Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов
Жазушы А.П.Чеховтың, А.М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсонның шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөң ауылында туған.
Майдангер-жазушы 1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1956 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген, 1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды. 1992 жылдан халықаралық Қазақ ПЕН клубының президенті, 2000 жылдан «Таң-Шолпан» журналы редакторлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
Әдебиетке 1947 жылдан араласа бастады. Тұңғыш шығармасы – соғыс тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді. «Курляндия» романын кейіннен өңдеп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жариялады. «Қан мен тер» трилогиясы (1-кітап – «Ымырт», 1961; 2-кітап – «Сергелдең», 1964; 3-кітап – «Күйреу», 1970) және «Сең» (1983), «Соңғы парыз» (1999) романдары көптеген тілге аударылған.
«Қан мен тер» романы бойынша жасалған инсценировкасы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының (1974 жылдан) репертуарынан тұрақты орын алды, экранға шығарылды. «Соңғы парыз» роман-дилогиясы – әлеуметтік-психологиялық шығарма. Дилогияда Арал теңізінің апатқа ұшырау хикаясы нақты суреттелген. Шығармада экология, табиғат пен адам ара қатынасын толғаған қаламгер оқырмандарды рухани-адамгершілік мұраттарға жетелейді. Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» (кейіннен «Жүрегі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып шықты (1972), 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағы жарық көрді.
Жазушы А.П.Чеховтың, А.М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсонның шығармаларын қазақ тіліне аударған.
2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достоинство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанды. Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі», Халықтар достығы (1984), «Отан» (1994) ордендерімен және медальдармен, РСФСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталған.
2022 жылы Алматыда дүниеден озды.
MalimBlocks

Әлемге танымал жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов
«Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы Ә.Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы. Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды. Жазушы ретінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталған. Ол – КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері.