Әлем чемпионатында қазақ дзюдошылары жерге қарап тұр  

Дохада дзюдодан өтіп жатқан әлем чемпионатына Қазақстан Ұлттық командасы толық құрамда барған болатын. Алайда әлем біріншілігі ортасына таяғанына қарамастан үкілеп аттандырған татами шеберлері әлі жүлдеге қол жеткізген жоқ

Орал Кайрат

  • 10.05.2023

Олардың арасында әзірге үздік көрсеткіш әйелдер құрамасының өкілі Абиба Әбужақынова тұрақтаған бесінші орын болып отыр.

Катардағы сынның алдында жанкүйерлер Олимпиаданың екі мәрте жүлдегері Елдос Сметовтен ерекше үміт күткен еді. Алты әлем біріншілігіне қатысып, үш рет жүлде алған тараздық спортшы іріктеу кезеңдерінде өзбек спортшысы Баратовтан айласынан асыра алмай, есе жіберді. Ал Сметовті сан соқтырған өзбекстандық татами шебері 60 келіде финалға шығып, күміс жүлдегер атанды. Осы салмақтағы екінші балуанымыз Нұрқанат Серікбай жарысты ә дегеннен жақсы бастаған. Ол алғашқы белдесуінде Токио Олимпиадасының күміс жүлдегерін жарыс жолынан шығарғанымен, ширек финалда жапон балуаны Наохиса Такатоға жол берді. Дегенмен, жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алса да, шешуші белдесуде грузин спортшысынан ұтылып, әлем чемпионатын 7-орынмен аяқтады.

48 келіге дейін салмақ дәрежесіндегі Ғалия Тынбаеваның жолы да келте болды. Ол іріктеу кезеңдерінен аса алмай, жарысты ерте аяқтады.

Чемпионаттың екінші күнінде 66 келіде Ғұсман Қырғызбаев пен 52 келіде Толғанай Әбеуова татамиге шыққанымен нәтиже көңілден шықпады. Қырғызбаев алғашқы айналымда Перу спортшысы Хуан Постигосты алып соқса, екінші кезеңде израильдік Барух Шмаиловтан басым түсті. Ал үшінші айналымда оңтүстіккореялық Ан Ба Улды ұта алмады. Әйелдер құрамасының мүшесі Толғанай Әбеуова өзінің алғашқы әлем чемпионатын бірінші белдесуімен-ақ аяқтады.

Кешегі сында 73 келіде Жансай Смағұлов пен Данияр Шамшаев жарыс жолына шыққан-тын. Өкінішке қарай, Жансай Смағұлов халықаралық дзюдо федерациясының құрамасы атынан күрескен Ресей балуанынан ұтылып, Дохамен қоштасты. Белдесуден кейін пікір білдірген қарағандылық спортшы дзюдодағы мансабын осымен аяқтайтынын мәлімдеді. Бұған дейін екі Олимпиада мен бірнеше әлем чемпионатына қатысқан спортшының бұл шешімін жанкүйерлер де құп қөргендей.

Ал жас балуан Данияр Шамшаев бірінші белдесуінде Түркия балуаны Умалт Демирелді айқын басымдықпен ұтты. Алайда екінші белдесуінде Италия дзюдошысы Мануэль Ломбарданы ұта алмады. Ломбардо 2021 жылы Будапеште өткен ӘЧ-да күміспен күптелген. Дохадағы сында италиялық спортшы финалға шығып, шешуші сәтте Швейцария спортшысына жол берді. Әйелдер құрамасындағы 57 келіде күрескен Бақыт Құсақбаеваның да белдесуінен өзге әріптестерінен әріге бармады. Татамиге шыққанымен, аустралия споршысынан ұтылды да қалды.

Бүгін әлем чемпионатының төртінші күнінде 81 келіде Абылайхан Жұбаназар мен 63 келіде Эсмигул Куюлова сынға түседі. Соңғы кездері Гран Слэм бәсекелерінде табысты белдесіп жүрген Жұбаназардан бапкерлер көп нәрсе күтетіні анық. Алайда оның сенімді қаншалықты ақтай алатыны жарыс барысында көз жеткіземіз.

Қазақ дзюдошылары әлем біріншілігінде жүлдегі үнемі жеңіл салмақта алатын. Оған 60 келідегі Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев, 48 келідегі Абиба Әбужақынованың өткен жылдардағы жетістігі дәлел. Биылғы сыннан аталған спортшылардың барлығы Дохадан құр алақан қайтты. Соған қарағанда, өзге салмақтағы спортшылар да жанкүйерлерін қуанта алмайтын сияқты. Былтыр сәуір айында дзюдодан бас бапкер Ғалымжан Жылгелдиев халықаралық жарыстарда шәкірттерінің жүлде ала алмауы қызметінен кетуіне себеп болғаны айтылған еді. Биылғы әлем чемпионатында сенген спортшыларымыз жүлдесіз қайтса, бас бапкер Нұрбол Сүлейменов те орнын босататын шығар...

MalimBlocks
Қазақстан командасы Анталиядан құр қайтты

Қазақстан ерлер және әйелдер командасы қатысқан 23 балуан жүлдесіз қайтты

Татами шеберлерін таразыласақ...