым бар. Семантикалық сәйкестік деген ұғым бар. Қазақ тілінің меңгерілмеуінің басты себептерінің бірі қазақ-орыс билигвизмі контексінде, референттік тілдердегі мәтіндердің арасында синтаксистік және семантикалық сәйкестіктің болмауынан көрініс беруде.

Индустриялы-аграрлы қоғамның тіл кеңістігіндегі сурет мынадай сипат алдып отыр: бір жағынан, экономикалық айналыстан шеттетілген, стихиялы ағысқа жіберілген, бақылаусыз қолданыста болуына орай, қателерге малшынған қазақ тілінің синтаксистік құрылымы бұзылған, сондықтан түсініксіз тіл; екінші жағынан, орыс тілі стандарттан өткен, әдеби нормаға түсірілген, индустриялы қоғамда әмбебап қолданылатын, баршаға түсінікті, сондықтан тез меңгерілетін тіл болуына орай, екі тілдің арасында синтаксистік және семантикалық сәйкессіздік делінетін түпсіз тұңғиық орын алып отыр. Ажырата талдағанда, стандарттан өтпеген, әдеби нормаға түсірілмеген қазақ тілінің мәтіндері жоғары деңгейде стандартталған, әдеби нормаға түсірілген орыс тілінің мәтіндерімен синтаксистік және семантикалық сәйкестікке келе алмай отыр.

Сондықтан, ресми аялардағы құбылыстар мен үдерістерді репрезентациялауда нақтылығымен орыс тілі алда жүреді, қазақ тілінде ол материалдардың ебдейсіз аудармалары артынан ілеседі. Технологиялық орындалу тұрғысынан алып қарағандағы қазақ тілінің меңгерімеуінің себебін осыдан – екі тілде берілген мәтіннің арасында синтаксистік және семантикалық сәйкестіктің болмауынан іздеу керек.

Бұл мәселе мысалдармен келтіріп, ұзақ түсіндіруді қажет етеді. Дегенмен, сұрақ қойылған соң, ойға лықсып келе қалған пікірімді айта кетейін. Қазір аударма үдерісінде калькадан қашу көп сөз болып жүр. Оның түсіндіруі бар. Семантикалық сәйкестіктің болуын қуаттаушылар саяси-әлеуметтік мәтіндерде ұшырасатын клишелерді олардың мағынасын толық ашып сипаттама берумен аударуды ұсынады. Мағына өзгеріп кетпеуі үшін калькамен аударудан бас тарту керек деп есептейді. Бұл – белгілі деңгейде дұрыс ұсыныс. Сонда: вызов времени деген тіркесті тарихи уақыттың белгілі бір кезеңінде ұшарасатын қиындықтар деп аудару керек. Осы сарынмен алатын болсақ:

пороговые страны – атом бомбасы бар клубқа кіруге дайын елдер;

отмывание денег – ұрланған ақшаны таза табыс ретінде көрсету;

гонка вооружений – қаруды көп шығарумен бәсекеге түсу;

тестирование на предмет легитимности – легитимдікті тестілеу әдісімен тексеру;... болып шығады. Осылай әр күрделі тіркестің мағынасы дұрыс ашылатыны рас.

Дегенмен, бұл қолданыстардың екінші қыры бар. Егер біз семантикалық сәйкестік болуын бетке ұстап, осы мысалдарда келтірілген формаларды заңдандырып тастасақ, онда қазақ тілін ешкім меңгере алмайтын болады.

Қазақ тілін баршаға меңгерту үшін аудармаларда синтаксистік сәйкестіктің болуының маңызы ерекше. Ресми аяларда сөз қолданыста синтаксистік сәйкестік болмағанда тіл үйрену қиынға соғады. Қазақ-орыс билингвизмі жағдайында атауларды, ұғымдарды, клишелерді калькамен аударудың тіл үйренуші субъект үшін жеңілдік әперетінін естен шығаруға болмайды.

Демек, біз аударудың келесі нұсқаларын қабылдауға мәжбүрлігімізді мойындауымыз керек:

вызов времени – уақыттың шақыруы (тисуі);

пороговые страны – табалдырықтағы елдер;

отмывание денег – ақша шомылдыру;

гонка вооружений – қару қуалау;

тестирование на предмет легитимности – легитимдікке тестілеу;..

Осы аудармаларды көргенде ыршып түсетіндердің көп болатынын сезіп отырмын. Жаратқан сабыр берсін! Құлаққа түрпідей тиеді. Бұларды бекітуге ұсынып отырған жоқпын. Өзге нұсқаларын да қарау керек. Дегенмен, мына айғақты ескермеуге тағы шамаң жоқ екенін ұмытпа. Тұрақты тіркестерді, қанатты сөздерді, паремияларды, канцеляризмдерді, кең таралған тілдердегідей штампқа түсіріп, синтаксистік сәйкестікке келтірмесең – тіліңді ешкім меңгермейтін болады.

Қазақ бұлай сөйлемейдіге бассаң, тіліңнің күні қараң. Қазақ солай сөйлегендіктен тілің тұңғиыққа тірелді. Енді тілге жаңа құрылымдар енгізіп, қазақты жетілген тіл субъектілерінше сөз саптауға көшіру керек. Қазақ тілі дилемманың алдында тұр: не клишелердің озық тілдердегідей қолданылу формасына көшесің – тіліңді барша меңгеретін жұрт боласың; не қазақ осылай сөйлейдіден жазбай судырайсың, онда тіліңмен бірге өзің де жаһаннамға аттанасың. Екінің бірі. Таңдау өзіңде.

                  Қазақ тілі революциялық жаңғыру жолына түсті

- Мемлекеттік тілдің болашағына сенесіз бе? Технократия заманының бәсекесіне ана тіліміз бейімделе ала ма?

- Қазақ тілі тарихи бетбұрыс алдында тұр. Оның мәні, біріншіден, соңғы онжылдықтарда ұсталып келген «шенеуніктер сөйлесін, президент мәжбүрлесін» доктринасының стратегиялық адасу екендігінің әшкереленуінен көрініс табуда.

Мінеки, қазақ қауымы қазір ахуалдың осылай екенін түсінуге қол жеткізіп отыр. Бұған дейін сананы тұмандандырып келген доктринаның жалған екенін түсінудің өзі – үлкен жетістікке баланады. Бұл – қазақ тілінің дағдарыстан шығып келе жатқанын айғақтайды.

Кез келген дағдарыс жаңа импульске жол ашады. Әр адасудан кейін дұрыс жол табу күн тәртібіне қойылады. Біз осындай үлкен асудан асайық деп отырмыз. Біз бәрін білеміз: тілді әдеби нормаға түсіру, индустриялы қоғамда әмбебап қолдануға дайындау, баршаға меңгерту жолдары,.. бәрі көкірегімізде сайрап тұр. Жол картасы сызулы. Бұған қоса, ел Президентінің тілді ғылыми амалдармен дамыту, модернизациялау,.. туралы нұсқауы бар.

Қазір қазақ тілін тығырықтан суырып алып, дамудың сара жолына салу мүмкіндігі мол. Тіл даму үдерісіндегі революциялық жаңғыру жолына түсті. 

Сұхбаттасқан: Тоқтарәлі Таңжарық 

                               

Байланысты жаналықтар

Тоқаев Дүниежүзілік банк тобының президенті Аджай Бангамен кездесті

03.12.2024

Президент Мәдениет және ақпарат министрін қабылдады

29.11.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Албания президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

29.11.2024

Елімізге мемлекеттік сапармен Ресей Президенті Владимир Путин келетін болды

25.11.2024

Президент Шөмішбай Сариевтің шығармашылығына арналған концертті тамашалады

23.11.2024

Биыл он айда 44 мың адамды ит қапқан

21.11.2024
MalimBlocks
Тоқаев Дүниежүзілік банк тобының президенті Аджай Бангамен кездесті

Президент Мәдениет және ақпарат министрін қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Албания президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Елімізге мемлекеттік сапармен Ресей Президенті Владимир Путин келетін болды

Президент Шөмішбай Сариевтің шығармашылығына арналған концертті тамашалады

Концертте белгілі әншілер өнер көрсетті

Биыл он айда 44 мың адамды ит қапқан

Депутаттар бұралқы иттерге эвтаназия жасауды ұсынды