Есенғали планета боп кеткен жоқ па осы...

Бағашар Тұрсынбайұлы

  • 16.04.2021

16.04.2021. Адам тірі кезінде түскен әдемі суреттері өлген соң неге мұңлы бола қалады екен... Бір кездері жарқылдаған көзқарасы да қош айтысып, енді мүлде жолықпайтынын сездіріп тұрады. Екі-үш жыл бұрын Шерхан жіберген Есағаңның сол кезде еш жерде жарияланбаған суреттері мүлде басқа кейіпке енген. Өзім сан мәрте газетке, сайтқа басқан бейнесі де суына қалыпты. Экранның бетінен шалғайдан, шалғайдан емес-ау, басқа бір әлемнен маған үңіліп тұрғандай. Есенғали планета боп кеткен жоқ па осы...

16.04.2021. Бұл күні мүлде күтпеген хабар естідік. Ажал – қашанда тосын, қашанда – суыт. Ғазиз деп аялаған дүниені жалған деп жек көре сақтадық... Есенғали құстар мен адамдарға өлімімен де ескерту жасап, кете барды.

16.04.2021. Аяулы қарындасымның туған күні еді. Енді Есағаңның қайтқан күні. Дүние есігі бір сәтте ашылып, бір сәтте жабылатынын бетіме басып тағдырым тұр. Сонша қапылып, сонша жек көріп, сүйіп,  сонша... сонша пенделікке салынатын жөніміз жоқ екен-ау деп тағы қалдық.

16.04.2021. Қазақ поэзиясының туы түсті. Алласын жиі айтатын ақын ертең ақтық сапарға шығады. Шығарып сала алмай, заң еңіреген күйі үйде отырмыз. Сандырақтап бір-бірімізге әзіл айтқан боламыз. «Жақсылық жаман түс көрген екен, әулие боп бара жатыр сол», - дейді Аслан. О немеге әулиелік қайда? Жақсы ағаларымыз аман боп, соларды тасып шопыр боп о да аман жүрсе де, тақиясына тар келмес.

16.04.2021. Бүгін Америка ашпай-ақ, бәріне қарапайым сөз айтқым келеді: Аман болыңдар!

Ал Есағаңды жоқтаған жырларды әзірге бір топтап қояйық...

 

***

Терісіне тер сіңбей,

О да кетті мына жерді жерсінбей.

Біздің ел де қызық ел ғой, жүретін

Жетесізі-- жетелісін теңсінбей!

 

Кетті ол...

Құсын талай қимай ұзатқан,

Қар жастанып, түскен не бір мұзарттан.

Жүре бермей көрінгенмен ұстасып,

(Жолы болғай!),

Кетіп қалды бұ жақтан.

 

Сонда отыр ғой Алашыңның асылы.

Алшысынан түсіп күнде асығы.

Онда миын ашытатын ешкім жоқ,

Осында ғой дүниенің пасығы?

Сасығы...

 

Сыңғырлаған сиқырлы оның күй-- іші,

Періште мен періштенің сүйісі!

Келмейді ғой біздің мына мұрынға.

О жақтағы ұжмақтың иісі?

 

Көп ел бізде дәмелі сол ұжмақтан,

Мағжандарын өз қолымен ұзатқан?!.

...Жүре бермей бір иісті иіскеп,

Меніңше, тез кету керек бұ жақтан.

Серік Ақсұңқарұлы

16.04.2021 ж.

***

Жалғаннан Есенғали ағам көшті!

Ол дағы нар құлжадай аран кешті!

Пір Бекет, Абай-әруақ ертіп келген

Жетектеп жүре берді тәмам көшті...

 

Уа, көшті!

Көшті деймін Есен ағам,

Сумиып қала барды көсе-ғалам...

Не айта алам, Көкмойнақ-жыр түн ішінде,

Кісінеп: "Ием қайда?" - десе маған?..

Светқали Нұржан

16.04.2021

***

Ақ кемедей ақша бұлтқа шым батқан

Өтті Есағам, кетті Өлең…

Бүгін маған қара хабар тыңдатқан

Телефонды жек көрем!

 

Жек көремін,

Жағдайым жоқ ұғатын

Аяп, көңіл айтқанды,

Ақындарға қазанама шығатын

Газеттер мен сайттарды.

 

«Көз жасыңды төге берме сен енді…»

Жұбатады кәрі іңір.

Жазбасыншы «ақын өлді» дегенді,

Оқымаймын бәрібір…

 

Өзімді алдап, өтірікпен достасып,

Мен отырмын түн ішіп.

Бір қызғалдақ бағбанымен қоштасып,

Жылап жатыр бүрісіп…

 

Өмір солай мәңгілікке бұрылмақ,

Қалғаны – тек бос ұран.

Құс атаулы қона алмай жүр шырылдап,

Айырылып досынан…

Гүлнәр Салықбай

16.04.2021

Суық хабар

Ажалда қақпан да бар, құрық та бар,

Су емес ойпаң жерде тұрып қалар.

Таң атпай ту талақай тарап жатты,

Ес-ағам кетті деген суық хабар.

 

Сәуірдің сәукелелі ақ таңында,

Шынымен мәңгі ұйқыға батқаның ба?

Құстарың қона алмастан шырылдап жүр

Азалы Алматының бақтарында.

 

Сәулесі солғын тартып жарықтың да,

Жаза алмай соңғы жырды жанықтың ба?

Ақсүйек Аманханың кеткеннен соң

Жалғанның жармағынан жалықтың ба?

 

Теңселтіп текті жырдың тұнық көлін,

Сен кеттің, қалам қалды бүгіп белін.

Сұңқардай сыңарынан айырылған,

Өзіңді жоқтап жатыр Ұлықбегің.

 

Болғанда өрмегі сұм, өңі сайтан,

Күшейген мына дерттің көні қайқаң.

Қанаты қапелімде қайырылған,

Қайғырып, қара өлеңге көңіл айтам!

Әлібек Шегебай

16.04.2021

 ***

Қайдан білейін,

ғұмырда бір сәт қуанды ма, әлде кейіді ме,

Қана алды ма елдің мейіріне?!

Ертемен айтып,

ебіл де дебіл еткенің немене біздерді,

Есенғалиы жоқ, ей, дүние?!

 

Біз жылағанда сен орамалыңды алып жетпеп пе ең,

Өткен түн қалай текке өткен?!

Ебіл де дебіл ал, жыла енді,

ал, жыла,

Есенғалиы жоқ көктем!..

 

Есенғалиы жоқ Алматы!

Шула қайыңдар,

жыр тілеп,

Шулаңдар таулар, дүниенің жанын сілкілеп,

Қайсыңа барып көңіл айтайын,

беу, дүние-ай,

Өлеңнен бүгін құстар ұшады дүркіреп!

 

Өлеңнен бүгін құстар ұшады қаңқылдап,

Аспандайды олар даңқыңды ап,

...Қарайлауменен қалған да өмір өтеді-ау, көке,

енді бұл,

Қайсыбір тұстан шыға келер деп жарқылдап...

Ерлан Жүніс

16.04.2021

 

Аза-нама

Есағам да кетті өмірден,

Өмір сенде не қалды?

Бізді қойшы, жұбанармыз, келген құсқа обал-ды.

Бір тақсірет түс екен бұл,

Дүниенің алдынан,

Алтын дәптер, күміс қалам жоғалды.

 

Құс біткеннің жоқтау әні – көк ала аспан,

Қара жер –

Қара жерде қаралы көш, қаралы ел.

Құстың пірі – Есенғали –

Құс секілді бейкүнә,

Құс секілді жаралы ер,

Қайда кеттің, құс біткенді сыңсытып,

Түс көріп ем, түсім менің шым-шытық.

Қайда кеттің, Маңқыстауды күрсінтіп,

Ыршығыңның ащы жасын ыршытып.

 

Құс тұмсықты қаламыңа тұнып қалды сыя мұң,

Бозторғайы боздап қалды кеудемдегі ұяның.

Домбырамның шегі үзілген секілді,

Күмбірлеп кеп, кілт үзілді күй ағын.

 

Достарыңа көңіл айтам, құс көңілі қаралы,

Қазағыңа көңіл айтам, жаны да оның жаралы.

Құс біткенді аман-есен Алматыға қондырып,

Құстың пірі – Есенғали, көкке ұшып барады...

Жанат Жаңқашұлы

16.04.2021 ж

***

Қазір жаңбыр төгеді қара да тұр,

Көз жасына малшынып дала да, қыр.

Әуенінен жаңылып құс біткен кеп,

Қиқу салып әр тұста қалады ақыр.

 

Тұр ғой әзір түк сенбей, шерге езілмей,

Шын ақын-ды Алматы ол да өзіндей.

Сәлден кейін Алатау өксіп бастар,

Қос иығы селкілдеп еңгезердей.

 

Өкінішке сенбеді ол әл-әзір,

Қамсыз тұр-ау, қайран қап, қала қазір.

Сәлден кейін өкіріп қоя берер,

Жоқтау айтып,

Төгілтіп далаға жыр.

 

Сұрғылт бояп қаланы, тауды бір өң,

Сеңдей соғып, баурымдап барлығымен,

Ақ жаңбырға малшынып,

Сенделерміз

Сәуірдің жаңбырымен,

Абай даңғылымен...

 Асылан Тілеген

16.04.2021

Байланысты жаналықтар

Есенғали Раушановтың өлеңдері

22.08.2024

Соңғы сөз

29.07.2021

Есенғали Раушанов қайтыс болды

16.04.2021

Тынымбайға сыйлық бермегендері өте ұят болды

05.11.2020

Мемлекеттік сыйлық туралы қаламгерлер пікірі қандай?

10.09.2020

Есенғали Раушанов: "Тоқаев Назарбаев емес"

20.07.2020
MalimBlocks
Есенғали Раушановтың өлеңдері

Есенғали Раушанов 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақ АКСР-інде туған. 2021 жылы 16 сәуірде өмірден өтті. Өлеңдері орыс, литва, болгар, чех, украин, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Соңғы сөз

Есенғали Раушанов қайтыс болды

Тынымбайға сыйлық бермегендері өте ұят болды

Мемлекеттік сыйлық туралы қаламгерлер пікірі қандай?

Есенғали Раушанов: "Тоқаев Назарбаев емес"