Жұбан Молдағалиев

1986 жылы Жазушылар одағында Г.В.Колбинмен өткен кездесуде басын қатерге тіге отырып, жастар қозғалысын қолдады. «Мен бұл күнді көргенше, өліп кетсем болар еді..» деп аһ ұрған ақынның ашынышты сөзі талай қазақтың көкірегін толқытты.

Аялдар Күнтуған

  • 25.11.2024

Жұбан Молдағалиев (1920-1988) – ірі эпик ақын, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы 1920 жылы Орал облысының (қазіргі Батыс Қазақстан обл.) Тайпақ ауданы, Жыланды деген жерде дүниеге келді.

Жетіжылдық мектепте, Орал ауыл шаруашылығы техникумында, әскери-саяси курстарда білім алды. 1940-47 жылдары әскер қатарында болып, соғысқа қатысты. Соғыстан кейін баспасөзде, Қазақстан Жазушылар Одағында басшылық қызмет атқарды. КСРО Министрлер Кеңесінің Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі коллегиясының мүшесі болды.

Жұбан Молдағалиев "Лениншіл жас", "Қазақ әдебиеті" газеттері мен "Жұлдыз" журналының редакцияларында, Қазақстан жазушылар одағында басшылық қызметтер атқарды.

1949 жылы оның "Жеңіс жырлары" атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді. Бұл кезде Жұбан 29 жаста еді. Алғашқы өлеңдер жинағы оның өз ауқымынан алыстап, өскенін көрсетті. Оның үстіне оқ пен оттың жырларын бастан кешті. Бұл жай ақынды бірден есейтіп, әлеуметтік, саяси құлашы кең поэзияға бағыттады.

Кейін Жұбан Молдағалиев "Қызыл галстук" (1949), "Нұрлы жол" (1951), "Бастаушымыз партия" (1954), "Жыр туралы жыр" (1957), "Заман тынысы" (1960), "Жесір тағдыры" (1962), "Ғашық көзбен" (1964), "Мен қазақпын" (1965) тағы басқа кітаптарын жариялады.

Сонымен қатар, Жұбан Молдағалиев Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің депутаты, Қазақ КСР жоғарғы кеңесі төралақасының, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің мүшесі (XII—ХӀӀӀ-съездерде) болып сайланды.

Ол екі рет "Еңбек Қызыл ту" және 2-дәрежелі "Отан соғысы", "Құрмет Белгісі" ордендерімен, медальдармен марапатталған.

 «Кісен ашқан», «Қыран дала», «Сел», «Мен – қазақпын» поэмалары үшін ең жоғарғы сыйлықтармен марапатталды.

Шығармалары ағылшын, неміс, француз, поляк, испан, венгр, араб, монгол тілдеріне аударылған.

1986 жылы Жазушылар одағында Г.В.Колбинмен өткен кездесуде басын қатерге тіге отырып, жастар қозғалысын қолдады. «Мен бұл күнді көргенше, өліп кетсем болар еді..» деп аһ ұрған ақынның ашынышты сөзі талай қазақтың көкірегін толқытты.

Ақын қазақ халқының тарихы туралы «Мен – қазақпын» атты толғауында халқының атынан мінбеге шығып сөйлей отырып, тарихи шындықты, халықтың эпикалық өмірін кестеледі. Сан түрлі тақырыптағы лирикалық шығармаларында туған жер, Отан, өз ұлтына деген сүйіспеншілік, қазақ тілі, оның тағдыры, ана, әйел, махаббат, соғыс және бейбітшілік, замандастар бейнесін арқау етті.

Ақын 1988 жылы Алматыда қайтыс болды.

MalimBlocks
Сарсаңда өткен сол бір кез...