Шаршы алаңда ел намысын қорғаған қаһармандар

  • 01.10.2021

Қарулы күш десе, әскери киім киген, қару асынған, шыныққан шымыр  сарбаздар көз алдымызға келе қалады. Олардың міндеті Отанды қорғау, шекараны күзету, ел тыныштығын сақтау деп білеміз. Дегенмен, осындай зор жауапкершілік арқалаған әскерилер ел намысы мен абыройын спорттық шаршы алаңдарда да қорғап жүргенін ескере бермейміз.

Мәселен, өткен аптада Ресейдің Мәскеу қаласында бокстан Әскерилер арасында әлем чемпионаты өтті. Бұл додада еліміздің Қарулы күштерінің құрамасы 3 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль жеңіп алып, командалық есепте екінші орынға ие болды. Нақтырақ айтсақ, бұл сында Теміртас Жүсіпов (49 келі), Тимур Нұрсейтов (75келі), Абзал Құттыбеков (91 келі) сынды Қарулы күштер саласында қызмет істеп жүрген отандастарымыз шаршы алаңда қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақса, Дамир Әбдіқадыр (52 келі) елімізге күміс медальмен оралды. Ал, Рүстем Шауменов (56 келі), Айтжан Әшірхан (64 келі) және қыздар арасында ел намысын қорғаған Жасмин Қизатова (69 келі) әлем чемпионатының қола жүлдегерлері атанды. Бұл Қазақстан қарулы күштері құрамасының әлем чемпионаты тарихындағы екінші ірі жетістігі. Осыдан жеті жыл бұрын әлемнің ең мықты деген әскери қызметкерлері Алматыда бас қосып, 10 салмақ дәрежесі бойынша үздіктерді анықтаған. Сол сында біздің жігіттер жеті салмақта топ жарып, Қазақстан қарулы күштерінің қайраты қаншалықты екенін бүкіл әлемге паш етті.

Біз көп жағдайда спортшыларымыздың Олимпиада, әлем немесе Азия чемпионаттарындағы жеңіп алған жүлделерін санамалап жатамыз. Тіпті кейбір жанкүйерлер Қарулы күштер арасында өтетін Ойындардан немесе әлемдік жарыстардың өтетіндігінен де бейхабар екені жасырын емес. Біле білсек, Отан алдындағы борышын өтеп, еліміздің тыныштығын күзететін Қарулы күштердің спорттағы жетістіктері – мемлекетіміздің мықтылығын, әскери саладағы қызметкерлердің қуаттылығын айқындап, еліміздің беделін арттырады. Осы орайда Қазақстан қарулы күштері қызметкерлерінің әлем чемпионатында жеткен жетістіктерін атап өтсек, артық болмас.

Ермахан – тұғыш әлем чемпионы!

1992 жылы 7 мамырда Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Осыдан кейін еліміздің қорғаныс саласындағы қызметкерлер ірі спорттық жарыстарға шығып, ел намысы үшін сынға түсе бастады. Мәселен, 1995 жылы бокстан Әскерилер арасындағы әлем чемпионаты Италияның Рим қаласында өтті. Оған елімізден даңқты боксшысы Ермахан Ибрайымовтың барғанын біреу білсе, біреу білмес. 1995-1997 жылдар аралығында Отан алдындағы борышын өтеген Ермахан Ибрайымов бірден Әскерилердің Орталық Спорт клубына (ЦСКА) қабылданды. Сөйтіп, 1995 жылы Римде ұйымдастырылған Әскерилер арасындағы әлем чемпионатына қатысты. Алғашқы жекпе-жегінде Финляндия боксшысын жеңген ол одан кейін Ресей, Германия, Корея сияқты елдердің былғары қолғап шеберлерін бет қаратпай ұтып, финалда Украина боксшысы Олег Кудиновтен басым түсті. Осылайша, Ермахан Қазақстан бойынша бокстан Әскерилер арасындағы әлем чемпионатының тұңғыш жеңімпазы деген атаққа қол жеткізді.

1996 жылы Ермахан  Әскерилердің Орталық Спорт клубында жүріп Аталанта олимпиадасында қола жүлдеге ие болды. 2000 жылы Сиднейде (Австралия)  Олимпиада чемпионы атанды. Қарулы күштердің әскери қызметкері ретінде талай сында олжа салған даңқты боксшы бүгінде полковник шеніне дейін көтерілді.

Сәпиевтің сыналған сәті

Лондон олимпиадасының чемпионы, даңқты боксшы Серік Сәпиев спорттағы ең алғашқы ірі жеңісіне Әскерилер арасындағы әлем чемпионатында қол жеткізді. Нақтырақ айтсақ, қарағандылық былғары қолғап шебері АҚШ-та өткен әлем чемпионатында Италия, Өзбекстан, Германия елінің боксшыларын жеңіп, 60 келі салмақтың үздігі атанды.

Жеті сарбаздың жеңісі

2014 жылы Алматы қаласы Әскерилер арасындағы әлем чемпионатын қабылдады. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған дүниежүзілік дода Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовке арналды. Айтулы жарысқа 22 елден 150-ден астам боксшы келді. Қазақстан дәл осы әлем чемпионатында бұрын соңды болмаған жетістікке жетті. Шаршы алаңда шиыршық атқан спортшыларымыз он салмақтың жетеуінде топ жарып, командалық есепте бірінші орынға көтерілді. Еліміздің әнұранын асқақтатып, көк туымызды желбіреткендердің қатарында Олжас Байниязов (49 келі, алтын), Олжас Сәттібаев (52 келі, алтын), Қайрат Ералиев (56 келі, алтын), Бекман Сойлыбаев (60 келі, алтын), Бобыржан Момынов (75 келі, алтын), Асқар Абдуллаев (91 келі, алтын), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі, алтын), Арман Рысбек (81 келі, күміс), Елдос Сарқұлов (64 келі, қола), Сағадат Рахманқұлов (69 келі, қола) сынды сарбаздарымыз болды.  

Ағайынды Жүсіповтер

Қазақстанның қарулы күштерінің қызметкерлері алғаш рет әлем чемпионатына 1995 жылы қатысып, онда Ермахан Ибрайымовтың жеңімпаз болғанын жоғарыда айтып өттік. Италияның Рим қаласында өткен сол чемпионатта КСРО біріншілігінің күміс және қола жүлдегері Мереке Жүсіповтің де барғанын айта кетейік. Мереке Әскерилер арасында екі дүркін әлем чемпионы болған Теміртас Жүсіповтің ағасы. Теміртас ағасын әлемдік сайысқа шығарып салған кезде небәрі жеті жаста болыпты. Ағасы бағындырмаған белесті арада 24 жыл салып, інісі бағындырды. Дегенмен, Мереке Әскерилер арасындағы жарыстардан құралақан емес. Ол – КСРО Қарулы күштері кубогының екі дүркін жеңімпазы.

Міне, құрметті оқырман, Қазақстан қарулы күштерінің әлем чемпионатындағы жеңістерінің бір парасы осындай. Әлемдік аренада тек бокстан ғана емес, басқа да спорт түрлерінен  жеткен жетістіктеріміз де бір төбе. Тіпті 1995 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан Бүкіләлемдік Әскерилер Ойынындағы Қазақстан қарулы күштері қызметкерлерінің жарқын жеңістері тарих бетінде таңбаланып тұр. Әскерилердің Олимпиадасы саналатын сол Ойындарда ең алғашқы чемпион атанғандардың бірі боксшы Ермахан Ибрайымов екенін де айта кетейік. Бұл туралы енді алдағы уақытта егжей-тегжейлі әңгімелейтін боламыз.

 

 

 

Байланысты жаналықтар

Қарулы күштер жаңа әскери формаға көшті

12.11.2024

Қазақстан десантшылары беларусь әріптестерін тау жағдайында өмір сүруге үйретуде

17.07.2024

Қазақстан әскері дабыл бойынша көтерілді

06.06.2024

Тоқаев Ұлттық ұлан авиабазасының ашылу рәсіміне қатысты

03.05.2024
MalimBlocks
Қарулы күштер жаңа әскери формаға көшті

Қазақстан десантшылары беларусь әріптестерін тау жағдайында өмір сүруге үйретуде

Жаттығуға Қазақстан мен Беларусьтің 350-ден астам десантшысы қатысуда

Қазақстан әскері дабыл бойынша көтерілді

Қарулы күштердегі осы іс-шаралардан дәстүрлі түрде жазғы оқу кезеңі басталады.

Тоқаев Ұлттық ұлан авиабазасының ашылу рәсіміне қатысты

Президент еліміздің бірқатар өңірінде болған алапат тасқынға қарсы күресте сарбаздардың алдыңғы шептен табылып, антқа адал болудың озық үлгісін көрсеткеніне тоқталды.