Темірхан Медетбек. Менің қорқатыным

Malim Админ

  • 18.08.2020

Дағдару

Асау арманың

Қылша мойныннан

Қыл шылбырлы

Тұзақпен

Асау аттай құрықтаулы.

Шығар есігің де,

Кірер тесігің де

Құлыптаулы.

 

Күн-түні

Есітіп жатасың —

Құлақты сарсылтқан!

Толассыз сандырақ бір...

Үстіне албасты

Мініп алғандай

Мына тірліктің

Иіні салбырап тұр.

 

Алдың да қараңғы,

Артың да қараңғы...

(Таба алмай амалды

Сол бір түнекке

Дүние қамалды).

 

Әйтеуір,

Жан-жаққа,

Қарасаң,

Аңғарып бір:

Жұрт біткен —

Бәрін жоғалтқан!

Түрмеден шыққан адамдай

Қай жаққа

Жүрерін білмей

Дағдарып тұр!

 

Қажымұқан

 Аспанды жаңғыртып

Қажымұқан десем

Менменсіген

Талай жұртты

Төбешіктей етіп

Аласартамын.

Аспанды жаңғыртып

Қажымұқан десем

Төбешіктей болып

Жүрген мен

Жотаға айналып

Бара жатамын.

 

Жотаға айналып

Бара жатамын.

Өйткені сен менің

Қазағым,

Туғанымсың ғой.

Сен менің

Қайрат күшім мен

Найзағай намысымның

Айқайлап айтатын

Ұранымсың ғой.

 

Апыр-ай,

Қара күшіңнің

Сұрапылын- ай.

Қарсы келгенді

Әуп деп көтеріп ап,

Әруақ деп

Алып кеп ұратының- ай!

 

Сол кезде қара жер —

Жыртылып кетпесе де!

Солқ ете қалатын еді-ау.

Сол сәтте

Бүкіл

Мұсылман жұртының

Кеуделері күпсініп,

Бұттары ісініп

Айыздары қанатын еді-ау.

 

Әлдекім біреулер

Кемсіткен кезінде

Намыстан өртеніп

Қара диюдай

Құтырып жанатын едің.

Ерніңді жырып,

Құлағыңды жұлған

Сайтандай шапшаң

Пәлекеттерді

Тыпырлатып ұстап ап

Бас терілерін

Сыпырып алатын едің.

 

Қажымұқан,

Алапат даңқыңмен

Жасығымның өзін

Жарқ етіп шығатын

Жасын еттің ғой.

Өзіңе тәнтімін!—

Сен ғұмыры

Тізеңді бір бүкпей

Жер шарының үстін

Алшаңдап жүріп

Басып өттің ғой...

 

Қажымұқан!

 

 

Ұсақ адам

Бұл байғұс

Аршындап

Жүре алмайды.

Жетім қозыдай

Бүлкілдеп жүреді.

Аңқылдап

Күле алмайды.

Ісік сияқты

Іркілдеп күледі.

 

Бір кірген жеріне

Мың кіреді.

Ақыры түк бітірмей

Бүлдіреді...

 

Қашан көрсең де

Қыбыр-қыбыр.

Жыбыр- жыбыр.

 

Дәл қасыңнан —

Түсініксіз!

Әлдене айтып

Күңкілдеп өтеді.

Жүріс-тұрысын көріп

Жүрегің

Керосин ішкендей

Кілкілдеп кетеді.

 

Қашан көрсең де

Әлдене шұқылап

Бүгіліп отырады.

Әлде бір нәрседен —

Міңгірлеп —

Түңіліп отырады.

 

Жоғалтып алған

Бес теңгесін

Сұмдық бір

Шығын көреді.

Қараптан

Қарап отырып

Жының келеді.

 

Ызадан

Қылғынып өл мейлі:

Күн ұзақ

Бір ісі өнбейді.

 

Қыбыр- қыбыр,

Жыбыр- жыбыр.

 

Дәл қазір мен...

Күні кеше мен

Өңмеңдеп келгендерге

Өңмеңдерінен өткізіп қарап,

Кеудесін керіп келгендерге

Кеудемді керіп

Шалқайдым.

Мен енді бүгін

Төбесін қар басқан

Омырауын мұз басқан,

Етек- жеңін

Сыз басқан

Қаратаудай қартайдым.

 

Бұрынғы екпін,

Бұрынғы қарқын жоқ.

Сонда да ұмтылып

Әлдене айтқанмен

Оны түсінер

Халқым жоқ.

 

Дәл осы сәт

Мен жұрттан қашамын,

Жұрт менен қашады.

Кейбір кездерде

Үстімнен

Албасты секілді

Қап-қара

Бұлт басады.

 

Дәл қазір мен

Жұртқа жатпын!

...Білсең ғой,

...Қап-қара

Сол бір бұлтты

Қаншама —

Үн- түнсіз жылап!

Жамылып жаттым.

Дәл қазір мен

Мәнсіз, мағынасыз

Бос өмір сүргендеймін!

Дәл қазір мен

Өз елімде

Шет елде жүргендеймін!

 

 

Жайтартқыш

Жайтартқышпын!

 

Дүние ауанын

Ұғынып тұрамын!..

Қып- қызыл болып

Шатырлап жатқан

Жалын мен

Найзағайларды

Аспаннан қағып ап

Бойыма

Сіңіріп тұрамын.

 

Бірақ мен

Кәдімгі жайтартқыштардай

Жұтқан жалындарымды

Өзімнен өткізіп

Қара жерге

Жіберіп жатпаймын.

Бойымда сақтаймын.

 

... Аспанға сыймай

Бұлттарды тілгілеп

Бұлқынып жатқан

Найзағайларың

Маған кіріп

Жоқ болады...

Сондай кездерде

Әп- сәтте- ақ

Бүкіл бойыма—

Кернеген!

От толады.

 

Сол оттың күшімен

Талай- талай нәрсені

Бұзып тұрамын...

Содан да мен

Қай кезде көрсең де

Сатырлап жанған

Пеш құсап

Қызып тұрамын...

 

Жүрегімнің

Үстінде жатқан

Қып- қызыл соқпақ—

Аспанда сілкінген

Қып- қызыл найзағайлардың

Соқпағы ғой.

Байқамай жүрсің бе?!

Бойдағы оттарым—

Аспанның оттары ғой.

 

Қашан көрсең де

Әр бір күнге

Жүзім жарқырап

Кіретінім содан ғой.

Қашан көрсең де

Шатырлап өртеніп

Жүретінім содан ғой!

 

 Әне біреулер мен мына біреулер

Мына біреулер

Қазақстанның

Алып қазанын

Қаспағына дейін

Қырнап тұр.

Әне біреулер

Жарамның аузын—

Қанын ағызып!—

Тырнап тұр.

 

Мына біреулер

Бабамның бабасының

Қаны төгілген

Байтақ даламды

Миллион гектарлап

Жалмауда.

Байғұс халқыма,

Ең болмаса,

Сантиметр түйір,

Миллиметр тілік

Қалмауда.

Жалмауда!

 

Әне біреулер

Байлық пен барымды

Тонналап жеп,

Центнерлеп қотарып

Күптей боп ісуде.

Ал халқым

Жесе де,

Шетінен шымшып жеп,

Ішсе де,

Грамдап ішуде.

 

Мына біреулер

Алтынмен апталып,

Күміспен қапталған.

Ал халқым

Қысты күні

Мұз болып сіресіп,

Жаздың күні

Қаңылтырдай қаудырлап

Аптапқа қақталған.

 

Енді олар

Осымен өтердей...

Мына біреулер мен

Әне біреулер

Түптің түбінде

Түбіме жетердей...

 

Біз осы не боп кеттік?!

Сонадай жерден

Көріп келем.

 

Қарсы бет жақта

Бастап бір аласатты,

Үш жігіт

Бір жігітті

Сабап жатты.

 

Сабап жатты!

Иттей қып

Талап жатты!

 

Біреуі қолын кергілеп,

Біреуі беттен пергілеп,

Біреуі шықшыттан алып,

Біреуі тұмсықтан салып,

Біреуі ұршықтан қағып

Өршеленіп,

Өшігіп ұруларан- ай.

Перідей бүлініп,

Жын құсап

Жұлынғандарын- ай!

 

Тағы да көріп келем:

Төбелес қызықтап

Тұрған біреулер,

Оларды

Ажыратудың орнына,

Ұялы телефондарымен —

О тоба!

Суретке түсіруде...

Әне біреулер

Жылмаң қағып

Көздерімен

Қалта мен

Сөмке іздеп тімсінуде.

 

Мен жеткенше

Әлгі үшеуі

Байғұс жігітті

Сұлатып салып

Тайып тұрды.

... Байғұс жігітім- ау,

Енді сен

Таба алмассың

Айыптыңды.

 

...Сол жерге

Мен де жеттім- ау...

Ту сыртымда

Суретке түсірген

Әлгі жігіттер

Қарқ- қарқ етіп

Шаттанып күлді...

Қарап ем,

Ол шіркіндер

Ұялы телефондарына үңіліп

Керемет кадр деп

Мақтанып тұрды.

 

Біз осы не боп кеттік?!

 

 

Сол бір удан өлерсің!

Үміт оты

Бірде жанады,

Бірде сөнеді...

Үміт жолында

Асулар

Неткен көп еді.

 

Бір үміттен кейін

Бір үміт шығып

Жеткізбейді.

Тар қапас

Тайғақ кешулері

Өткізбейді- ау,

Өткізбейді..,

 

Еліңді ойлайсың,

Жеріңді ойлайсың.

Солардың

Ертеңін ойлайсың...

Әйтеуір тәтті бір

Үмітке тоймайсың...

 

Ақыры

Шаршайсың!

Бәріне жетіп

Қуанышы көп

Күндерді аңсайсың.

Шаршайсың!

 

Құдай- ау,

Бұл көңіл

Қай кезде жайланады?!

...Сөйтіп жүргенде

Күндердің күнінде

Үмітің уайымға,

Уайымың

Уға айналады!

 

Әлі талай

Көретіндеріңді көрерсің,

Сонан соң сен де

Сол бір удан өлерсің!

 

Менің қорқатыным

Қартайып келем- ау!

 

Біреу жолығып

Халің қалай десе,

Бүкіл ауруларыңның

Тәптіштеп

Тарихын айтасың.

Қайтесің

Жоқ қазір

Баяғы қайрат- күш,

Жоқ қазір

Іштегі жайтасың.

 

Таңертең тұра сап

Дәрінің түр-түрін

Уыстап ішесің.

Арса- арса боп

Қартайған кезіңде

Жаттығулар жасап

Ақ тер,

Көк терге түсесің.

 

Аяқ, қолдарың,

Буын-буының

Сықыр-сықыр етеді.

Тот басып қалған ба?

Мына аурулар

Алмай қоймайтын

Қарақшылар құсап

Маған қарсы

Топтасып алған ба?!

 

Бірақ мен

Олардан қорықпаймын.

Бірдеңе болар деп

Тіпті де торықпаймын.

 

Қорқатыным —

Ішіме кіріп

Жанымды жеген

Елімнің дерті,

Жерімнің дерті.

 

Оларға қарсы

Ем болмай тұр.

Оларға мүлде

Ем қонбай тұр!

 

Жоғалу

Айнала

Тып- тыныш болатын.

 

Кенеттен

Ызғарлы жел

Ағаштардың

Бастарын жұлмалап

Жүгіріп өтті...

Жан- жағым

Бүлік кіргендей

Бүлініп кетті.

 

Сол- сол екен

Соноу бір жақтан

Күйедей қап- қара,

Батпақтай қоп- қою

Бұлттар көтерілді...

Басқа бір жақтан

Гүрілі

Құлақ тұндырған,

Құйрығынан

Өрт құйылған

Аспанға қарай

Зымырап ұшқан

Қып- қызыл от көрінді...

 

Қоқыстарды

Үйіріп ұйтқыған

Құйындар шығып

Айнала

Ыбырсып кетті.

Қасымнан—

Өзі жоқ,

Көлеңкесі бар

Сұп- суық

Құбыжық өтті.

 

Әлдене

Сартылдап жабылды,

Әлдене

Сартылдап ашылды...

Әлденеден шошынған

Қара жердің өзі

Көтеріліп барып,

Көтеріліп барып

Қайта басылды.

 

Сонау бір жақта

Бір пәлелер

Ібілістен бетер

Ішегін тартып

Ышқынып күлді.

Басқа бір жақта

Белгісіз бірдеңе—

Толассыз!—

Ысқырып тұрды...

 

Көзім байланды,

Тілім байланды.

Жүрек лобыды,

Басым айналды.

 

Есімде қалғаны:

Өз- өзінен

Бұрқылдап

Қайнап жаиқан

Тостағандай шалшықтан

Өзімді

Зорға алып өттім...

Сонан соң мен...

Сонан соң мен...

Жоғалып кеттім...

 

Табылар ма екем?!

 

Көңіл толмау

Бүгінде —

Апыр- ай!

Адамдардың

Бір- біріне

Ешқандай

Көңілі толмайды.

Ол аздай

Бірін бірі

Түкке алғысыз ғып,

Табанға салып

Қорлайды.

 

Тіпті бүгінде

Әкесі баласына,

Баласы әкесіне

Көңілі толмайды.

Бізге —

Бәрінен

Сол қайғы!

 

Бәз бір жандардың

Мақтағаныңды менсінбей

Қор ететінін қайтерсің?!

Тәштиген өзін

Алатаудан да биік

Зор ететінін қайтерсің?!

 

Әйтеуір қазір

Адам дегенің

Бір бірінен

Теріс айналып,

Бір- бірінен

Жеріп отыр.

...Осыларды ойлап

Келе жатыр ем,

Сонадай жерде

Күлге аунап жатқан

Екі маскүнем

Бір- біріне

Көңілі толмай

Бірін бірі

Ақымақ деп

Сөгіп отыр...

 

Ой, дүние- ай!

 

Ақырзаман

Мұхиттың

Арғы жағында да,

Бергі жағында да

Бір сәуегейлер

Ақырзаман

Таяу жылдары,

Тіпті

Биыл болады дейді.

Аспан мен жердің

Арасын түгел

Жалмап жұтқан

Отты дауылдар мен

Сұмдық сұрапыл

Құйын болады дейді.

 

Жақтарына

Жылан жұмыртқалағырлар

Сол бір сәуегейлер

Не бір бәлені

Шататын көрінеді.

Олардың айтуынша

Тынық пен

Атлант мұхиттары

Отты дауылдардан

Бұрқырап қайнап

Жататын көрінеді.

 

Сол бір алапат

От дауылдарыңыз бен

От құйындарыңыз

Көктегі

Күннің өзін де

Шарпитын көрінеді.

Алапат ыстықтан

Аспандағы Ай да

Қорғасындай еріп,

Балауыздай

Балқитын көрінеді.

 

Тау мен тастарыңыз

Қаланған тезектей

Қып- қызыл шоққа

Айналады екен...

Олардың орнында

Төбе мен төмпешік,

Араларында

Үңірейген,

Үңірейген

Сай қалады екен.

 

Оларды тыңдасаң

Зәр түбіне

Зәрең ұшып,

Ал жаның

Шырқырап кетеді.

Ондай кездерде

Әлдене

Тас төбеңнен

Зырқырап өтеді.

 

... Бірақ мен

Ай мен Күннің

Толысып

Атқандарын көріп,

Немерелерімнің

Төсектерінде

Алаңсыз пысылдап

Ұйықтап

Жатқандарын көріп

Сәуегейлердің

Сандырақтарына

Сене алмаймын.

Көне алмаймын.

 

Жаратқан ием,

Өзің жар бола гөр!

 

Тура жолдар

Әр көсем келген сайын

Біздерге---

Сыммен тартқандай етіп!—

Тура жолдарды сызып береді.

Аңғал халқым

Бірден сеніп қап

Тура жолдарды

Ғажап бір қызық көреді.

 

Әр көсем:

Осы жолменен

Тұп- тура тарта бересіңдер

Алдарыңнан

Жұмақтан да өткен

Жұмақ көресіңдер—деп

Сұңқылдайды.

Сұңқылдаудан бір тынбайды.

 

Амал не,

Сол бір тура жолдарың

Сан рет өзгеріп

Сан рет құбылды ғой.

Сол жолдардың үстінде

Менің

Қайран халқым

Қынадай қырылды ғой.

Жұлыны үзіліп

Тамыры жұлынды ғой.

 

Тура жолдарың

Мазақ пен

Азаптың жолы болды.

Жұмақтың емес

Тозақтың жолы болды.

 

Құдай-ау

Неге тура жол?

Жол болған соң

Кей- кейде

Бұрылып кетпес пе?

Тарам- тарам боп

Шұбырып кетпес пе?

Оның да

Ойы мен қыры болмас па?

Жұмбақ бір жымы болмас па?

 

Беріліп не керек

Болмайтын елеске.

Адамның миы мен

Тамырлары да

Бұралаң жолдардан

Тұрады емес пе?!

 

Сондықтан мен

Жолға шықсам- ақ

Кәдімгі бұралаң

Жолдармен тартамын.

Аузым әбден күйген ғой:

Көсемдер айтатын

Тура жолдардан

Қорқамын!

Байланысты жаналықтар

Бүгін Әбіш Кекілбаевтың туған күні

06.12.2024

Астанада Герольд Бельгердің жаңа кітаптары таныстырылды

15.11.2024

Том-том жарысты кім тияр?

21.10.2024

«Дрина көпірі»: шығыс пен батыс қақпасы

11.09.2024

ОМАРҒАЗЫ АЙТАНҰЛЫНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ

21.08.2024

АҚЫН САҒИ ЖИЕНБАЕВТЫҢ ЛИРИКАЛАРЫ

21.08.2024
MalimBlocks
Бүгін Әбіш Кекілбаевтың туған күні

Желтоқсан айының 6-жұлдызы мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Әбіш Кекілбаевтың туған күні. Осыған орай танымал ғалым, қоғам қайраткері, парламент сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында естелік жазды.

Астанада Герольд Бельгердің жаңа кітаптары таныстырылды

Кітаптар еліміздің кітапханаларына таратылады

Том-том жарысты кім тияр?

Ептілер жазушы еңбегін әділ бағалаудан гөрі ебін тауып екі асағаннан аса алмай келеді

«Дрина көпірі»: шығыс пен батыс қақпасы

Империялардың саяси ұрандары ілініп, тәртіп пен заң жайындағы қауесеттер алдымен көпірге естіледі

ОМАРҒАЗЫ АЙТАНҰЛЫНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ

Белгілі ақын Омарғазы Айтанұлы 1931 жылы қараша айының 20 жұлдызында Қытайдың Тарбағатай аймағы Толы ауданы Майлы деген жерінде дүниеге келген. 1997 жылы Үрімжіде қайтыс болды. Ол поэзияға жаңа леп әкелген тұлғаның бірі. Ақынның шығармалары 1960 жылдардың басында «Жұлдыз» журналында жарық көріп, сол кездегі әдеби қауым таңғалысқан деседі. Бұл туралы Мұзафар Әлімбаевтың естелігі бар. Бүгін оқырман назарына 1993 жылы бұрынғы бағытынан да басқа мәнерде жазылған бір топ өлеңін ұсынып отырмыз.

АҚЫН САҒИ ЖИЕНБАЕВТЫҢ ЛИРИКАЛАРЫ

Сағи Жиенбаев 1934 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Оймауыт ауылында дүниеге келген. 1994 жылы Алматыда қайтыс болды. Әдеби ортада мөлдір де сырлы лирикаларымен ерекше бағаланған. «Жұлдыз» журналы, «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жазушы» баспасында қызмет еткен. Оның «Карлығаш», «Сыйлық», «Дала гүлі», «Теңіз сыры», «Таң алдында», «Менің көршім», «Кайырлы таң», «Ақ толқын», «Оркиік», «Алтын қалам», «Жадымдасың жас күнім», «Әлия», «Оймауыт», «Қуралай салқыны», «Бозторғай», «Іңкәр дүние», «Жарық жұлдыздар», «Нан мен тұз», «Жер құдіреті» т.б. жыр кітаптары жарық көрді.