Қойшыбек МҮБАРАК. Сәулетші
– Ағатай, мына орында отырған апа түсіп қалды ма? – деп едім, ожырая қараған ол: – Бауырым, есің дұрыс па? Қандай кемпір? Осында сөмкеңді әкеліп қойып, өз-өзіңмен күбірлеп арт жаққа кетіп қалдың...
Арнаулы сәулет-құрылыс мамандығын тауысқан соң, Көкшатыр қаласындағы «Сәулет-құрылыс» мекемесінде бас маман болып істегеніме бес-алты жылдай болып қалған. Асып-тасып кетпесем де, айтулы мамандардың бірімін. Анда-санда ұзақ демалыстардың бірінде алыстағы ауылыма барғаным болмаса, бұл қаладан ұзап шығып көрмегенмін. «Салт бас, сабау қамшы» осы кезде сыртты көріп, болмаса көрші қалаға барып саяхаттап қайтсаңшы деп ақыл айтатын жұмыстастарымнан күліп қана құтылатынмын. Өзіме де белгісіз үйкүшіктігім бар-ды.
Кезекті еңбек демалысымда ауылға баруға құлқым болмай, қарабайыр құжырамда апта бойы жаттым да, жұмысқа келдім. Мені көрген бастығым жерден жеті қоян тапқандай қуанды.
– Пәлі! Сені қайдан табам деп қиналып отыр едім. Байланыс нөміріңнің барлығын өшіріп тастапсың. Ауылына кетіп қалған шығар, бүгін-ертең адам жіберем бе деп те отырғам. Құдай айдап өзің келдің, міне... – деп мені бас салып қапсыра құшақтады.
– Ал, не болды, басеке?
– Не болғанда сол! Сен үлкен бастық боласың
– Қойыңыз!
– Өлдә-білдә! Саған өтірік айтып не істеймін...
– Мен бастық болсам, сіз не істейсіз? – деп қалжыңдаған болып жатырмын қол астындағылардың барлығымен емен-жарқын қалжыңдасып жүретін бастығымның сөзіне онша сене қоймай.
– Бала, мен өз орнымдамын...
– Онда қайда бастық болам?
– Сен тыңда! Анау-мынау емес, Бесқарағай қаласының сәулет-құрылыс мекемесінің білдей директоры! Әуелі, дәрежең менен жоғары...
– Не, Бесқарағай бастықсыз қалып па?
– Жоқ, бастығы бар...
– Онда?
– Оның жұмысына жоғарғы жақтың көңілі толмай отыр.
– Неге?
– Жұман екеуміз бір курста оқығанбыз. Студент кезінде-ақ жеңілдің асты, ауырдың үстімен күн кешетін пәтшағар еді. Бір орында отырғанына он жыл болды. Қалада еш өзгеріс жоқ, қаусап тұр. Алдыңғы айда орталықтағы жиналысқа сенің «Қала құрылысын жаңартудың жолдары» деген жұмыс жоспарыңды апарғанмын. Осы қаланы ары қарай көркейтсек деп...
– Оның шикі жерлері көп әлі...
– Пысырасың!
– Бола алмаймын.
– Неге?
– Әуелден, бастық болу оңай емес. Сосын, бейтаныс жер. Оның үстіне алдыңғы айда ғана осында келіп кеткен білдей бастығы бар.
– Жоғарғы жақтың шешімі – шешім. Айда ертең! Бүгін автобустың билетін алдырып қоямын. Әкімдікпен сөйлестім. Жатын орныңнан бастап, бәрін даярлап қойды. Автобустан түсісімен телефон соқсаң, өздері ары қарай алып кетіп жайғастырады.
***
Бастығымнан тартып, қызметтес қалың қыз-қатындармен қиыса алмай, айнала құшақтасып-қоштасып, буыншақ-түйіншектерімді автобустың жүксалғышына тиеп болып, енді жеңіл сөмкелерімді алып ішке кіре бергенімде, арт жағымда тұрған әжейдің:
– Мына жазғандардың бірі көмектесіп жүгімді көтерісіп жібермей ме екен-ей, тәйірі... – деген кейісті үнін естіп еріксіз артқа бұрылдым. Жаңа мен таксиден түсіп жатқанда әжей осында тұрған-ды. Әлі орнынан қозғалмаған екен.
– Апатай! Айып етпеңіз, аңғармай қалыппын... Мен сөйлей жүріп зіл батпан сөмкесінің қайыс бауынан зорға көтеріп көлікке тиедім. Қолындағы билетіне бір қараған апам:
– Осылардың не албастысы бар?! Өлмелі кемпірді автобустың ең артына отырғызып, өлік тасиын деп жүр ме?! – деп тағы гөй-гөйлей жөнелді. Менің орным кіреберісте, жүргізушінің артында-тын. Ойыма еш нәрсе алмастан:
– Сіз менің орныма отыра беріңіз. Жол алыс, шынымен артқы жағынан қиналып қаларсыз, – деп, қолымдағы билетімді ауыстырдым да, сөмкесін жанына қойдым. Автобустың соңына қарай жүре бергенімде:
– Ой, айналайын! Тәңір жарылқасын сені... Бүгінгі азған заманда да сендей адамдар бар екеніне тәуба! Алдың ашық болсын! Жаратушының мейірі түссін! Мә, мына тұмарды саған берейін, – деп, оюлы камзолының өңірінен ботаның көзіндей ғана көзтұмарды алып шықты.
– Апатай, рақмет. Менікі үлкенге деген құрметім ғана... оған бола мұндай сыйлық ала алмаймын, – деп азарда-безер болып едім, кемпір енді түсін суытып:
– Тәйт ары! Бұны сыйлық деп кім айтты саған? Бабаң Қосшығұлдан атаң Айымбетке, одан саған қалған мұра. Есің ауып жүріп Қосөзектегі үңгірге қалдырып кеткенсің, – деп зірк ете қалғаны. Ұлы атам Айымбет бақсыны, арғы бабам Қосшығұл әулиені айтқанда, балалық шағым өткен Қосөзекті, сондағы су бойында жүріп жаңбыр жауғанда барып паналайтын үңгірді айтқанына өзім аң-таң болдым. Ауылдан кеткеніме көп болған-ды. Таныс туыс-тумалардың бірі болып, тани алмай ұятқа қалдым-ау дегенді ойлағанда шекемнен суық тер бұрқ ете қалды. Кемпір мұны бірден сезсе керек, тұмарды мойныма тағып жатып:
– Қысылма, балам. Мені танымайсың... Мені танитын соңғы адам жарықтық Айымбет бақсы еді. Әкең Басқар да мені танымайды, – деді де, орнына гүрс етіп отыра кетті.
Мен еш нәрсенің байыбына бара алмай мойнымдағы тұмарды алақаныма қысып, арт жаққа қарай жылжыдым. Тұмарды алақаныма салып қанша қарасам да, өзімде мұндай тұмар болғанын есіме түсіре алмай-ақ қойдым.
Әжейден ауыстырған билеттегі орынға барып жайғасып, сайын даланы кесіп жатқан асфальттің екі жағына кезек қарап отырып қалғып кетіппін.
– Кешіріңіз, сіз менің орнымда отырсыз, – деп иығымнан түртіп оятқан қызға абдырай қарап:
– Бесқарағайға жетіп қойдық па? – дей беріппін.
– Жоқ, әлі жол ортаға жеткен жоқсыздар. Біз Тастыдан мініп жатырмыз. Мынау менің орным, – деп, аққұба әдемі қыз сәл кейістікпен менің орнымнан тұруымды тағатсыздана күтіп тұр.
– Менің орным, әсілі, алдында еді. Мана әжеймен ауысқанмын. Менде де осы орын жазылған билет бар, қарындас! – деп орнымнан тұрғым келмеді. Көзінің қиығымен жақтырмай қараған қыз теріс бұрылды да, жүргізушіге барып менің үстімнен шағымданып жатты. Алпамсадай қара қожбан жүргізуші қорбаңдай басып менің жаныма келіп:
– Ей, жарымес! Сенің сөмкеңе бір орын, өзіңе бір орын керек пе?! Айда тұр, өз орныңа бар! – деп иығымнан бүре ұстады да, лақша сүйреп манағы кемпір отырған орынға әкеліп дік еткізіп тастай салды да, ары қарай өз орнына кетті. Манағы зіл батпан сөмкені әзер жерге түсіріп, амалсыз отырып жатып терезе жақта отырған кісіден:
– Ағатай, мына орында отырған апа түсіп қалды ма? – деп едім, ожырая қараған ол:
– Бауырым, есің дұрыс па? Қандай кемпір? Осында сөмкеңді әкеліп қойып, өз-өзіңмен күбірлеп арт жаққа кетіп қалдың...
– Бұл менің сөмкем емес... апаныкі!
– Кімдікі екенінде менің не шаруам бар? Осында сен әкеліп қойғансың, – деді де, басын ары бұрып, терезеден сыртқа қарады да отырды. Жанымдағы жолаушыдан қайыр болмағасын арт жақта отырған әйелден:
– Апай, мұнда отырған апаны көрмедіңіз бе? – деп ем, көзі бағжаң ете түсіп:
– Жоқ! Жоқ! Бұнда ешкім болған жоқ. Тек өзіңнің сөмкең ғана тұрды, – деп быжалақ қақты.
Ары қарай басқалардан сұрағанға бата алмадым. Кемпірдің түрін есіме түсіргім келіп қанша әлектенсем де, ойыма түсер емес. Тек оюлы жасыл камзолы ғана көз алдымда. Түс ауа жолға шыққан автобус сары далада қараңғылық құшағына жүйткіген қалпы еніп бара жатты. Өз ойыммен әлек болып отырып тағы көзім ілініп кетіпті.
– Жеттік, інім, Бесқарағайға! Мен шығып кетейін... Сен мұнда жар төсегіңде жатқандай ұйықтай беретін секілдісің.
Жанымдағы кісі мені оятып сыртқа шықты. Таң атып, күн арқан бойы көтеріліп кеткен екен. Автобуста жалғыз мен қалыппын. Орнымнан тұрып өз сөмкелерімді алып, әжейдің сөмкесін не істеймін деп тұрғанда жүргізуші келіп:
– Жарқыным, не істеп тұрсың? Жүксалғыштағы буыншақтарыңды түсіріп қойдым. Түссеңші енді... – деп әжейдің сөмкесін көтерді де, сырттағы менің жүктерімнің жанына әкеліп қойды.
– Мына сөмке... – дей беріп едім,
– Інім, басты қатырма! Бұл сөмкені автобусқа сен алып шыққансың. Ешқандай кемпірдікі емес! – деді де, автобустың есігін жауып, ары қарай кетіп қалды.
Не істерімді білмей аңтарылып тұрғанда анадайда тұрған екі жас жігіт жаныма келіп:
– Есет Басқарұлы боларсыз? – деді.
– Иә, менмін!
– Қош келдіңіз!
– Рақмет.
– Сізді арнайы күтіп алуға келіп тұрмыз, бас-еке! Жолдан арып, шаршамадыңыз ба? Ат-көлік аман-есен жеттіңіз бе? – деп жасы үлкендеуі құтқуырлап амандық сұрай жөнелді.
– Амандық... – дедім мен қысқа ғана.
– Мен – бірінші орынбасар Мәкен Жақсыбайұлы, ал мына жігіт бөлім бастығы – Дастан... Бірден мекемеге барайық, сосын, бұрынғы бастығымыздың айтуы бойынша сізді орналастырармыз, – деп, дайын тұрған көліктерінің артына менің жүктерімді сала бастады. Екеуі ыңқылдап әзер көтеріп, кемпірдің көк сөмкесін де салды. Оларға сөмке туралы еш нәрсе айтпадым.
Мекеме автобекеттен қашық емес екен. Әп-сәтте жетіп алдық. Бір қаланың барлық сәулет-құрылысын реттейтін мекеме деуге келмейтіндей мыжырайған ескі үшқабатты ғимараттың алдына жете, көлікті іштен шұрқырай шыққан қалың адам қаумалап алды. Айтарға болмаса, абдырап қалдым. Тұтқаға қол соза бергенім сол еді, сырттан әлдекім менен бұрын есікті ашып, тағы біреулері жерге қызыл кілем жайып қолтығымнан ала жөнелді.
– Құдай-ау! Уыздай жас бала ғой мынау!
– Тиыш! Жас болса да, бас болып келіп отыр.
– Дәу де болса бір дөкейдің баласы, болмаса жамағайыны шығар.
– Нең бар дедім ғой...
– Жай айтқаным да! Неге сонша тарылдың? Жүкеңнен не жамандық көріп ең сонша?
– Жұманнан жамандық та, жақсылық та көрмедім.
– Онда?
– Тозған қаланы реттейтін осындай бір адам керек.
– Мынау ма?
– Иә, жасаған жұмысын көрдің бе?
– Жоқ!
– Көкшатырдың құрылыс мекемесінің бастығы Жұманның бірге оқыған курстасы. Осындай жас мамандардың арқасында ең сәулетті қала жасап шықты. Сенің Жұманың қырық жылдың алдындағы ескі ғимаратта әлі отыр.
– Көреміз!
– Көресің, әрине!
– Жүкең де оңай шағылатын жаңғақ емес.
– Жоғарыдан келген бұйрыққа Жұманның амалы жоқ.
– Әңгіме бұйрықта емес.
– Сонда не айтпақшысың?
– Жүкеңнің де бір амалы бар шығар.
– Не, сенімен ақылдасып па еді?
– Жоқ, бағана Көкшатырдағы курстасымен телефонда айқайласып жатты.
– Айқайласа берсін...
– «Сенің боқмұрының екі күнге қалмай қайта қашады, қашпаса әкемнен тумай кетейін» деп қасам ішіп жатты.
– Жылы креслосын қимай отыр ғой, кеще.
– Өзіме жамандығы жоқ болғасын... Дәм-тұздас болдық, жақтағаным ғой.
– Иә, сендейлерді білемін ғой. Ертең осы баланың-ақ тілеушісі болып артынан жүгіресің.
– Өмір сүру керек. Бала-шаға бағу...
– Жұман бағып беріп жүр еді...
– Сонда да, енді...
– Ана майбасың заттарын алып кетті ме?
– Жоқ. Қарсыдағы кабинетке қойып кетті.
– Неге?
– Екі күннен соң орныма қайта отырам деп сеніп отыр.
– Не істемек ойы бар?
– Білмеймін.
– Арамдық жасамасын.
– Олай ете қоймас.
– ...
Артымдағы күбірлеп ұрсысып келе жатқан екеуге бұрылып қарайын дедім де, бірақ ыңғайсыздандым. Үшінші қабатқа көтеріліп, түкпірдегі үлкен жарма есікке жеткенше сөздері таусылмады.
Қиюы қашқан қоңыр есік қақырай ашылғанда атшаптырым аумақты алып жатқан кең залдың төрінде абажадай үлкен үстел көрінді. Үстелдің арғы бетінде теріс қарап тұрған арқалығы биік кресло мен есіктен кіре шиқылдай бұрылды да, көзіне жарықтан қорғайтын қоңырқай көзілдірік киген қарны қабақтай шикіл сары нарау орнынан тұрды.
Манадан артымнан шұбап келе жатқандар кең залдың бір бұрышында қалды.
– Сәлеметсіз! – деп жанына келгенде барып бұның өткен айда Көкшатырға келіп кеткен осы мекеменің бастығы Жұман екенін әзер таныдым. Бетінің алжа-алжасы шығып тозып кетіпті.
– Қош келдің, жас пері! – Даусы жарықшақтанып әлде неден үрейленгендей дірілдеп тұр.
– Қош көрдік!
– Сені асыға күтіп отыр ем.
– Рақмет, аға!
– Іске сәт! Тозығы жетіп тұрған мына дүниені өзіңе тапсырам енді... Жоғарыдағылардың сенімін ақтарсың...
– Сіздердің көмектеріңізбен! – Өзімше ілтипат танытып жатырмын.
– Е, бала, біздің көмекке зәру бола қоймассың.
– Мен өзім сұранған жоқпын мұнда... – Жасы үлкен адамның алдында өзімше қысылып ақтала бастадым.
– Білем. Орның, міне! Қызметкерлерің әне! – деп іштегілерге нарау көз салды да, әйнегі сынып, сыртын шаң басқан терезеден сыртқа көз салып:
– Сенің гүлдей жайнататын қалаң – мынау, – деп қолын сыртқа қарай сермеді. Сосын, үстелдің шетінде тұрған ағаш орындыққа отырып жатып: – Осындағы жағдайыңның барлығын қарастырып қойдық. Қала әкімі орталыққа жиналысқа кеткен. Арнайы тағайындауы екі күннен соң болады. Әзірге тек өзіңе арналған сәулетті сарай дайын. Жігіттер апарып тастайды, әкім келгесін бірден іске кірісесің, – деп өп-өтірік кеңкілдеп күлді де, үстел үстінде жатқан қағазды маған қарай ысырды.
– Рақмет, – деп қағазды қолыма алып барып қайта қайтардым.
– Мен салт басты адаммын. Мынадай даңғарадай үйдің керегі жоқ. Бір бөлмелі жатақхана болса да жетеді.
– Мына қаусаған қаланы қайта жасап шығуың үшін алдымен өзің дұрыс жерде тұруың керек.
– Сонда да маған қолайсыз...
– Айттым, болды. Бұл осыдан он жыл бұрын салынған. Қаламыздың ең атақты көпесінің үйі. Біраз уақыттан бері иен тұр. Қала сырты болғанмен, астыңда мекеменің көлігі бар, сонда тұрасың! – Жұман бірден шегеледі.
– Жүке, сіз айтып отырған үй... – деп манағы менің соңымда сөйлеп келе жатқан адам алға ұмсынып еді,
– Бәкей! Қыстырылма! Нең бар?! – деп зекіп тастады. (Жалғасы бар)