Мейірхан Ақдәулетұлы. Желтоқсан айнасы және ұлттық портрет
1986 жылдың желтоқсанындағы қасіретті оқиға өткен шаққа айналғалы да он жыл өтті. Ол ендігі жерде «Елім-ай» дәуірі… немесе 1916 жыл, 1937 жыл, 1930-32 жылдар сияқты қазақ халқының қасіреті де қасиеті де жетерлік тарихына айналды.
Тарих - ертегі емес, сәл бұрмалап-бопсаласаң, шырылдап жылайтын, обал-сауабы өте ауыр ақиқат. Шындық қана емес, ақиқат. Себебі әрбір жұмырбасты пенденің өзіне қолайлы немесе өз өресі жететін шындық деңгейі болады. Бұған әр кезеңнің өз идеологиясы белгілі бір тарихи оқиғаны ғана емес, жалпы тарихты өзіне ыңғайлап, өз болмысына жарасатын бояу жағуға тырысатынын қосыңыз. Ал ақиқат - жалқы есім, оның аңыздағы Полифемдікі сияқты жалғыз ғана көзі бар.
Желтоқсанның ақиқат болмысы қандай еді? Осы оқиға біздерден соң да жалғаса беретін ғұмырға, оны сүретін келер ұрпаққа қалай кескінделіп жетеді?
Бүгіндері біздерді толғандыруға тиіс нәрсе - осы. Себебі бұрмаланған тарих - халық жадына, санасына дерт байламай тынбайды. Оның айқын мысалы - кешегі кеңес тарихына көзімізге жас алып отырып сенетін біздің бүгінгі рухани өкінішіміз, әлі де «көң қатса, қалыбына барадының» кебін құшқысы келетін, қазіргі ізденіс үстіндегі, алдан қаншалықты үмітті болса, өткен күнге соншалықты жалтақ тарихи санамыз бен зердеміз. Оның үстіне тарих орынды-орынсыз мақтан үшін ғана, ерлікке үндеу үшін ғана жазылмайды. Себебі халық тәтті берсең - жұбанатын, аңыз шертсең - сене алатын сәби емес.
Тарих адамдардың рухын асқақтату үшін ғана емес, өткеннің өкінішке толы сәттерін еске алып, қатал ескертіп отыру үшін де жазылады. Себебі жалған тарих - түбі өліп тынатын өтірік ертегі, ол өкінішке қалдырады, ұрпақ зердесін үмітсіз пессимизмге ұрындырады. Қазіргі орыс халқының қасіреті - «Әлемді славяндар билеуге тиіс, ал славяндарды орыстан өзге ешкім билемейді!» деп кеткен Шипка қаһарманы, генерал Скобелевтің шабыттанып айта салған сөзіне құдайдай сенудің нәтижесінде Бірінші Петр заманынан бері қалыптасқан ұлы орыстық шовинизмді шектен тыс қоздырып алып, халықтардың езушісіне айналуы және соның тарихи есесінің зауалына ұшырауы: жалғыз ғана қазақ емес, күллі Шығыс Еуропа, бұрынғы социалистік лагерь елдері Ресейдің жасаған жақсылығын емес, тек жамандығын ғана айтып отыр. Бұл - орыс халқының кінәсі емес. Бұл - сол халықтың зердесін қисайтып қалыптастырған жалған тарихтың, идеологияның құлы болған тарихтың нәтижесі. Мұндай халықты көтеремін деп, талай ғасырдан соң орға ұрындыратын оспадарсыздық тым әріден - қыпшақи Киевтің (Күйеу немесе Қия қаласының - Дешті Қыпшақтың батыс қағанаты астанасының, XІV ғасырдың соңғы ширегіне дейін Қодан - орысша жазбаларда - Котэн - билеген қыпшақ елінің арғы атажұрты астанасының!) тарихи шежірелерінің миниатюраларын ғана қалдырып, қыпшақы тарихты түгелдей өзгертіп, орыс рухына «бейімдеп» қайта жазып шыққан князь Мстиславтан - ең өтірікші, бірақ мықты идеологтан басталып, «Игорь полкы туралы жырды» «орыстандырған» Мусин-Пушкинге, тарихи қуаты күшейген Русьтің «Қаһармандық өткен шағын» жасаған, атасы қырымдық, яғни біздің Доспанбет жыраудың қандасы - Қара Мырза болған, әйгілі «орыс тарихының әкесі» (тарихта әке бола ма?!)Н.И. Карамзинге ұласқан-тын.
«Ақымақ өз қатесінен, ал ақылды адам өзгенің қатесінен сабақ алады».
Халықтар да солай болса керек…
Желтоқсан оқиғасы аз жазылып, аз айтылған жоқ. Көптеген мақала, кітап жарық көрді… ақыры, «жартылай документті» «Аллажар» фильмі дүниеге келді. Аса сәтті болмаса да, көркем фильм (Т.Теменов), көркем роман (Д. Досжанов) жарық көрді.
Мұның бәрі, әрине, қуанарлық, құптарлық нәрселер. Ірі еңбектің, ықылас-ұмтылыстың нәтижелері. Бір қызығы, осының барлығы - қасіреттен қасиеттілік сапаға көшкен Желтоқсан оқиғаларының азалы хроникалары. Себебі соның барлығынан «Елім-ай» әуені естіледі: қаршадай болып бүгінге (яғни 1986 жылға) аман жеткен ұлттық рухтың, ұлттық намыстың символына айналған аяулы жас қазақ - айналайын Қайрат Рысқұлбековтің, басқа құрбандардың, жазықсыз тепкіге түсіп, қан жұтқан, сотталған, қудаланған жастар мен қадау-қадау азаматтардың көрген азап, көнген тозағы… қазақ халқына тағылған қараулық айып пен оның ар-намысына түскен лағнет таңбасы, саясаттың жүзі жылынуының ауанына қарай Желтоқсан оқиғасы ақиқаттың (хроникалық, фактологиялық шындығының) ашылуы үшін жасалған қимылдар туралы айтудай-ақ айтылды.
Біз Желтоқсан оқиғасын тарихи тұрғыда, байыппен зерделеп үлгердік пе? Нақтырақ айтсақ, 2050 жылдары қазақша тарихи оқулыққа жазылатын ақиқат нақтыланды ма? Меніңше, «Әр молда білген аятын оқидының» кебімен жүрген біздер осыны әзір ескермеген секілдіміз.
Дүниеде мейірімсіз нәрселер баршылық көрінеді. Менің әзірге білетінім - Жазмыш (рок, «судьба емес»!), Тарих («тарихи шындық» емес, ақиқат), содан соң - Айна. Тарих та, «ешкімнің көңіліне қарамаса» ғана, идеологияға бағынбаса - Айна. Түзу Айна. Ажарыңның қандайлығын көңіліңе қарамай көрсететін Айна.
Дәл осы тұрғыдан алғанда Желтоқсан толқуы - «Елім-ай» дәуірінен көп бұрын жылауды бастап, «Қайран Еділін…» (Ақтамберді), «Адыра қалған үш қиянын…» (Мұрат) жұртқа тастап, шарасыз көшкен, «Ойыл көздің жасы еді…» деп, өкінумен теперіштің бәрін көре-көре келіп, «патшасы қызарғанмен» «Қазақтарды америка үндістерінше жойып жіберу керек!» деген (Екінші Николай патшаның досы, пікірлесі, Мемлекеттік Думаның депутаты, кейін Солженициннің «Красное колесо» романының жағымды кейіпкері болған Марков-Второйдың Ә.Бөкейханов қатысқан Дума мәжілісінде, 1905 жылы айтқан «ұсынысы»), пиғылы ешқандай өзгермеген Ұлы Ресей, ұлы орыс шовинизмінің шындықтарын жалғай түскен Ұлы Русьтің (КСРО гимнінде дәл осылай: «Союз нерушимых республик свободных сплотила навеки Великая Русь») адамның атын ұмыттырып жіберуге құдыреті жеткен үстемдігінің нәтижесінде тілі мен дінінен, рухани, мәдени болмысынан мүлде ажырап қалудың аз-ақ алдында отырған, генетикалық үрей әбден титықтатқан қазақ халқының қандай күйде екенін айқын көрсетіп берген қазақтың 1986 жылғы ұлттық портретін жасаған Айна еді. Түзу Айна-тын…
АЙНА НЕНІ КӨРСЕТТІ?
Біріншіден, қазақ халқының рухының тірілігін, қанша бас изегіш күң-қанағат, құл-тобаға үйретіліп, сілесі қатқанмен, тұяқ серперге жарарлығын көрсетті. Онда да Желтоқсанға қатысушылар аса артық талап қойған жоқ. Өздері сенетін «Лениндік ұлт саясатының» бұрмалануына өте кішік болмысты наразылық білдірді. «Қазақстанды қазақ басқарсын, тым құрыса, қазақстандық орыс басқарсын!» - олардың ұраны осы еді. «Қазақстан - қазақтарға!» деген ешкім болған жоқ (Болмайды да - қазақтар өте кеңпейіл халық, әрі өзіне тиісті нәрсені батыл сұрауды да ұмытқанына бір ғасырдай - Махамбет, Есет, Жанқожа, Жоламан, Кенесары қозғалыстарының шуы басылғаннан кейін - болған-ды).
Демек, біз қалай десек те, қан арқылы келген генетикалық сигнал өз дегенін істеді - шын мәнінде сана астарында (подсознание) жүрген «екінші сортты ұлт болуға наразылық» сыртқа тепті! Тек оның «сылтауы» сөз жүзінде өзгеше болып шықты - әйтпесе, Қазақстанды қазақ басқарып отырғанда да қазақтар өзін толық еркіндігі бар ұлт ретінде сезіне алған жоқ - халықтың 85 проценттен астамы әлеуметтік жағынан кемінде жарты ғасырға кейін қалған ауылдарда, «шекарасы картада сызылмайтын резервацияларда» тұрды, ғылыми-техникалық прогрестен аулақтап қалды, рухани, мәдени, ақпараттық жағынан шектеулі болды, қазақ әдебиеті мен мәдениеті «бес-алты миллион қазақты алдарқата алатын» шекарадан аттай алмайтын дәрежеге қойылды (коммунистік идеология шектеуін есептемегенде!), өндіріске, прогрессивті ғылымдарға, ғылыми-техникалық прогреске тек орыс тілін жетік меңгергендер ғана қатыстырылды, онда да олардың квотасы шектеулі болды. Кеңес армиясының құрамындағы офицерлердің 0,51 проценті ғана қазақтар - орыстанып болған қазақтар! - еді.
Мемлекеттік саяси тетіктер арқылы қазақтар сол тоқ заманның өзінде екінші сортты ұлтқа айналып еді. Қысқасы, қазақ тілінде сөйлейтін қазақтар орыстың ұлттық құндылықтарына тәу ететін, өзінің қаладан келген, орысша сөйлейтін немесе аз-мұз қызметі бар бауыры алдында өзін қор санайтын, қорғансыз халыққа айналып бара жатты. 1950 жылдары қалада болмашы ғана қазақ тұрса, 1960-70 жылдары, жалпы прогресс заңдылығының арқасында ғана, қаладағы қазақтар саны өсе бастады. Онда да олардың дені үстем орыс үрдісіне тәу ететін, баласын қазақша еркелетуге қуыстанатын қазақтар еді. Және бір маңызды нәрсе - қалаға қоныстанған қазақтар өте аз әрі әлеуметтік, рухани, мәдени салмағы мүлде жоқ топ болды.
Ауылдағы қазақ үшін идеал саналатын қала қазағы өз ұлтының болашағына сенімсіз, сол себепті ауылға барғанда бас жеуге ұялмағанымен, ауылды сағынып, идиллиялық өлең, әңгіме, повесть жазғанымен, ауылды шын сағынып, демалысын сонда өткізуге тырысқанымен, іштей «алға басу, қатардан озу, игілікке жету тек орысша өмір сүруге ғана байланысты» екенін ұқты. Өзгесі өзге, орыстар «әдейі қазақтар еншісіне қалдырған салалардың» - әдебиет пен мәдениеттің, гуманитарлық ғылымдардың өкілдерінің барлығының балаларын орысша оқытып қана қоймай, ұл-қызымен өз отбасында отырып орысша сөйлесуге көшкендігінің, түсініп жарытпаса да, Бахты, Моцартты, яғни далалыққа түсініксіздеу европалық ұлы классиканы білгенсіп сөйлеуі, қазақ поэзиясы мен прозасында орыс халқын құдай тұтатын, Ленин мен партияны жырлайтын шығармалардың саны орыс әдебиетіндегіден де асып түскендігі, тағы басқа толып жатқан «ұлттық қылықтар» - соның айғағы.
Қазақ баласы «қыстың - орыстікі» екенін, Ленин - атасы екенін бастауыш кластан бастап «біліп өсті». Қаланы - «құдай», қалалықты - «пайғамбар» санайтын, бейнеттен көз ашуды білмейтін, шарасыздықтан баласын 12–13 жастан каторгалық еңбекке жегетін, «көп болса, трәктір айдар» деп, бала болашағына мән бермейтін, түшкіріп қалса, дәрігерге жүгіріп, «калориялы тамақ жеп», заманға бейімделген қалалық қандасына қызыға қарағаны болмаса, медицинамен, профилактикалық-санитарлық шаралармен кем қамтылатын, оның үстіне түгелдей экологиялық эксперимент аймағына айналған аймақтарда тұратын… ауыл қазағының санасы екіге жарылды (раздвоенность сознания), шарасыз күйге түсіп, сана астарында «екінші сорттылықты» мойындау - құлдық психология қалыптасты. Әрине, бұл - халықтың басым бөлігінің анықтамасы. Өзгеше ойлап, өзгеше қимыл жасаушылар халық ішінде де, интеллигенция арасында да, ұлттық бюрократия (жақсы мағынасында) қатарында да болды. Бірақ олардың үлес салмағы аз еді – «көпке топырақ шаша алмай, үнсіздікпен ғана» жан сақтады.
Осындай халдегі ұлттың бойында бұрынғы тарихи сұмдықтар - 1916, 1928, 1931-33, 1937-38 жылдар қалдырған генетикалық үрей ғана емес, одан әрідегі Абай ашына айтқан дерттер де («Мәз болады болысың…», «Болыс болдым, мінеки…», «Алдамшы болмай атақ жоқ, арсыз болмай, даңқ қайда?», «Интернатта оқып жүр…», т.т.) бұрынғыдан бетер асқынған-ды (С.Апырымовтың «Соңғы аялдамасы» - соның аз ғана көрінісі).
Қарапайым мысал: тәулігіне 20 сағат жұмыс істесе де, демалыстың не екенін білмейтін шопан мен дәл сондай тракторшы қазақ маңдай терімен тапқан жалақысын «бере қойған» совхоз кассиріне (!) алғысын жаудыратын да, ал «ғайыптан тайып» сондай еңбек жасап жүрген «өзіміздің Ваня» соңғы тиынына дейін даулап жатса, оған совхоз директоры - қазақ та төбесінен жол беретін. Мұндайды көзі ашық кісілер «синдром крыс в банке» - «банкіге қамалған көртышқандар синдромы» деп атайды: әлгі мақұлықтарды қамап қойса, әлдісі әлсізін жеп күн көреді екен. Біздің халықтың атқамінерлерінің көпшілігі өзгеге әлі жетпейтін болғандықтан, өзді-өзін талайтын науқасқа шалдығуы Абай заманында-ақ басталып, коммунистер келгеннен кейін мүлде асқынғаны өтірік емес. 1937-дегі қазақ зиялыларының бір-бірін жау деп көрсетіп, жаппай қырылуының себебі де осы еді. Бұл да, айналып келгенде, шарасыз жағдайға қуылып тығылған халықтың кінәсі емес, оның рухының теперіш көруінің, ертеңге деген, әділдікке деген сенімінің әлсіреуі - ұлттық ділінен ажырай бастауының белгісі болатын…
Дәл осындай шарасыз жағдайға түскен баладай аңғал, жетімдей қорғансыз халықтың ең адал, өмірге, әділдікке деген құштарлығына сызат түспеген, әлі де ит-тірліктің ноқтасына мойынсұна қоймаған бөлігі - жастар! - әлемнің жартысына әмірін жүргізіп отырған Мәскеу Кремліне қыр көрсетіп, Алаңға шықты!
Бұл, расында, таңданарлық нәрсе. Халық рухының ажалсыздығының көрінісі. Сол себепті қалған жұртшылықты таңдандырып қана емес, «халық деп жүргенің рас болса, осылай етпеймісің?» дегендей өнеге көрсетіп, іштей ұялуға, намысты оятуға мәжбүр етіп кеткен қаршадай Қайрат Рысқұлбековтің қайсарлығын ғана емес, сол күні алаңға шығып, бес қаруы сай әскерлерден, «айтаққа қатты үйренген» репрессиялық органдардан ықпаған әрбір жас қазақ жігіті мен қызының ісі - ұрпаққа өнеге, қазақы патриотизмге бастау іспеттес құбылыс!
Бұл - қиын тарихи жағдайда қалған ұлттың түгел жойыла қоймаған ұлттық тәрбиесімен, үлкендердің «сыбырлап айтқан сырларымен», құрсауда отырғанына қарамастан, халыққа айтарын тұспалмен жеткізуден танбаған әдебиет пен мәдениеттің ықпалымен, халықтың аузында жүрген ерлер өнегесімен, ауызша ғана айтылып, жартыкештеніп қағазға түсетін тарихи тәжірибенің ащы сабақтарымен жас ұрпаққа жеткен ұлттық намыстың жасампаз ұшқыны еді!
Желтоқсан оқиғасын бүгінгі тәуелсіздігіміздің қозғаушы күші деуге болмас, бірақ сол Аңсардың ащы өкініш қана емес, адуынды үміт қалдырған, ащы арманға толы елесі деуге әбден болады.
Бұл - Желтоқсан оқиғасының қасиеттілігі мен киесі. Келер ұрпаққа асқақтата жеткізуге боларлық тұсы.
Айтпақшы, сол қасіретті күндерде жастармен бірге болған, кейін соларды жоқтасқан, сөзін сөйлеген аға ұрпақ өкілдері де аз болған жоқ. Тек олардың саны тым аз еді. Жасыратыны жоқ, бұған бола ешкімді айыптауға болмайды - генетикалық үрей мен құлдық психология дегенін істеп тынған халықтың ақиқат болмысы сондай болса, арманда кеткен Махамбет, Сырым, Ұзақ пен Жәмеңке, Бекболат, Есет, Жанқожа, Кенесарыларды, Әлихан мен Ахметті, Жүсіпбек пен… өзгелерді 1986 жылдың қазағы арасынан іздеу, табылмағанына өкпелеу орынсыз, қайырсыз шаруа болатын. Ұмытпасам, Желтоқсаннан не бұрын, не сәл кейінірек, нағыз қазақ рухы мен танымының үлгісіндей мэтр Асқар Сүлейменов «…Махамбетіміз Олжас Сүлейменовке, Ақтамбердіміз Әлжаппар Әбішевке айналып кеткен ұлтпыз» деген-ді. Жо-оқ, аталмыш екі іріні төмендету үшін емес, ұлттың қиын халін білдіру үшін айтқан…
Екіншіден, Желтоқсан оқиғасы арыдан келе жатқан, әбден асқынған пиғылды - Русьтің қазақтарды қазақтарды халық деп санамайтын саясатының ғана емес, қаһарлы Иван тұтас елді екіге бөліп тастағаннан кейін - ежелгі Дешті Қыпшақтың ыдырау үстіндегі халқының ұсақ-ұсақ халықтарға бөлініп «руымен у іше бастаған», әлсіреген кезін пайдаланып, әуелі Қазанды (сенбесеңіз оқыңыз - Қазанды қорғаудағы ерлігі үшін халық батыры атанған Шора Нарықов, кейін ауыз әдебиетінде айтылып жүрген «Нәріктің ұлы Шора бар…» дейтін Шора - қазақтың ірі тайпасы - Табынның алқаракөгі болатын!), кейін Қажы-Тарханды алып (Ноғайлы елінің жұртын жойып) болғаннан кейін - белгі бере бастаған, одан соң бұрын Далалықтарға (Алтын Ордаға, сәл әріректе, половецтерге) арқа сүйеп қана емес, ағайын болып отырған Руське Бірінші Петрмен келген евроцентризмнің бүгінге дейін жалғасқан пиғылы мен идеологиясының болмысын айқын көрсеткен тарихи сабақ.
Еуропаға дін түзігін, мәдениет озығын апарған Еділ патшаның - Атилланың - маңдайы қисайған халқын кемсіту, оның өткенін де, бүгінін де жоққа шығарып, мешеу нәсіл, кембағал халықтар жиынтығы етіп көрсету, сөйтіп оларға өзінің дегенін істету үшін өз құндылықтарын таңу, «Әлемнің жалғыз ұстазы (демек, қожасы) Еуропа және еуропалықтар» екенін барлық айла-тәсілмен дәлелдеу - европоцентризм - Рим шіркеуі канондарын өзгертіп, орыстарды да «жабайы» дей бастаған, сөйтіп олардың да дініне түзету енгізген VII-IX ғасырларда-ақ басталған-ды. Соның ықпалымен орыс зиялыларының арасында қалыптасып, саясатшылардың қимыл-пиғылының ережесіне айналған азиаттарға, әсіресе қазақтарға кемсіте қарау - Желтоқсан оқиғасының тұсында айқын көрінді. Кремль енді облыстар мен ірі өндіріс орындарын ғана емес, Қазақстанды да Иудеядағы Рим прокураторы сияқты орыс князі басқарғаны дұрыс деп шешті. Қазақстан Иудея емес-ті, оның Иисусі де, Иегудасы да, тіпті «талантты сатқын» Иудасы да жоқ болатын.
Егер әлемдік саяси-экономикалық процестерге дем берген ірі күштердің ықпалымен «қызыл империя» іргесі шайқала бастамағанда, заманына қарай амалы өзгерген «жаңа Шая Ицкович» қазақ халқын жедел орыстандыру миссиясын түгел орындауы да мүмкін еді. Тарих мүмкіндік бермеді - алыс саяси мақсаттар үшін қажет болған «саясаттағы ауа райының өзгеруі» бұл мақсатты өзгертіп жіберді. Бірақ әлгі көзқарас - европоцентризм өзгермеді: Желтоқсан оқиғасынан көп кейін Грузиядағы толқуда 7 адам өліп еді, күржіндер сол күні қаралы гимн шығарып, үш күн бойы аза тұтты, ал кінәлі генералды КСРО Жоғарғы Кеңесінің съезінде жеп қоя жаздады. Бұл «Шаханов батылдығынан» көп бұрын болды. Мұхтар ақын Жоғарғы Кеңестегі (КСРО) «қызыл империяның көрін қазушылар» атанған әйгілі «депутаттардың аймақаралық тобының» құрамында еді, мүмкін, сол сәтке дейін үндемей келген, Колбинмен сүйісіп жүріп, одан Наурыз тойын өткізуді сыйға алған оның «үш минуттық мәлімдемесі» жалпы саяси мақсат үшін - СОКП (компартия) позициясын әлсірету үшін «қажетті көзір» болған шығар? Әйтпесе… Желтоқсанда жастар қырылып жатқанда ешкім дауыс көтермеген. Желтоқсан туралы екі жыл бойы ештеңе айтылған жоқ - қазақтарда ешкімнің шаруасы жоқ-ты: олар азиаттар ғой!
Желтоқсанның соңғы «Колбин науқандары» - евроцентристік идеологияның айқын көрінісі: ол қазақты ұлтқа санаған жоқ, чукчаларша қайырып, өз дегенін істетті… Мұны баяндап жатудың өзі артық.
Үшіншіден, Желтоқсан қазақы элита мен қазақы зиялы қауымның дәрменсіздігін айқын көрсеткен Айна болды.
Алаңға шыққан жастарға «ақылға келіңдер, үйге қайтыңдар - мұның соңы қиын болады» дегеннен арыға бара алмаған ұлт қаймақтарының бейнесі Есенғали Раушановтың «Біздің жастық» атты өлеңінде айқын көрініс тапты: «Ағаның көрдік алқасын - ақылдан басқа түгі жоқ».
Ұлт ағаларының арасында санаулы адамдар ғана - қазақтың жазықсыз ұл-қыздарын еврейлерді қорлаған немістердің өнегесімен қорлап жатқан кезде! - дауыс көтере білді. Соның ең айқыны, марқұм Жұбан ақын - «Мен қазақпын!»-ның авторы, Жұбан Молдағалиев еді. Қазақты қойша қыруға келген Колбин Жазушылар одағына кездесу өткізгенде жастарды айыптай сөйлеп, Колбиннің бетінен сүюге рұқсат сұраушылар көбейіп жатқанда, залда лық толып отырған, бәлкім, өзінен дарындылау көп қаламдастарының шарасыз үнсіздігін бұзып, Колбинге қазақ атынан тұңғыш наразылық айтқан да, Желтоқсан қасіретінің анық кескінін батыл ашып берген де сол еді. Өз өлеңіне - шындығына! - қарсы шығып, өз сезіміне сатқындық жасай алмаған сол болды. Әрине, қазаққа деген махаббат, елге ұлтқа деген адалдық туралы небір тамаша сөздер айтылған шығармалардың авторлары да сол залда отырған-ды. Олардың тоқсан бес проценті, тым құрыса, күңкілдеуге де жараған жоқ. Керісінше, кейбіреулері айтқанға көнгіш, айдағанға жүргіш ұлттық бюрократияның өзара күресінің сойылын соғысып, жаңадан келген орыс князінің маңайын жағалады, жалған ұран салып, жап-жақсы ұпай жиып алды.
Белгілі қайраткер М.Есеналиев, 86-шы мектептің директоры Мақсұт Оразаев, «Жалын» баспасының директоры Сейдахмет Бердіқұлов, жазушылар С. Шаймерденов, Ә.Нұршайықов сияқты наразылығын жасыра алмағандар, әрине, болды. Меніңше, мұны ерекше дәріптеудің де қажеті жоқ, ұлтты қорғау, намысты қорғау - дұрыс кісінің қарапайым парызы. Сол парызға адалдық «қыздырманың қызыл тілінде» емес, сын сағатта көрінеді.
Желтоқсанның 17-сі күні өзінің "кеңестік милициясынан», «ел қорғаны - кеңес әскерінен» оңбай таяқ жеген жастар, әдепкіде мұның өң мен түстің қайсысы екенін айыра алмады. Олар өз халқын қудалау, ұрып-соғу тек капиталистік елдерде болады деп ойлайтын, сойыл мен кісі бойындай қалқанды тек телехабарлардан ғана көретін. Бұл да олардың риясыз адал сенімі еді. Сол сенімді сойыл мен сапер күректері быт-шыт қылған кезде жастар таяқ жеген балаша «әке» іздеді - Жазушылар одағының алдына барып, айғай салып, жөн сілтер ағаларын - ұлт ұғымында «рухани әке, арқа сүйер қорған» болып есептеліп келген жазушыларды, әсіресе, «Я бываю Махамбетом, Чоканом, Тагором!» Дейтін «АзиЯ»-ның авторын айғай салып шақырды. Бұл - әркім әкіреңдеп, «әкеңмін!» деп келген жетім халықтың әке, басшы іздеуі еді… - жастардың алдына шығуға ЕШКІМНІҢ ТӘУЕКЕЛІ ЖЕТПЕДІ: көп күрсініп, жүрек дәрісін жиі ішіп, шарасыз отырған қазақтың ең қадірлі жазушылары Жазушылар одағының есігін ішінен бекітіп алды. Жалғыз жазушылар ғана емес, күллі ұлттық элита, ұлттық интеллигенция «есігін бекітіп», әліптің артын бағып отырды.
Бұл - айыптау емес, тарихи болмысымыздың ақиқат күйін көрсету ғана. Бұл - болашақ үшін қажетті ащы сабақ…
Қысқасы, ұлттық элита көз алдында басып-жаншылып, қорлық көріп, ажал құшып, ату жазасына кесіліп жатқан жастарға - ұлттың ең намысты, адал бөлігіне ара түсе алмады. Тым құрыса, солардың кеткен есесін үкіметтен тепсініп тұрып сұрай алмады. Бұл ескі кеселдің - генетикалық үрейдің, құлдық болмыстың белгісі еді.
Дау айтушылар табылар: М.Шахановтың, қазақы газет журналдардың батылдығы кейін ғана басталған. Себебі «жоғарыда» болып жатқан үлкен саяси күрестер мен ойындар нәтижесінде КСРО-ның шаңырағы ортасына түсері белгілі бола бастап еді. Соған орай, түсін жылытқан саясаттың арқасында Желтоқсан жөнінде ақырын ғана айтыла бастады. Мысалы, әуелгі анықтамасы «ұлтшыл, бұзақы элементтердің жаппай тәртіп бұзуы» болып, барлық ұйымдар мен мекемелердегі жиындарда айыпталған Желтоқсан оқиғасы туралы «орталықтың кадр саясатын бұрмалауына наразылық», одан соң «әміршілдік-әкімшілдік жүйеге қарсылық», келе-келе «тоталитарлық жүйеге қарсылық» деген анықтамаларды «иемденуі». Қазір оқиғаны «Тәуелсіздік үшін күрестің бастауы», тіпті «КСРО-ны демократияландырудың тұңғыш қадамы» деушілер де бар. Саясаттың аңысын аңдай отырып, Желтоқсанды соған лайық бояуға салу дегеніңіз - осы.
Кезінде қорғаушысы жоқ болған Желтоқсан намыстыларының қамқоршылары кейін неге көбейді? Арал тағдыры да дәл сондай науқан болып еді, қазір сол қорғаушылар қайда? Желтоқсан оқиғасы - біздің рухани Аралымыз еді. Оны да тек ұпай жинаушылар, онда да жоғары жақтың иек қағуына қарай қорғай бастаған секілді. Әйтпесе, күллі Алматы қазағы, ұлт қаймағы өзіне сыйымды тұрғыда неге наразылық білдірмеді? Дәл сол қиын кезеңде грузиндерге ұқсап (олар да біз секілді «тең праволы» ұлт еді ғой!) неліктен қаралы күн жарияланбады?
Жазықсыз жастар жасын жұтып жатқанда арашаға түсіп, ақиқатты дер кезінде айтуға ұлт қаймағының неліктен тәуекелі жетпеді? Меніңше, біз сол «құлдық ұрудан» арылу үшін Желтоқсанның өңін өзгертпеуіміз, сол сынақтан ұлттың қалай өткендігінің ақиқат көрінісін ұрпаққа жеткізуіміз керек. Олар Отанына, ұлтына жаны ашыса, өздерін ақтап алуға тырыспайтын, жортақы күліп, жорта жыламсырамайтын адамдар болып қалыптасуға тиіс.
Тағы бір нақты мысал келтірейін, тек мұның «қазақша күрес» (біреуді мұқату) еместігін жұрттың ұғуын өтінемін: «Орыс пиғылының тоқпағынан» екі қабырғам сынып, бет сүйегім жарылып, сол кездегі Совет аудандық ішкі істер бөлімінің подвалындағы түрмеде үш тәулік тік тұрып (камерада отыратын орын жоқ-ты, әрі ширыққан жастар «ұйықтамадық… тамақ ішпедік…» дегеннің не екенін ұмытқан!), өзімді өлдіге санап отырған үйге 21-і күні келгенімде Мәскеу теледидарынан Евтушенкомен құшақтасып өлең оқып тұрған Мұхтар ағамның бақытты жүзін көріп, қорлықтан жылап едім. Мұхтар Мәскеуде поэзия кешін өткізіп жатты… Фрунзе аудандық партия комитетінің бюросы (мүшелерінің 70% қазақ) «Не үшін таяқ жедің? Кім ұрды?» деп те сұраған жоқ, керісінше, КГБ-ның аудандық бөлімінің бастығы, қапсағай, қарасұр қазақ (Шәкәрімді атқан кісінің бейнесін мен қазір сол азамат арқылы елестетем!) ешкім зорлап тұрмаса да, «ерекше белсенділік» танытып, ақырып-зекіріп, жер-жебіріме жеткен.
Ертеңіне менің мәселемді талқылаған (коммунистік жарғыны аупартком бұзды - әуелі партиядан шығарып, мәселені бастауыш ұйымда талқылауға аупартком Күләйхан Шойбекова бастаған «белсенді тобын» жіберді. Хатшының қазір «Қазақстан Тәуелсіздігі үшін!» тост көтеріп, жақсы қызмет көлігін мініп жүргеніне еш шүбәм жоқ!) партия жинында шынымен қорландым. Таяқ жегеніме емес - біреулер өліп те жатты, қыздардың намысы аяққа тапталды, менікі онымен салыстырғанда түк емес-ті. Қорыққан да жоқпын - ауылдан келіп жатқан анам «Құдайға тәубе де. Сотталсаң, Тұрар Рысқұловтан жаның артық емес» деген. Өзі соғыс жылдары төрт ай түрмеде отырған, әкесі Ырғыздағы ақтармен соғыс кезінде мерт болған кісі еді. Шер-ағаның кітаптарын ерекше ұнататын. Жылау орнына қайраған ананың сөзінен соң пендеге тән қорқыныш сап тыйылған…
Қорланғаным - сол кезде біздің басылымдарды басқарып отырған Тұмағаң Молдағалиев, Мұзағаң Әлімбаев бастаған зиялы қауымның «бұзақы жастарды» лағнаттағаны, «ұлтты масқаралады» деп айыптап, саясаттың алдына түсіп алып, ешкім сұрамай-ақ «сар желгені»…
Мұндай күй сол кездегі қазақ зиялыларының түгелге жуығына ортақ-тын…
Ал ұлттық элита - үрей билеген элита - желтоқсан оқиғалары тұсында қазақ ұлтының тағдырын мүлде ұмытып, өзара есеп айырысу ойынымен айналысып кетті. Оған тек қара бастың қамы мен «мансап үшін есектің артын жуу» тән еді.
Міне, Желтоқсанның өзіміз асығыс қана шолған сабақтарының кескін-болмысы осындай. Желтоқсан көрсетіп кеткен «ұлттық портрет» те осы болды.
Мұны білген дұрыс. Тәуелсіз елдің еркін ұлты ретінде бойын түзеп, өзгелермен терезе теңестіру үшін, қазақы патриотизмді, шынайы (саудагер емес!) ұлтжандылықты қалыптастыру үшін, күрделі, мейірімге сараң Әлем құшағына енген, еш жерде елжіреп отырған бауыры, Меккеде нағашысы жоқ ұлттың айнаға қарап, мінінен арылу үшін осы ақиқат керек. Әрнәрсені атымен атай білетін деңгейге жеткен ұлт қана алыс ертеңдерге аптықпай жетеді. Тарихи зердесі шынайы қалыптасады. Сол себепті жыламсырауды қойып, беку, рухани бекіну, ұлы Желтоқсанның қасіретін де, қасиетін де ұрпақтар санасына мейлінше таза жеткізген жөн болар.