Қазақстанда қанша генерал бар?

Генерал – жоғары офицерлік шендердің бірі. Қазақстанда генерал шені бар қанша қызметкер бары айтылды, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстан Қарулы күштерінде жоғары офицерлік құрамда 40 әскери қызметкер бар. Олардың қатарында бір генерал-полковник, тоғыз генерал-лейтенант және отыз генерал-майор бар. Сонымен қатар, 2024 жылы жеті адамға жоғары офицерлік шен берілген. Ал биыл бұл шен алты адамға (бес генерал-майор және бір вице-адмирал) берілді.
Алайда ведомство зейнеттегі генералдардың нақты санын жарияламады. Себебі бұл – құпия ақпарат.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте 11 қызметкерде генерал шені бар, тағы төрт адам зейнетке шыққан. 2024 жылы үш, ал 2025 жылы екі қызметкерге бұл шен берілген.
Төтенше жағдайлар министрлігінде жоғары басшылық құрамдағы бес адам жұмыс істейді. 1992 жылдан бері бұл органнан 15 генерал зейнетке шыққан. Былтыр бір әскери қызметкерге генерал шені берілді.
Прокуратура органдарында 28 қызметкерде мемлекеттік әділет кеңесшісі (генерал шеніне баламалы) атағы бар. Тағы 57 адам зейнетке шыққан. Өткен жылы бес прокурорға мемлекеттік әділет кеңесшісі I, II және III сыныпты шендері берілді. Биыл төрт қызметкер III сыныпты шен алған.
Қаржы мониторингі агенттігінде 10 басшы 2022–2024 жылдары экономикалық тергеу қызметінің генерал-майоры шенін алды. Жақында тағы екі қызметкерге осы атақ берілді.
Ішкі істер министрлігі генерал шеніндегі қызметкерлердің нақты санын хабарлаған жоқ. Алайда ашық дереккөздерге сүйенсек, былтыр үш, ал биыл бес адам полиция генерал-майоры шенін алған.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті редакция сұранысына жауап бермей, генералдар туралы ақпарат құпия екенін және қолжетімділігі шектеулі екенін айтты.
Генерал шені қалай беріледі?
Бұл сұраққа толық жауапты Қорғаныс министрлігі берді.
"Әскери қызмет туралы" заңға сәйкес, генерал-майор (немесе контр-адмирал) шенін алу үшін әскери қызметкер:
- полковник (немесе 1-ранг капитаны) шенінде кемінде үш жыл қызмет етуі керек;
- жоғары офицерлік құрамдағы лауазымда кемі бір жыл жұмыс істеуі қажет;
- жоғары әскери білімі болуға тиіс.
Жоғары офицерлік құрам шендері уәкілетті орган басшысының ұсынысымен Қазақстан Президентінің Жарлығымен беріледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік пен Қаржылық мониторинг агенттігі шендер "Құқық қорғау қызметі туралы" заң талаптарына сәйкес берілетінін айтты. Ал ІІМ, Бас прокуратура және ТЖМ өкілдері бұл шендер қызметтегі жоғары нәтижелері мен мінсіз еңбегі үшін берілетінін мәлімдеді.
Жоғары әскери және арнайы шендер, сондай-ақ, сыныптық шендер Қазақстан Президентінің Жарлығымен беріледі. Демек, бұл мәселе бойынша соңғы шешімді Мемлекет басшысы қабылдайды.
Фото: ratel.kz