Шавкат Рахмонов Алматыға келді

  • 13.03.2023

 

Өткен аптада бүкіл қазақстандықтардың аузында болған спортшы Шавкат Рахмонов (17-0) елге оралды. Ол UFC-дегі бесінші жеңісінен кейін Алматыға келді, деп хабарлайды Malim.kz Sports.kz-ке сілтеме жасап.

Алматы әуежайында Рахмоновты жанкүйерлері әнмен қарсы алды. Dar Pro Team Instagram парақшасында жарияланған Шавкаттың келген сәтінен түсірілген видеода спортшы елді сағынғанын, аздап тынығып алған соң келесі кездесуге дайындалатынын айтады.

«Қолдағандарыңыз үшін рахмет! Мені осылай зор құрметпен қарсы алғандарыңыз үшін қуаныштымын. Туған жерімді қатты сағындым. DAR Team командасына, жаттықтырушыларға және барша қазақстандықтарға қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамын», - деді Рахмонов.

Шавкат Рахмонов 5 наурыз күні Лас-Вегаста (Невада штаты, АҚШ) өткен UFC 285 турнирінде америкалық Джефф Нилді (15-5) нокаутпен жеңген. Бұл оның мансабындағы 17-ші жеңісі. Осы жеңісінен кейін жартылай орта салмақтағы рейтингте Рахмонов алтыншы орынға жоғарылады.

Ол бұған дейінгі барлық жекпе-жектерін мерзімінен бұрын аяқтағанын айта кет керек.