Қазақтың Тайлағы киноға қалай келді?
Бүгін дүниеден озған Әлімғазы Райымбековтің өнерге келуі де бір хикая. Ол әскерден келген соң ауылында трактор жүргізушісі болып қызмет істеген. Ол кезеңдерде ауылда Қайрат деген жаттықтырушы қазақ балаларын күреске дайындап жүрген.
1965 жылы бірнеше жарыстан өткен Әлімғазы қазіргі Түркістан облысы (сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы) Темірлан ауылында жарысқа қатысып, 16 команда қатысқан жастардың ішінен суырылып алға шығып, Қажымұқан атындағы жүлдені жеңіп алады. Бұл кезде белгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетов Қажымұқан рөлінде ойнайтын артисті іздеп жүреді. Сонда сыртта қасында екі-үш жігіт бар, даусы қатты-қатты шығып жатады. Іштен Сәбит Сатыбалдин деген темірландық жігіт шығып, «Әу, Әзеке, не боп қалды, даланы басыңа көтердің ғой?» деп күледі. Әзірбайжан Мәмбетов те қарап тұрмай: «Жер-жердің бәрін араладық. Қажымұқанды таба алмадық дейді мыналар» деп күледі. «Өй, оны іздеп қайтесің, жақында Әлімғазы Райымбеков деген жігіт қазақ күресінің чемпионы болып, Қажымұқан атындағы жүлдені алып кеткен. Ленин совхозында тұрады, соны көр» деп жөн сілтепті Сәбит Сатыбалдин.
Өзінің өнерге қалай келгенін Әлімғазы Райымбеков мына бір сұхбатында былай баяндайды.
«1965 жылдары Қайрат деген азамат қазақ балаларын жинап, күреске дайындады. Ол кезде қазақ күресі деген ұмытылып бара жатқан, біз соны қайта жаңғырттық. Қайрат ағамыз команда құрып, командамызбен Алматыда өткен жарыстан 2-орын алған едік. Сонда үздік деген 24 баланы қалдырды, Талғарда шынықтық, апта сайын күрестіретін. Ұтылғандар кетеді, ұтқандар әрі қарай жалғастырады. Сөйтіп 6 маусым Шымкенттегі Темірлан деген ауылға бардық. Өзі аудан орталығы болғалы жатыр екен. 16 команданың ішінде мен ауыр салмақтан Қазақстан чемпионы болып, қазақ күресінің шебері атандым да, қуанышым қойныма сыймай үйге қайттым. Жасым болса 25-те. Ауылда жүрсем, бас инженер келіп ауыл басшысының шақырып жатқанын айтты. Барсам, қолыма қағаз ұсынды. Телеграмма... кино... «Ән қанаты»... Қажымұқанның рөлі... «Мүмкіндігің болса, кел» деп жазылған. Әрине, бірден келісе кеттім, қазақты дүние жүзіне танытқан, жүз жылда бір туатын азаматтың рөліне мені ұсынса, неге бармасқа, заттарымды жинадым да, Алматыға қарай тайып тұрдым. Сөйтіп «Қазақфильмге» барып, бәрімен амандасып шықтым. «Орысша оқи аласың ба?» деп сұрады менен, «Судыратып оқымасам да, бір нәрсесін қыламын ғой» деп жауап қаттым. Сондағылар қолыма мәтін ұсынды да «жаттап кел» деп кері қайтарды. Қонақ үйге барып, әлгі мәтінді 10-15 күн жаттадым. Қазақфильмге қайта келіп, жаттағынымды айттым, «Закрепить!» деді. Костюм жөніндегі суретші мені киіндірді: шалбар, шапан, құндыз бөрік, етік, күміс белдік байлап әкелді, «Закрепить!» деді. Сәлден соң бетімді бояды, тағы да сол «Закрепить». Ертеңінде Әнуар Молдабеков, Торғын Тасыбековалармен түсірілім алаңына келіп, үшеуміз бір рөлді ойнап шықтық. 2 тамызда Қажымұқан атаның рөліне бекітті.
10 қыркүйекте Күйік деген жерге барсам, қазақ үйлер тігіп тастаған. Торғын Майраны ойнайды, Әнуар Иса Байзақовты, мен Қажымұқанды ойнаймын. Сол жерде Қажымұқан атам бір неміспен күреседі екен, соны түсірдік. Сөйтіп бірде түсірілім алаңына жеңіл мәшине келіп тоқтады, бәрі жапа-тармағай «Шәкен аға!» деп жүгіріп кетті. Келген Шәкен Аймановтың өзі екен. Түсірілім барысын өзі бақылау үшін жолы осында түсіпті. Артынан Шымкент қонақүйіне барып, ақсақалдарға қызмет еттік. Сол фильмнен кейін Шәкен аға мені «Тақиялы періште» фильміне шақырды. Бірақ не себепті шақырғанын әлі күнге дейін білмеймін, өзі де айтпады. Тіпті басты рөлге тағайындады. Мен алғашында қарсы болдым, себебі кәсіби әртіс емеспін ғой. Сонда Шәкен аға «Әй, айтқанымды естідің бе?» деді, басымды изедім, «Шық кабинеттен! Бірақ ертең сағат 10-нан қалмай кел!» деді, болды».
Қазақ киносының алтын қорына еркін кіріп, есімі ұлт өнерінің тарихына алтын әріппен жазылған актер 85 жасқа қараған шағында дүниеден озды.