Оралу

Malim Админ

  • 02.06.2021

Джемаль БАННУРА

Палестина жазушысы

Қалың ұйқының арасынан анасының даусын естіді: «Субхи, тұратын уақытың болды!» - сол сәт  көзін ашты да тұрғысы келмей  қайта жұмды. Жұмулы көзімен: «Мені мазалама!» - деп ашуланды да жастыққа етпеттеп жатып алды.

- Субхи, тұр деймін, кешігесің!

- Саған жұмысқа енді бармаймын дедім емес пе?!

Көрпенің жылуымен маужырап, ұйқының арбауынан тұруы қиындай берді.

Екі ай бұрын Субхи мектеп бітірген, содан бері шеберханада қолжұмыс жасап жүр. Таң қылаң бере ұйқыдан оянып, жұмысқа кетеді.

Алғашында үлкен өмірге деген жоспары басқа еді. Жоғарғы оқу орнына түсіп, жақсы бір мекеменің белді қызметкері болуды армандаған. Бірақ өмірдегі кейбір жағдайлар оны еріксіз басқа жолға түсірді. Оқу үшін ақша керек еді, ал ақшаның жоғы бесенеден белгілі жағдай. Әрі әкесінен де көп жылдан бері хабар жоқ. Сондықтан тәтті арманның дәмі ауыздан кетті, өмірді қаз қалпында қабылдау ғана қалды.

Субхи үйдің үлкені, көп балалы отбасындағы оған артылған міндет те сондай үлкен еді. Өзінен екі жас кіші Самиха бүгінде тұрмыс құрған, сол себепті жалғыз сол ғана Субхидің қамқорлығына зәру емес.

Үйдің үлкені, әрі әке орнына әкелік міндетті жүктеген бозбаланың иығына ауыр жүк, бірақ ер азамат ретінде одан бас алып қаша алмайды. Азын-аулық тапқан-таянған еңбек ақысын түгел анасына әкеліп береді. Өзіне бір тиынын да алып қалуды ойлауға ұялатын. Анасы оны күнделікті тірлікке қалғанын кредиторларға санап береді. Ұлының өзіне ештеңе ауыспайтынына анасы қамығатын, бірақ басқа амалы жоқ-ты.

Субхи бала күнінен мейірімді. Момын болып өсті. Әлі де сондай, ешқашан дөрекілік көрсеткен емес, тек кеше оның сабыры сарқылып, ыза кернеді.

Кішкентай бауырларына қамқорлық танытып,  асырап отырғаннан кейін олар бұны асқар тау әкелеріндей жақсы көреді. Ал өз әкелерінің бейнесі саналарында еміс-еміс қана бар. Соңғы рет олар әкелерін соғыс басталардан бірер ай бұрын көрген. Ол кезде бұлар әлі тым кішірек еді. Төр бөлменің қабырғасында құрметпен ілінген әскери киіммен түскен әке суретіне олар тамсана қарасатын. Кішкентай кеуделеріне ерекше мақтаныш сезімі толып, сырттан біреу келе қалса: «Бұл біздің әкеміз!» деп шаттана көрсететін. Бұндай мақтаныш бала жүректерінде көңілі қалап жеткен бір ойыншық сатып алғанда болатын. Бірақ соғыс аяқталысымен қабырғадағы сурет жоғалды. «Әкеміздің суреті қайда кетті?» деп сұраған балаларға анасы қабағын шытып:

- Жоқ! Жоғалды ол сурет!-деп жауап қатқан. Расында оны аналары балалардың қамы үшін сырт көзден алыс бір жерге жасырып қойған.

Бұл үйде енді әке жайлы сөз қозғауға тыйым салынды, бәрі тек іштей ғана ойлайтын. Себебі қорқатын.

- Анашым, мүмкін әкем көшені аралап жүретін әскери машинаның ішінде олармен бірге жүрген шығар?

- Жоқ, ол мүлде олар сияқты емес.

Балалар есейген соң жаудың кім екенін түсінетін болды. Ал әлгі көше аралайтын әскери көлік қарасы көрінген кезде барлығын үрей билейді. Себебі артынша міндетті түрде жарылыс болып, біреуді тұтқындап аласапыран күй орнайтын.

- Әкеміз олармен бірге емес, демек әкеміз оларға қарсы соғысып жүр – дейді тағы бірде балалар.

- Мен не білгенім бар дейсің?- дейді шарасыз аналары.

Әкелерінің қайтпас батыр екендігіне, бір күні үйге ораларына олар риясыз сенді. Балалар үшін әке өлімнің өзіне төтеп бере білетін батыл жүректі адам еді. Әкелері үйге оралады. Сол кезде олар барлығына зор мақтанышпен тірі әкелерін көрсетіп мақтанатын болады. Оған балалар еш шүбә келтірмеді. Иә, бала көңіл тап-таза. «Үмітсіз-шайтан!»-деп бекер айтпаса керек, кім білсін.

Бұл күнде тек Субхи ғана жағдайдың қаншалықты қиын екенін түсінетін. Өзі де бірнеше рет саяси билікке наразылық танытып, еріктілермен бірге алаңға шыққан. Бірақ сол іс-әрекеті үшін мектептен қуылды. Содан кейін қайта кешірім беріліп мектепке қайта алынды.  Енді міне отбасын асырау үшін, әрі қарай күн көру үшін, анасы мен бауырлары үшін барлық қиындыққа төзіп келеді. Өзі қаламаған жұмыста өзі жек көретін адамдармен еркінен тыс жұмыс жасауға мәжбүр. Анасы мен бауырлары үшін Субхи өзгелердің опасыздығы мен қорлауына, намысына кір келтірген іс әрекеттеріне төзіп келеді. Әрине бұлайша қорлауға төзіп жүрген тек Субхи ғана емес, ондай адамдар жетерлік. Барлығы сол қу тіршілік, бала-шағаның қамы үшін намысын жер қылып жүр. Күні кеше Субхидің төзімі таусылды. Бұл азапқа төзіп бір үзім нан тапқанша аштан өлген артық деп шешті ол. Бұл күнде тіпті намыс, ар, ұят, ұлт жайлы сөз қозғаудың өзі қылмыс.

Кейінгі кезде Субхи әкесін іздемекке бекініп жүрді. Сонау қыркүйекте болған қырғыннан соң бұлар әкеден мүлде хабар ала алмады. Ал ауыл арасында түрлі әңгіме желдей есіп тұр. Біреулер өлдіге баласа, енді бірі жауға сатылған деседі, ал енді бірі іс түссіз жоғалған деп тантиды.

          Әке өмірі тұтастай сарыла күтуден жаралғандай еді: әйелі мен балаларын сағынып көруді аңсады, отбасына оралар күнді күтті, барлығының біткенін күтті. Бірақ билік бұған оңайлықпен бақыттың тұтқасын ұстатпады. Әуеліде соғыс аяқталған соң әйел бала-шағасына бұған келіп тұруға рұқсат етті. Тіпті жанына көшіп келсе де ешкім қумайтындай уақыт болды. Бірақ қара шаңырақты,үйренген мекенді тастап кете алмады. Содан кейін арадағы байланыс мүлде үзілді.

          Субхи бір күні бекініп анасына:

- Мен әкемді іздеп шығамын, сендер осында қалыңдар! Бұл жерде маған енді өмір сүру қиын-деді.

- Сенсіз күніміз не болады балам? Әкең кеткені аздай енді сен бізді тастамақсың ба?

- Мұнда бұдан артыққа қала алмаймын, сендерге де енді көк тиын пайдам жоқ. Өзімді қоярға жер таппай жүрмін.

- Сенсіз қалай күн көреміз? Тентіреп кетеміз ғой бәріміз?

- Ақша жағына алаңдама, сендерге өзім қарасып тұрамын.

- Өзің қайда тап болатыныңды қайдан білесің? - деді де анасы еңіреп қоя берді.

Ұлын құшағына қысып, ешқайда жібергісі келмеді.  Басын баласының кеудесіне қойып жатып ауыр күрсінді.

- Енді екеуіңді бірдей жоғалтатын болдым. Мен оған төзе алмаймын, сен бізді тастай алмайсың. Ол мүмкін емес. Олай жасауға дәтің бармайды. Сенен айырылсам мен өлемін. Мына бишаралардың көзін жәудіретіп қалай қиып кетесің?

Субхидің жанарын жас шалды. Көз алдына бауырларының жаутаңдап қараған көздері елестеді. Олар ағаларының мойнына асылды. Кезек-кезек маңдайынан сүйген ағалары түбінде кетуге мәжбүр екенін ойлап жүрегі шаншып кетті.

          Ендігі Субхи қайта ұйықтап кеткен, анасының қыстыға жылаған даусынан оянып кетті. Басын дереу төсектен жұлып алып, жанына жетіп барды:

- Не болды? Неге жылап отырсың?

Анасы қапелімде не деп айтарын білмей қалды. Көз жасына булығып одан сайын өксіп жылай түсті. Осы жолы ұлынан жасыра алмады. Әдетте қою қара түннің құшағында ешкімге көрінбей көз жасын көлдететін. Санасын сан түрлі ойлар шырмап, жаны азапқа салынатын. Өткенді ойға алатын. Күйеуіне қатысты естеліктерді сан рет миында ақтарыстырып отыратын. Тірі ме Ахмад? Тірі болса қайтып келе ме? Сұм тағдыр тағы қандай азап дайындап қойды? Түбі немен аяқталады? Субхидің қалі не болады? Осының барлығын ойлағанда жыламасқа амалы қалмайтын.

Аяқ асты оянып кетіп, өзін осы күйінде көрген ұлына не деп ақталарын білмеді. Біраз отырып барып тіліне:

- Сен үшін алаңдаймын! - деген сөз оралды.

- Маған не үшін алаңдайсың?

- Өзім де білмеймін.

- Егер білмесең алаңдаудың түк қажеті жоқ.

- Күні кеше Махмуд шейхтың ұлы Тарықты тұтқындап әкетті, одан бұрын Ибрагим мен Аминді, ал бір ай бұрын үш бірдей адамды... Әкетіп жатыр... әкетіп жатыр...түпсіз тұңғиық секілді...

- Сен мені де тұтқынға алады деп қорқасың ба?

- Қорықпағанда қайтемін.

- Қайдағыны ойлайсың, мен ештеңе бүлдірген жоқпын ғой.

- Ал аналар шын жазықты ма еді?

- Оны кім білсін. Өз білгендері бар деседі. Ел ішінде құлақтары бар деседі. Аңдамай айтылған бір ауыз сөзің үшін айыптысың. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демей ме. Мен де әр қадамымды аңдап басып жүрмін.

- Сақ бол балам! Қазір дос деп жүрген адамның сатқын болып шығары әбден мүмкін. Күліп тұрып отқа күйдіре салады.

- Бәрібір ештеңеге алаңдама. Әрине олар адамдардың өздері туралы не ойлайтынын, не айтатынын білер. Десе де көрінгенді желкелеп апарып түрмеге қамай бере де алмайды. Әріберіден соң түрмеге адам сыймай кетпей ме.

Көзінен сырғанаған бір тамшы жасты анасының бетінен өз қолымен сүртіп, маңдайынан сүйді. Анасы күлімсіреп баласын қолынан тартты.

- Міне, тұрам, тұрам!

- Шеберханаға барасың ба?

- Жоқ, енді басқа жұмыс іздеймін.

Анасы әзірлеген таңғы асты ішіп асыға үйден шықты.Сол кеткеннен түн қараңғысына дейін оралмады. Екі көзі есікте отырған ана байғұс байыз таппады. Заман қиындағалы ұлы үйден кетсе анасы ол келгенше өзін қоярға жер таппайды. Ойы сан-саққа жүгіріп, өлердей қорқады.

          Әйтеуір Субхи қайтты. Бірақ келе сала анасының қолын сүйіп кешірім сұрай жөнелді. Оның себебі күні бойы табанын тоздырып құр босқа көше кезіпті. Жаңа жұмысқа тұруға іштей дайын емес еді. Миын біраз тынықтырғысы келіп солай жасапты. Анасы тағы біраз шыдай тұруға мәжбүр. Шыдамағанда не істер. Бір жағынан бұл әйелдің өмірі тек күту, әлденеге көну мен шыдаудан ғана құралғандай. Ахмадпен шаңырақ көтерген соң олар бірден екіге айырылды. Ол жұмыс бабымен ылғи түзде жүретін. Үйге тек үш-төрт айда бір келеді. Кейде ол да ұзап кетеді. Екеуінің отбасылық өмірлерінің бақытты сәттері Ахмад үйге оралғанда бірге өткізген түндер. Сол түндердің жемісі олардың балалары. Соғыстан кейінгі соңғы көрісу Амманда болды. Одан кейін арадағы хабар да, байланыс та үзілді.

          Бір күні аяқ астынан тағдыр оған күтпеген кездесу жасады. Әдеттегідей балалар ұйықтап қалған соң күн шығыс жаққа қараған терезеге  телміріп біреуді күтетін. Себебі оның Ахмады сол жақта, сол жақтан келеді бір күні, тірі болса...Ол әлбетте тірі! Басқаша болуы мүмкін бе? Екеуінің ерлі-зайыпты өмірлері әлі алда емес пе? Тағдыр соншалық қатігез емес, күйеуін тартып ала алмайды. Ел ішіндегі сыбысқа сенсе сол жақтан қайыршы іспетті белгісіз біреулер келіп, кез-келген есікті қағып қайыр сұрап жүреді-мыс. Тіпті бір осы секілді күйеуі іс түссіз жоғалған әйел жүкті болып қалды. Билік бірден күйеуін іздей бастады. Әйелді тергеуге алды. Бірақ ол баланы өзге еркектен көтергенін, зина жасап күнәһар болғанын айтыпты. Әрине оның сөзіне биліктегілер сене қойған жоқ. Әйелдің ізін аңдып ақыры күйеуін ұстаған еді.

          «Ахмад та бір күні оралар» деп ойлайтын. Артынша тағы қорқатын, келемін деп басына пәле жабысып жүрмесе игі деп алаңдайтын. Десе де күйеуін бір көруге зар еді.  Осылай үмітпен қаншама таңды көзімен атырып, қанша түнді жылаумен өткізіп келеді. Ұзақ  түнді ұйқысыз өткізген оның көзі еріксіз ілініп кететін. Терезенің жақтауына сүйенген күйі басы салбырап ұйықтап қалатын.

          Сол түні бойы тоңазып оянды. Терезелерді жауып, есікті тексермек болған. Ұйқыдағы балаларын бір көріп, жамылғыларын түзеп сағыныш терзесіне қарай жақындады. Сол-ақ екен сырттан біреудің аяқ дыбысын естіді. Қараңғы түнде өз үйіне қарай жақындап келе жатқан ер адамның сұлбасын көрді. Осынша уақыт бойы күйеуін бір күні келер деп күткен ол дәл бүгін әлгі еркектің Ахмад болуы мүмкін екенін ойлаған да жоқ. Келуі екі талай еді ғой. Бірден бойын қорқыныш,  үрей билеп Субхиді оятуды ойлады. Бірақ тұрған орнында қақшиып қатты да қалды. Еркек үйге қарай жақындай түсті. Оның аяқ алысынан бағытының анық осы үйге жоспарлы түрде келе жатқанын бағамдады. Оның бойы-басы тура Ахмад сияқты еді. Үстінде күздік пальто, басында бетін тұмшалай ораған ұлттық нақыштағы байлауыш орамал. Өзін байқап қоймау үшін терезеден алшақ тұрды. Бойын ерекше қорқыныш биледі. Сол уақыт есік қағылды. Жүрегі тоқтап қала жаздады. Бірдеңе жасауы керек еді. Есік қайта қағылды. Бұл жолы қаттырақ. «Субхиді оятайын» деп тағы ойлады. «Еркек қой, бір амалын табар». Аяғының ұшымен ғана басып есікке таяу барды. Қарлыға шыққан дауыстың өз есімін атағанын естіді. Дауыс өте шаршаңқы көрінді және өзіне өте таныс. Есінен тана жаздап әрең тіл қатты:

- Бұл кім?

- Аш, мен Ахмадпын.

Енді рас есінен тана жаздады. Қолы қалтырап құлыптаулы есікті ашты. Не істерін білмей босағада тұрған күйеуіне мелшиіп қарап қалды. Ахмад ол уақытта басына байлаған орамалды шешіп жатты. Иегіне ұстара тимегелі көп болғанын қалың сақалы айтып тұр. Бірер сәттен соң өз-өзіне ерік беріп күйеуінің құшағына құлай кетті. Сағынысқан, зарығысқан екеуі бірінен бірі ажырар емес. Күйеуінің  демі мен бетіне тиген кеберсіген ерні оттай ыстық көрінді. Құшағына тығылған күйі солқылдап жылады. Бір уақытта барып есін жинап жанарын күйеуіне қаратып ылғи түсінде қауышқан сәтте қоятын сұрағын өңінде қайталады:

- Рас сен бе? Сене алар емеспін.

- Көріп тұрғаныңдай-дейді күйеуі жылы жымиып.

- Сені енді ешқашан көрмеспін деп...Келдің-ау әйтеуір...

- Сенен балаларымнан жырақта өткен өмір тозақпен тең білсең ғой...

- Әбден шаршаған шығарсың, қарның да аш...

Ахмад есікті жауып:  

- Сені қатты шошытып алдым ба?-деді.

- Зәрем зәр түбіне кетті, бірақ қазір бәрі жақсы алаңдама. Келгенің үшін бақыттымын.Сені күтуге шамам жетпес деп ойладым.

- Балалар қайда? Өздерін бір көрейінші?

- Ұйықтап жатыр - деді де Ахмадтың үстіндегі пальтосын шешті. Ұзақ жолдан әбден шаршаған күйеуінің аяқ киімін шешуге ұмытылып еді:

- Қоя тұршы, әуелі балаларды көрейін деді Ахмад. Жатын бөлмеге кіріп ұйқыдағы балаларына тамсана ұзақ қарады.

- Өздері өсіп кетіпті - деді бақытты дауыспен.

Балаларын иіскеп, мауқын бір басқандай еді, назары енді Субхиге ауды.

- Қарашы, өзі нағыз еркек болыпты! – деді тағы риза қалпы.

- Иә, үйіміздің асыраушысы, қорғаушысы өзі ғой бүгінде.

Балаларды оятып алмас үшін бөлмеден аяғының ұшымен басып шығып кетті.  Орындыққа отырып тізе бүкті. Бұл кезде күйеуіне су әкеліп үлгерген әйелдің жүзін жас жуып тұр екен. Еріксіз ағылған көздің жасы бақыттың көз жасы ма, жоқ қасіреттің көз жасы ма екеуі де білмеді. Ахмад жан дүниесіндегі алай-дүлейді көрсеткісі келмеді.

- Саған тіске басар әзірлейін..

Бойын уақытша қуаныш билеп тұрғандай сезімде еді. Жүрегіндегі бақытын дәл қазіргі сәтін жоғалтқысы келмей, ол Ахмадтың қазір кетіп қалуы мүмкін екенін, енді кетсе ешқашан оралмасын ойына алғысы да келмеді. Енді қанша уақыты қалғанын, қашан кететінін де сұрамады. Құдды сұраса сол сәтте жоғалып кететіндей көрінді оған.

Ахмад та шарасыздықтан жарылардай еді. Әйеліне қазір ғана келіп, енді кетуі керек екенін айтуға дәті жетпеді. Бірақ басқа амалы да жоқ еді. Өзі әйелі мен балаларын бір көргеніне де риза еді. Қазір кетуі керек кейін мәңгіге оралу үшін, өзін осылайша алдарқатты, жұбатты.

          Ахмадқа осы күнге дейін ішіне толған сұрақтарын қойып үлгермеді, мүлгіген тыныштықты сырттағы алапат жарылыс бұзды. Одан соң кезек-кезек атылған пулемет даусы жаңғырды. Бұның Ахмадқа да бір ұшы қатысты екенін жүрегі сезді. Қатты қорыққанынан күйеуіне тіл қатпастан құшағына кіре берді. Ахмадтың өңі қашты. Жағдай ушығып бара жатыр.

- Бұл не? - деді әйелі

- Білмеймін – дей салды ол.

Серіктері оққа ұшып жатқанда үйде тығылып қала алмайды. Дереу кетуі керек. Әрі үйге де қауіп төнуі мүмкін.

- Менің кетуім керек

- Не? Не айтып тұрсың?

- Жолдастарым қиын жағдайда, оларға баруым керек.

Бақыт сыйлаған бірер сәттің тәмам болғаны өкінішті еді. Бірақ басқа амал жоқ. Әйелінің құшағынан ақырын босап, қажетті киім кешегін алды да кетуге ұмтылды. Зар еңіреген әйелінің даусы жүрегін тілгілеп барады.

          Құс секілді аяқ астынан ұшып келді де міне қайта ғайып болды. Неліктен олай болғанын түсінген де жоқ.  Бәлкім мұның бәрі жалған, құр түсі шығар. Енді өңі ме түсі, рас Ахмад келді ме жоқ солай көрінді ме айыра алмады. Оның келгенінен еш белгі жоқ. Тағы да жылады, тағы да сағынды, тағы да күтті. Күте берді. Таң атқанша көз ілмей күтті. Бірақ ол қайта оралмады.

          Күн ұясынан шығысымен көшеде қайта азан-қазан басталды. Соғыс көліктері гүрілдеп ары-бері ағылып жатыр. Соңында тағы жүк көліктер де бар. Шекені шымырлатқат қатты дауыс естілді. Ол барлық ер адамдарды сағат алтылар шамасында мектеп алаңына жиналуларын бұйырды. Әскер адамдары үй-үйді тінтіп, көзге ілігер күдікті нәрсе іздеп жүрді. Ер адамдарды сыртқа шығарып, тізерлеп отырғызды. Субхи де шықты.

          Түс ауа алаңға бір көлік келді. Оның ішінен шыққан нәрсеге жиналған ер адамдар еріксіз көз тастады. Бұл белгісіз бір еркектің өлі денесі еді. Жиылған халықтан бұл адамның кім екендігін анықтау тапсырылды. Ер адамдар бір-бірлеп мүрденің жанына жақындап, танымаған қалпы бас шайқасып қайтып жатты. Кезек Субхиге келгенде ол да басқалар секілді өлген кісіге жақындап анықтап көз жіберді. Оның қанға боялған пальтосы мен қалың сақалын көріп жүрегі шым ете қалды. Өліктен көзін ала алмай тұрып қалды. Өзінің өңі қашып бара жатқанын сезген ол кенет іштей жиналып, басқалар секілді бас шайқады. Соңында тұрған солдат оны арқасынан нұқып қалып:

- Оны танисың ба?-деді ақырып.

Субхи қайта бас шайқады.

Жанына офицер жақындап тағы сол сұрақты қайталады.

- Жоқ - деді Субхи.

Оны көлікке отырғызуға бұйрық беріліп, әскерилер Субхиді өзімен бірге алып кетті.

Ауыл адамдарына өлген кісіні жерлеу табысталды. Оны ақтық сапарға шығарып салуға барлығы жиналды. Олардың ішінде Субхидің анасы да болды. Ізінде жүрген кішкентай балалар ештеңе сезбеді. Олар сол әдеттегідей әкелерінің қайтып оралатынына сенді. Бірақ аналары күндегі әдетінше терезеге телміруді қойды. Жүзінде ешқандай үміт жоқ.

Кішкентай балалар әдетте кеш батса да Субхидің келгенін күтіп ұйықтамай отыратын. Субхи оларға қызықты оқиғалар баяндап беретін. Ал енді ол жоқ. Оны белгісіз бір жерге алып кеткелі бері олар анасының тізесінде жатып көздері ілініп кетеді.

Аударған: Айгерім ҚИЫҚБАЙ

MalimBlocks
Санда бар, санатта жоқ сала

Аудармашыларды аттестациядан өткізу, оларға біліктілігіне қарай тиісті құжат беру – әлі күнге дейін ешкімнің қаперіне кірмеген, қолға алынбаған шара