Құдіретті жырдың құндағы

Malim Админ

  • 09.02.2021

Мұқағали Мақатаев...

Тарих тұрлауына айналып бара жатқан жиырмасыншы ғасырдың рухани кеңістігімізге тарту еткен осы бір ұлы есімі тіліміздің ұшына оралған сайын, халқының жүрегіне өлшеусіз терең бойлап, елінің шексіз махаббатына бөленген, айдыны кең, асқары биік алып Жырдың ұлан-ғайыр кеңістігі сана төрінде жаңғырары даусыз. Өйткені бұл есім бүгін де жан мен жүрекке азық болар қуатты жырдың қазақы баламасына айналып, халқының өміртану болмысымен бірге біте қайнасып кетті. Қайда барсаңыз да Мұқағали Жырының алдан шығары хақ. Қалаға да, далаға да ортақ, ханға да, қараға да бірдей, көңіл ауанын тап басып айтуда дәл Мұқағалидай жеңіске жеткен армансыз ақын кемде-кем...

Мұқағали – өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы ұлттық мектептеріміз бен ұлы дәстүрлерімізді жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытан, тереңдеткен қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан жиырмасыншы ғасырдың санаулы саңылақтарының санатынан, Әбділдә Тәжібаевтың сөзімен айтқанда, «қазақ поэзиясының асыл қазынасын өз жырымен молықтырған», «заманымыздың ғажайып ақындарының бірі», ақынның өз сөзімен айтқанда, «күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарған» ерен Жырдың жаратушысы, ұлы тұлға, ұлы ақын.

«Поэзия!

Менімен егіз бе едің

Сен мені сезесің бе,

                            неге іздедім?

Алауыртқан таңдардан сені іздедім,

Қарауытқан таулардан сені іздедім.

Сені іздедім кездескен адамдардан,

Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан,

Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,

Сені іздедім жоғалған замандардан...

...Сені іздедім.

Іздеймін тағат бар ма

Сені маған егіз қып жаратқан ба?!» –

деген түу алыстан, ғарыш төрінен талып жетер ғайыпберен сарындай, тумысы бөлек, арыны қатты, тамыры терең жолдарды қайыра оқып, қайта електен өткізе отырып, еріксіз тебіренесіз. Ақын рухымен тілдескендей боласыз. Алып Жырдың жаратылысын, жаңа қыры мен сипатын танығандай күй кешесіз...

Өмірдің өзіндей қым-қуыт мінезді, алуан-алуан бояулы, қуанышы мен қайғысы, көлеңкесі мен күнгейі, шаттығы мен мұңы қатар өрілген, адам баласына тән толқу, тебірену, сезіну, ойға бату, мұң кешу, табиғат сұлулығы мен жаратылыс мазмұнынан үйлесім іздеу; адам жанының терең сырлы қатпарларын зерттеуге ұмтылу, тануға құлаш ұру; туған халқының тағдыр-талайын, бары мен жоғын екшеу – сыры мен жұмбағы мол ғаламмен сыралғы досындай қатар тұрып тілдесу, жан әлдилер жарындай ақ жарыла сырласу бақытына айрықша ие болған Ақынның Үні ғой бұл.

Уақыт өткен сайын ұлғайып, кеңейіп, зорая түскен осынау киелі де құдыретті Жырдың кеңістігін еріксіз кезесіз, қызыға шарлайсыз. Өлмес жырлардың шуағына, нұрына шомыласыз. Қуанасыз, мұңаясыз, өкінесіз, қайғырасыз, күрсінесіз, түршігесіз, толқисыз... Толқисыз да:

«Соқ, соқ, жүрек!

Соқ, жүрек, қозғал миым,

Ми қозғалмай, ойды да қозғау қиын.

Жырсыз өмір – мен үшін тозған бұйым» –

деген Мұқағали ақынның жүрекжарды сөзіне сенесіз, иланасыз.

Нені жазса да күйіп-жанып, өртеніп жазатын, нені айтса да өзегінен жалын бүркіп айтатын, оқырманын ойымен баурап, сөзімен жадылап, қайталанбас халықтық кең тынысымен шалқытып, тәңір сипатты тектілігімен аспандата көтеріп әкететін өлең мен жырдың осынау телегей-тасқын әлеміне сүйсіну мен таңқалу, қызығу мен табыну ғана жарасатын тәрізді.

Ақын кеңістігін армансыз кезген оқырман жаны күйзелу, күйреу сезімінен гөрі арылу, тазару, өзін-өзі тану процесін көбірек бастан кешеді. Дүние дейтін алып жүректің кардиограммасы поэзия түрінде, муза тілінде сөйлей бастайды. Мұқағали ақын ұсынар қазақы бейнелеулер адамдық ойлау мен әлемдік ойлау биігіне көтеріледі. Мыңдаған жылдар бойы «жоғалған замандары» мен күйреген қамалдарын, құм басқан қалалары мен мұң басқан даналарын бауырына басып, бұйығып үнсіз жатқан салқар сахара, сағымды таулар бір сәт өре түрегеліп, өлең болып, өріле құйылып жатқандай көрінеді.

«Не келіп, не кетпеген бұл ғаламнан,

Су тартылған теңізден, жылғалардан.

Нелер ұрпақ аттанған қуған арман.

Не бар дейсің өмірге тұлға болған

Не келіп, не кетпеген бұл ғаламнан.

 

Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?

Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.

Менің жаным ашиды мына өмірді,

Өтпейтіндей көретін адамдарға!..

 

...Бәрі өтуде,

Күн батып, кеш кіруде,

Жаңаруда дүние, ескіруде.

Болашақтан – Бейтаныс ұрпағымыз,

Босат деп тұр орнымды,

Естідің бе?!.»

Ескінің жаңаға ығысып, орын беруі, жаңаның жарқырап, көзге түсуі – «Айдың – толғанында жігіттің болғанында» жұрт назарын өзіне бұруы – жанды құбылыс! Тарих пен жаратылыстың мәңгілік тұрпатын айқындар жасару – жаңғыру, алмасу – жалғасу дейтін дүниелік қозғалыстар көзін қазақы ұғымдар аясында толғай отырып, жыр деңгейін кез келген жұмыр бас пендеге ұғынықты, жалпы адамзаттық ұлы биікке көтере жырлау дегеніміз осы емес пе? Мұқағали ақынға ғана жарасар ой өру мен сөз өрудің мектебі ғой бұл. Төркінінде ұлы қасіретпен тегеурінді тектілік жатқан Жыр дүниесінің оқырман жүрегін уақыт өткен сайын жаулай түсуі де сондықтан.

Мұңының астарына парасат ұялаған, сырының айдынында күрескерлік Рух бебеулеген, жеке басының жан толқынын жалпыхалықтық телегейге айналдыра алған ақынның отыз жылға толар-толмас шығармашылық ғұмырына ой көзімен қараған жырсүйер қауымның бұл жайлы аңғармауы мүмкін емес... Ақын қуанса, ағынан жарыла шын қуанып, мұңайса, таусыла шын мұңаяды. Өтірік мүләйімсуге, жалған жалбалақтауға жаны қас. Осы бір суреткерлік кредо оны әркез ұстараның жүзінде ұстайды... Арғы-бергі әлемнің ұлы ақындарына тән жыр жаратудың осынау қиямет-қайым үлгісі Мұқағалидың бағы да, соры да болғанын байқаймыз. Бағы – өлмес жыр жаратқаны. Соры – өз қоғамы мен өз ортасына сыймай, қасірет кешкені. Бағы – өтірік өлең жаза алмағаны. Соры – тапқан-таянғаны отбасын асырауға жетпей, өмірінің қиыншылықта өткені. Бағы – ойлау мен өлең өрудің теңдесі жоқ классикалық, әлемдік биігіне көтерілгені. Соры – соны дер кезінде өз замандастарының бағалай қоймағаны...

Бағаласын-бағаламасын, танысын-танымасын, өзіне, өзінің қайталанбас ақындық тағдырына іштей қалай сенсе, ол әр жырының ертеңіне, әр өлеңінің болашағына, туған халқының танымпаздығы мен жасампаздығына солай сенген. Мына ойы терең, өрімі өзгеше жолдар соның дәлелі емес пе?

«Біз деген, досым,

Тағдыры қызық халықпыз.

Халықтың өзі қорғасын құяр қалыппыз...

 

...Білгендер білсін,

Білместер мейлі білмесін.

Қолдасын мейлі,

 қорласын мейлі,

 күндесін.

 Қара тастан да мейірім күткен ақынды

 Қатыгез жандар ашынтып алып жүрмесін.

 

 Антейміз біздер,

 Жеріміз біздің – халық-ты.

 Халықсыз біздің Антейлігіміз қауіпті.

 ...Жұртына тастап кетпесе болды көшкенде,

 Берендері үшін қорғасын құйған қалыпты» –

деген жолдарды қалай толғанбай оқуға болады? Көне грек мифологиясының алыбы, қуаты мен құдыреті қара жер болған орасан күштің иесі – Антейді Геркулес айласын асырып, жерден көтеріп алып буындырып өлтірген деседі... Ақындық тағдырды сол Антейге балаған Мұқағали өз қуаты мен құдіретін халқынан, халқымен бірге болар тағдырынан, халқына деген сенімнен іздейді. Бақ пен сордың ұлы майданында жүріп, сол сенімін, сол үмітін ол ешқашан үзген емес... Әрине бұл «майданда» оның қуанған сәті де, торыққан кезі де, адасқан тұсы да болды. Соның бәрі өрттей ыстық өлең болып өрілгенін, жыр болып төгілгенін көреміз...

Әрі-беріден соң ақынды ақын етіп жасаған да, ақынның әр жолын, әр шумағын мірдің оғынай етіп қашаған да осы бақ пен сордың тайталасы ма дейміз? Мына пенделік пен періште-тірлік қатар өрілген күрделі дүниеге өз замандастарының көбінен өзгеше қараған, жаратылысы бөлек адамның жанашуы мен жанайқайының айқын да айбынды көрінісіндей болған жалынды жырларынан осыны аңғарамыз. Адамдар әрекетінен адалды таба алмаған пенденің Толстойшылап дүниені тәрк етуге бел бууы, адам жанын арашалар жалғыз жолды тек жырдан тауып, жырға ғана өзін-өзі байлауы, бағыштауы онсыз да күрделі пендуи тірлігін өз қолымен өзі күрделендіріп жіберуі – сол бақ пен сор майданының жемісі... Мұндай сәттерде ұлы Абайдың «Алланы өзі де рас, сөзі де рас» деп ұлы жаратушыға бұрылғанын, Мағжанның «Тәңірім бе, әлде байғыз ба? Тәңірім болсаң кел бермен. Қолымды көкке жайғызба!» деп белгісіз ұлы күшке жалбарынғанын білеміз... Ал Мұқағали ше?.. «Құдай        жоқ, екінші дүние жоқ. Қызықтың бәрі осы жалғанда... Тек осы дүниеде...» деп тәрбиеленген дәуірдің перзенті болған, әкесі марқұм «ВКПБ тарихын ежіктеген» заманда мойнына пионерлік қызыл галстук байлаған ұлдың қаршадай кезінен-ақ әлдебір киелі ұғымға іштей арқа сүйеп, өсе келе:

«Өмір деген осынау майданда бұл

Қолбасы да, қорқақ та сайрандап жүр.

Өмір менен өлімнің ортасында

Кетер ме екем келе алмай байламға бір?!»

деп, дай-дай тартысқа түскен сәттерінде:

«...Періштенің қайғысын бөліспедім,

Сайтанменен болса да келіспедім.

Не істермін? Тәңір-ау, не істермін!?»

деп өзіне дейінгі ұлы ұстаздарына ұқсап ұлы Жаратушысына – Тәңіріне жалбарынуы таза Поэзияға тән құдіретті Мінез екенін енді-енді аңғара бастаған жоқпыз ба?!

Бір иығына – құдай. Бір иығына өзі өмір сүрген жиырмасыншы ғасырдың салмағы бар қуаныш-қайғысымен, кесір-кесапатымен қонған ақынның дәуірлік идеологияның көзсіз жетегінде кетіп, ұраншылыққа ұрынбауы, кезінде өзіне қаншама тірлік кешу қиынықтарын тудырғанымен, ондаған ғасырлық бай мұрасы бар ұлттық поэзиямызға орасан олжа болып қосылғанын да Мұқағали өмірден өткен соң аңғарып, мойындай бастадық қой...

Құдайсыздық пен имансыздық адам баласына жабысар аса қауіпті рухани дерт екенін сол кездің өзінде-ақ жан-жүрегімен, ой-парасатымен, зерде-зейінімен сезінген ақынның:

«Алла – ақиқат. Аллаға сеніп өтем,

Адалдық пен ақиқат серік екен.

Адаспаймын аллама сеніп өтем,

Арамдыққа баспаймын – жолы бөтен!» – деуі.

Немесе:

«Жаратушы – жалғыз ием, қуат бер,

Азабымды, тозағымды жеңейін.

Жаратушы – жалғыз ием, шуақ бер,

Өзіме де, өзгеге де төгейін», – деуі тегіннен-тегін емес. Бұл өмірдің мәңгілігін терең сезінген адамның, жұмыр бас пенденің ұлы жаратылыстың бір бөлшегі екенін бар болмысымен ұғынған жанның сөзі еді.

Жыр жазу – Мұқағали үшін ұйқас құрау ғана емес, алып табиғатпен тілдесудің, жанды жаратылыспен сырлаудың, өмір қойнауларына ой жүгіртудің, «махаббат пен ғадауаттың мәңгі майданына» өз көзқарасын білдірудің ұлы құралы. Ой мен парасат, таным мен талғам – Мұқағали поэзиясының қос қанаты. Ойы – тұнық, парасаты – биік, талғамы – таза, танымы – терең өлеңнің өрісі қашанда кең. Көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкіндігінен тыс дүниенің бәрі шынайы сезім мен асқақтық, биігіне көтерілген Жырдың ғана еншісіне тимек.

«Белгісіз элементтер миымда ойнап,

Миым қайнап барады, миым қайнап.

Белгісіз ғалымдарға мекен болып,

Өз денеме өз басым бұйырмай ма?!

 

Бұл ғаламның түбіне жететіндей,

Сұмдық-сұмдық сынаулар өтетіндей,

Мен басымнан қорқамын... Мен болмасам,

Атом-миым жарылып кететіндей.

 

Жүрген жан ем байымай, тапшысынбай,

Сарсаң болдым ертегі бақсысындай.

Басым қалды жасырын полигон боп,

Өзім тұрмын мақтаулы сақшысындай.

 

Мен басымды жасырам, жасырам кеп,

Миымдағы сынаулар басылар деп.

Мен миыма сенемін, ажал болмай,

Дүниеге шуақ боп шашылар деп!»

Міне, жұмыр жердің кез келген бұрышын жайлаған, жиырмасыншы атом ғасырында ғұмыр кешкен кез келген жұмыр бас пендеге түсінікті сезім суреті, ой кескіні!..

Ақынның алғашы өлеңі жарық көрген 1949-жылы алғашқы ашық жарылысы ұлы Абай туған киелі топырақта болған, қырық жылдан астам уақыт бойы ұлт түніне түскен жұлын құрттай жанымыз бен тәнімізді ғана емес, ұрпағымыз бен болашағымызды да қоса кемірген, ұзаққа, тым ұзақа созылған «атом» дейтін қасіретті ұғым, әсіресе қазақ халына соншама түсінікті екені айтпай белгілі. Тура айтуға болмайтын, тіл байланған кезеңде – 1970-жылы жазылған осынау батыр жырға, өз дәуірінің сұмдық бейнелеу құралдарына сүйене отырып өрілген өткір өлеңге қалай сүйсінбеуге болады?!.

«Жасырмай ойымды айттым талай-талай,

Қайтейін, кетті бәрі қарайламай.

...Айтарын ашып айтқан абайламай,

Дариға-ай,

Махамбеттер, Абайлар-ай!!!»

деп, қиялап жүріп, қиядан-қиын жол тапқан, кеңестік дәуірге – ұлт тынысын тарылтқан, ұлыс дербестігін қысқан, еркін ойлауға тежеу салынған кезеңге өкпесі мен өкінішін, өзегін шарпыған жалынын бедерлі, көркем тілмен соншама шебер жеткізген ақынға оқырман қауымның өз кезінде де, қазірде де қалай ризашылық танытқаны, танытып келе жатқаны белгілі.

Мұқағали өлеңін кең өрістерге шығарар өзгешеліктердің бірі – ақиқат кескіні мен шындық болмысын өзгеше өретін көркем сөздің, кестелі ойдың әрі қазақы, әрі әлемдік тұтастықта қолданылуы. Орны-орнымен жымдасып тұра қалар образдар жүйесінен күні кеше ғана өзіміз ауасын жұтып, суын ішкен, қуанышына бөленген, мұңына оранған дәуірдің қазақы суретін қалай тез тауып, тез танысақ, ой-қиялымызды тарих қойнаулары мен жиырмасыншы ғасыр белдеулеріне ала қашар образдар мен географиялық атаулар да солай жиі ұшырасады. Бұл әдіс дәуір тынысын танытып қана қоймай, ақынның тұлғалық бітімінің аралануына, таным талдауының галлактикалық кеңістік айдынына ұзап шығуына айрықша үлес қосады. Ақын өліммен күресіп, ажалмен алысқан сәттерінің өзіне «сылдыраған» сөз бен «құлдыраған» мұңның қорығында тұншықпайды. Жанымен беріле сырласады. Ең қадірлі, ең киелі ұғымдардың өзін әлгі «әрі қазақы, әрі әлемдік» сипаттарға жүгіндіреді.

«Өкінішті...

Мына құрғыр сырқаттың беті күшті.

Жүрегім көтеріліс жасап жатыр,

Бұзбақ болып кеудемде бекіністі.

Өкінішті...

 

...Не істемекпін?

Жаным-ай, саған шипа істемек кім?!

Жаралғанда бүтін ем. Үш бөлекпін:

Жүрегім – Африка, бауырым – Кипр,

Миым – Мұзды мұхиттай...

Не істемекпін?!»

Сананы сарсаңға салып, сүріндірмей, ойға жетелейтін, тұңғиықтан-талғажау, заңғардан сүйеніш сұрайтын адам мінезінің осы бір қайталанбас сәті мен жанға – дауа, емге шипа керексінген кезінің өзінен ақын («Жүрегім – Африка, бауырым – Кипр», «Миым – Мұзды мұхиттай» деген) тосын теңеулер іздейді, жиырмасыншы ғасырдың 60-70 жылдарынан хабар айтар тарихи оқиғаларды образ ретінде әдемі пайдаланады. Жеке басының әрі-сәрі ауыр халінің өзінен әлемдік кереғарлықтар мен үйлесімсіздік нышандарын байқайды. «Жаралғанда бүтін ем. Үш бөлекпін...» деген терең де төркінді ұғымға қаншама мағына үстемеленіп отырғанын аңғарамыз...

Мұқағали-Жырдың кеңістігі – шексіз.

Мұқағали-Жыр қазақ даласын кезген Жолаушының көңіл ахуалын, жан әлемін еске салады.

Жүре берсең, жүре берсең... Көретінің: таусылмайтын салқар сахара... Сағым кешкен таулар... Оқырман ойын әр алуан бағытқа жетелер ірілі-ұсақты андыз-андыз соқпақтар... Жолдар... Даңғылдар... Шоғыр-шоғыр қайыңдар... Шоқпыт-шоқпыт төбелер... Дала төсін оңды-солды тілгілеп, «Батыстан – Шығысқа, Шығыстан – Батысқа» оқтай боп зулап, тартылған темір жолдар... Аспан төсіне сынадай боп қадалған Хан тәңірі... Ұлы таулардың ара-арасына жайғасқан астаудай-астаудай керілген хан жайлаулар... Шашылған ауылдар... Шаншылған ғимараттар... Мұң кешкен мұнаралар... Тізілген тырналар... Төбе басын күзетіп, қалқиған қара шалдар... Құм, шағылдар... Тізіліп өте бастайды... Өте бастайды...

Әлденуақ сол шетсіз-шексіз қазақтың алқам-салқам даласын Дауыс кезгендей болады. Мұқағали дауысы:

«Қазынам бар.

Біреуге берсем бе екен?!

Өкпелейі-ау бермесем,

Берсем, бөтен.

Бар байлықты қойныма тығып алып,

Әлде мынау құмдардай өлсем бе екен?!

 

Қазынам бар,

Біреуге қисам ба екен?!

Ренжиді-ау қимасам,

Қисам, бөтен.

Әлде мына даладай бар байлықты

Бір өзім иемденіп, жисам ба екен?!

 

Қазынам бар,

Тәуекел сатсам ба екен?!

Өзіңдікін өзгеге сатсаң, бөтен.

Әлде мына таулардай бүркеніп ап,

Бүк түсіп, теріс қарап жатсам ба екен?!

 

Қазынам бар

Қисапсыз шектеледі.

Қызғанады, біреулер жек көреді.

Бермеймін де сатпаймын, көрсетпеймін!

Алам десең,

Алдымен зертте мені...» –

дейді ақын дауысы.

Осыдан отыз жыл ілгеріде емес, мына өлең тұп-тура бүгін – қасиетті қазақ жерінің өзі де, қазына байлығы да жаңа дәуір талқысына түсіп, «Жер сатыла ма, сатылмай ма?» деп ел іші іркі-тіркі болып жатқан тұста жазылғандай әсерге бөлейді...

Шамасы өнер мен өлең мәңгілігі осындай көріпкел әулиелігімен – алдағы ғасырлар төріне емін-еркін аттар қасиетімен өлшенсе керек?! Иә. Нағыз мәдениетті, іргелі поэзияға тән кеңістіктің қандайын болсын (жер. Қашықтық, уақыт, т.т) кешіп өтер, қақырата жүзіп, болашақ жағалауларына жетер қуатты Жыр мінезі қашанда осылай болары ақиқат.

Асылы ұлы ақындар өзінің бүгінінен гөрі, ертеңіне көбірек сенген. Сене тұра, өмірінің көлеңкесі мен күнгейіне көнген, көп нәрсеге көз жұма қарап, ойының запыраны мен уын жырға төгіп отырған. Мұқағали да өзінің қысқа ғұмырын солай өткерген. Өзіне-өзі сенген... Ары таза, жаны мөлдір, жүрегі отты, рухы асқақ жырлар мен кең тынысты, көркем дастандар, сөз жоқ, сол Сенімнің жемісі.

«Көрер едің,

Шаламын ба, отпын ба,

Білер едің,

Ақынмын ба, жоқпын ба?..

Кектендірген хан Жәңгір де жоқ мұнда,

Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда.

 

Түсінер ең,

Езбін бе, әлде ермін бе,

Байқар едің,

Артықпын ба, кеммін бе?..

Мен Спартак бола алмадым, не шара,

Сенің өзің Цезарь болып көрдің бе?!

 

Сырым да – осы,

Жырым да – осы,

Алдыңда.

Байқашы бір,

Бықсыдым ба, жандым ба?

Махаңдар жоқ,

Махаңдардың сарқыты –

Мұқағали Мақатаев бар мұнда!» –

деген бас-аяғы үш шумақтан тұратын осынау «Автограф» атты өлең ақынның сол өзіне, өзінің шығармашылық бақытына деген Сенімінің айқын дәлелі демей көріңіз?!. Үш шумақтың бойына үш бірдей дәуір кеңістігін бар кезеңдік сипатымен, күллі рухымен, өзіндік бояу-реңімен, болмыс-бітімімен, қатал кескінімен, қатыгез мінезімен қиюын тауып, өрімін ұқсатып,сыйғызып жіберген Ақын құдіретіне қалай таңырқамауға болады?!.

Иә, Ақын, әуелі Құдайына сенеді. Сонан соң... Жырына сенеді. Жырын құндағында тербеткен Жиырмасыншы ғасырына сенеді. «Құрметтеңдер жиырмасыншы ғасырды!» деп бар әлемге жар сала кестелі көркемсөзге бай суреткер табиғатын тосын ойлар, күтпеген тұжырымдар әркез әрлендіріп, айналасына шуақ-нұрын мол шашып, қуаттандырып отыратындай елестейді...

«Қалқам,

Мен Лермонтов, Пушкин де емен,

Есенинмін демедім ешкімге мен,

Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,

Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген.

 

Жат жерді жастанғанда жазатайым,

Қанымен жазды, мүмкін, ағатайым.

...Қасиетіңнен, қара өлең, айналайын,

Қазақтың дәл өзіңдей қарапайым...» –

деген шумақтардың абыройын асырып, аруағын аспандатып тұрған орнымен қолданылған екі-үш киелі сөз, қасиетті ұғымдар екенін байқаймыз. Олар – «қара өлең – құдіретім», «онда естілмеген бір сұмдық сыр бар...» Және «қазақтың өзіндей қарапайым» деген ғажайып мойындау. Міне, туған халқынан алған қазына-байлығын өзіне қайыра сый етіп ұсынар ақынның ой өру символикасынан ұлт пен әлемнің тағы да тұтаса кірігіп, бірігіп кеткен кескінін көреміз. Көреміз де:

«Түзу-түзу тілінген таспадайын,

Қамшы өремін таспадан басқадайын.

Қаламасаң қамшымды аулақ жүргін,

Қараша үйдің есігін ашпа, ағайын!

 

Түзу-түзу жыртылған аңыздайын,

Аңызыма неге нәр тамызбайын.

Қара өлеңі қазақтың қаза болса,

Қара көзден неге қан ағызбайын...

 

...Ақынмын деп қалай мен айта аламын,

Халқымның өз айтқанын қайталадым.

Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шекпен жауып өзіне қайтарамын»,

деген тіл жетпес перзенттік ұлы махаббат алдында толқып тұрып, үнсіз бас иеміз. Бас иіп тұрып, бірде мына жер үсті тіршілігінің күйбеңінен, жербауырлаған есеп-қисабынан, сатқындығы мен сайқалдығынан, алакөз күндестігі мен алақұйын бақастығынан жеріген сәтте:

«Жапырақ-жүрек, жас қайың!

Жанымды айырбастайын.

Сен адам бола бастасаң,

Мен қайың бола бастайын...» –

деген жолдардың жан әлдиіне берілген ақын жүрегінің, енді бірде әлгі жапырағынан айырылған қайың қасында тұрып, сүреңсіз күздің сұрқай аспанымен сырласқанын көреміз. Жабыққанын байқаймыз. Жабығудың өзі сұлу да сымбатты! Сырлы да нәзік! Қай кездегідей ақын қиялы мен ойына алғаш келер, тілінің ұшына алғаш оралар киелі ұғым – Табиғат-Ананың періште құсы – аққу. Аққулар... Ару құстар...

«Аққулар, кешіріңдер, жазықтымын!

Қараймын керуеніңе қажып бүгін.

Адасып кетті-ау бірге сендерменен,

Алапат күшім менен нәзіктігім!

 

Сыңқылдап соғылғанда қанаттарың,

Таба алмай қалды менің тағат жаным.

Үзілген жолдарыңа, қарақтарым,

Үзілген жанарымды сабақтадым...» –

деп сағына, сарыла қоштасқан сәт келеді көз алдыңа.

Сурет! Сурет болғанда қандай сурет! Жаныңа, жүрегіңе әлдебір сұлу сезім ұялатар, ойыңды сағыныштың сазына бөлеп, дегбіріңді алар, аза бойыңды қаза қылар, тәңір текті бір дауыс келеді құлағыңа. Келеді де кеудеңді сабай бастайды. Жігеріңді жаниды. Сәйгүлік жалын сипатып, самұрық қанатына қондырады. Дүние күллі: «Бір күні, бір жылдары, бір заманда, уақыт қуатымды ұрлағанда... Шабыттың ақ бастауы құрғағанда... Құрғағанда...» деп күбірлеп, талықсып жатқандай болады. Құлаққа үн келеді тағы да:

«Соқ, жүрек,

Солқылда ми,

Тасы, қаным!

Өмірге айтылған жоқ ғашық әнім.

О,Муза!

Бір өзіңе бас ұрамын,

Тездеп жет,

Мен бір жаққа асығамын...

...Айта алмай қалам ба деп ашынамын,

Мен бір жаққа асығамын...» –

деп, бүкіл саналы ғұмыры мен тиянақ-тіршілігін тек Өлеңге, өрісті де келісті өлең дүниесіне арнап, өмірден ерте, тым ерте кеткен, жиырмасыншы ғасыр поэзиясында айтулы ірі құбылыс болған Мұқағали Мақатаев мұрасы – бүгінде ұлтымыздың ұлы қазынасына айналып отырғаны ақиқат. Бұл – артық дәлелді керек етпейтін Шындық. Оған куә – ақын өлеңдері шалқыған жиын-тойлар, кештер, әр алуан салтанаттар, ресми, бейресми басқосулар, қайра, қайта басылып, қолдан-қолға көшіп жүрген қалың-қалың жыр жинақтары, т.т. ақын шығармаларын насихаттаудың, танудың халық ішіне кең жайылған өзге түрлері мен үзілмес сұраныстың өзге көздерінің молдығы...

Ол өмірден өткелі де, міне ғасыр ширегіндей уақыт өтіпті. Қырық бес жасында бақилық сапарға аттанған қазақ жырының ақиығы тірі болса, биыл жетпіске толар еді... Әттең... Тұтас бір дәуір өте шығыпты... Бірақ Мұқағали жырлары кеше жазылғандай – ойлары ескірмес, сезімі еңкеймес, алпыс екі тамыры атқақтаған ыстық қалпында! Жігіт шағында!

Анасының құрсағында жатып, ақын жырының ақ дауыл мұңына, ақ ұлпа сезіміне бөленген ұрпақ бүгін жиырма беске толып отыр, ат жалын тартып, азамат болып отыр.

«Табиғат,

Жанымды алсаң,

Алшы менің.

Бір түйір жерге түскен тамшың едім.

Мұқағали жоғалса, қайтер дейсің,

Артымда қалсын жерім, қалсын елім»,

деп соңғы демі үзілгенше тілеуін тілеп, амандығын сұрап өткен Елі – Қазақ жұрты да, міне, үстіміздегі жылы өз тәуелсіздігінің он жылын атағалы отыр...

Осыдан табаны күректей жиырма бес жыл бұрынғы қыздар мен жігіттер адам жанын өзінің қайталанбас қалпымен арбап, жүрек атаулыны баурап алар киелі жырдың құндағында қалай тербелсе, тебіреніп толқыса, мына тылсым сырлы жер үсті мәңгілігімен өзінше тілдесіп, өзінше сырласар, «жалғастардың жалғасы» саналар жас ұрпақ – жаңа адамдар да дәл солай Мұқағали әлемінің ақ шумағына оранып, ақ жауынына шомылып, ақ айдынында жүзіп, ақ самалына кеуде тосып, ақ түнегінде ойға шомып, бірде мұңайып, бірде қуанып, бірде шаттанып, бірде шамырқана шатынап, жаңа заманның жалында, жаңа дәуірдің қамында ғұмыр кешуде... Бұлар да өздерінің ата-аналарындай Мұқағали жырымен нәрестелерін бесікке бөлеп, шілдехана тойларын өткізуде... Бұлар да:

«Құс та болғым келмейді!

Қанатым бар.

Қанатым бар күмістен жаратылған.

Сәби болғым келеді, сәби болғым,

Мына өмірден хабарсыз жаңа туған», –

деп жұмыр бас пендеге ғана жарасар адамдық, ғаламдық сағыныштар толқынына бөленуде... Бұлар да мына сайын даланың изені мен жусанын әнмен тербетіп, бозаңытқан қырлардың боз, көдесіне тіл бітіріп, ақ селеуін мүлгітіп үйлену тойларын өткізуде...

Үміттерінің отын Мұқағали жырымен үрлеп, Мұқағали жырымен сенімдерінің шырағын жағуда...

Иә...

«Ең бірінші бақытым – Халқым менің,

Соған берем ойымның алтын кенін...», –

деп өзі жырға қосқан, сенімін артқан, жырын аманаттаған «қалың елі – қазағының» өлшеусіз махаббатына бөленген, тамырын оқырман ойы мен санасына, халқының жүрегі мен жанына, елінің көкірегі мен жадына – уақыт желі, заманалар дауылы шайқай алмас тереңге жіберген бақытты да армансыз Ақын жаңа ғасыр қақпасын ентікпей, еркін ашып, жаңа мыңжылдық айдынына шығып отыр.

Қазақ жыры аманда, қазақ өлеңін оқитын ел аманда, мына сыры мен сиқыры мол ғаламды өзінің құндағына алып тербетер құдіретті Жырдың да халқымен бірге, ұлы Тауларымен бірге, ұлы Даласымен бірге өмір сүрері, ғұмыр кешері ақиқат.

Өнер мен Өлең мәңгілігі дегеніміз осы емес пе?

Нұрлан Оразалин, 

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

2001 жыл.

Байланысты жаналықтар

Оқырманы көп ақын – Мұқағали Мақатаев

12.09.2024

Ел мен Отан туралы өлеңдер

25.08.2024

Мұқағали минуттары

07.10.2021

Жарасқан жаратылысы

07.03.2021

Айбек Ережеп: Аққулар ұйықтағанда

25.02.2021

9-шы ақпанды "Қазақ поэзиясының күні" деп атауды ұсынамын!

09.02.2021
MalimBlocks
Оқырманы көп ақын – Мұқағали Мақатаев

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали (Мұқаметқали) Сүлейменұлы Мақатаев 1931 жылы Алматы облысы Нарынқол ауданында дүниеге келген. 1976 жылы Алматыда, 45 жасында қайтыс болды. Ол қара өлеңге жаңа леп, қанат бітірді. Өз сөзімен айтқанда, «Күпі киген қазақтың қара өлеңінің үстіне шекпен жапты».

Ел мен Отан туралы өлеңдер

Отан – оттан да ыстық. Отан туралы, туған жер туралы жырларды тебінбей оқу мүмкін емес. Жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу үшін ақындардың ойлы жырларын оқытудың маңызы зор.

Мұқағали минуттары

Жарасқан жаратылысы

Айбек Ережеп: Аққулар ұйықтағанда

9-шы ақпанды "Қазақ поэзиясының күні" деп атауды ұсынамын!