Жылдамдыққа оқу балаларды күйзеліске түсіріп жатыр
Оқушылардың психологиялық саулығын ешкім де есепке алмайды
Астана тұрғыны Қымбат Керімтаева 1-сыныпта оқитын ұлының кейінгі кезде мектепке барғысы келмейтінін айтады. Анықтай келе баласының мұндай күйге түсуіне жылдамдыққа оқыту әсер еткенін байқайды. Оқу қарқыны қатарластарымен салыстырғанда баяу бүлдіршін сыныптастарынан қысылады. Кейбірі мазақ ететіндіктен, оқушы күйзеліске түсетін болған. Бұл жағдай ата-анасын қатты алаңдатып отыр.
«Ұлымның мінезі момын, туғаннан ширақ емес, қимылы баяу. Кітапты мұқият, асықпай оқығанды ұнатады. Ал жылдам оқытқан кезде тұтығады. Психологиясына да кері ықпал етуде»,-дейді Қымбат. Бұл мәселеге бастауыш сынып мұғалімдерінің өз айтар уәжі бар. Ботакөз Махметқызы аталмыш методика шәкірттердің дереу шешім қабылдауына, ой-қиялының жүйрік болуына септігін тигізеді деген пікірде.
«Осы әдіс оқушының анық сөйлеп, сөз тасымалын толық жасап, сөздердің аяғын жеп қоймауына көмектеседі. Баланың қалыптасуына әсер етеді. Негізі оқушыларды бір-бірімен салыстырған дұрыс емес. Жылдам оқығанда қатты талап қоймаймыз. Көбірек оқып дағдыланса болды. Солай жүзеге асады»,- дейді ол.
Оқу-ағарту министрлігі баланың жас ерекшелігін ескере отырып, арнайы норматив бекіткен. Мысалы, бірінші сынып үшін 20-30, екінші сыныпқа 40-50 сөз. Үшінші сыныпта оқитындар 80-90, ал, төртінші сыныптағылар оқу маусымы аяқталғанша 105 сөзге дейін оқуға тиіс. Сонымен қатар, көрсеткіштер тоқсандық бағаға әсер етпейді. Нәтиже тек халықаралық Пёрлз зертханасына жіберіледі дейді ведомство өкілдері. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қызметкері Пернегүл Таубаеваның пікірінше, ата-аналардың наразылығы түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін көрсетіп отыр. «Біріншіден, оқу жылдамдығының нормасы бағаланбайды. Бастысы, бағаға әсер етпейді. Тек дағдыны қалыптастырады»,-деп түсіндіреді.
2025 жылдан бастап Оқу-ағарту министрлігі жаңа жетілдірілген оқу бағдарламаларын іске қоспақ. Ол жерде де осы норма сақталады екен. Алайда, психологтар мұндай методиканы іске қосқанда оқушылардың психологиялық саулығын ешкім де есепке алмайды дейді. Зырылдаған секундтар мен сыныптастарының алдында жылдамдығын сынау шынымен де оқушының психикасына әсер етпей қоймайды. Мұның соңы – күйзеліске әкеліп соғатыны содан.
«6-7 жаста баланың өзіне деген сенімділігі төмен болады. Ал мұндай тапсырмалар баланың миына салмақ салады, сенімін одан сайын азайтады. Кейбір ұл-қыздың темпераменті өте шапшаң болса, басқалары баяу, жайбасар болатыны белгілі. Осы жағын ескермей отырмыз. Оқушының дағдысын қалыптастыруды ойламас бұрын, олардың табиғатына баса мән беру қажет. Әр баланың болмысы әр түрлі»,- дейді психолог Балабек Кеніштайұлы.
«Жылдам оқу - ерекше қабілет. Бірі оған тумысынан бейім болса, көбі жүре келе дағдысын, үлгерімін дамытады. Ал, оны үйрену үшін комплексті жұмыс керек»,- дейді осы методиканың негізін салған француз ғалымы Эмиль Жаваль. Демек, бала озат болуы мүмкін, бірақ оқуы баяу немесе керісінше. Баланы бағалауда осы тұстары ескерілуге тиіс. Өкінішке қарай, оқу әдісі бағаға әсер етпейді десек те, мектеп бағдарламасы бойынша жылдамдыққа оқу барлық оқушыға бірдей жүктеледі. Түйткілдің түйіні тарқамай отырғаны да содан. Сондықтан, министрлік алдымен балалардың оқуын бастамай жатып, тастамауын қадалауды ойластырғаны жөн.