Тынымбайға сыйлық бермегендері өте ұят болды

Бағашар Тұрсынбайұлы

  • 05.11.2020

«Жаңа Алаш» ютуб арнасына Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Темірхан Медетбек сұхбат берді.

19 жасында Алматыға келіп, Әбу Сәрсенбаев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы сынды әдебиет айдынының белгілі тұлғаларының батасы мен сәт сапар тілегін алған ақын поэзия табалдырығын сенімді аттады. Темірхан Медетбектің поэзиясы қазақ әдебиетінің көрікті, шырайлы алқабының бірі. Ақын қаламынан туған «Көк түріктер сарыны» еңбегі – күллі өлең өлкесіне құбылыс болған, айырықша кітап. Өзінен кейінгі буын баға, бағыт беруде де қаламгер жомарттық көрсетті. Бұл сұхбатта ақын өмірінің әр кезеңдері, бүгінгі жас ақындарға көзқарасы, соңғы жылдары дау тудырып жүрген Мемлекеттік сыйлық та сөз болды.

Аға, Маңғыстауда 25 жыл тұрдыңыз. Өзіңіз оңтүстіктің адамысыз. Маңғыстаудағы ағайындардың мінезі, менталитеті сізді өзгертті ме?

– Өзгертті. Адам өзгерем деп, өзгермейді. Солардың даусынан бастап, жүріс-тұрысы, тура айта салатындары әсер етеді. Жұғады. Олар доғалдау сөйлейді. Бізде әдемілеп, тігісін жатқызып, жұмсақ айтады. Оларда «көрерміз» деген алып-қашпа сөз жоқ. «Болады, болмайды, қолымнан келеді, келмейді» деп тура айтады. Еркін айтады.

Мәселен мен қызметтік көлік мініп жүрдім. Шопырым болды. Кейде ақтарылып, төгіліп, біреуге артық сөйлеп қойсаң, «Ей, шал, сенің ана шаруаң дұрыс болмады. Оныңыз ұят емес пе?» деп айта салады. Жасырып, бұқпантайлап отырмайды. Ол жігіттермен қазір де араласамын. Бірнеше мәрте құда болдық. Құда мыңжылдық дейді ғой. Олармен сол араласып өтеміз.

– Сол мінез бойыңызға сіңіп Алматыға келгенде әдеби орта қалай қабылдады?

– Бір шындығыңды айту деген, Бағашар, оңай шаруа емес. Тұрмыстық дүниеде айта бересің. Көріп тұрған шындығымды мен айтамын. Жұрттың бәрі біледі, бірақ ұнай бермейді. Менің жекелеу, бөлектеу жүруімнің себебі сол болуы мүмкін.

– Ондай мысал болды ма?

– Бір үлкен айтыс болды. Мұхтар Құл-Мұхаммед «Атамұраның» бастығы, ол кезде қызметке бара қоймаған. Үлкен айтыс жасады. Мұхамеджан, Аманжол бастаған мықты ақындардың бәрі қатысты. Бастығы Мырзатай Жолдасбеков болды.

Қуаныш деген қарағандылық ақын болды (Қуаныш Мақсұтов – Б.Т.) Естеріңді жоқ шығар. Өзі салдырлап сөйлейді. Өлеңі де кедір-бұдыр. Қара матаға ақ жіппен тікендей адырайып тұрады. Ұйқастары да жан-жаққа қашыңқыраған. Сол жігіт Мұхамеджанмен айтысты. Мұхамеджан оған сұрақтар беріп еді, ол сұраққа адырайтып, шашыратып, бірақ бәріне жауап берді. Біз өзіміз күтпей қалдық. Қазылар алқасында Ақселеу, Әшірбек Сығай, Бекболат бар. Қазылар да кіл мықты жігіттер. Бәріміз жеңісті Қуанышқа бердік.

Арасында бір үзілісте шәй ішкендей, Мырзатай бәрімізге ұрысты. «Сендер, давай, қойыңдар» деп. Қарсы сөз айтылып еді, «Сендер балағыма жабыспай қойыңдар» деді. Одан кейін мен қарасам, ешкім ештеңе демейді. Ұрысқан адамға сіз деп тұрмайсың. «Әй, сен не айтып тұрсың. Балаққа неге жабысамыз? Жабысатын саған қанденбіз бе? Біз – төбетпіз. Қазір алқымыңнан аламыз» дедім. Бадырайып, өмір бақи ондай сөз естімеген болуы керек, отырды да қалды. Содан Құл-Мұхаммед сөйлеп, тоқтатып, үйтіп-бүйтіп, табыстырған болды. Бірақ ішімізде әлі күнге дейін қалды. Ол кісінің де ішінде бар шығар, менің де ішім де бар шығар...

Артық кеткен кездерде шыдап тұра алмаймын. Ал өмірде, кішкентай нәрселерге айта бересің ғой.

– Ең қиыны сол ғой.

– Иә, мәселен, Олжасқа. Олжастың 70 жылдығы болады деді. Университетте кездесу екен. Оның алдында жүргізесіз бе деп хабарласқан. Мен өмір бақи Маңғыстауда жүрген адаммын. Қанша одақта істесе де, кабинетіне кірмеппін, алдына бармаппын. Бір шәй ішіп көрмеппін, сөйлескен адамым емес. Оны жүргізетін тек Ұлықбек болуы мүмкін дедім, сұрағанда. Бірге қызмет істеген. Соның ішінде жүрген.

Ұлықбек жүргізді. Бірақ бізге сөз берді. Иманғали Тасмағамбетов, Сейдахмет Құттықадам, Мұрат Әуезов бәрі келді. Жүрсін Ерман, Есенғали Раушанов, мені сахнаға шақырды. Менің жасым үлкен, бірінші сөйледім. «Олжеке, сіз әдеби ғана емес, атыңыз алтын әріппен жазылатын тарихи адамсыз. «АЗиЯңыздың» өзі неге тұрады. «Невада-Семей» қозғалысы неге тұрады. Сіз тек ақын емессіз, лингвиссіз. Солай бола тұра, орыс тілі зардап шегіп жатыр, орыс тіліне зиян келіп жатыр, орыс тілін біз сақтауымыз керек деп жазыпсыз. Ал қазақ тілінің проблемалары көп дейсіз. Проблемасы жоқ тіл бола ма? Өлі тілде ғана проблема болмайды. Латын тілінде, мысалы, проблема жоқ. Өйткені, өлі тіл. Ал тірі тілдің бәрінде проблема бар. Сіз соны біле тұрып айтатыныңыз не? Қазақ тілінің проблемасы ешқашан жойылмайды. Ағылшын тіліннің де солай» дедім.

Сол сөзіме басқасын білмеймін, Мұрат Әуезов пен Иманғали Тасмағамбетов екеуі өте қатты риза болды. «Осылай-осылай Олжекеңді өзімізге қайтаруымыз керек. Осылай айтылу керек» деді.

Кейде сондай қасиетімнің ар жағынан жақсы қарым-қатынасым да, жақсы жағдайым да туып жатты. Кейде опық жейсің.

– Сіз өлеңмен қатар сынды да, публицистиканы да қатар алып жүрдіңіз. Тоқсаныншы жылдары әдебиетке келген буынға алтынкөпірліктер деген ат бердіңіз. «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан кейінгі жас ақындар туралы мақалаңызды да оқыдым. Қазір жастарды жіті қадағалап оқисыз ба?

– Мүмкіндігінше. Интернетті қарамаймын. «Жас Алаш» пен «Қазақ әдебиетіне» шыққан өлеңдерді қадағалап оқимын. Жарқ етіп жатқан ешкім жоқ, бірақ күтемін. Көңілімді көтеріп тастайындай өлең өте сирек. Жақсы жазатын жігіттер – бір жалқау. Неге екенін білмеймін. Алтынкөпірліктердің ішінде қандай талантты жігіттер бар. Бірақ белгілі бір деңгейге келіп, жұртты мойындатты, содан ары жаңа бір өріске, басқа бір соқпаққа, соны бір жолға түсудің орнына – сол қалпында қалып қойды. Мен соған қарным ашады.

Өмірі ізденіс болмағаннан кейін, жан-жағына қарап, тірнектеп білім жинап, жаңа тақырып іздеп, жаңа сезімдерге бөленбегеннен кейін тып-типыл, тып-тыныш. Ал тыныштықты шығармашылық көтермейді. Ішің аласапыран болып тұруы керек. Дүниенің бәрі тып-тыныш боп тұрса, сенің ішің – аласапыран. Неге дүние тып-тыныш деп. Неге дүние тырп етпей отыр деп. Аптап, ыстық, аяз, боран, бұрқасын тұла бойыңда жүріп тұруы керек. Ол үшін қайрат керек, күш керек. Менің өлең жазбай жүргенім жаңағыдай құбылыстар жоқ. Бұрынғыдай емес.

– Сіздердің кездеріңізде жариялану қиын болды. Кітабыңда әзер шығатын. Қазір газет көп, сайт көп. Осының де әдебиетке кері әсері жоқ па?

Жарияланудың қадірі кетті. Өлеңнің қадірі кетті. Өлеңді умаждап, қалай болса, солай жазып апарып берсе, сол күйінде жариялайды. Оны екі шұқып, бір қарайтын редакциялардағылар салғырт. Оның үстіне сондай бір жақсы жырлар келіп те жатқан жоқ. Басылымдар көп. Ешқандай газетте шықпаған өлеңдердің өзі кітап боп шығады. Баспаларға ақша төлесе болды. Осының бәрі жақсы құбылыстар емес қой. Өте бір жайсыз, кері әсер ететін жағдайлар.

Талғам жоқ. Цензура болсын, болмасын, талғам керек. Цензураның кезінде де қандай ақындар шықты. Жұмекен, Қадыр, Мұқағали, Төлегендер шықты. Әзір сәтті, жарқ ететін айдарлы, айбарлы күндерді күтемін. Туатын сияқты. Бірақ туатын емес. Көре аламын ба, көре алмаймын ба, білмеймін.

Әдебиет бар. Талантты жігіттер бар. Бірақ бірінің көлеңкесінде бірі келе жатқандай.

– Бұрынғы кездері сын қатты айтылған сияқты. «Қазақ әдебиетінде» «Ақын ақын туралы», «Жұлдыз» журналында «Тура би трибунасы» деген айдарлар болды. Жарасқан Әбдірәш сын жазды. Өзіңізде сын жаздыңыз. Ақынсыздар. Қазір бұрын сын қалай көп шықса, қазір мақтау солай көп айтылатын сияқты. Асыра бағалау бар ма?

– Дұрыс айтасың, асыра бағалау бар. Өзім интернет қарамаймын дедім ғой. Бірақ  жұрттан естимін. Құлағым, көзім бар дегендей. Бір өлең жазып алып, бір-бірін классик дейтін көрінеді. Біреу сынаса, бәрі жабылып, ит тартқандай қылып, быт-шытын шығаратын көрінеді. Бұл жаман ғой. Талғам бұзылды.  Талғамды көтеретін таланттар өзінің талантына салғырт қарайды. Сондайда халтурщиктер басып кетеді. Білмеймін болашақта қалай боларын. Оны болжап айта алмаймын. Тәуелсіздік менің заманым еді. Бірақ оның технолгиясы маған жат екен. Талаптары басқа боп кетті. Тіпті, талап жоқ деуге болады. Баспаларда қалай болса, солай, кімді келсе, соны басатын болды. Өлең де ақшаның көкпары болып кетті. Прозаңыз да солай. Әдебиетке деген жанашырлық, мерейін өсірейін, айбарын көтерейін дейтін де жағдайлар жоқ.

Тынымбай Нұрмағанбетов қандай классик жазушы. Оны мен емес, талай адам айтады. Оған мемлекеттік сыйлықты бермей қойды. Соған беттері бүлк етпейді. Соған ешкім ұялмайды. Өткен жолы Мархабатқа (Байғұт – Б.Т) берген жоқ. Екеуі де менің құрдастарым. Сол екеуіне обал болды. Менің құрдасым болғандықтан емес. Қандай суреткер азаматтар. Олар ертең әдебиетте қайталана ма, жоқ па? Оларды қайталау өте қиын. Осы ортада жүріп, жұрттың бәрі жазып, айтып жатқанда, Тынымбайға сыйлық бермегендері өте ұят болды.

– Бұған кім кәнәлі, аға?

Оның кінәлісі жоғары жақ. Басқа ешкім емес. Жоғары жақ сондай бір механизм жасаған. Мысалы, Айман Мұсақожаева, әлемге әйгілі скрипкашы. Сол кісі әдебиет туралы не айтады? Жоғары жақ кімге дауыс бер десе, соған береді. Осындай қырық шақты, әдебиетке қатысы жоқ адам бар. Мен Айманды кінәлай алмаймын. Оған билік кінәлі. Осылай жоғары жақта жұмыс істегендер, я кімнің танысы бар солар сыйлықты алып кетеді. Ал Тынымбай, Мархабат сияқты ондаймен жұмысы жоқ, тек жазуын білетіндер қалып қояды. Олар жоғары жаққа жалтақтап, жағымпазданып өскен адамдар емес.

– Ресми ақпарат шыққан жоқ. Бірақ сыйлық алды дегендердің ішінде Ғарифолла Есім деген кісі бар. Әдебиетке қатысы шамалы. Сауытбек Әбдірахманов аталады. Журналист адам. Кезінде Пушкиннен докторлық қорғаған. Осындай адамдардың әдеби бәйгеге ортақтасып, сыйлыққа түсулерін қалай қабылдайсыз?

– Сен Мырзатай Жолдасбековті айтпай отырсың.

– Иә, Мырзатай Жолдасбеков бар.

– Осы кісілердің бәрі әдебиетші емес, жазушы емес. Асып кеткен де сыншылығы жоқ. Сауытбектің Әбіш туралы жазғанын құп көремін. Дұрыс. Жазсын! Қасында ұзақ жыл жұмыс істеді. Бірақ оның алатын орны жоқ. Ол басқа бір сыйлық алу керек.  Мәселен журналистерге берілетін сыйлықты. Әбіштің айтқан сөздерін келтіріп, соған түсініктеме жазып, соған өзінше ой толғап, айналасында кете береді. Яғни, ол Әбіштің атын арқалап барып алып отыр.  Әбіштің биік беделін көтеріп, соны жамылып барып, сыйлық алып отыр.

Ал енді Мырзатай, оны айтпай-ақ қояйын. Оны өзің де білесің...

– Өздерінде қандай сезім болады екейін деймін...

– Бұндай мәселелерді жазушылар одағымен бірлесіп істеу керек. Олар жазушылар одағын ысырып тастады. Ақылдаспайды. Жазушылар одағының бұрынғы басшылары тікелей араласатын. Ертеде, Кеңес одағы кезінде. Бұлар қазір араласпайды. Қазір жауапты хатшылары өздері шешеді.

– Бір сөзіңізде, жаратқан берген қайратты қоғам игілігі үшін сарқа пайдалану керек депсіз. Өзі мүмкіндігіңізді, қайратыңызды сарқа пайдалана алдыңыз ба?

– Сөз айтқанда жақсы ғой. Өте бір жақсы сөз айтқан екенмін (күліп). Бірақ мен сарқа пайдаландым деп айта алмаймын. Тоқсан том жазған Толстойдың өзі олай айтпаған. Ол мүмкін емес.

– Әңгімеңізге рахмет, аға. Алдымызда қарайып, біз бой түзейтін ағаларымыздың бірі боп, аман жүре беріңіз.

https://www.youtube.com/watch?v=BvMZk8GhLQI&t=2727s

Байланысты жаналықтар

Президентке  ашық хат.  Ар-ұятына кір жұқпаған жазушы бар.

10.05.2023

Белгілі жазушы Мархабат Байғұтты ақтық сапарға шығарып салды

27.11.2022

Ринат 10 жыл бұрын Сатыбалды мен Назарбаевты қалай мақтады?

02.08.2022

Мақтау жарысының жеңімпаздары неге үнсіз?!

20.01.2022

Ақындар жүрегіндегі Алматы

14.01.2022

Айғайлап шақырдық. Жазушылар одағынан ешкім шықпай қойды

13.12.2021
MalimBlocks
Президентке  ашық хат.  Ар-ұятына кір жұқпаған жазушы бар.

Редакциямызға бір топ ақын, жазушының атынан мемлекет басшысының атына ашық хат келіп түсті. Олар Жазушылар одағына жаңа басшыны ұсыныпты. Жазушылар одағының сайланбалы төрағасына президенттің не қатысы бар екенін түсінбедік. Дегенмен қоғам назарына хат мәтінін жариялағанды жөн көрдік.

Белгілі жазушы Мархабат Байғұтты ақтық сапарға шығарып салды

Бүгін қаралы топ белгілі жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұтты ақтық сапарға шығарып салды.

Ринат 10 жыл бұрын Сатыбалды мен Назарбаевты қалай мақтады?

Кешелі бері Ақсуаттағы айтыстағы Зайытов пен Байтуов жұбы хит болып жатыр. Жұрт "Ринат шындықты айтты" деп шулап жүр. Ол қандай шындық деп, айтысты арнайы көрдік. Адамның сөзі заманмен бірге өзгере береді екен.

Мақтау жарысының жеңімпаздары неге үнсіз?!

Елге кітаптары мен мақалаларында жазылған «даналық сөздерін» айтпай ма?!  Жоқ, әлде  Мырзатай айтпақшы, «Баянды бақыт уақытының» келмеске кеткеніне  өкініп жатыр ма?! 

Ақындар жүрегіндегі Алматы

Алматы – қазақтың жаралы жүрегі!  Желтоқсанның ызғарлы күндерінде жаураған қала отыз жылдан соң «қаңтар трагедиясын» бастан кешірді. Бәрі де суынған жүректің даты, елдің жан сөзі! Ал қазақтың жаралы жүрегін кім емдейді?!

Айғайлап шақырдық. Жазушылар одағынан ешкім шықпай қойды

Желтоқсан фотосындағы тұмақ киіп тұрған жігіт бұрын-соңды сұхбат бермепті.  Malim.kz сайтына себебін айтты.