Жемқорлыққа қарсы агенттіктің бұрынғы төрағасына қатысты тергеу басталды

Бас прокуратура Жемқорлыққа қарсы агенттіктің бұрынғы төрағасы К.П. Қожамжаровқа қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қожамжаров Қ.П.-ке қатысты қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
"Бұл істер әртүрлі кезеңдерде оның басшылық қызметте болған уақыттарына байланысты. Барлық қылмыстық істер бойынша арнайы прокурорлардың басшылығымен жедел-тергеу топтары құрылды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Қайрат Қожамжаров 1965 жылы туған. Ленинград мемлекеттік университетін тәмамдаған, мамандығы - заңгер. Ол әр жылдары прокуратурада, кеден және салық органдарында, қаржы полициясында қызмет етті. Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікті, Мемлекеттік қызмет істері агенттігін басқарды. 2017–2019 жылдары — Қазақстанның Бас прокуроры болды.
Сондай-ақ Ақмола облысының әкімі, Президент көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, кейін Сенат депутаты қызметтерін атқарды.
Қаржы полициясының генерал-майоры, мемлекеттік наградалар иегері. Үйленген, төрт баласы бар.
Бұған дейін, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы және қадағалау органдарында қызмет атқарған Олеся Кексельдің ұсталғаны туралы жазған едік.
Фото: zakon.kz

Ең көп оқылған
