Қазақтың Димашы – Дімұхамед Қонаев

Ол Қазақстанды басқарған кезде елімізде өндіріс ошақтары мен зауыт-фабрикалар көбейіп, ішкі жалпы өнім артты. Индустриалды қоғам құрудың алғышарты әзірленді. Қазақстанда 40-тан артық қала салынып, ауылшаруашылығы өркендеді.

Malim Админ

  • 20.09.2024

Қазақтың аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСРО Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, екі мәрте (1960-62 және 1964-86 жылдары) Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған Дінмұхамед (Димаш) Ахметұлы Қонаев 1912 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1993 жылы дүниеден озды.

 Орта мектепті бітіргеннен кейін, Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті оны Мәскеу Түсті металл алтын институтына оқуға жібереді. Институтты ойдағыдай бітірген Д.Қонаев Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогының машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері және оның директоры болып істейді. Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде ол тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түседі. «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің және КСРО қорғасын-мырыш өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі Лениногор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарады. 1942-52 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары болып қызмет етеді. Осында жүргенде Қазақстан ғалымдары оған зор сенім көрсетіп, оны Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі және оның президенті етіп сайлайды. Тау-кен ісі саласының ірі ғалымы Қонаев республика ғылымының дамуы жолында зор еңбек сіңіреді. Ғылыми ұйымдық жұмыстарды жақсарту, ғылыми зерттеулердің негізгі салаларын білікті кадрлармен нығайту шаралары оның басшылығымен жүзеге асырылады. Дінмұхамед Қонаев 1955-60 және 1962-64 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1960-62 және 1964-86 жылдары. Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болды. Ол Қазақстанның экономикасы мен мәдениетін өркендету жолына өзінің білімін, мол тәжірибесін және ұйымдастырушылық қабілетін аянбай жұмсай білді. Ол бірнеше мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. СОКП-ның 19 съезінен бастап кейінгі съездерінің бәріне делегат болды. Парламент және партия делегациясын басқарып, әлденеше рет шетелдерде болып қайтты. 1956 жылы СОКП Орталық комитетінің мүшесі.

Партияның 23 съезінде ол СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшелігіне кандидат, ал 24 съезде мүше болып сайланды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі болды.

Ол билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. 1960 жылдар басында Н.С. Хрущевтің пәрменімен Өзбекстанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін қайта қайтарып алуы соның айқын бір дәлелі еді.

1986 жылы СОКП Орталық Комитетінің Бас Хатшысы болып М.С. Горбачевтің келуіне байланысты Дінмухамед Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығынан босатылды. 18 минут өткізілген пленумда орнына Ульяновск облысынан Г.В. Колбин отырғызылды. Орталықтың жүргізіп отырған әділетсіз саясатына қарсы республика жастары өз қарсылықтарын білдіріп алаңға шықты. Бұл әйгілі Желтоқсан оқиғасына ұласты.

Ол Қазақстанды басқарған кезде елімізде өндіріс ошақтары мен зауыт-фабрикалар көбейіп, ішкі жалпы өнім артты. Индустриалды қоғам құрудың алғышарты әзірленді. Қазақстанда 40-тан артық қала салынып, ауылшаруашылығы өркендеді. Республикалық маңызды магистральдар, ауыл мен қала арасындағы жолдар түзелді.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық уақыт ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең сезініп, қолдай білді.

Өзі өмір сүрген күрделі уақыттың адал перзенті бола білген арда тұлға 1993 жылы тамыздың 22-інде, 82 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Байланысты жаналықтар

Желтоқсан құрбандарының тізімі

03.12.2024

Желтоқсан батыры Ләззат Асанова

30.11.2024

Айғайлап шақырдық. Жазушылар одағынан ешкім шықпай қойды

13.12.2021
MalimBlocks
Желтоқсан құрбандарының тізімі

Желтоқсан қаһармандары туралы жалпы деректер мен қудалауға ұшырағандар мен сотталғандардың тізімі

Желтоқсан батыры Ләззат Асанова

Ол небәрі 16 жасында отарлық жүйенің құрбаны болып кетті...

Айғайлап шақырдық. Жазушылар одағынан ешкім шықпай қойды

Желтоқсан фотосындағы тұмақ киіп тұрған жігіт бұрын-соңды сұхбат бермепті.  Malim.kz сайтына себебін айтты.