Алдағы уақытта Шымкент қаласында «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің жаңа штабы жұмысын бастайды, деп хабарлайды Malim.kz.
Штаб Мәделі Қожа көшесі, 46 мекенжайында орналасқан және өңірде шамамен бір жыл бойы белсенді жұмыс істеп келе жатқан қозғалыстың қалалық бөлімшесінің негізгі орталығына айналмақ.
Штаб қырандардың үйі ретінде жасақталған. Қыран – ұйымның құндылықтарын бөлісетін, қоғам өміріне белсене араласатын, бастама көтеріп, өз қаласы мен еліне пайда тигізуді мақсат ететін жас азамат. Бұл кеңістік қырандарға білім алып, дағдыларын дамытып, өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Жаңа штабта лекторий, жоба топтарына арналған жұмыс алаңдары, сондай-ақ медиа материалдар дайындауға және коммуникациялық бастамалар жүргізуге арналған бөлмелер қарастырылған.
Штабтың ашылуы жақын күндерге жоспарланған. Мұнда кездесулер, оқыту бағдарламалары және Шымкент жастарының азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған іс-шаралар өтеді.