Әйгілі актер Әнуар Молдабеков
Алматы облысының Іле ауданына қарасты Комсомол совхозында 1938 жылы туған. Әке-шешесі Андрей деп ат қойған. Бірақ кейіннен жұрт Әнуарбек, одан кейін Әнуар деп атап кетті. Жастайынан өнерге бейім болған ол әнші болуды армандады. Дегенмен кейіннен өмір ағысы оны актерлікке алып келді.
Қазақтың даңқты актері Әнуарбек Молдабеков 1938 жыл 20 мамырда Алматы облысы Іле ауданында дүниеге келген. 1985 жылы 9 тамызда Алматыда қайтыс болды. Қазақ киносы мен театр өнерінің аса ірі тұлғасы, көрнекті театр және киноактері, Қазақстанның халық артисі (1976), Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (1967).
Алматы облысының Іле ауданына қарасты Комсомол совхозында 1938 жылы туған. Әке-шешесі Андрей деп ат қойған. Бірақ кейіннен жұрт Әнуарбек, одан кейін Әнуар деп атап кетті. Жастайынан өнерге бейім болған ол әнші болуды армандады. Дегенмен кейіннен өмір ағысы оны актерлікке алып келді.
1956 жылы консерваторияның драма бөліміне түскен. Алайда ол жерде бір оқытушының көңілге қонбайтын бір әрекетін бетіне басқаны үшін оқудан шығып қалған. Оған жасымаған Әнуар Әзірбайжан Мәмбетов «Жаңа студия ашып жатыр екен» дегенді естіп, сонда барған. 1958 жылы түсіп, екі жылда бітіріп шығады.
Әнуардың сахнадағы алғашқы өмірі Қарағандыда басталды. Сонда жүріп өзімен бірге оқыған дарынды актриса Баян Имашеваға үйленді. Екі қыз, бір ұл сүйді. Сол Қарағандыда жүріп-ақ көптеген рөлдерді сомдады.
1964 жылы Алматыға оралып, М. Әуезов театрына жары Баян екеуі орналасты. Ірі талант иесінің қалған өмірі осы Алматыда жалғасты.
Сахнада Әзірбайжан Мәмбетов, кинода Шәкен Айманов секілді ірі тұлғалар Әнуарды өздеріне жақын тұтты. Табиғи талант екенін тани білді. Оның есімі халық арасында 1965 жылы түсірілген «Ән қанатында» фильмінен кейін таныла бастады. Жалпы, кинодағы ақын Мұсаның (Иса Байзақов) рөлінде ойнауға көптеген актерлер шақырылды. Алайда ол орынға С. Сейфуллин атындағы Қарағанды театрының әлі кеңінен таныла қоймаған актері Әнуар Молдабеков таңдап алынды. Алғашқы роль – алғашқы жеңіс. Мұсаның бейнесі ерекше сәтті шықты. Осы үшін Әнуар Молдабеков Қазақ ҚСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ол осы Мұсаны алғаш ойнағанынан-ақ өзінің алысқа баратынын, талай шыңға шығатынын сездірді.
1970 жылы Республиканың еңбек сіңірген артисі, артынан халық артисі деген атаққа қол жеткізді. Халық оны «Ән қанатындағы» Мұса арқылы, «Қан мен Тердегі» Еламан, «Қыз Жібектегі» Шеге арқылы кеңінен білді. Тіпті «Қыз Жібек» фильмінен кейін оны біраз уақыт халық Әнуар деудің орнына Шеге деп атап жүргені де белгілі.
Одан басқа А. Чеховтың «Ваня ағайындағы» бас кейіпкер Иван Войницкий ролін ойнаған. Бұл спектакль Мәскеуде де үлкен жетістікке жетті.