Күлкісінен кептерлер үркіп қашқан - Дориан...

Malim Админ

  • 12.04.2020

 Ғаламда сиқыр бар беймәлім

...мүләйім толқындай жағаға жетпеген,

Дүкеннен сатылмас бақыттай іздесең.

Бақсы мен балгердей шайтанды иектеген,

Ол сиқыр: көктеммен күз десем.

сиқыр бар беймәлім...

 

Іріңдей жарылар уақыты келмеген,

Раушан гүліндей қауызын жармаған,

дәуірдей мәңгіріп шындыққа шөлдеген,

Жезөкше бикештей көзімен арбаған,

сиқыр бар беймәлім...

 

Тамырдың соғысы – сағаттың тілінде,

Қанымның ағысы – шараптың буында,

Сезімнің сыбдыры – жапырақ үнінде,

Қарғысы – қарақұрт уында,

сиқыр бар беймәлім...

 

***

Бұл әуен есіме салады өткенді,

Ескі уақ,

Ескі.

Зарыға күттірген буалдыр үміттей көктемді.

Бозамық сәріде ең соңғы сілемі

Жылжыған тұмандай қаланың төсіне,

Ең соңғы шылымын тұтатып баратқан,

Маскүнем ақынды салады есіме..

Метро алдында Шәмшінің әндерін,

Шырқаумен күн кешкен.

Ғасырмен тілдескен,

Дорбасын асынған,

Тағдырға бас ұрған,

Қайыршы қария түседі есіме.

Көкекті-көшенің бойынан арылмас,

Ескі бір досымды,сағыныш сарындас

Көмескі-көрініс.

Сүреңсіз сәттерді.

Аяқсыз дастандай,

Баянсыз шағымдай-ол менің.

Ұзатып салған сол сұлуды,

Мен қайтып көрмедім.

Келмеді...

Құлаққа талықсып жетеді ән демі..

 

***

Ай сәулесі қытықтап,тереземді,

Қалам ұшы тілгілеп түн түнегін.

Ой кермегі кептіріп кенеземді

Ақ жаңбырдың күткендей, сіркіреуін..

 

Қыздиярлы бақтарда адасқанда,

Жол нұсқаған-екі айырық,күлдібадам.

Ыздияды жұлдыздар, қара аспанда-

Айызымды қандырып күлдім оған.

 

Зәулім үйлер ұялып қарамайды,

Күнәліні көруші-Тәңір ғана.

Жамылғысын жел ашқан қарағайдың,

Көлеңкесі билейді қабырғада.

 

Жел сазына билейді,жапырағы,

Сөлекеттеу қимылы ербеңдейді,

Бір бозбала тамсанып отырады,

Бойжеткеннің көздері жер көрмейді.

 

Жапырақ-қыз биіңді тарту еттің,

Шашыңнан ай сәулесі төгіледі.

Өмір-деген ең әсем портреттің,

Обыр-уақыт жиегін кеміреді.

 

Ай тұмсығын жасырып маядай түн,

Таң уызын тамызды таңдайыма.

Күлімсіреп жанымды аялайтын,

Жаңғыз сәуле жығылды жар бойына

Жаңғыз сәуле тығылды тал бойына...

Астаналық ақындар: Ислам Абдирахманов, Ұмтыл Зарыққан, Саян Есжан

***

Ауада... Жапырақ исі аңқып,

Қалада... Құстардың шырылы,

Көшені самарқау күй шарпып,

Будақтап көк түтін шылымы.

жалбаңдап етегі жын қона,

қалбаңдап күн кешкен күң-қала,

қыңырға құт болмай бұ қала,

жұмырға жұқ болмай бұ қала,

Көңілі көлденең қиылып,

Сенімін діңкелеп дін-Баба,

Ұйлыққан қойдай бір,

Мұңдана.

Ананы ойлайды,

Мынаны ойлайды,

Қаланың құстары сайрайды-

сүйкімді аспанның гүлдері.

Әуезі көк төсін жайлайды,

Көшеді көліктер,

Еседі түн демі.

Мейірім лебі ескен-

Көктемді қарсы алып,

Алдымнан бір сұлу өткенде тамсанып,

Кеткенде томсарып-

Мен тұрмын...

 

***

Түймедақ солуы үшін,

Сезімнің сөнуі үшін,

Тылсымға сенуім үшін,

Бір-ақ түн жететін сияқты...

 

Әжімнің енуі үшін,

Сұлулық семуі үшін,

Ол қайтып келуі үшін,

Бір-ақ түн жететін сияқты...

 

Әлемнің күйреуі үшін,

Көбелек күймеуі үшін,

Ол мені сүймеуі үшін,

Бір-ақ түн жетеді.

 

Ғасырдың тоқтауы үшін,

Сағаттың соқпауы үшін,

Кеткенді жоқтауым үшін,

Бір-ақ түн жетеді.

 

Егіздер айрылуы үшін,

Көңілдің жайлылығы үшін,

бойжеткен қайғыруы үшін,

Бір-ақ түн жетеді.

 

Жейдемнің ескіруі үшін,

Бозбала ес білуі үшін.

Барлығын кеш білуім үшін,

Бір-ақ түн жетеді.

 

***

Эx, Дориан!

Күлкісінен кептерлер үркіп қашқан,

Жамалынан мейірім әтірі аңқып.

Сұлулықтың сиқырын пір тұтпастан –

Дәуір көші келеді ақылы артық.

Екі қолың жуылған таң шығына,

Кәкір-шүкір дүниені мансұқ еткен

Кәкір-шүкір дүниенің қаншығына,

Зұлымдықтың қанжарын шаншып өткен.

Сұлулықтың қанжарын шаншып  өткен!

Қаншық иттің құйрығы бұраңдағыш,

Бұраңдағыш әрі олар - сыр арбағыш.

Сен өлгенде жылайды бүкіл әйел

Жылай-жылай сарқылып жылауға күш.

Эx, Дориан!

Сұлулық Тәңірісі...

Тек сен емес, жеңілген ар сотынан,

Тек сен емес, жеңілген жан сотынан!

Жұлдыз жасын сығады, түн егіле,

Баянсыздау сілеме тағдырыңды.

Шаң тұныпты, тәкаппар гүл өңіңе –

Мөлдір шық шайып өтті, шаң ғұмырды.

 

Эxx, Дориан!

Сұлулық Тәңірісі – ...

              Көше. Көктем. Көңіл

Шыжалақтап қарайды, құлын жерге - Бие күн,

Көкжиекке матырып, кемсеңдетер иегін.

 

Албыраған алмадай, көгілжіген көктемдей.

Сұлу өтсе алдымнан көңіл қайтсін дертті ембей!?

 

Салған әні құстардың руxтардың тілі ме?

Аяғыма төгілген тал шыбықтың бүрі ме?

 

Көркем әні құмырдың ұзай-ұзай көкке енді..

Көркем әні құмырдың шақыра ма көктемді?

 

Қыз көктеммен қауышты, кеберсіген ерінім,

Сағыныштан сарсылтты, қылаң кербез елігім.

 

Жер ананың көйлегі ақша бұлт па кәлүңгір?!

Майда қоңыр самал жел, аялардай тәніңді..

 

Мазам қашты күңгірлеп, көңілдегі қоңырау,

Кімді? Нені жоқтайды? Жүрек неге саңырау?!

 

Еx, жүрегім, жүрегім ұясындай араның,

Талақ етер ме екенсің бұ күнәһар қаланы..

 

Аңсау

Көктем исі аңқыған гүл шоғындай,

Кең дүние көркем еді, бала кезде,

Көңіл қалып күмәннің құрсауында,

Күдік жеңіп телмірдім қара көзге.

 

Қара көз.

Қара нүкте.

Қара көрім.

Тұтқыны жердегі өмір-абақтының,

Темір тордың есігін қағады өлім –

Деміңнен үзілгенде сағат тілі.

 

Жан қамалған тәнімнің түрмесіне,

Мұң қамалған көзімнің мүрдесіне,

Жын ба қонған қанымның жүлгесіне?

Нәпсікеш ой айналды күндесіме.

 

Аятсызға ауа ма Хақ назары?

Елегізіп ессіздің кештім кейпін.

Бұ базар – азған жұрттың ақ базары,

"Ардың аты – Адалдық"деп білмейтін.

 

Қара көзге үңілдім жорта күліп,

Сезімімді кетті ме ол қарғысқа орап?

Мезгіл құрғыр қалды ма қаңтарылып?

Жазмыш па жемтір-жемтір сарғыш парақ?

 

Күй

Заман-тар, кер, зарлы, қысқа тақсыр-ай,

Қылығына жын арбалған бақсыдай,

Көшкен көшке, көшке көшкен қарасам,

Көңілімді қарып өтер, ақшыл-ой.

Қайтем содан мейірімге қақсымай?

Қайтем содан зұлымдыққа лоқсымай?

 

Балғын уағым.

Балауса шақ.

Сәби күн.

Кең төрінде күмбірі ойнап қара үйдің,

Қоңыр тәтем домбырадан саз аулап

Отыратын, күйді өзімше жоримын.

 

Күй ырғағы дүниені тербетіп,

күңірентіп, дүбірлетіп, шерлетіп.

Тылсым тұнып таңдайына перненің,

Түйсігімді қоңыр әуен кеулетіп...

 

Беу-беулетіп.

Беулетіп!

 

Он саусақтан күйдің балы сорғалап,

Он саусақтан күйдің нәрі сорғалап,

Ұлы Рухын кебін қылып таңға орап,

Күйін шертіп аттанған-ды бақиға,

Қалдым содан, елегізіп жол қарап.

 

Жаратпайтын замананың сүреңін,

Қиып түсіп көктің қою түнегін,

Боз торғайдай шырқырайды кеудемде,

Дәулескерді сағынғанда жүрегім!

 

Шал да көшті, күй де көшті Бақиға.

Арсыз тірлік бір күйіңе тати ма?

Домбыраңды аманатқа қалдырған,

Қиянатқа қалай қидым Уа,Тоба?

бұның өзі баянсыздау Уақиға...

 

Сұлулық симфониясын жоқтау

Құс үні ыршылардай көл бетінен,

Көрігінен,

Керімсал көздерінен,

Кермиық келбетінен,

Айырылды ол, көшердей жер бетінен.

Отқа өртеп қиқы-жиқы күнделігін,

Тәнінің сиға тартты, кімге күлін?

Қи сасыған жымиды, жұртқа құсып,

Шишасынан ләззаттың ұрттап ішіп,

Тілім-тілім жүректі жалмап тынып,

Қайырымсыз көшені қарғап тұрып,

Мимырттады,

Мойыды омырыла,

Жете алмаумен – жалғанның жарығына,

Өткеннің көлеңкесін көрге көміп,

Алқымын тырмалады, демде кеміп,

Желге ұшты, қанша аңсары, қанша үміті?

Етегін жұлқылады – желде Жерік.

Тәнін ақтап, сай-сүйек сырқырады,

Жанын ақтап, жан-жүйке бұлқынады,

Сенімді ақтап, өңеші қылқынады,

Өмірді ақтап, Өлуге ұмтылады.

Өлуге ұмтылды ол,

Ақырғы ірет.

Ақырғы ірет биледі бөлмесінде,

Ми ішінде: дерт лаулап, әуез аңқып,

Махаббаты жас үзіп кеудесінде,

Көйлегінде,

Моншағы,

Әтірінде,

Түйреуіші,

Білезік,

Жүзігінде,

Сағынуы,

Күрсініс,

Күйреуінде –

Толқынды бара жатты діріл жүзіп,

Сан түрлі бара жатты ғұмыр жүзіп,

сұлулықтың ақырғы билеуінде...

 

Дұға

Найзағай күркірінің астында басымды отқа қақтадым..

Егілдім.

Беу,көңілдім...

Табанымды суаршы менің – пасықтардың мейіріміне...

Иілдім – көкірегімдегі тұп-тұнық бұлақтардың мөлт-мөлт аққан тамшыларына..

Жаншылады ма?

Қамшылады ма – өздерін тебіреніп тасыған күнәнің  көкайыл жүзі.

Лөп-лөп етіп сорады –

Ойлардың арғы өмірге жетелейтін Долы Мұхиты..

Сол терең мұхиттың түкпірінде –

"Әже" деп жылаған жас сәбилердің тамағын қырған Өксігі –

Өлімді еске салады..

Қастерлім..

Қара Таулардың –  ақырғы соғысты күткен

Қара Шалдар екені өтірік пе?

аспан бетін әжім қаптаған кәрі кемпір екені өтірік пе?

жер жігерін жасына суарған кінәмшіл қыз екені өтірік пе?

Киелі Рухтардың қаһарына қалма!

Қаһарына қалма жалғызым.

Қаһарына қалма жалғызым..

таулар ие әлемге.

Гүлдер ие – әлемге.

Самал ие – әлемге

Жаңбыр ие – әлемге.

Сезім ие –  Өлеңге.

Сен иіліп сәлем бер...

 

Көңіл мелодиясы

Ауада ноталар қақтығысады.

Ауада ноталар соқтығысады.

 

Жүректің зары – Әуезбен вальс билейді.

Жүректің зары – Әуезбен шарап ішеді.

 

Билейді тақ-тақ, шорт басып Танго!

Билейді мөлт-мөлт, мөлт басып Танго!

 

Түйреген бе ине – Нотаның жанын?

Күйреген бейне – төзімнің жолы..

 

Шайқаспаңдаршы, көркем Ноталар!

Айқаспаңдаршы, сұлу Симфония!

 

Ирелең-ирелең Нота билейді.

Ақырын-ақырын Сезім күйрейді..

ізгілікті аңсар – Симфония.

                 ***

Рухымды сауықтыр, күлдір мама.

Жанарымды жарқылға суарайын,

Баладай-ақ қуансам, қуанайын.

 

Рухымды сауықтыр, алаңсыз көк.

Шомылайын періште дидарына,

Хақ сәулесі дарысын иманыма.

 

Рухымды сауықтыр, жал-жал толқын,

Мойының жар бермеген, қаның ба асау?

Ағат па, жағаңда аз-кем дамылдасам.

 

Рухымды сауықтыр, соқыр тұман.

Әуезін есіту үшін Жаратқанның,

Сырнай үніне елітумен таң атқын-ды.

 

Рухымды сауықтыр, ақсақ жауын.

Қара сұр бұлт қаптаған аспан маңын,

Құм күнәсін кешер ме тастанда ауыр?

 

Рухымды сауықтыр, ала құйын.

Жердің кірін үйіріп кіндігінен,

Елдің мұңын иіріп түндігінен.

 

Рухымды сауықтыр, қияқтай Ай.

Тамшы сәулең жібітіп ындынымды,

Сыбдырыңды естиін гүл дірілді..

 

Сауықтыр рухымды!

 

 

                        Зияпат

Күміс шынжырдың салқар күшке үзілгеніндей,

Бұлбұлдар шебі дараққа тізілгеніндей,

Бостандық әуезі қияда қалқығанындай,

Қара бұлт буған, шолпанның жарқырауындай,

 

Боз жусан иісі шалқардан аңқығанындай,

Асау дария бусанып, толқығанындай,

 

Еркіндікті аңсар,ғаріптің жан құмарындай,

сызат берген шалғайдан - таң қылаңындай,

 

Зияпат келер!

Зияпат!

Сенімім - кәміл.

 

Дабысын естіп кең дүние ат дүбірінің,

Күнәсіз, бейқам сәбидің шат қылығының

 

Күлкісі шайып,жалғанның жалмауыз ғұрпын,

Сап тыйылар ма,ей дүние қандауыз құлқың?!

 

арқаңнан ауар албасты,дұға күйдіріп,

Шынар басына шадыман шығар,игілік!

 

9-мың дәуір толғатып,табандатқанда,

9-күн, ай, жыл толғатып табандатқанда,

Зияпат туар!

Зияпат.

Сенімім кәміл.

 

Жұбату

Үшбу дүние жүрегінің дүрсілі,

Жар мен толқын тоғысқанда толқиды,

Сеніміңнің секем бұзып тұмсығын,

Ойкөзерің сансыраса сан қилы,

Әй, досым, сен қапаланба, Мибулла!

 

Перизаттың сыңғыра да алдамшы,

Кәнизактың шындығы да өтірік,

Кемпарықтың күңкілі де жалғаншы,

Жер-тамұқтың кетеуі тұр кетіліп.

 

Зәдің – асыл, жадың – көне көк кітап,

"Кеуілжірім кесілді"- деп зарықпа!

Таңғы аянда қорқау көрсең от тұтат,

Сұр шағыл ит шәуілдесе қамықпа..

 

Әзиз жүзін есіңе алып анаңның,

Ауған жақта сарғайды ма,сары бел?

Сағыныштың сазын естіп тоналдың,

Атаң жүр ме, кирелеңдеп кәрі белі?

 

Құба-жонда құбылды ма, тал-Дарақ?

Самал желден саулығыңды сұраумен..

Жамалынан лағыл жасы сорғалап,

Гөзел жүр ме, іштен тынып жылаумен?

 

Гүлдей нәзік, беті – нарттай қырмызы,

Хиуа – шекер,

Үнді балы,

Күн қызы,

Демі – гауһар, айдай көркем Үр қызы,

ғашығыңмен қауышарсың,Мибулла!

 

Кәні арылшы, жанды жеген құса ойдан,

Күрметіліп тілге келер күләйлан,

Шырматылып дінге көнер пүшәйман,

Ақиқаттың ақ сәулесі - Құдайдан,

Әй,бауырым, қапаланба, Мибулла!

 

***

Қаракөлеңке мезгілде...

Үйді іргелей - инемен тепшіп шыққан,

сұрғылт жолақ жатыр;

Шатырдан сорғалаған шық тамшылары...,

бейне бір жоқтан ыршып шыққан сәуледей,

Немесе физикалық секірістердің нәтижесі.

 

Буржуазиялық ұстанымдағы қала тынысы;

Тежеуіштер сырылы мен автомобильдер дыбысы -

Құлағын сарсытқан тамшы-су ағар бойымен,

Өте баяу сырғыды..

 

Дімкәс жүрегін - қоңылтақсу сезімі кернеп,

қанша аязды аңсасын,

қанша буға айналсын,

қайталамағы бір тағдыр екеніне көндікті.

 

Бойкүйездіктен арылып, шапшаң сырғи жөнелді,

Жан азабы сіңіп қалған - қабырғаны жорғалай,

қапас сыртындағы әлемге төнгісі келіп,

қапас сыртындағы әлемді көргісі келіп...

Байланысты жаналықтар

Жыр құлагері – Ілияс Жансүгіров

09.09.2024

Шөмішбай Сариевтің өлеңдері

25.08.2024

Әбу Сәрсенбаев өлеңдері

24.08.2024

Есенғали Раушановтың өлеңдері

22.08.2024

Жәркен Бөдешұлының жырлары

22.08.2024

ОМАРҒАЗЫ АЙТАНҰЛЫНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ

21.08.2024
MalimBlocks
Жыр құлагері – Ілияс Жансүгіров

Ілияс Жансүгіров (1894-1838) – ақын, драмашы, прозашы. Қазақ жазба поэзиясын қалыптастырушылардың бірі. 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Биыл ақынның туғанына 130 жыл толды.

Шөмішбай Сариевтің өлеңдері

Шөмішбай Нағашыбайұлы Сариев 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысында туған. 2021 жылы 15 ақпанда қайтыс болды. Ақын, аудармашы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс», «Парасат» ордендерімен наградатталған. «Тарлан» сыйлығының иегері. Елге танымал көптеген әр сөздерінің авторы.

Әбу Сәрсенбаев өлеңдері

Әбу Сәрсенбаев 1905 жылы 15 қазанда Атырау облысы Құрманғазы ауданы Ботақан ауылында дүниеге келген. 1995 жылы 25 қарашада Алматы қаласында қайтыс болды. Ақын, жазушы, драматург. Қазақстанның Халық жазушысы, «Парасат» орденінің иегері. Ұлы отан соғысының ардагері. Көптеген жыр жинақтарының авторы.

Есенғали Раушановтың өлеңдері

Есенғали Раушанов 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақ АКСР-інде туған. 2021 жылы 16 сәуірде өмірден өтті. Өлеңдері орыс, литва, болгар, чех, украин, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Жәркен Бөдешұлының жырлары

Ақын Жәркен Бөдешұлы 1944 жылы 15 мамырда ҚХР-дың Тарбағатай аймағы Толы ауданындағы Жайыр тауында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Жармұхаммед. 2021 жылдын 22 cәуірінде өмірден озды. «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының, көптеген жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Еліміздегі көптеген баспаларда, Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеді. «Емендер түнде бүрлейді», «Жұлдызға орын ай бермес», «Бұрылыс», «Құбылыс», «Жұлдызтас» секілді ондаған кітаптың авторы.

ОМАРҒАЗЫ АЙТАНҰЛЫНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ

Белгілі ақын Омарғазы Айтанұлы 1931 жылы қараша айының 20 жұлдызында Қытайдың Тарбағатай аймағы Толы ауданы Майлы деген жерінде дүниеге келген. 1997 жылы Үрімжіде қайтыс болды. Ол поэзияға жаңа леп әкелген тұлғаның бірі. Ақынның шығармалары 1960 жылдардың басында «Жұлдыз» журналында жарық көріп, сол кездегі әдеби қауым таңғалысқан деседі. Бұл туралы Мұзафар Әлімбаевтың естелігі бар. Бүгін оқырман назарына 1993 жылы бұрынғы бағытынан да басқа мәнерде жазылған бір топ өлеңін ұсынып отырмыз.