457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Желтоқсан оқиғасына қатысқан адам 40 жылдан кейін ақталып шықты

Сот талап қоюшыны саяси қуғын-сүргін құрбаны деп таныды, деп хабарлайды Malim.kz.

Ақтөбе қаласының тұрғыны 1984 жылы Гурьев облыстық партия комитеті мен Мақат локомотив депосы кәсіподақ комитетінің жолдамасымен Қазақ мемлекеттік университетінің дайындық бөліміне оқуға түседі. 1985 жылы осы университеттің философия және экономика факультетінің студенті атанған.

Алайда, оны 1986 жылы қоғамдық тәртіпті бұзды деген айыппен университеттің екінші курсынан шығарған. Оның оқудан шығарылуына 1986 жылы 18 желтоқсанда Желтоқсан оқиғасына қатысты деген күдікпен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің айып тағусыз ұсталуы себеп болған.

Кейін босатылғанымен студент КОКП қатарынан шығарылып, қуғын-сүргінге ұшырап, жұмысқа тұра алмаған. Сол университеттің философия факультетін бітірген оның әйелі де осындай себептермен жұмысқа орналаса алмай, түрлі кедергілерге кездескен.

1990–1993 жылдары олардың үш кішкентай баласы бар отбасы баспананы жалға алуға мәжбүр болған және әлеуметтік жағынан осал жағдайға тап болған.

2025 жылы Желтоқсан оқиғасының куәгері 64 жастағы азамат 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына қатысуына байланысты саяси қуғын-сүргін фактісін тану туралы сотқа талап қоюмен жүгінген.

Ақтөбе қалалық No3 соты істі зерттей келе, арызданушының шынымен де 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқанын және саяси қудалауға, оның ішінде еңбек құқықтарын шектеуге ұшырағанын анықтаған. Бұл мән-жайлар университет пен Алматы қалалық прокуратурасының архивтік анықтамаларымен, сондай-ақ куәлердің айғақтарымен расталған.

Азаматтық процестік кодексінің 306-бабын және «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңның 2-бабын басшылыққа ала отырып, сот талап қоюшыны 1986 жылғы оқиғаға байланысты саяси қуғын-сүргін құрбаны деп таныды.

Соттың шешімі заңды күшіне енді.

Фото: KAZ.NUR.KZ