Қуаңшылықтан титықтаған шаруалар: «Жаңа әкімнің түрін көрмедік»

Есдәулет Қызырбекұлы

  • 20.09.2021

Маңғыстауда малдың қырылуы тоқтамай тұр. Қуаңшылықтан титықтаған жергілікті шаруалар жем-шөптің қымбаттауы «жығылғанға жұдырық» болғанын айтады. Malim.kz тілшісі көктемнен бері малы қырылып жатқан Маңғыстау шаруаларының бүгінгі жай-күйін біліп көрді.

 

«Бұлай бола берсе Маңғыстауда мал қалмайды»

Маңғыстау облысы Ақшымырау ауылының тұрғыны Қошақан Серіков аймақта малдық қырылуы тоқтамай тұрғанын айтады. Оның сөзінше, билік тарапынан ұрғашы малдың басына берілетін 9200 теңге ақша жеткіліксіз. Ол жағдай осылай кете беретін болса, Маңғыстауда мал қалмай қалады дейді.

«Биліктен көрген көмегіміз, ұрғашы малдың басына, жылқы малына 9200 теңгеден көмек ақша берді. Одан басқа біз ештеңе де көргеніміз жоқ... 9200 теңгеге үш қап жем келеді. Бір мешок жеммен бір жылқыны көп болса 10 күн асырайды. Оның өзін бір-ақ рет берді. Бұлай бола берсе Маңғыстауда мал қалмайды. Құдайда кеңшілік көп қой, күн жауып бірдеңе болмаса, үміт азайды.», - дейді Серіков.

Жаңаөзендік шаруа Нұрболат Теміров қуаңшылықпен күресте билік кеш қимылдап жатыр дейді. Оның айтуынша, бір рет аналық малға берілген 9500 теңге көмекті шаруалар толықтай ала алмаған. Себебі Маңғыстаудағы малдың 50 пайызы тіркелмеген.

«Билік бір жолға көмек ретінде аналық малдың басына 9500 теңгеден берді. Бірақ Маңғыстауда 50 пайыз мал тіркелмей қалған. Бізде ветеринария саласы ақсап тұр. Маман жоқ. Жалақылары аз болған соң олар тұрақтамайды. Мал тіркелмеген соң көмекті толықтай алу да қиын. Қазір біздің ұсынысымызбен малды тіркеуге дәліз ашып қойды. Бірақ ауыл шаруашылығы министрлігінің базасы дұрыс жұмыс істемейді. 2020 жылдың желтоқсанында министрлік базасын өзгерткен. Сондан бері ақаудан ақау, дұрыс жұмыс істемейді база. Сондықтан мал тіркеу қиын болып жатыр. Министрлікке ауыл шаруашылығын білетін мамандар отыруы керек қой», - дейді Теміров.

«Қысқа дайындалатын халықтың жағдайы жоқ»

Қошақан Серіков сөзінше, халықтың қысқа қор жинап, дайындалатын жағдайы жоқ. Ол қазір зейнетақы мен аштан жығылған малмен күнөлтіп отырғанын айтады.

«Қазір ел қолдан келгенше қарманып жатыр. Бірақ ол малды алып қалуға жетпейді ғой. Біз кемпірім екеуміз 160 мың теңге зейнетақы аламыз. Оған енді 100 қап та жем келмейді. Қазір жығылған малды сойып, бірдеңге қылып жатырмыз. Ал басқасын аман алып қалуға біздің шамамыз жетпей жатыр. Ел азғантай жиған-терген ақшамызды мал салып, одан да айырылатын болдық деп отыр. Қазір бәленбай қор жинаймыз дейтін халықтың жағдайы жоқ. Әркім қолынан келгенше жем-шөп жинап жатыр. Қазір малға жеткілікті азық алуға көпшіліктің ауқаты жетпейді», - дейді Серіков.

«Жаңа әкімнің келгенін естідік, түрін көрмедік»

Нұрболат Теміров Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың әлі шаруалармен кездесуге келмегенін айтады. Оның сөзінше, жаңа әкім облыс орталығында талқылау өткізуден әрі аспай жатыр.

«Жаңа әкім шаруалармен кездесіп жатқан жоқ. Күнделікті өзінің жиналатын адамдарымен жиналып жатыр. Әр ауданды аралап, қоғамдық белсенділермен кездесіп жатқан жоқ. Облыстағы кездесулерде дежурный адамдар мен дежурный сұрақтар ғой», - дейді Теміров.

Қошақан Серіков жаңа әкім тағайындалды дегенді ғана естідік, түрін әлі көрмедік дейді. Оның сөзінше, облыс басшылығы тарапынан әзірге ешқандай іс-әрекет жоқ.

«Облысқа жаңа әкім келгенін естідік. Әзірге түрін көрген жоқпыз. Келген жоқ, кездескен жоқ. Осы айдың аяғында жасанды жауын-шашын болады деген. Бұған облыстың жаңа әкімі қарсы емес дегенді сырттай естідік. Одан басқа ешнәрсе білмеймін», - дейді Серіков.

Көктем шыққалы бері Маңғыстау облысындағы қуаңшылық мәселесі шешілмей келеді. Қуаңшылыққа байланысты президент сынынан кейін шілде айында ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қызметінен кеткен. Қыркүйектің 7-і күні облыс басшысы Серікбай Тұрымов орнын Нұрлан Ноғаевқа босатқан.

 

Бірнеше айдан бері Маңғыстау өңіріне өзге аймақтың белсенділері көмек ретінде жем-шөп жіберуде. Осыдан біраз уақыт бұрын ауыл шаруашылығы министрлігі қуаңшылықпен күресу үшін елден көмек сұрап, банк реквизиттерін жариялаған. Жергілікті шаруалар билік толыққанды көмек көрсетпесе, бұның арты жұтқа алып келуі мүмкін екенін айтқан.

Фотоколлаж: Malim.kz

 

Байланысты жаналықтар

«Жылыжайлар астанасында» ірі кешеннің құрылысы жүріп жатыр

21.10.2024

Фермерлер Президентке хат жолдады

21.10.2024

Тоқаев Ауыл шаруашылығы министріне бірқатар тапсырма берді

14.10.2024

Маңғыстау облысында жаңа курортты қала салынады 

25.09.2024

Президент Қостанай өңірінің ауыл шаруашылығы әлеуетімен танысты

10.09.2024

Алматы облысында сібір жарасы бойынша карантин жарияланды

05.09.2024
MalimBlocks
«Жылыжайлар астанасында» ірі кешеннің құрылысы жүріп жатыр

«Alsera kz» ЖШС жылыжай кешені «Бозарық» индустриялық аймағында салынбақ

Фермерлер Президентке хат жолдады

Мемлекеттік қолдаудың арқасында биыл мол өнім алынған

Тоқаев Ауыл шаруашылығы министріне бірқатар тапсырма берді

Маңғыстау облысында жаңа курортты қала салынады 

Президент Қостанай өңірінің ауыл шаруашылығы әлеуетімен танысты

Алматы облысында сібір жарасы бойынша карантин жарияланды

Бактериологиялық зерттеулердің нәтижелері белгілі болды