Байтұрсынұлының дыбыстарды жіктеу туралы мақаласы

Мақалада Ахмет Байтұрсынұлының бүгінге белгілі дыбыстарды жіктеу туралы ең терең танымы көрініс табады. Байтұрсынұлының осы мақаласын түгел ұсынып, тілдік талдау жасап, бүгінгі емлемізге байланысты түсіндірмені белгілі ғалым Анар Фазылжан мен Маралбек Ермұхамет жасады.

Malim Админ

  • 28.05.2021

Дыбыстарды жіктеу туралы

1927 жылы «Жаңа мектеп» журналының 2-номерінде басылған Елдестің «Қазақ дыбыстары» деген мақаласы туралы төмендегі пікірімді айтқым келеді.

Қазақ тіліндегі дыбыстарды жаңадан жіктейтін болсақ, әрі айтуына қарай, әрі сөз жүзінде білінетін қасиеттеріне қарай жіктеу керек. Қазақтікі сияқты заңы азбаған тілдің айтылу жүзіндегі дыбыс жіктері сөз жүзінде білінетін дыбыс қасиеттерінің жіктері мен түйісетін көрінеді.

Айтылуына қарай жіктегенде, қазақ тіліндегі дыбыстар дауысты, дауыссыз болып екі айрылады.

1. Дауыстылар: а, р, ң, м, н, е, о, ұ, у, ы, й.

2. Дауыссыздар: б, п, т, ж, д, з, с, ш, ғ, қ, к, г.

Дауысты дыбыстар өзара толық дауысты, шала дауысты болып екі айрылады.

Толық дауыстылар: а, е, о, ұ, ы.

Шала дауыстылар: р, ң, л, м, н, у, й.

Толық дауыстылар өзара кең шығысты, тар шығысты болып, тағы екі айырлады.

1) Аңғал түрлісі: а, е, ы.

2) Қымқыру түрлісі: о, ұ.

Шала дауыстылар ауыз шығысты, мұрын шығысты болып олар да екі айрылады.

1) Ауыз шығыстылар: р, л, у, й.

2) Мұрын шығыстылар: ң, м, н.

Ауыз шығыстылар босаң жолды, қысаң жолды болып екі айрылады.

1) Босаң жолдылар: р, у, й.

2) Қысаң жолдылар: л.

Мұрын шығыстылары босаң бөгеулі, қысаң бөгеулі, тұйық бөгеулі болып үш айрылады.

1) Босаң бөгеулісі: ң.

2) Қысаң бөгеулісі: н.

3) Тұйық бөгеулісі: м.

Дауыссыз дыбыстар босаң жолды, қысаң жолды болып екі айрылады.

1. Қысаң жолдылар: п, т, с, ш, қ, к.

2. Босаң жолдылар: б, ж, д, з, ғ, г.

Қысаң жолдылар ашық жолды, тұйық жолды болып екі айрылады.

1) Ашықтары: с, ш.

2) Тұйықтары: п, т, қ, к.

Босаң жолдылары да ашық, тұйық, тұйықтау болып үш айрылады.

1) Ашықтары: ж, з.

2) Тұйықтары: б, д.

3) Тұйықтаулары: ғ, г.

Сөйтіп қазақ дыбыстары көшелеп көрсеткенде былай болады:

Бұлардың бірінен бірінің шектерін айыратын нәрсе не десек, ол нәрселер мынау болады:

1. Дауыстылар мен дауыссыздардың шегін айыратын жіктеу жалғауы «мын», жалғаулық «мен»: дауыстылардан соң «мын», «мен», дауыссыздардан соң «бын», «бен» (пын, пен).

Дауыстылардың өзара шегін ашып, толық дауысты, шала дауысты қылып айыратын тәуелдеу, жіктеу жүзінде толып жатқан нәрселер бар. Оларды түгендеп жатпай, мына жағынан да айыруға болады:

Толық дауыстылар буын ішінде дауыссыз дыбыстардың алдында да, соңында да келеді.

Шала дауыстылар буын ішінде дауыссыз дыбыстардың алдында келеді, соңында келмейді.

Толық дауыстылардың өзара шегін ашып, аңғал деп, қымтырынды деп айыратын мынасы: 

 Аңғалдар орын талғамайды.

Қымтырындысы бас буыннан басқа буында келмейді.

Шала дауыстылар да өзара, әуелі, дыбыстардың шығу орнына қарай ауыз шығысты, мұрын шығысты болып екі айрылады. Екінші, шығу орны басқа болғандықтан, арасының шегін ашатын басқа нәрселер де бар.

Ауыз шығыстылары, септегенде, «-дың», «-дан»  мен, жіктегенде «-мыз» бен келеді. 

Мұрын шығыстылары, септегенде, «-ның», «-нан» мен, жіктегенде, «-быз» бен келеді.

Ауыз шығыстылардың жігін ашып, біреуін босаң, екіншісін қысаң деп айыратын айтылу түрінен басқа – босаң сөз басында келмейді, қысаң – келеді.

Мұрын шығыстыларын да босаң, қысаң, тұйық деп айыртатын айтылу түрінен басқа нәрсе – босаңның сөз басында келмеуі; қысаңның алдындағы дыбысқа әсер етуі (аздыруы); тұйығының алдындағы дыбысқа әсер етпеуі (аздырмауы).

Дауыссыздарға келсек, бұлар да өзара жіктеліп, бірнеше түрге айрылады. Әуелі, бұлар қысаң, босаң болып екі айрылады. Бұлай айрылуы айтылу түріне қарай болғанмен, басқа да жігін ашатын нәрселер бар.

Қысаңдары мен босаңдары біріне-бірі жуыспайды, екінші сөзбен айтқанда, бірі қысаң, бірі босаң болып екеуі қатарынан келмейді.

Қысаңдарын ашық, тұйыққа бөліп, екі айыратын нәрсе – ашықтарының азбайтыны, айнымайтыны, тұйықтарының азатыны, айнитыны.

Босаңдарын ашық, тұйықтау деп айыратын айтылу түрінен басқа нәрсе – ашықтары сөздің басында да, аяғында да келуі; тұйықтары сөз аяғында келмеуі; тұйықтаулары сөздің басында да, аяғында да келмеуі.

Түсінікті болуы үшін көшелеп көрсетсек, былай болып шығады:

Тіл дыбысына қатысатын мүшелердің қайсысынан шыққан дыбыс жоғарғы жіктеудің қайсысына келеді екен, онысын да қарап өтелік.

Дыбыстың шығуына қызмет қылатын өкпе, кеңірдек, тамақ (жұтқыншақ), мұрын, түрлі мүшелері менен ауыз.

Ауыз мүшелерінің ішінде де, көбінесе қызмет қылатын – тіл. Тілдің қатыспайтын дыбысы жоқ. Төменде тілдің аты қатысқан дыбыс атаулары бар жерлерді тілдің қатысатын орындары сол жерлер ғана екен деп ұқпасқа керек. Қай сөзде де болса дыбысқа түр беріп, тіл дыбысы болып шығуына тіл қатыспай қалмайды. Басқа мүшелер тілдің жұмсайтын құралы, ылаждаушы (амалдаушы) есебіндегі нәрселер болады. Дыбыс жасауға жем беретін – өкпеден кеңірдек арқылы келетін ауа. Сол ауаны, бірде ананы, бірде мынаны сепке алып, керегіне қарай олай да, былай да жіберіп, сөзге керек түрдегі дыбыс қылып шығаратын – тіл. Сондықтан да «сөз», «сөйлеу», «айту», «хабар» дегеннің орнына, көбінесе, «тіл» аты жұмсалады. Мұны («мұның» деп қате кеткен – Е.М.) сөз қылып отырғандағы мақсат сол – егерде дыбыс атына тіл аты немесе басқа мүшенің аты қатысса, ол тек тілден («тік тылдан» деп қате кеткен – Е.М.) немесе аты қатысқан мүшеден ғана шыққандықтан емес, бұлардың басқадан гөрі басымырақ қатысатынын көрсетеді. 

Жоғарыдағы жіктеулер дыбыстардың айтылуына қарай істелген. Айтылу түрлері басқа-басқа болатыны – түрлі мүшенің түрліше қатысуынан. Сол қатысу түріне қарай дыбыстардың біреулері еркін, біреулері қымтырына, біреулері қақтыға, біреулері имене, біреулері қысыла, біреулері бөгеле өткелден өткен сияқты болғанда, біреулері олай да өте алмай, не сүзіліп өтіп, не қамалып қалып қойған сияқты болып шығады.

Сонда, еркін өтсін, қысылып өтсін, бөгеліп өтсін, әйтеуір өтетін өткелділері «дауысты дыбыстар» болып шығады. Өткелсіздері «дауыссыз дыбыстар» болып шығады.

Сөйтіп дыбыстарды мүшелердің қатысу түріне қарай дыбыс қалай жасалатынын көрсете жіктесек, мынау түрде болып шығады.

 

I. Өткелділер

Бұлар әуелі ауыз арқылы, екінші мұрын арқылы, өтетін болып екі айрылады.

1. Ауыз арқылы өтетіндер:

А, е, ы – ауыз мүшелерінің күшіне онша тиместен, еркін өтеді.

О, ұ – ны айтқанды ерін едәуір қымқырылады. Сондықтан бұлар қымтырынып өтеді.

У, й – ерін жабылуға бейім болғандықтан, жабылып қалама деп имене өтеді.

Р – тіл қақтықтыра қимылдағандықтан, қақтыға өтеді.

Л – тіл келе жатқан бетін бөгеп алғандықтан («алғандытан» деп қате кеткен – Е.М.), тілдің жан-жағынан өтеді.

2. Мұрын арқылы өтетіндер:

М – ерін бөгеп жібермегендіктен, мұрынға қарай кетеді;

Н – тіл бөгеп жібермегендіктен, мұрынға қарай кетеді;

Ң – тамақтан бөгеп ауызға қарай жібермегендіктен, мұрынға қарай кетеді.

 

II. Өткелсіздер

1. Қамалатындар:

Б, п – ерінге қамалады;

Т, д – тіске қамалады;

Қ, к – тамаққа қамалады.

2. Сүзілетіндер:

С, ш, ж, з – тіл үші мен таңдайда сүзіліп шығады;

Ғ, к – тіл түбі мен таңдайдан сүзіліп шығады.

 

Сөйтіп, дыбыстарды мүшелердің қатысына қарай жіктеп көшелеп көрсетсек, мынау түрде болады:

Дыбыстардың айтылуына қарай жіктелген жүйесін мүшелер қатысуы түріне қарай жіктелген жүйесі мен шағыстырсақ, былай түйіскенін көреміз:

4- кесте

Бұлай жіктеуде бұрынғыдан артық қанша қолайлылық барлығы келесі жолы айтылмақ.

Ахмет Байтұрсынұлы. 1927. 04. 28    Қызыл Орда

***

(Мақаланы төте жазудан кириллицаға түсіріп, кестелерді түпнұсқа бойынша дайындаған – PhD доктор Е.Маралбек)

 

Тілтанушы ретіндегі қорытындымыз:

Мақалада Ахмет Байтұрсынұлының бүгінге белгілі дыбыстарды жіктеу туралы ең терең танымы көрініс табады. Бұған дейінгі «Тіл-құрал», «Әліппе» сияқты тілтанытқыш, сауаташқыш кітаптарының негізгі арналған аудиториясы мектеп оқушылары болғандықтан, тіл білімінің аса күрделі, терең мәселелері оған енбейді, тек аудиторияның деңгейі ескерілген, мүмкіндігінше анық тануға болатын,  әбден қорытындыланған, канондық сипаты басым білімдер жүйесі аталмыш құралдарға енді. Ал бұл мақала, зиялы қауымға, тілтанушы ғалымдарға арналғандықтан, оның ғылыми құндылығы аса жоғары. Мұны қазақ тілі дыбыстарын ұзақ жылдар бойы зерттеудің, дыбыстардың сөз ішіндегі өзгерісін, фонологиялық, функционалды сипатын тексеру нәтижесінде жасалған Ахмет Байтұрсынұлының терең зерттеуді қажет ететін еңбегі деуге болады.

Аталған мақаланың фонетикалық тұрғыдан әр бағытта зерттеп, түрлі тұжырымдар жасауға болады. Алайда мақала қазіргі жаңа қазақ әліпбиіне көшу қарсаңында дау тудырып жатқан [у] мен [й/и] дыбысының түйткілдерін қалың жұртшылыққа түсіндіру мақсатында ұсынылғандықтан, осы мақаланы оқыған тілтанушылардың бірі ретінде, тек тақырыпқа байланысты ғана қорытындылар ұсынамыз. Қорытынды тұжырым түрінде беріледі:

1. Тіл дыбыстарын жіктеудің түрлі әдіс-тәсілдері бар. Алайда оның барлығы шартты. Сол шарттылыққа тілдің функционалды табиғатын байлауға болмайды және оны тілдің өзгермес заңы ретінде көрсетуге болмайды;

2. Ахмет Байтұрсынұлы қазіргі қазақ тіліндегі үнді дауыссыздарды, әлемдік лингвистикадағы сонорларды дауыссызға тиесілі емес, дауыстының құрамына жататын дыбыс ретінде қарастырады. Демек, ғалымның «жарты дауысты» дегені, өзі дауыстыға акцент жасағандай, «дауысты дыбыстар» тобында тиесілі.

3. Ахмет Байтұрсынұлы «дауыс» ұғымын «өкпеден сыртқа бағытталған ауаның ағыны» ретінде қарастырады да, оның ауыз қуысында шыға алмай қамалған түрі дауыссыз, ашық не қысылып шықса да, қайткенде де сыртқа шыққан түрін «дауысты дыбыс» деп таниды.

4. Сонорлардың дауыстылардан да, дауыссыздардан да бөлек, өз алдына функционалды ерекшелігі, қасиеті бар. Ол сөз ішінде жарты дауыс ағынынан құралады.

5. Толық дауыстылар буын ішінде дауыссыз дыбыстардың алдында да, соңында да келеді. Шала дауыстылар буын ішінде дауыссыз дыбыстардың алдында келеді, соңында келмейді.

6. [й] дыбысы:

1)  Дауысты, шала дауысты, ауыз шығысты, босаң жолды;

2) Өткелді, ауыз өткелді, именішті;

Позициясы – сөз басында келмейді, басқа буындардың бәрінде келеді.

7. [у] дыбысы:

1)  Дауысты, шала дауысты, ауыз шығысты, босаң жолды;

2) Өткелді, ауыз өткелді, именішті;

Позициясы – сөз басында келмейді, басқа буындардың бәрінде келеді.

Қазақ фонетикасы тарихында ХХ ғасырдың басы – классикалық дәуір. Осы кезеңде Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінде 28 дыбыс (графемалық дыбыс) бар екенін, жуан/жіңішке сингормотүрімен қосқанда 43 дыбыс бар екенін алғаш анықтады. Ғалым қазақ тілінің дыбыстарын дауысты, жарты дауысты, дауыссыз, қатаң, ұяң, үнді деп атай отырып, олардың түрлерін де дәл анықтап топтастырды. Бұл тұжырымдар қазақ фонетикасында бүгінге дейін өзгеріссіз қолданыста. Бұл – таңданарлық, әрине. Көптеген оқырмандар мен зерттеушілердің көкейінде дыбыстарды зерттейтін лаборатория, лингафон кабинеті жоқ кезде Ахмет Байтұрсынұлы дыбыстарды қалай ғана осылай дөп басып, түр-түрін ажыратып жіктеді екен деген ой туындауы мүмкін.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілі дыбыстарын «осылай болуы керек» деп ішкі түйсігімен (интуициясымен) долбарлап, үстінен дөп түсіп қалған жоқ. Ғалым өз әдісімен қазақ тілі дыбыстарын, тіл ішіндегі функционалды өзгерістерін мұқият бақылай отырып, ғылыми тұрғыдан аса жоғары деңгейде зерделеді. Арнайы фонетикалық аппараттарға сүйенбесе де, тіл дыбыстарының табиғи жүйесіне мұқият назар аударып, олардың сөз ішіндегі, түбір мен қосымша жігіндегі өзгерістеріне назар аударды. Біздің ойымызша, керісінше, фонетикалық аппараттардың нәтижесі күмәнді. Себебі, әркім әртүрлі дыбыстайды, әркімнің, әр өңірдің өз сөйлеу ерекшелігі бар. Сондай-ақ лабораториялық зерттеулердің нысаны болған дикторлардың дыбыстау ерекшелігінде таза қазақы ма? Әлде кірме дыбыстар мен сөздерді айнытпай айта алатын, артикуляциялық аппараттары қазіргі заманға сай интеграцияға түскен дикторлар ма, ол жағы белгісіз. Зерттеулерде ол туралы да ақпарат берілмейді.

Ал Ахмет Байтұрсынұлы ғасырлар бойы таза қазақ тілде сөйлеген миллиондаған қазақ тілді қауымның аузында дыбысталып қалыптасқан сөздер мен қосымшалардың тұлғасын, синтагмалық өзгерістерін мұқият зерделей отырып, бұлтартпас ақиқатты талдаумен, зерттеумен айналысты. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлының әдісі қазақ тілі дыбыстарының төл табиғатын тануға шынайы мүмкіндік береді. 

Олай болса Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілі дыбыстарын жіктеу әдісін өз жүйесімен ашып көрсетейік:

Қорытынды: «у» мен «й»-ға септік жалғаудың барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктері дауысты дыбыстарша жалғанады. Ал ілік, жатыс септіктері ұяң дауыссыздарша жалғанады.

Қорытынды: Көптік жалғауы «у» мен «й»-ге және «р»-ға дауысты дыбыстарша -лар/-лер жалғанады. Ал өзге үнділерге ұяң дауыссыздарша -дар/-дер жалғанады.

Қорытынды: Жіктік жалғауының бірінші жағы «у» мен «й»-ге және «л», «р» үнділерге дауысты дыбыстыларша -мыз/-міз жалғанады. «Ң», «м», «н» үнділерге ұяң дауыссыз дыбыстарша -быз/-біз жалғанады.

Қорытынды: Шылаулар «у» мен «й»-ге және барлық үнділерге дауыстыларша тіркеседі.

Қорытынды: тәуелдік жалғауы «у» мен «й»-ге дауыссыздарша жалғанады.

Кестедегі «-» белгісі дауыссыздарша, «+» белгісі дауыстыларша жалғануды білдіреді. Кестеде үнді дыбыстардың қазақ қосымшаларымен тіркесу ерекшелігі, синтагмалық қатынасы көрсетілген. Жалпы 11 түрлі сингармоқосымшалар [у], [й], [р] дыбыстарына 9 рет дауыстыларша, 2 рет дауыссыздарша жалғанса, [л] үнді дыбысына 8 рет дауыстыларша, 3 рет дауыссыздарша жалғанған. Ал [м], [ң], [н] үнді дыбыстарына 7 рет дауыстыларша, 4 рет дауыссыздарша жалғанған. Демек үнділердің функционалды ерекшелігі, синтагмалық қасиеті дауысты дыбыстарға жақын, әсіресе  [у], [й], [р] дыбыстары дауысты дыбыстарға тіптен жақындайды. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынұлы [у], [й] дыбыстарын «Тіл-құрал»  еңбегінің әр жылдардағы (1914, 1918, 1920, 1922, 1923, 1924) алты басылымында жарты дауысты, шала дауысты, орта дыбыс деп бірнеше түрлі атап, дыбыстардың үшінші тобы ретінде бөлек береді.   1925-1927 жылдардағы 3 басылымында аталған дыбыстарды «жарты дауысты» деп атап, дауыссыз дыбыстардың тобына жатқызады. Ал 1927 жылғы біз сөз етіп отырған «Дыбыстарды жіктеу туралы» деген осы мақаласында[у], [й] дыбыстарын «өткелді», «шала дауысты» деп атай келіп, қайтадан дауысты дыбыстардың қатарына жатқызады. Бұдан кейінгі жылдарда жазылған Ахмет Байтұрсынұлының емле туралы бірнеше мақаласы бар, бірақ дыбыстарды дәл осылай топтастырған мақаласы қазірге белгісіз. Сондықтан аталған мақала Ахмет Байтұрсынұлының дыбыстарды жіктеу туралы соңғы тұжырымы көрініс тапқан еңбегі деуге болады. Сондай-ақ Ғалым соңғы тұжырымдарында [у], [й] дыбыстарының дауысты дыбыстар тобында қарастырған және аталған дыбыстардың өз алдына фонологиялық, функционалды ерекшелігі барын жақсы байқаған. Оның ғылыми негізі жоғарыда біз ашып көрсеткендей.

Олай болса, «дауыстыдан кейін дауыссыз келеді» деген Ахмет Байтұрсынұлының әліппе деңгейіндегі мектеп оқушыларына арналған ережесі негізінде [у] мен [й] дыбысын дауыссыз деп танып, жөнсіз таратып жазудың теориялық қисыны аз, практикалық қажеттілігі жоқ. Жарты дауысты дыбыстармен дауыстылар да, дауыссыздар да қатар келеді.

       Анар Фазылжан, Маралбек Ермұхамет

Байланысты жаналықтар

Архимед Қостанайды қиратып жатыр

17.06.2022

«Әліппе» келесі жылы оралады

02.11.2020
MalimBlocks
Архимед Қостанайды қиратып жатыр

Қазір іргетастың ізі де қалмаған

«Әліппе» келесі жылы оралады