freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

1 қазанда кімдер туған: Капитан Марвелден қазақ антропологиясының негізін қалаушыға дейін

MALIMet •
1 қазанда кімдер туған: Капитан Марвелден қазақ антропологиясының негізін қалаушыға дейін
Фото-коллаж: malim.kz

Бірі қазақ балаларына арнап кітап жазды, бірі адамзаттың шығу тегін зерттеді, енді бірі кино әлемінде ұмытылмас кейіпкерлерді сомдады. 1 қазанда туған өнер мен ғылым тұлғаларының өміріндегі қызықты деректер, деп хабарлайды Malim.kz. 

Спандияр Көбеев – ұстаздық пен жазушылықты қатар алып жүрген қаламгер

Спандияр Көбеев 1878 жылғы 1 қазанда қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келген. Биыл оның туғанына 148 жыл толады.

Ол көпшілікке "Қалың мал" романының авторы ретінде таныс. 1913 жылы жарық көрген шығарма қазақ әдебиетіндегі алғашқы романдардың қатарына кіреді.

Көбеев балаларға арналған оқу құралдарын да құрастырған. "Үлгілі тәржімә" және "Үлгілі бала" кітаптары арқылы жас оқырмандарды білімге, еңбекке және бірлікке шақырды. Оның ұстаздық жолына Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық қызметі ықпал еткен. 

Оразақ Смағұл – қазақ халқының тарихын адам бойындағы белгілер арқылы зерттеген ғалым

1930 жылғы 1 қазанда туған Оразақ Смағұл – Қазақстандағы антропология мектебінің негізін қалаушы. Биыл оның туғанына 96 жыл толады.

Ғалым қазақ халқының шығу тегі мен тарихи сабақтастығын антропологиялық деректер арқылы зерттеген. Оның еңбектерінде адамның дене бітімі мен биологиялық ерекшеліктері халықтың өткенін түсінуге көмектесетін ғылыми дерек ретінде қарастырылады.

Оразақ Смағұл Қазақстанда этникалық антропология зертханасын ұйымдастырған. Ол 300-ден астам ғылыми еңбектің авторы. 

Джули Эндрюс – алғашқы үлкен кино рөлі үшін "Оскар" алған актриса

Джули Эндрюс 1935 жылғы 1 қазанда Англияда дүниеге келген. Биыл оның туғанына 91 жыл толады.

Актрисаның үлкен кинодағы алғашқы рөлі – Мэри Поппинс. Осы кейіпкерді сомдағаны үшін ол бірден үздік актриса аталымында "Оскар" алды. Кейін "Музыка үні" фильміндегі Мария рөлі арқылы әлемге танылды.

Эндрюсті балалар әдебиетінің авторы ретінде де білуге болады. Ол қызы Эмма Уолтон Хэмилтонмен бірге отыздан астам балалар кітабын жазған. 

Ричард Харрис – көрерменнің есінде алғашқы Дамблдор болып қалған актер

Ирландиялық актер әрі әнші Ричард Харрис 1930 жылғы 1 қазанда дүниеге келген. Биыл оның туғанына 96 жыл толады.

Киносүйер қауымның жас буыны оны "Гарри Поттер" фильмдеріндегі Альбус Дамблдор ретінде таниды. Харрис Хогвартс директорын "Гарри Поттер және пәлсапа тасы" мен "Гарри Поттер және құпия бөлме" фильмдерінде сомдаған.

Осы рөлдері арқылы ол бұрынғы көрермендерімен қатар, жаңа буынның да ықыласына бөленді. 

Владимир Горовиц – фортепиано өнерінің әйгілі шебері

Пианист Владимир Горовиц 1903 жылғы 1 қазанда дүниеге келген. Биыл оның туғанына 123 жыл толады.

Ол ХХ ғасырдағы ең танымал пианистердің бірі саналады. 1928 жылы Нью-Йорктегі Карнеги-холлда алғаш рет америкалық көрермен алдында өнер көрсетіп, Чайковскийдің бірінші фортепианолық концертін орындаған.

Горовицтің орындаушылық ерекшелігі – шығарманы әр жолы өзінше жеткізуі. Бір туындының әр концерттегі жазбасынан оның әуенге, екпінге және дыбыс реңкіне өзгеше мән бергенін байқауға болады. 

Бри Ларсон – драмалық рөлден суперқаһарман бейнесіне дейін

Бри Ларсон 1989 жылғы 1 қазанда АҚШ-тың Сакраменто қаласында дүниеге келген. Биыл оның туғанына 37 жыл толады.

Актриса "Бөлме" фильміндегі рөлі үшін "Оскар" сыйлығын иеленді. Бұл туындыда ол күрделі тағдырды бастан өткерген ананың бейнесін сомдаған.

Ал әлемдік аудиторияның үлкен бөлігі оны Капитан Марвел ретінде таниды. Ларсон Кэрол Дэнверс бейнесін "Капитан Марвел", "Кек алушылар: Финал" және "Марвелдер" фильмдерінде ойнаған. 

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу