Ұйықтар алдында телефонды қуаттағышқа қосып, таңертең ажырату – көпшіліктің күнделікті әдеті. Бір қарағанда, мұнда тұрған ештеңе жоқ: заманауи смартфондар батарея толған кезде қуат алуды автоматты түрде реттейді. Дегенмен телефонды қалай және қандай жағдайда қуаттайтыныңыз батареяның қанша уақыт қызмет ететініне әсер етеді, деп Malim.kz тілшісі Apple-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Телефонды түні бойы қуаттауға бола ма?
Қазіргі смартфондардағы литий-ионды батареялар мен қуатты басқару жүйесі телефон 100 пайызға жеткеннен кейін зарядтау процесін реттейді. Сондықтан сапалы әрі ақаусыз құрылғыны түнде қуатта қалдыру бірден батареяны істен шығарады деу дұрыс емес.
Алайда мәселе тек 100 пайызда емес. Батареяның басты жауларының бірі – жоғары температура. Телефон қуат алып жатқанда қызуы мүмкін, ал оны жастықтың астына, көрпенің арасына немесе жылуды нашар өткізетін жерге қою температураны одан әрі көтереді. Бұл батареяның тозуын жылдамдатуы ықтимал.
Батареяны тез тоздыратын әдеттер
Ең жиі кездесетін қателіктің бірі – телефонды үнемі нөлге дейін түсіріп барып қуаттау. Литий-ионды батареяларды әр жолы толық тауысып жүрудің қажеті жоқ. Құрылғыны мүмкіндік болған кезде қысқа уақытқа қуаттап отырған дұрыс.
Телефонды үнемі 100 пайыз деңгейінде ұзақ ұстау да батарея үшін ең қолайлы режим емес. Сол себепті көптеген жаңа смартфонда оңтайландырылған қуаттау функциясы бар. Мысалы, iPhone қолданушының әдетін ескеріп, белгілі бір жағдайда батареяның толық зарядталуын кейінге қалдыра алады.
Тағы бір маңызды мәселе – телефонды қуаттап отырып ауыр ойын ойнау, ұзақ видео көру немесе ресурсты көп қажет ететін қолданбаларды пайдалану. Мұндай кезде құрылғы бір мезетте әрі қуат алып, әрі жоғары жүктемемен жұмыс істейтіндіктен қатты қызуы мүмкін.
Қуаттағышқа да мән берген жөн
Арзан, зақымдалған немесе қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қуаттағыш пен кабельді пайдалану батареяға ғана емес, құрылғының өзіне де қауіп төндіруі мүмкін. Кабельдің сыртқы қабаты жыртылса, адаптер шамадан тыс қызса немесе қуаттау кезінде күйік иісі сезілсе, оны пайдалануды тоқтатқан жөн.
Сондай-ақ телефонды жұмсақ төсек, диван немесе жастық үстінде қуаттамаған дұрыс. Құрылғыға ауа еркін жететін қатты әрі тегіс жер қауіпсіздеу.
Батареяны ұзақ сақтау үшін не істеу керек?
Телефонды міндетті түрде әр жолы 100 пайызға дейін жеткізудің қажеті жоқ. Құрылғыдағы "оңтайландырылған қуаттау" немесе зарядтау шегін белгілеу функциясы болса, оны қосып қойған жөн. Ең бастысы – смартфонды қатты қыздырмау және ұзақ уақыт өте ыстық не өте суық жерде қалдырмау.
Қорыта айтқанда, телефонды түні бойы қуатта қалдырудың өзі қазіргі смартфондар үшін аса қауіпті емес. Батареяның ғұмырын көбірек қысқартатын нәрсе – шамадан тыс қызу, сапасыз қуаттағыш, батареяны жиі толық тауысып тастау және құрылғыны жоғары температурада пайдалану.