Таласбек Әсемқұлов: Бізге жылаңқы әуен тән емес

Malim Админ

  • 29.07.2020

Таласбек Әсемқұловтың көзі тірі болса биыл, бірінші тамызда 65 жасқа келер еді. Бергенінен берері әлі де көп еді. Тағдыр ғой. Қолдан келер шара тек артынан қалған дүниелерді қайта оқып, тыңдап, сараптап отыру. Ұстазымыздың мерейтойына орай жеке қорымызда сақталған Таласбек Әсемқұловпен болған қысқаша сұхбатты оқырманға ұсынып отырмыз. Бұл сұхбат шамамен 2012-2013 жылдары жазылды. Студент кезімізде қалтамыздан диктофон түспеуші еді. Сіздерге ұсынылған шағын сұхбат сол аудиожазба түрінде сақталып қалған. Алғаш рет жарияланып отыр.

- Аға, өткенде қазақ музыкасында минор болмаған деп едіңіз. Тарқатып айтып берсеңіз.

- Минор қолдан жасалған нәрсе. Өйткені қазақ – жауынгер халық. Біз жауынгер кастамыз (яғни тайпа – Р. Н). Бізге жылаңқы әуен тән емес. Біз жыламайтын халық едік. Қазір ғой жылайтынға айналдық.

Скиф (сақ) болып жүргенде, қоңдыгер-қаңлы болып жүргенде, әлемді билеп тұрғанда жауынгер едік. Сол сияқты музыкамызда жауынгер, асқақ еді. Орысша айтқанда «сентиментальность» болмаған. Ол болмаса жылауық әуен қайдан болсын?

- «Қаратаудың басынан көш келеді» деген «Елім-ай» ше?

- Ол берідегі ән. Қалмақпен соғысып, жеңіле бастағанда осындай дүниеге келе бастады. Әлемді билеп тұрғанда, мажорлы керемет музыка болған. Сондықтан мажор қазақтың өзінікі, минор қолдан жасалған лад деймін. Тағы айтамын біз жауынгер кастамыз, ал жауынгер жылай ма?! Минорлы әуен бағыныңқы, қорлық көрген ұлттан ғана көрінеді.

Әрине, кейін «Дайдидау», «Жиырма бес» сияқты әндер де болған. Олар бірақ күні кеше шыққан. Жамал Омарова айтатын «Сәулем-ай» деген ән бар. Есіңде ме? Сол сияқты басқа да әндер, күйлер бар минорда. Дегенмен оның бәрі біздің әуен емес, яғни баяғы жаугершілік замандағы сарын емес екенін музыкант ретінде сеземін. Ерте заманның сарына басқа еді.

- Қазір сол сарындар бар ма?

- Мен таза теория түрде айтып отырмын. Скиф сарындары ана-мына бір әнде жүрген шығар қазір. Бірақ оны мен көрсете алмаймын. Ешкім де көрсете алмайды. Мысалы сақ ладтары біздің дәстүрлі музыкамызға сіңісіп кетіп, өзіміздікі атанды. Біздікі таза ұлттық музыка. Ал, нағыз сол дәуірдің, сақ кезеңің әуені деп белгілі бір әуенді нақ басып айту мүмкін емес.

Дабыл Сенкибеков мықты музыкатанушы деген бар. Бір сөйлесіп қалғанда ол да осы пікірімді қостаған. «Минор, это искусственный лад» деген. Ежелден келе жатқаны тек мажорлы әуен. Ұлы халықтың музыка сондай еді.

Осы айтқан ойынан кейін Таласбек аға ойланып қалды. Біз де жаңа ғана естіген ақпаратты қорыту үшін үнсіз қалдық. 2-3 минуттан кейін ағамыз өзі қайта бастады.

- «Шәпибай-ау» деген ғаламат ән бар. Тарихын айттым ба?

- Жоқ аға.

- Шәпи деген батыр қыз екен. Жасы елуге дейін соғыста жүріпті. Соғыс аяқталғанда жан-жағына қараса, бір құрбысы соғыста өліпті, бірі ұзатылып кетіпті. Жалғыз өзі ғана. Сонда әкесі «Дұрыс салт бойынша ұзата алмадым сені. Амалым қанша. Енді сені еркіне жіберейін» депті. Ол заманда бөде үй деген болады екен. Шәпи «Өмірдің қызығын көрейін» деп сол айдалада тұрған үйге барады. Сонда алғашқы болып келген жасы жиырмаға жетер-жетпес жігіт. Таныса келе қарсы алдында отырған батыр Шәпи екенін білген жігіт абдырап қалады. «Баяғы Шәписің бе» десе, басын изейді. Сол мезетте үйден шығып, нөкерлеріне «осы үйге ешкім кірмесін» деп тапсырма беріп, өз ауылына шаба жөнеледі. Әкесіне барып, мән-жайды түсіндіріпті. Әкесі «баяғы Шәпи болса дәстүр-салтпен жасайық» дейді де, қыз әкесінің алдынан өтіп, үлкен той жасапты.

Сонда ойлап қарашы. Сол кез адамдары қандай болған. Өзінен екі жас үлкен болса да, баяғы ерлігіне тәнті болып, отырған жері оған лайық емес екенін түсініп өзі алған ғой. Ертедегі қазақтар сондай болған.

Ал «Шәпибай-ау» әні сол той үстінде туған деседі.

Рүстем Нүркенов

Байланысты жаналықтар

Таласбек Әсемқұлов

16.11.2024

Маңғыстаулық музыка мамандары біліктілігін арттырды

31.10.2024

«Талтүс» және қазақ мәдениеті

11.09.2024

Дархан Мыңбай. Күй мен күйші

05.09.2024

Челлендж: 2 миллионға жуық бала бір уақытта күй орындады

20.03.2024

Семейлік мұғалім әнші Дуа Липаның жаңа альбомына музыка жазды

19.03.2024
MalimBlocks
Таласбек Әсемқұлов

Жазушы, күйші, кинодраматург, мәдениеттанушы Таласбек Әсемқұлов (1955-2014) 1955 жылы 1 тамызда Семей облысы Аякөз ауданы «Ақтоғай» теміржол стансасында дүниеге келген.

Маңғыстаулық музыка мамандары біліктілігін арттырды

Олар ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс істейді

«Талтүс» және қазақ мәдениеті

Күй – қазақ халқымен біте қайнасып, бірге жасасып келе жатқан өнер атаулының ұлысы. Халықтың басына түскен қасірет-қайғысын, қуаныш- наласын домбыраның қос ішегіне сыйғызып, үлкен өнер туғызған халқымыз әрқашан күй өнерін жоғары бағалап, әнші, күйші, ақын-жырауларын құрметтеп төрден орын беріп отырған.

Дархан Мыңбай. Күй мен күйші

Күйді насихаттау - әр қазақтың парызы болуға тиіс

Челлендж: 2 миллионға жуық бала бір уақытта күй орындады

Ең кішкентай қатысушылар - Семей қаласындағы «Бақыт» балабақшасының тәрбиеленушілері.

Семейлік мұғалім әнші Дуа Липаның жаңа альбомына музыка жазды

Ол Абай ауданы Қарауыл ауылында биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді.