Жарасқан жаратылысы
Бір өлеңі жыртығына жамау, бір өлеңі жүрегіне дауа болған ақын бейнесі көз алдымызда бұлдырайды. Ессіз сағымнан оның дидарын іздеп, сарсаңға түссек те анық бағдарлай алмаппыз. Қаламын дәтке қуат еткен ақын бірде пенде, бірде тамырыңды тура басқан шипагер болып сан құбылады. Жарасқанға бір ғана анықтама жетпейтіндей, әділ сөз іздеп әлек боласың. Есіл өмірін халқымның әдебиетіне үлес қоссам деп жанталаспен өткізген ақын арманы орындалғандай. Уақытпен бірге өткенге деген көзқарас та жаңара беретіндіктен, ақынның біз әлі біле алмаған анық бағасы болашақ еншісінде.
«…айтсаң да – өлім,
Айтпасаң да – өлім,
Айтарыңды түгел айтып өлгейсің
Сөз берсе!..».
Муин Бсису.
Ақын-жазушылардың естеліктерін парақтап отырғанда, олардың замандас-кейіпкерлерімен қоса Алматы келбеті қатар жүретін. Дүние даңғазасынан сырт, рухани дидарын ғана көрсететін сұлу шаһар тек ақындар мен жазушылар үшін салынғандай әсер беретін. Анау көшенің қиылысында ақын мен ақын кезігіп қап, біріне-бірі жаңа жазған жырын оқып тұрғандай, анау кафеде тағы бір топ жас қаламгер әдебиет туралы даурығысып, ақыры бір тоқтамға келе алмай, қызылкеңірдек боп жатқандай елеңдейтінбіз. Кексе тартқан жазушылар соңынан ергендердің қайсысының аяқ алысы тәуір екенін байқағысы келіп, жемтігін аңдыған жолбарыстай тек бақылаумен оңаша отырғандай. Әдебиетке емес, әдеби өмірге араласқанымызша осы ой санамызда бүрлеп жататын.
Бір кездері шынымен де сондай болған Алматы бүгін өзгерген. Баяғы алшаң жүріс саябырлап, оқта-текте бастары қосылып қалатын қаламгерлер у-шу, мәз-мейрам кездерін сағынысып сыр айтатын болған. Шашын иығына түсіріп, бағзы бабаларынша еркін жүріп, еркін сөйлеуді әдет еткен досымызды көре қалсақ, ағаларымыздың басындағы сол дәурен қайта орнай қалғандай елітіп кететініміз бар. Сондай кезде Әбішше айтқанда: «дудар шаштары желкілдеп, қызыл не қара көйлек киіп ап, ақ галстук тағып не жағаларын ширатпа жіп баумен шандып ап, қитыға сөйлеп, қыңырая басатын қиқар нояндар» қайта көзге түскендей болатын. Көңіліміздегі ойды барынша ашық айтуға талпынар едік…
Сондай жайма-шуақ, жүрекке жылы тиетін сәттерде неге екені ойымызға ең алғаш оралатын ақын – Жарасқан. Бәлкім, эпиграммаларындағы зілсіз қалжыңы мен ондыққа тура тиетін дәлдігі бәрінен бұрын санамызға орнығып қалғаннан шығар. Университет қабырғасымен қоштасқанымыз кеше ғана болса да, студенттік дәуреніміз тым алыста қалғандай күй кешетініміз бар. Жарасқан поэзиясына қызығып, кітаптарын сабақтан сабаққа көтеріп жүріп оқығаннан кейін бе, дулы кештерде Мұқағали, Жұмекен, Жұматай, Есенғали жырларымен жарыстырып, Әбдіраш баласының лирикалық өлеңдерін өзіміз шығарғандай желпіне оқығаннан кейін бе, Жарасқан біздің замандасымызға айналған. Дүниеден өтіп кеткеннен кейін «аға» демей, Жарасқан деуіміздің өзі бізді ақынға біртабан жақындататын. «Ақ сөйлеп, адалына жүгінсек…» деген әңгіме-сұхбатында (Тұрсынжан Шапаймен): «Әлгінде сен, жасыңның менен бір мүшелге жуық кішілігіне қарамастан, әдеттегі тірлікте құлаққа жылы естілетін «Жәке» дегеніңді әп-сәтте былай жинап қойғаныңды өзің де сезбей, «Жарасқан» дедің. Оның ілкіде сырт жағымнан келіп бейтаныс біреу айғайлап жібергендей селт еткізді де, артынша көптен кездеспеген жақын досымның жарқын мінезіндей әсер қалдырды» демеуші ме еді?! Бізде көптен көрмеген жақын досымызды ойда-жоқта тауып алып, сонымен мақтанғандай айта беруші едік. Бәлкім, айналамыздағыларды жалықтырып та алған шығармыз. Ол жағы белгісіз… Бірақ Жарасқан жырлары бізді жалықтырмайтын. «Мен жиырма бірінші ғасырдың құрдасымын» дегенді айтқанда Мұқағали осы сөздің шын ақындарға ортақ екенін сезді ме екен…
Әрбір жақсы ақын келер заманның құрдасы екен. Бала кездегі арман-мұраты, жігіттік шақтағы махаббат мұңы мен ғашықтық азабы, туған жер, Отан алдындағы перзенттік парызы, әке мен анаға деген борыштар сезімі ешбір жасандылықсыз, көлгірліктен ада, «тал шыбықтай есіліп, тәмәм сырмен тамылжыған»
(Т.Шапай) сәтте ақын сенің сырласыңа айналады екен. Аруна-дүниенің бар мейірімін жан-тәнімен сезініп, адам баласының қайшылыққа толы мінезін барынша зерттеп, көкірегіне түйгенін еш бүкпей алдыңа жайып салатын ақын, ең алдымен – лирик. Оның лирика туралы эстетикалық көзқарасы өлеңдері мен мақалаларында анық байқалады. Майдангер ақындардан басталған лирика жанры қазақ поэзиясында жиырма жылдан кейін саябырлап қалуы ақынды алаңдатады. Айналасындағыларға кәрін төгіп, «неге лирика жазбайсыңдар» деп айғайға баспай, ең алдымен өзі үлгі болады. Сыншы ретінде талап қойып, өзі де сол талап үдесінен шығуға талпынады. Оның ерте тоқмейілсіп, ерте қартайған замандастарынан артықшылығы – ізденуден шаршамағандығы. «Өрт болса, әдебиет – ішіндеміз, Серт болса, әдебиет – күшіндеміз» деген сөзіне өмірінің соңына дейін адал бола алғандығында. Дертпен арпалысқан өмірінің соңғы бес жылында өндіре жазып, бүтін шығармашылығын жүйелеп, өзіне «осы уақытқа дейін не жаздым, не тындырдым» деп есеп бергендей жарыққа шығарған «Көңіл көкпары», «Сана соқпағы», «Шежірелі шаңырақ» кітаптарынан, өзі көріп үлгере алмай кеткен соңғы жинағы «Құлпытастан» да барынша биік талғаммен өз биігінен төмендемеуге талпынған ақын жанталасын көреміз.
Жарасқан – поэзия табалдырығын аттаған өндірдей жас кезінен ерте ашылған жаратылыс иесі. Оның өлеңдеріндегі тапқырлыққа құрылған, қарама-қарсы екі ұғымды салыстыра жазатын әдетін сыншылар «Қадыр стилі» деп түсіндірді. Бұл өтірік емес те еді.
«Мен өзіңдей Иттерді ұнатамын,
Мен өзіңдей Достарды жек көремін!..».
Пәтер иесінің итіне арналған осы «Марикке» деген өлеңіндегідей салыстырып, дәл тауып, ұтқыр сөйлейтін сәттер жалпы шығармашылығына тән қасиет болғанымен, сол тапқырлығын қызықтап та кетпейді. Ондай тауып айтқыштықтан гөрі өмірдегі детальдарды өлеңіне көшіріп, содан қорытынды шығарып, ақындық философиясын ұсынады. Жалпы, ақын атаулы тіршіліктің мәнін, адам мен адам арасындағы бауырмалдық сезім мен жарға деген сүйіспеншіліктің, балаға деген мейірімнің түпқазығын, жақсылығын іздеумен сарсаңға түсетіндей. «Әкеммен әңгіме», «Кенже бала», «Шешем айтқан сырлардан», «Қаладан келген қыз» шығармалары өмірі бітіспейтін жан қайшылығын, қазақ тұрмысындағы ешкімге айта алмайтын, бірақ саналарында бұрқ-сарқ қайнап жататын психологиялық қақтығыстарды жүрегіңе жеткізеді. Қазақ қана түсінетін, өзге ұлт түсіндірсең де сезіне алмайтын осынау ұлттық ерекшелік – Жарасқан поэзиясының көркі. Оның осы шығармаларынан тауып айтылған тіркес, сұлу сөз, айшықты эпитет пен метафора іздеудің түк керегі жоқ. Оны сіз таппауыңыз да мүмкін. Бірақ көкейдегі көрікті ойдың көркем айтылуы, психологиялық иірімдердің жолын бұзбай, шығарманың өне бойындағы ағысты бір қалыпта соңына дейін ұстап отыру қалам иесінің шеберлігін аңғартса керек.
«Шешем айтқан сырлардағы» «Тоқпақ жілік» оқиғасы бүтіндей қазақ отбасының психологиясын да, әдетін, мінезін де аңғартады. Мұнда Элиот айтатын ақынның үш даусы да бар. Тоқпақ жілікті сындыра алмаған ерлердің алдында «мен» деп атып тұрып, бір ұрғаннан-ақ шашып жібергенде, күйеуінің көзі түсіп отырған әйелге қыр көрсеткендей болған қазақ әйелінің ер мінезі қандай шығармаға да көрік беретін деталь.
Енем мұны жылдар бойы жыр қылған,
Бұл фәниде екі дәурен кім құрған…
Әне, солай!
Сері әкеңді қызғанып,
Шешең сенің тоқпақ жілік сындырған!
Ақынның «Қаладан келген қыз» поэтикалық элегиясы бала махаббаттың адам өміріне мәңгілік із қалдыратын өміршеңдігін жырлайды. Тек махаббат қана емес, кеңес кезіндегі тәрбие мен тәртіптің, саясат пен әдептің құйып қойған қалыбынан шыға алмаған қоғамның бұлқынысын көрсетеді. Шықпақ боп талпынады. Бірақ темір құрсау. Қалай шыңғырсаң да даусыңды басып, қалай бұлқынсаң да жаншып тастайтын қан-жоса қақпанды суреттейді.
Ол Қадырдан ғана емес, Мұқағалидан, Төлегеннен, Тұманбайдан, керек десеңіз, Фаризадан да көп нәрсе үйренген. Бірақ Қадырдікіндей дидактика Жарасқан өлеңдерінде аз. Мұқағали жырларындағы төгіліп келетін шабыт, адам баласының артық-кемін кешірген мол мейірімінен гөрі, Жарасқанда қатал тәртіп бар. Ол сатқындықты кешірмейді. Өткенді білмей, әке мен ананың, ата мен әженің тағдыр талайында не көргенін таразыламай жатып, оңай сөйлеп, бұрынғыны жоққа шығаруға түк қиналмайтын жетесіздерді аямайды («Артық адам» өлеңі).
«Екі Жарас» деген өлеңі Тұманбайдың «Екі Тұман» деген өлеңін еске салады. Өзінің алдындағы ақындардан үйренді дегеніміз, солардың үлгісімен жазды деген сөз емес. Алдыңғылардан үйрене отырып, өз соқпағын табу үшін кез келген ақын сондай қадамға барған. Онсыз жақсы ақын, жақсы жазушы болу тіпті мүмкін емес. Арғы-бергі әдебиет тарихында қай ақынның ұстазы кім болғаны жұмбақ жағдай емес. Ол жағынан тіпті өз ұлтының ақын-жазушысынан ғана емес, өзге ұлттың, бірақ адамзаттың ортақ қаламгерлеріне айналған тұлғаларынан да үйреніп жатады. Біреуден оқып үйренуде шекара жоқ. Маркестің Хемингуэйден, Мо Яннның Фолкнерден, жапон жазушыларының Достоевскийден үйрендік дегендері соған мысал бола алады. Жарасқан өзі де Тагордан, Пушкин мен палестина ақыны Муин Бсисудан да көп нәрсе үйренген деп ойлаймын. Оның «Перзент парызы» кітабы алғашқы қолтаңбасынан өзгерек деңгейге өткенін анық сездіреді. Бұл жағынан оған Бсисудың патриоттық, қайраткерлік қолтаңбасы әсер еткендей.
Махаббат тақырыбын жырлауға келгенде Жарасқандай шынайы, жас кезі мен егде тартқан кезінде де бір темпераментті ұстаған ақын сирек. «Жолықтың маған…», «Жолықтым саған…» дегенді екі өлең туралы өткен жылдары бір сұхбаттасып қалғанымызда жары Нәзігүл апамыз: «Біреуін екеуміз ренжісіп қалғанда, біреуін қайта татуласқанда жазған», – деп еске алып еді. Екі өлеңде де негізгі ой – махаббат. Бірақ екі түрлі сезім. Ғашықтық азабы мен ләззаты туралы сол екі өлеңде бәрібір қимас жардың бейнесі бар. Жарасқан музасына бүкіл шығармашылығымен адал. «Ат айналып қазығын табады, Жарасқан айналып Нәзігін табады» деп мақалға айналып кеткен ақын достардың арасындағы әзіл сөздің түп төркіні шындық. «Шығармашылық өмірбаянды түсіндірмейтінін» де еске сала кетейік. Өмірдегі Жарасқан мен өлеңдегі Жарасқан екі түрлі болуы мүмкін. Бірақ ақын жаны – бір. Ол өзгермейді. Өзіндік принциптеріне адал…
«Мұнша неткен ашық едің, таныстарың көп пе еді,
Бәрі сенің жақының ба, досың ба сөз аттамас?
Еһ, жаныңнан сол бір жігіт неге ұзақ кетпеді,
Сеніменен көңілдес пе – меніменен бақталас?
Саған әзіл айтқанында тұрды екен ол нені ойлап,
Сені әбден мәз қылды ма, менен маза кетірді.
Сенің нәзік саусағыңды тартқыласа ол ойнап –
Мына менің жүрегімді жұлқып жатқан секілді!..», –
деген өлеңмен «Өзіңсіз Гүлім, Нәзігім – өмірлік темірқазығым» дегенге дейін ақын бір ыстық сезімінен айырылмайды. Оның лирикасындағы осы нәзіктік ешқашан жоғалған емес. Тіршілікте көз ұрмай, жасырын тұрған дүниелерді бәрінен бұрын байқап қоятын ақын жаны қашан да сергек. Тұңғыш ұлы мектепке барғанда жазған өлеңінде де былайғы жұрт аса назар аудармайтын мүліктен үлкен философия табады.
…Жақындай бере:
– Ал, енді,
Тоқтама, – дедім, тарт! – дедім!
Шапқылап ала жөнелді
Арқалап шағын портфелін.
Емірендім сол сәт, егілдім,
Сезінсін қайдан сотқарың:
Алғашқы жүгін өмірдің
Арқалап бара жатқанын!..
Көп ақындар стихиялы түрде дамиды. Өлеңдері де солай жазылады. Алдына мақсат-меже қойғандарымен тақырып жағынан бір жүйеге бағынбайды. Ал Жарасқан жүйелі даму жолын алдын ала белгіліп алған, сол тәртіппен жазған ақын. Бұл жағынан ол Қадыр сияқты. Үнемі жұмыс істеп, тоқтаусыз жазумен болған. Жарасқанның осы ақын ағасын жақсы көргендігі төрт-бес арнайы мақала жазғандығынан байқалады. Басқалары туралы біреу, екеу жазса, Қадырға о жағынан жомарт. Және ерекше құрметтейді. Жүйелі жұмыс істеу ең бірінші әдебиетке деген адалдықты түсіндіреді. Көркем сөзді сауда, не атақ-абырой үшін пайдаланудан аулақтықты көрсетеді. Бұлай жұмыс істеу бір жағынан жемісті болса, екінші жағынан белгілі деңгейде жасандылыққа, дабыра декларацияға ұрындыратын сияқты. Соңғы кітабы – «Құлпытасындағы» Алаш арыстарына арнаған эпитафияларында осы нәрсе байқалады. Бұл ақындық қуаттың сарқылғандығы емес, поэзияның кейде публицистикалық сипатқа да ие екенін дәлелдеу деп ұқтық.
Жарасқан поэзиясында тұтас өмір бар. Шыр етіп дүние есігін ашқаннан ақырғы өлең жазғанға дейінгі аралықтағы барлық көрініс шығармашылығының өне бойынан оңай аңғарылады. Әке-шешесінің қазасынан қабырғасы қайысқан ұлдың зары, жастай шетінеген баласын жоқтаған әкенің мұңы, ғашығына қосылған жардың шаттығы, досына сүйінген ер жігіттің мерейі мен сатқындық көрген жүрек арызы, бәрі-бәрі ақын поэзиясында сайрап жатыр.
Кей-кейде ешкімде жоқ қуат дарын,
Оңаша ой сапырам,
Күй ақтарып!..
Еріксіз салады еске ертеңімді
Әр өлең – ақырғы өлең сияқтанып…
…Қалай да жанарыммен қатар сөнбе,
Тамшы бол тарыққандар татар шөлде!
«Өмір!» – деп өрекпіген жүрегімнің
Жан даусы жаңғырып жатар сенде…
«Ақырғы өлең» деген осы жырында Жарасқанның өз шығармашылығы туралы бар ойы жатқандай. Біз білмейтін бір күні ажалдың кеп алқымнан қысатын сәтін күту ақын жүрегіне қаншалықты ауыр. Соңғы кітабын «Құлпытас» немесе «Екі дүние: фәниден бақиға дейін…» деп қоюының өзі ақырғы демге дайындық болса керек. Ешкім қашып құтыла алмайтын өмір заңы, өлім ақиқаты бәрін шешеді. Бәрін өзгертеді. Жарасқан поэзиясын тұтас қарап отырғанда иерархиялық саты бар. Алғашқы өлеңдері махаббат туралы, одан кейін азаматтық, перзенттік борыш, соңына таман замандас-үзеңгілестеріне арнаған жоқтаулары, одан кейін Құдайға жақындау бар. Соңғы жазғандары: эпитафиялар мен «Түркістанға тағзым». Сонда бір ақиқатты іздейді. Оны өзінше табады. Жас кездегі кейбір ойларынан қайтқан, байсал тапқан, дүниеден тұрақ көрген ақынның сөзі бар.
Ақын поэзиясына еніп кетсек, одан жақында шыға алмасымыз анық. Өмірінің соңында жазып, аяқтай алмай кеткен бір мақаласында: «Мұқағали Мақатаев «Дала, сенің ұлыңмын» деп аталатын кітабымды оқып шығып: «Бала, сен слишком мастер болыпсың. Блок: «мастер бола бастағанымды білдім де, біраз уақыт өлеңді қойғым келіп жүр» деген емес пе? Осыны түсінбейді қызталақтар!» деп, артынша «Әлгі қызталақтардың ішінде сен жоқсың» дегенін еске алатын. Ағалы-інілі екі ақын да негізгі сөзді алғаш айтылғанда-ақ түсінген шығар…
***
«Менің негізгі стихиям – лирика, балалар поэзиясы. Эпиграмма жазатыным және бар. Осы кезге дейін менің сынымнан солар зардап шегіп келді. Қалайша дейсің ғой. Батыс киноларында соттың, адвокаттың сүйікті қызын, не жалғыз баласын айыпкерлер ұрлап әкетіп азапқа салып жатады емес пе?! Дәп сондай! Мен сын жазған бойда түк жазығы жоқ жап-жақсы жинағым сойылға жығылды. Соларды аяймын…», – дейді ағынан жарылып. «Тура би трибунасынан» ақ сөйлеп, адалына жүгінген ақын сынын бүгінгі замандастары сүйсіне айтады. Балалар поэзиясы туралы да, үлкен-кіші замандас қаламгерлер туралы да жазылған сын мақалаларынан Жарасқанның көңілге көп қарай бермейтіндігін аңғарасың. Жақынның да, алыстың да шығармаларын талғаммен таразылап, әділін айтады. Бір шумақ қазақ түгілі орыс ақындарынан ұрланып қойса, соны байқап қояды. Әбдірахман Асылбектің бір ертегісі туралы пікірі – Жарасқанның әділетті мінезі. Жарасқан айтқан әдебиеттегі дерт, өзін-өзі таба алмаушылық әлі күнге күн тәртібінен түскен емес. Сірә, бұл қаламгерлер үшін мәңгілік мәселе болса керек. Тағы бір пікірін келтірейік. Бұл дәл бүгінгі күні өзекті тақырып. «…Әдетте «ізденіс» дегенді әлемдік әдебиеттің түкпір-түкпірін шарлап, төл поэзияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын «измдер» иіріміне түсу деп ұғатындар бар. Мен осындай ұғымнан орнықты дәйек таба алмай, өз қабілетін тұншықтыруға аз-ақ қалған, сөйтіп, болымсызға бой алдырып, жүйке-жігерін тұшымсызға тоздырған, онысы ізін қуғандарға ірі сабақ болардай үш ақынды айрықша атап өтер едім… Олар – Өтежан Нұрғалиев, Сәбит Баймолдин, Аян Нысаналин… Бұлар бағзыда жаңағыдай жалған жаңашылдықты бүркемеленіп, жеңіл эффектімен жылдар бойы өздерін-өздері алдамағанда, қазіргісінен қыруар еңбек тындырар қалам иелері екеніне ешкімнің дауы жоқ. Өкініштісі…».
Бүгінгі күні де поэзиямызда да, прозамызда да әлемдік әдебиеттің қалыптарын әкеліп, «жаңаша» жазуға талпынып жүрген замандастарымыз бар. «Әдебиетті топырақ жасайды ғой» деп еді бір ақын ағам топтасып жүргендерді көріп. Сол сияқты, көшіріп әкелінген дүние жанымызда шықпаса, санамызға сіңе қоймайтынын алғаш айтқан осы Жарасқан-ау…
Одақ көлемінде танылуға, әлемдік әдебиеттен алған орнымызға көп қызыққаны байқалады. Ақын өлеңдері жалықтырмайды дедік, бірақ ақын сындары жалықтырады. Коммунистік идеяда жазылған өлеңдерді оқығымыз келмегеннен кейін бе, оған жазылған сынға да қызықпаймыз. Қызығатынымыз – Жарасқанның тура билігі…
***
Эпиграммалары арқылы минипортрет жасауға Жарасқан шебер. «Әкелерге наз», «Ағаларға уәж», «Он жас – ол да құрдас», «Бес жас – бел құрдас», «Құлын-тайдай тебіскен» деп жастары бойынша бөліп алып, әр кейіпкерінің әдетін, мінезін өте дәл ашады. Ешкімді аяп жатпайды. Біреуден қорықпайды. Әбділда Тәжібаевқа, Ғафу Қайырбековке, Тұманбай Молдағалиевке, Мұхтар Мағауинге, М.Шахановқа, Асқар Сүлейменовке, Шөмішбай Сариевке жазған эпиграммаларынан бір жасқанып қалғанын байқамайсыз. Жалпы, қай-қайсын да оңдырмайды. Есенғали айтпақшы: «Дұрыс істеген!». Әдеби ортада жазған мақалаларынан гөрі, тауып айтқан сөздері көп айтылатын Асқар Сүлейменовке бүй дейді:
…Бірде сын айтып, бірде әзіл,
Артамыз үміт жылма-жыл.
Асекең барлық жанрда
Ауызша жазып жүр қазір…
Құлын-тайдай тебіскен Шөмішбай досына былай депті:
«Әдеби көштің әулетін сынап жүрсің сен!
Формасы – Пушкин,
Мазмұны – сұрақ… кімсің сен?».
Он жыл бұрынғы уақыттың осы сұрағы
Оның бүгінгі күн тәртібінде тұр әлі!
Оның эпиграммалары әдеби ортаға, журналистер арасына тез тарап кетті. Өлеңдерінен де осы қауым ішінде тұрақты тіркес ретінде, мәтел ретінде шарлап жүргені қаншама. Өз буынының «Соғыстан соң туғандар» аталуының себебі де – Жарасқан өлеңі еді ғой.
***
Жарасқан әлеміне қайыра үңілгенде құпиясын жаңа ашқандай күйге түстік. Өлеңге адал, достыққа берік, сынға әділ һәм қатал Жарасқан бейнесі бізді өзіне баурай берді. Сірә, Жарасқандай көп ешкім бауырына баса да алмас. Жарасқан дүниеден ең алдымен ақын боп өтіпті. Жаны сүйініш тапқан асылын ардақтап, кейіген сәттерінде запыранын жырға төгіп, айналасындағы жаратылыс атаулыны ғазалына бөлеп, «көтеріп иығын асқақ» бізбен қоштасқан екен.
Қилы да, қилы құбылыстарды жан сезген,
Кірісу керек, қалса да кеулі қанша езден!
Кірісу керек Жақсылық үшін бас тігіп,
Әр өлеңменен,
Әр шумақ, әр жол,
Әр сөзбен!
Жақсылық үшін бас тіккен жан өлмепті. Абай бастаған салқар көштің ішінде Жарасқан маңдайы жарқырап, болашаққа көшіп барады. Оның арқасында өз заманынның сұлу да, сұрықсыз портреті бар. Оның қоржынында қазақ сөзінің мәйегі бар. Арманы, махаббаты, тағдыры – аяулы жүрегінде.
Уақыттың әміріне бағынып, халқының бүгінгі тіршілігімен қатарласа «ақын кетіп барады…».