Әлемге танымал жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов
«Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы Ә.Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы. Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды. Жазушы ретінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталған. Ол – КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері.
Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1924 жылдың 22 қазанында Қызылорда облысының Арал ауданының Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. Қазақстанның халық жазушысы. Мемлекеттік сыйлықтың иегері. ХХ ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері. 1941-1945 жылдардағы II Дүниежүзілік соғыс ардагері, Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курляндия плацдармындағы шайқастарға қатысқан.
Нұрпейістен Кәрім, Нәжім, Қали деген ұлдар туған. Осы үшеуі, Кәрімнен туған Әбдіжәміл төртеуі 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бұлардан аман қалғаны Әбдіжәміл ғана. Әкесі Кәрім қыран салып саяттаған, ауылнай қызметін атқарған кісі. Соғыс қарсаңында балық колхозында істеген. 1944 жылдың 21 сәуір күні Тернополь түбіндегі ұрыста қаза тапқан.
«Сәбит Мұқановтың «Адасқандар» мен «Жұмбақ жалауы», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының алғашқы екі кітабы (эпопеяның екінші кітабы кейіннен шықты), Сервантестің «Дон-Кихот» романының қазақша аудармасы қол сөмкемізден түспеуші еді», – дейді жазушы балалық шағы туралы.
«10 сыныпты оқып жүріп повесть жазғалы бел будым. Әскерден қайта оралсам – баяғы жазғандарымның бәрі жоқ. Қатесі көп еді, жоғалғаны жақсы болды», – дейді жазушы естелігінде.
1946 жылы желтоқсанда әскерден босанған Әбдіжәміл армия қатарында жүріп бастаған «Курляндия» романын жазуға кіріскен. Оны бітіріп баспаға берген соң, бір жыл Қазақ мемлекеттік университетінде оқыды. 1954 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, оны 1956 жылы бітірді. Тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың иегері атанды. Проза саласында үзбей еңбектенуімен қатар, өткір сынымен, публицистикалық мақалаларымен де көзге түсті. 1962-1964 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының органы – «Жұлдыз» журналының бас редакторы да болып қызмет істейді, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты да болды. 1964 жылдан бері ұзақ жылдар бойы бірыңғай шығармашылық қызметпен шұғылданып, нарық заманында халықаралық ПЕН клубын ұйымдастырып, оның президенттігіне сайланды. 2000 жылдан бастап ПЕН клубы жанынан «Таң-Шолпан» журналын шығарады. Өткен XX ғасыр қазақ әдебиетіне мол сыбаға қосқан суреткерлердің бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүние жүзіне танытып, әлем әдебиетшілері қасқа-жайсаңдарының үздік бағасына ие болды. Атап айтсақ, Француз Луи Арагон, ресейлік Юрий Казаков, Сергей Баруздин, Анатолий Ким, Николай Афанасьев, Лев Аннинский, Леонид Теракопян, Валентин Оскоцкий, испандық Август Видаль, қырғыздық Шыңғыс Айтматов, башқұрттық Мұстай Карим, немістер Лео Кошут, Ральф Шрейдер, қазақстандық Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхамеджан Қаратаев, Тахауи Ахтанов, Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Герольд Бельгер, Ақселеу Сейдімбек, т.б. ол туралы тебірене жазды.
Қуатты қалам иесінің жазған естеліктері де көркем мемуарға жаңа леп әкелді. Қаламгердің жанкештілігі сондай, дүние жүзіне әйгілі шығармаларының өзін әр басылымы сайын қатаң сын тезіне салып, ұштап, сүргілеп, қырнап, мінеп отырады. Бұл – көркем сөз құдыреттілігі алдында бас ию деген сөз. Әдебиетке сүйіспеншілікті, ар ісіне берілгендікті ұлы Абай айтқан «жар ісіне» теңгеру, «қорлығына», «мазағына», «азабына көну». Әдебиеттің жауапкершілігі зор дүние екендігін байыбына бара түсінгендік болып табылады.
«Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы Ә.Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы. Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды. Жазушы ретінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталған.
Ол – КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері.
2022 жылы 5 ақпанда дүниеден озды.