Қазақстандық теннисші "Ролан Гаррос" турнирінің финалына шықты

Қазақстандық теннисші Анна Данилина жұптық разрядтағы "Ролан Гаррос" турнирінің финалына жолдама алды. Жартылай финалда ол сербиялық серіктесі Александра Круничпен бірге Эри Хозуми/Ульрике Эйкери дуэтін 6:7, 6:3, 7:5 есебімен жеңді, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл — Данилинаның Үлкен дулыға турнирлеріндегі үшінші финалы. Ол 2022 жылы Australian Open жарысында (Беатрис Хаддад Майямен бірге) финал ойнап, 2023 жылы US Open турнирінде аралас жұптық сында Харри Хелиоваарамен бірге чемпион атанған.
Финалға шығу нәтижесінде Данилина мен Крунич командасы 295 мың еуро жүлде қорын иеленді.
Сонымен қатар Анна WTA рейтингінде жаңа жеке рекорд орнатып, жұптық сында әлемнің 7-ракеткасы атанды. Дегенмен бұл көрсеткіш көпке созылмауы мүмкін — екінші жартылай финал нәтижесіне байланысты ол сәл төмен түсуі ықтимал.
Финалдағы қарсыластары әзірге белгісіз. Екінші жартылай финалда Мирра Андреева/Диана Шнайдер және Сара Эррани/Жасмин Паолини жұптары кездеседі.
Фото: ҰОК

Ең көп оқылған
