Сарсаңда өткен сол бір кез...

Malim Админ

  • 04.04.2020

...Енді мен үшін есіме алғым-ақ келмейтін, бірақ есімнен  ешуақытта шықпайтын қиын кезеңдер басталды...

Келген бойда, жұмысқа барсам, мені үш ай бұрын жұмыстан шығарып жіберіпті. Төбемнен жай түскендей болды. Тұрған жерімде сілейдім де қалдым. Бөлім бастығымыз Сұлтан Оразалинге әкемнің жалғыз ұлы екенімді, ол кісі сал болып жатып қалғаннан кейін, күтіп-баққанымды, оның қайтыс болғанын айтып түсіндірмек болсам, ол кісінің мені тыңдауға құлқы болмады...

Әрине, маған ара түсіп Дүйсенбек Қанатбаев, Мақсұт Әубәкіров, Совет Мазғұтов деген кісілер әрі-бері жүгірді. Директор да, комитеттегілер де міз бақпапты. Айдалада қалғандай сенделдім де қалдым...

Содан сабылып жұмыс іздейін. Редакциядан редакция қоймай кездім. Бірде біреуі маңына жолатпайды. Маңдай тіреп баратыным Жұмекен ағам ғана, Әбіш ағам армияда. Жұмекен ағам не істесін? Өзі бір жерде, ең болмаса, бөлім меңгерушісі де емес. Қатардағы жай қызметкер. Әне жер, мына жерге ол кісі де кіреді. Бірақ бір жерге тұмсық тығу мүмкін емес. Кей жерлер орын бар бола тұра, алмайды. Адамның жолы болмайын десе, қиын екен.

Өз қатарларымды қарасам, бәрінің де жұмысы бар. Солардың ешқайсысынан кем жұмыс жасамасымды білем. Бірақ, амал нешік?

Бір күні не істерімді білмей, көшеде сенделіп келе жатыр ем ҚазМуде оқитын, сәлемдесіп қана жүретін, аралас-құраласымыз жоқ бір жігіт кездесіп, әттең атын ұмыттым, жағдай сұраса қалғанымыз. Мен жағдайымды айттым. Ол жігіт салған жерден, “сен редакциялардан жұмыс табам деп ойлама, ол үшін сенің тіреп тұрған бір діңгегің болу керек, ондай діңгегің жоқ па, онда босқа сандалма. Кейінірек көре жатарсың. Негізгі мақсатың бар ғой. Содан айрылма. Түптің түбінде сол жеткізеді. Әзір бала-шағаңның қамын ойла! Мен де сен сияқты жұмыссыз қалғам. Бірақ көп ойланбастан, ет комбинатына барып жұмысқа тұрдым.  Әрине, менің де ғалым болсам деген ниетім бар. Болам да! (Кейіннен ғылым кандидаты болды). сондықтан саған айтар ақылым күні ертең ет комбинатына кел. Сағат сегіз жарымда қақпа алдына. Сол жерде кездесейік. Кадрлар бөліміне ертіп апарып, уақытша жұмысқа тұрғызайын” деді. Бірден келісе кеттім.

Ертеңінде айтқан уақытында барсам ол  мені күтіп тұр екен. Бірден байқағаным, ет комбинатының алдындағы күзетші қатал болып шықты. Біздің өзімізді кабинеттегі біреулерге телефон соғып, солардың рұқсатымен ғана ішіне кірдік. Уақытша жұмысқа алындым. Оның қаншалықты созылатынын кім білсін. Бірақ әйтеуір тырнағым ілікті-ау. Әрине, уақытша адамдарға уақытша ғана көзқарас болатыны заңды. Киімдері әркімнің үстінен қалған ескі-құсқы бірдеңелер. Әне жері сөгілген, мына жері жыртылған. Резеңке етігі де қолп-қолп еткен кең. Соңынан шылғау әкеп ылдалаған болдым.

Мен жұмысқа тоңазытқыш цехына алындым. Пәленбай камерасы бар. Әр камерасының температурасы әртүрлі. Біреуі салқын, екіншісі одан да салқынырақ. Үшінші, төртінші... ал бесінші, алтыншы камералар суық. Суық болғанда да 30 градус суық. Ол камералардағы еттер сіресіп қатып қалады. Міне сол суық камералардан әр малдың жарты еттерін төбедегі рельс роликтер арқылы итеріп қуып әкеліп машиналарға тиеп, дүкендерге жөнелтеміз.

Ал жас ет қасапхана цехынан келеді. Сол еттерді алдымен салқын камераларға кіргізеді де, ал ондағы бұрынғы мұздаған еттерді одан гөрі салқындау камераларға жоғарыдағы роликтер арқылы апарамыз. Осылай сатылап кете береді. Жазда сыртта 30 градус аптап боп тұрғанда, камерада 30 градус аяз. Кейде сол екі ортада жүресің. Қиын-ақ. Үстімдегі киімім де жұқа, әрі жыртық.содан мен әлі күнге шамалы суықтан тітіркеніп қоя берем. Суық деген әбден етімнен өтіп, сүйегіме жеткен ғой.

Сонымен бірге Ресейді былай қойғанда Белоруссия мен Украинадан вагон-вагон шошқаның еті келеді. Ортасынан қақ бөліп қатырылған жарты еті. Оларды вагоннан бірден алып кететін роликтер жоқ. Арқалап көтеріп, арнайы суық камераларға қатар-қатар қалап қоясың. Уақыты келгенде басшылар оларды машиналарға тиеткізіп, дүкендерге жөнелтеді.

Қол қалт еткенде бір цехтан екінші цехқа барып тұрамын. 1999 жылы өзімнің естелік кітабыма былай деп жазып қойыппын: “мен жас кезімде ет комбинатында жұмыс істегем. Оның қасапхана цехында малдарды қалай өлтіргенін көрдім. Сиыр, жылқы, шошқаны токпен өлтіреді. Ертеректе ток жоқ кезде, оларды маңдайынан нән балғамен ұрып өлтіреді екен.

Сиыр да, жылқы да, шошқа да қасапханаға кіргізер кезде мөңіреп, кісінеп, шыңғырып айналаны азан-қазан қып жібереді.

Ал қойды қалай өлтіреді дейсіз ғой. Оларды ың-жыңсыз айдап әкеліп, шетінен ұстап ап біртіндеп тірілей сирағынан шәңгекке іледі. Түсініп отырсыз ба, тірідей! Сонда да байғұс жануар мыңқ етпейді! Оны шәңгекке іліп роликпен жылжытып жібергеннен кейін барып бауыздайды. Одан әрі терісін сыпыру, ішек-қарынын алып қалу... т. б. процестер. Жалғасып кетеді.

Қазір Қазақстан да сондай, тірідей сирағынан шәңгекке ілінетін қой кейпіне жақын” ...

Тамыз, 1999 ж.”

Ет комбинатында жұмыс істей бастағаннан бірден көзге түсетін нәрсе, ол ұрлық. Екінің бірін ұрлықшы деуге болады. Ұзынша етіп кесек қалпында тілінген еттерді біреулер екі иығына, біреулер беліне орап алып кетіп бара жатады. Қолға да түсіп жатады, жұмыстан да шығарылып жатады. Ұрлық бәрі бір тоқтамайды. Ұрлаудың басқа да түрлі тәсілдері бар. Жалпы, ет комбинатын ұрлықтың ұясы, тіпті ордасы деуге болады.

Адам дегенде қанағат деген бола бермейді ғой. Әйтпесе, комбинат етті жұмысшыларына өзінің ,дүкендерінен екі есе арзан бағаға сатады. Оны алатындар біз сияқтылар ғана. Ұрлық бар жерде түрлі оқиғалар да болып тұрады. Соның біреуін естелік-күнделігіме тағы да тіркеген екем: “Жас кезімде мен жұмыс істеген ет комбинатының тоңазытқыш цехында әбден тіс қаққан төрт-бес жырынды ұрылар болды. Олар бақылау қанша күшті болса да, анау-мынау тайынша етін бүтіндей, жылқының жарты етін қолға түспей алып кете беретін. Бір күні солардың біреуі семіз қойдың тұтас етін қапқа сап, шығарып алып кетуге ыңғайлы бір жерге жасырып қойған ғой. Жұмыстан кейін барса, әлгі жерде еті жоқ. Әрі іздейді, бері іздейді. Зым-зия. Сөйтсе ол етті басқа бір бір ұры алып кетіпті. Яғни ұры итті сұқ ит тонаған. Сондағы тоналып қалған ұрының екінші ұрыға шүйліккенін көрсеңіз. Жағасынан қос қолдап алып тұрып “ұятсыз, оңбаған” деп салды.

Екі жырынды ұрының бір-бірін ұялтпақ болғанына біз ұялып, еріксіз теріс айналып кеттік.

 

...Мұндай оқиғалар қазір де аз емес.

Қазан, 1999 ж.”

Айтатыны жоқ, тоңазытқыш цехында жұмыс істеу өте ауыр. Нағыз каторганың жұмысы. Өздері де солай дейді. Қуатты, қайратты болуың керек. Кілең соқталдай-соқталдай ірі жігіттер. Бригадиріміз татар жігіті. Өте күшті адам. Қалғандары да сен тұр мен атайындар. Менің қуатым олардан бірде кем емес. Колхозда небір ауыр жұмыстар атқарып, әбден шыныққанмын. Одан басқа Құдайдың бере салған қуаты да жетеді. Жылқының, сиырдың, шошқаның ұзынынан қақ бөлінген бірнеше жарты еттерін қатар қосып бір камерадан екінші камераға аспалы роликтер арқылы итеріп алып барғанда жұрттан қалыспай, тіпті асырып жіберем деуге болады. Тек мені қинайтыны қойдың жарты еті. Қойдың жарты етінің тұрқы қысқа. Оған қолымның бас жағы ғана жетеді. Саусақтарым майысып итерем. Бірақ жұрттан қалыспаймын. Балаларыма нәпақа тапқаныма шүкір деймін. Маған бригадиріміз де риза бола бастады. Бұрын келген адамдардың көбі жұмыстың ауырлығына шыдамай бірер апта істеп, жұмыстан шығып кетеді екен. Ал мен болсам көнтерімін, олардың ешқайсысынан қалыспай жұмыс істеймін. Сонан кейін риза болмай қайтсін?!

Бірақ редакцияларға, баспаларға әлі де құлағым түрік. Бір орын табыла қала ма деген дәмем әлі де жоқ емес. Бірақ сыбыс білінбейді. Тым-тырыс. Не болса да қайыспау керек, алған беттен қайтпау керек. Білекті сыбанып, белді бекем буыну керек. Не болғанда да күйректік көрсетіп, мұң шағып, еңсеңді түсіріп алмауың керек. Осы керектерді орындасаң нағыз керек өзің боп шығасың деп өзімді ширатып қоям. Ол үшін ең алдымен жылауық өлеңдер емес, қайсар өлеңдер жазу керек. Жазып та қоям.

Қақырап сынып түскенше

бiлекпен,

иық,

белiммен

көтерем сенi, Туған жер,

осынау өзен, көлiңмен,

шөлiңмен,

орман,

жерiңмен,

көтерем сенi, Туған жер!

Оятып ойды алам да

айқайлап жатқан ағыспен

көтерем сенi,

қамалып

көмейде жатқан дауыспен.

 

Уақыт салып араға,

тұрмастан босқа тыныстап,

көтерем сенi

далада,

көшеде,

үйде,

жұмыста.

Ертеңге қалай барам мен

қап қойсам сыртта, қапталда, –

салмағың жатсын, әйтеуiр,

қолыма алған қалам мен

арқама салған қаптарда.

Әйтеуір өмірдің сыртында, қапталында қалып қоймасам деген, тоңазытқыш цехындағы ауыр жұмыстардың салмағы арқамда жатқаны да, ел алдындағы борышымды өтегенімді де сезінуім керек қой. Осылай сезіну де едәуір бойға қуат, көңілге демеу.

Тағы да көңілге демеу болатыны “Горный гигантта” Дүйсенбек Қанатбаев пен Әнес Сараев жеке салынған, ортадағы қабырғасы бір үйдің екі қапталында тұрады. Демалыс сайын жетіп барамыз. Үйлерінің айналасы ашық, кең.Жайлауға шыққандай боласың. Ол үйге демалыс күндері кім келмейді дейсің ғой. Айсәуле шешемізді ерткен Әбштің отбасы (армияға кетпей тұрғанда) Асқар Сүлейменов, Есенжол Домбаев, Төлен Әбдіков, Қажығали Мұхаметқалиев Сайымжан Еркебаев, тағы да басқа толып жатқан жігіттер келіп-кетіп жатады. Елден де келетін адамдар аз емес. Әнес пен Дүйсенбектің үйі ол кезде бір топ жазушылардың бас қосып, жазылып, жайылып қалатын жері болып еді. Ондай бас қосулар, әсіресе, ұрттап алғанда, ауыздыға сөз бермей отыратын Асқар Сүлейменов. Оқымаған дүниесі жоқ. Арғы беріден қозғап, біз ғұмыры естімеген есімдерді атап, олардың шығармаларының мән-мағынасын, ішек-қарнын аударыстырып сөйлегенде еріксіз құлақ түріп отырып қаласың. Тағы да солардың біріне де Асқар ағамыз тамсанып, таңдай қағып табынып жатпайды. Кейбіреулерін жерден алып, жерге салып түкке алғысыз етіп тастайды. Ал оның сөзіне отырып-отырып ақырында шыдай алмай Әбіш ағамыз қосылып кеткенде мына дүние бірде тарының қауызындай қусырылып, енді бірде шетсіз-шексіз ғаламға айналып бара жатады.

Шынында да Әнес ағам мен Дүйсенбектің үйін сол жазда бір мектеп болды деуге болады. Әбіш пен Асқардың аузынан естіген кейбір кітаптарды көңілге түйіп, дүкенге шыққанда іздестіре бастаймын. Жалғыз мен емес, дабыра етіп айтпаса да, білем, өзгелер де солай істейді.

Әбіш Кекілбаевтың орны ерекше екенін бәріміз де жақсы білеміз. Кемеңгер екенін дәлелдеп, кемеліне келіп дүниеден өтті.

Ал Асқар Сүлейменов туралы әртүрлі пікірлер әлі күнге айтылады. Бірақ қанша пікір айтылса да,  бір нәрсені, оның өте білімді шешен екенін бірауыздан мойындайды. Шынында да ол асқан білім иесі еді. Бірақ осындай білім иесінің бітірген шаруасы, мен үшін, тым жұпыны сияқты болады да тұрады. Көп нәрсе бітіруге мүмкіншілігі бар еді... Қайтейін, тағдыры солай болған шығар. Не болғанда да оның, ағартушылық міндетін ешкім жоққа шығара алмас. Сондықтан да оның әдеби ортаға ықпалы аса зор болды. Оны тыңдаған, сөйлескен біз сияқты адамдар әлі күнге жақсы сезінеді.

Басқа жігіттер де құр жаяу емес. Олардың да оқыған тоқығандары жетерлік. Содан да болар кейде әлденеге таласып қызылкеңірдек болып керілдесіп қалады. Содан ба екен, менің де оқуым бұрынғыдан артпаса, кеміп қалған жоқ. Сол кезде бір ұққаным, әйтеуір оқу үшін оқудың қажеті жоқ екендігі. Ең алдымен, өзіңнің бағыт-бағдарыңа сай келетін дүниелерді оқу керек екенін ұқтым. Оның да өзіндік бұрылыс-қалтарыстары көп болады екен. Белгілі бір дәрежеде олардың да игерілген тұстары, игерілмеген тұстары бар. Мәселен, мен сол жылдары соғыс кезіндегі Ұлы Қарсылық ақындары Гарсия Лорканы, Витезслав Незвалды, Дюла Иешті, Френоны, Радован Заговичті және тағы басқаларын көп оқыдым. Олардың  шығармашылығындағы “жыраулық” еркіндік маған қатты ұнайтын. Мен бұл жерде “жыраулық” деген сөзді бостан-бос айтып отырған жоқпын. Олардың өлеңдерін мен, шын мәніндегі “жазбаша жыраулық” поэзия дер едім. Ашылып, ашынып сөйлейді. Ал ашынған адам буын мен бунақты санап отыра ма? Төгіліп, есіліп, нөсерлетіп кетпей ме?! Міне, олардың еркіндігіне қарап отырып, өзіміздің ертедегі жыраулық поэзиямыздың еркіндігі есіме түсетін. Бейне бір, ол ақындар біздің жырауларымыздың табиғи еркіндігін жазбаша түрде қайталап отырғандай көрінетін. Содан да мен оларды жаныма жақын тұттым. Радован Заговичті аудардым да. Ол аудармамның бірнеше өлеңін “Лениншіл жас” газетіне алып та бардым. Ол кезде газеттің әдебиет бөлімінде Оралхан Бөкеев пен Сағат Әшімбаев жұмыс істейтін. Көп ұзамай жарияланды да. Сол барғанымда Оралханмен сөзге келіп қалдым. Болмайтын бір сөзге жабыса қалған кіна менен. Оралханның мінезі де жібектей жұмсақ емес. Тарс-тұрс, шарт-бұрт ете қалдық... Ұзақ жылдардан кейін Оралхан іссапармен Маңғыстауға барғанда, өзім іздеп барып үйге шақырып, өткенді еске алмай-ақ тіл табысып кеткен едік.

Қандай жағдайда жүрсем де өлеңге деген ықыласымды суытып алған жоқпын. Мені осы қиындықтардан тек өлең ғана құтқара алатындай көрінетін. Сол сенімім мені алдаған жоқ деп білем. Менің сол сенімімді ұлы мәртебелі Өлең де бағалады-ау. Түптің түбінде мерейімді өсірді, мәртебемді көтерді десем де артық айтқандық емес шығар...

***

Әлі де болса, редакцияға, яғни қалам мен қағаздың жұмысына деген дәмем үзілер емес. Бір ілінсем ғой деп ойлаймын. Әрине, жүнжіп кеткен де ештеңем жоқ. Бірақ ойымнан бір шықпайды. Менімен қатысып, сырласып жүрген жігіттерге де айта беретін болсам керек. Біздің үйге жиі келіп тұратын Сайымжан Еркебаев ағам (тәп- тәуір жазушы еді, бірақ насихаты аз болды) бір күні әдейі мені іздеп келіп, “Темірхан, пәленбай күні, Жұбан Молдағалиевтің үйіне барамыз. Өлеңдеріңді ала жүр. Ол кісі менің жерлесім. Хабарласып ем, үйге кел” деді. “Мені қойшы, менің жұмысым бар, бәлкім бәрі дұрыс боп бара жатса, сенің бір жерге ілігіп кетуің мүмкін”. Бұл сөзінің жаны бар. Өйткені Жұбан Молдағалиев Жазушылар одағының екінші хатшысы. Беделі де, абыройы да жетерлік. Кез келген жерге сөзін өткізе алатын адам.

Уәделескен күні Сайымжан екеуміз кездестік те темір шарбақпен қоршалған оқшаулау тұрған, келбеті келіскен бір үйге келдік. Кіре берістегі дәлізде күзетші отыр екен. Ол ішке хабарласып барып, әрі қарай өтуге рұқсат берді. Жұбан ағамыз бізді сол бір кеудесін шалқақ ұстайтын тәкаппар қалпында қарсы алды. Гүрілдеген дауыс, көзәйнегін бір көтеріп қойып қадалып қарайтын көз. Кіріңдер, жайғасыңдар деді де, өзі телефон арқылы біреулермен сөйлесіп кетті. Біз Сайымжан екеуміз тымпи ойнағандай үн-түнсіз отырмыз. Телефонды орнына қойып барып, біздің қапталымызда тұрған диванға барып отырып, жеңгемізді шақырып, Сайымжанды атап таныстырып, екеуінің бір ауылдан екенін, кезінде ағаларымен құлынтайдай тебісіп, бірге өскенін айтты да, маған қарап мүдіріп қалды. “Ақын жігіт, Темірхан Медетбеков” деді Сайымжан ағам. Жұбан ағамыз көзәйнегін бір қозғап қарады да, ештеңе деген жоқ. Тамақ жедік. Ауыл-аймақтың, ағайындардың аман-саулығын сұрасудан басқа, сөз бола қойған жоқ. Жұтаң, бір сарынды сараң әңгімелер. Тамақ соңынан, артынша шай келді. Дастарқан үстінде арақ та, шарап та жоқ. Жұб-ағаңды арақты татып алмайды деп еститінбіз. Бұл кісі кезінде көп ішкен көрінеді. Содан шешесі қатты күйінген ғой. Бетті кісі болса керек, баласына ауыр-ауыр сөздер айтқан. Анасының сөзі жанына батқан Жұбан ағамыз, ант-су ішіп арақты аузына алмай кетіпті. Содан бастап тұрмысы да түзеліп, қызметі де өсіп шыға келеді. Сол кезде ғой құрдасы Сырбай Мәуленовтың “жататын мас боп шалжиып, бастығым болды бүгінде Жұбан Молдағалиев” дейтіні. Ол шумақты жұрттың бәрі жақсы біледі. Өзі ішпейтін болған соң ба, жоқ әлде бізді бір келімді-кетімді адамдар ретінде ғана қабылдағаны ма, ондай сый-сипат көрсете қоймады.

Сонымен шай ішіп отырмыз. Әңгіме де өрбімей қойды. Еңсені басып ұстайтындай ауырлау отырыс. Енді өлең оқылмайтын болды-ау деп отырғам. Бір кезде Сайымжан ағам “Жұбан аға, мына Темірхан деген ініңіз, сіздің алдыңызда өлеңдерін оқығысы келеді” дегені. Жұбан аға маған көзін сүзе қарады да, шамалы мүдіріп барып “бір өлең оқысын” деп, асығыс екенін білдіргендей сағатына қарап қойды. Содан мен қойын қалтамдағы өлеңімді суырып ап оқи жөнелейін.

Тынышыңды алам мен Сенiң,

Сенiң де,

Сенiң,

Сенiң де –

шығармай жырдың ел-селiн,

тарқамас менiң шерiм де!

 

Кетуiм үшiн ұққызып,

ақтарып, төгiп барымды, –

тынышыңды алам мен сенiң,

байлаулы жатқан бүк түсiп

үргiзiп телефоныңды.

 

Өлеңдi сенен iздедiм! –

сөйлей де сөйлей далаға

қаңсып бiр қалған қызыл тiл

жапырақ құсап күздегi

таңдайды жатса сабалап.

 

Деме сен маған кеш жүрсiң! –

өлеңмен ертiп ақпанды,

тынышыңды алсам мезгiлсiз,

құлаштап ұрып қақпаңды.

 

Тынышыңды алам, Тау, Дала,

Теңiздер,

Желдер,

Ормандар!

Жатпастан санап саудалап

не берсең, ала беретiн

үмiттей терең дорбам бар!

 

Миллион рет күнiне

қайғыға,

мұңға түсiрген

тыншыңды алам, дүние,

бiр ғана өлең үшiн мен...

Өлеңді оқып бітірген бойда, Жұбан аға шалқайып отырған қалпын бұзып, маған шаншыла қарады да, “тағы біреуін оқы” деді. “Кешкі бұлттарды” оқыдым. Оны бітірген бойда, ол маған жылы шырай танытып, “тағы да екі өлең оқи ғой” деді. Қолымда бір топ өлең бар екенін көріп отыр. “Сағаттар” мен “36 градусты” оқыдым. Жұбан ағам тіпті жайдарыланып қалды. Енді шаншылып қарамай мейірлене қарап “қайда істейсің Темірхан?” деді, үйіне келгелі тұңғыш рет сөзге тартып. Менің орныма Сайымжан ағам сөйлеп кетті. Ол кісі менің телевидениеде істегінімді, ауылға барып әкемді күткенімді, ол кісінің қайтыс болғанын, келгеннен кейін мені жұмыстан шығарып жібергенін, қазір жұмыссыз жүргенімді, түк қалдырмай айтып шықты. Жұбан аға үн-түнсіз зер сала тыңдап алды да, “жақында Орталық кеомитеттің пленумы болады. Сол өткеннен кейін маған келерсің” деді. Сонымен дастарқан жиналып, біз орнымыздан тұрып сыртқа беттедік. Қашан біз басқыштан төмен түскенше Жұбан ағамыз есігін ашқан бойда шаншыла, әрі мейірлене қарап тұрды.

Кейде адамның жолы бір болмайын десе, болмай-ақ қояды. Не істейсің?! Қылар амалың жоқ. Жұбан ағаны пленум өткен бойда екінші хатшылықтан алып тастады. Сонымен менің ілініп тұрған тіндей жіңішке үмітім де үзіліп кетті...

Жұмысқа тұрып кетем бе деген дәмелі үмітім үзілгенмен, салым суға кетіп жүнжіп қалғаным жоқ. Әрине, жаныма батты, қынжылдым, бірақ бәрінен безінбеу керек, әйтеуір бір жерден тесіп шығармын деп ойладым. Ауыр болса да жұмысымды істей бердім. Кейде қатарлас жігіттердің үйіне мен де барып тұрам. Бір күні Кеңшілік үйіне шақырды. Шолпан екеуміз бардық. Қаланың қай тұсы екені қазір есімде жоқ, әйтеуір шет жағы екені анық. Айналасы ашық боп көрінді. Суын едәуір жерден тасып ішеді екен. Қыстың іші болатын. Үйлері жып-жылы. Кішкентай бөпелері пысылдап ұйықтап жатыр. Ет пісірілді. Тост көтерістік. Шай ішілді. Желпініп, желігіп алдық. Кеңшілік көзді жұмып, қолын сермелеп өлеңін оқыды. Мен де қалысар емеспін. Мәзбіз. Біздің мәз болғанымызға әйелдеріміз де мәз...  Біздің сол мәз-мейрам болған дауысымыздан оянып кетті ме, құндақтаулы бөпе іңгәләп жылай бастады. Менің сырт жағымда жатқан. Тар бөлме ғой. Мен бұрылып, баланы алдым да екі қолыммен тербетіп, жүзіне зер салып, (шіркін, ішіп отырған адам, әрі дана, әрі шешен, әрі көрегенғой)  “Мына бала, мен білсем бәрімізден де мықты ақын болады” деп жіберіппін. Сонда Кеңшіліктің “Әй, Темірхан, менен мықты ақындықты, тіпті баламнан да қызғанам” деп сықылықтап күлгені әлі көз алдымда. Сол бөпе Аманкелдімен жақында ғана сөйлестік. “Жас Алаш” газетіне Кадзуо Исигуроның Нобель сыйлығын алған “Тұрақсыз әлемнің суретшісі” атты шығармасы туралы жазылған мақаласын оқып шығып, риза болдым да Аманкелдіге телефон соқтым. Мақаласы, шынында да, әрі байсалды, әрі үлкен пайыммен жазылған екен. Мақалада белгілі бір кезеңдегі жапон қоғамының ғана емес, біздің қоғамның да рухани азып-тозғанын нақты мысалдармен ашып көрсетіпті. Мен оған телефон арқылы Исигуро шығармашылығының ауқымының өте кең екендігін, оның рухани күйзелісі біздің де қоғамға да тән екендігін айтып, соны ашып көрсете білген оның мақаласына риза екенімді  жеткіздім  де басқа әңгімелерге ауыстық . Бір сөзінде Аманкелді биыл мен елуге келем ғой деп қалды. Бір кезде сырт жағымда жатқан кішкентай құндақтаулы сәбидің іңгәләп жылағанын есітіп, қолыма алғаным есіме түсіп, енді оның, міне, елуге келем дегеніне сенер-сенбесімді білмей дал боп отырып қалдым. Еріксіз ішімнен “өтіп бара жатқан өмір-ай” дей беріппін. Құдайға шүкір, бүгінде Аманкелді қазақ әдебиетіндегі саусақпен санарлық сыншылардың біріне айналды...

...Бізге кілең келіп, хабарымызды алып тұратын, қатысын үзбейтін, әрине, Сайымжан. Анда-санда болсын мен де оған барып тұрам. Үй иелері орыстың кемпір мен шалы. Сайымжан бейне бір нағашысының үйінде жүргендей әбден еркінсіп алған. Олар да бұған бауыр басып кеткен сияқты. Қашан көрсең де Сайымжан, Сайымжан деп оның қас-қабағына қарап тұрғаны.

Едәуір кітапханасы бар. Олардан оқуға шетінен алып тұрам. Өзі немісше де оқиды. Шет тілдер институтының неміс тілі факультетін бітірген ғой. Кейде бірге оқыған жігіттері де келеді. Олар да оқыған-тоқығандарын айтады. Жалпы сол заманға тән қасиет, оқыған кітаптар туралы әңгімелер көп айтылатын. Орыс, қазағы түгел. Әсіресе шетелдік әдебиет модаға айналған еді. Ол езде бір-біріне кітап сыйлау, бір-бірінен кітап ұрлау, бір-біріне кітап сату немесе кітап айырбастау көп болатын. Содан да қоғамның көкірегі оянып, көзі ашылып келе жатты. Кітапқа деген құмарлық ұзақ жылдарға созылды. Тұмшаланып, тұншығып жатқан кеңес заманының пердесі ашылып, бойына сәуле кіре бастады.

Содан да мен Сайымжанды көбірек сөзге тартам. Ол да әңгімеден бір жалықпайды.

Бір күні үйіне тағы да бара қалдым. Үйінде екен. Біраз әңгіме дүкен құрғаннан кейін сыртқа шығып бір бидон сыра алып кеп күншуақта демалып отыр ек, үй иесі кемпір бір шелек су алып кеп сонадай жерге отырды да, дәл қасында әлі көздерін де ашпай тырбаңдап жатқан төрт-бес күшіктерді біртіндеп суға малып тұншықтырып өлтіре бастады. Соның алдында ғана осы кемпір мына заманның бұзылғанын, адамдарда мейірім, қайырым деген сияқты қасиеттердің жоқ екенін айтып біраз сарнап еді. Енді істеп отырғаны мынау. Қарап отырып жаның түршігеді. Осы бір көрініс қаншама жылдар өтсе де көз алдымда тұрып қалыпты. Оның маған қатты әсер еткені болар, кейіннен “Керағар” деген өлең де жаздым.

Мосқал әйел белгiлi бұл өңiрге,

қайта-қайта жалбарынып тәңiрге,

отырып ап есiгiнiң алдында

ренiшiн айтып отыр өмiрге.

 

– Бiрiн-бiрi талап жатқан, жалмаған

мына өмiрден ұяламын, арланам.

Адамдарың адам емес бүгiнде

береке де, қасиет те қалмаған!

 

Бұл сөзiмнен қорықпа да, шошыма.

Түспесiн тек қайғы, мұң кеп басыңа...

Сонан кейiн мосқал әйел тұрды да

бiр шелек су әкеп қойды қасына...

 

– Ешкiм қазiр жимайды ғой айылын.

Ұят пенен ар дегенiң – жай ұғым!

Түспесiн тек қайғы, мұң кеп басыңа

адамдарда жоқ қой қазiр қайырым...

 

Мосқал әйел қамшы өргендей таспадан

ренiшiн жалғастырды бастаған...

Топырлатып алып келдi сонан соң

күшiктердi көзiн әлi ашпаған...

 

Сөздерiнiң болмай соңы, ақыры

дедi сонсоң маған қарап ақырын:

топырлатып туады да жатады

құрғамайды-ақ екен иттiң жатыры!

 

Тәңiрiне тағы да бiр сиынып,

өз-өзiнен отырды да күйiнiп

«адамдарда мейiрiм жоқ, мейiрiм»

дедi-дағы үнсiз қалды түйiлiп.

 

Сәлден кейiн әлденеге күлiмдеп,

сәлден кейiн әлдене деп күбiрлеп,

тұншықтырып өлтiруге кiрiстi,

күшiктердi суға салып бiрiндеп!

Өмірдің өзі өлең дегеніміз, бәлкім, осы шығар.

Бірінші бөлімнің соңы.

Байланысты жаналықтар

Классик жазушы Асқар Сүлейменов

08.10.2024

Ақын Дүйсенбек Қанатбаев өлеңдері

19.09.2024

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

28.10.2023

Президентке  ашық хат.  Ар-ұятына кір жұқпаған жазушы бар.

10.05.2023

Мұқағали минуттары

07.10.2021

Сатыбалды Нарымбетов. Жастармен жарысуға болады

07.03.2021
MalimBlocks
Классик жазушы Асқар Сүлейменов

Көрнекті жазушы, драматург, сыншы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асқар Сүлеуменов 1938 жылы 29 желтоқсанда қазіргі Түркістан облысының Созақ ауданы Шорнақ ауылында туған.

Ақын Дүйсенбек Қанатбаев өлеңдері

Дүйсенбек Қанатбаев 1940 жылы 27 қазанда Түрікменстанның Красноводск ауданы, Сүлмен ауылында (қазіргі Балқан уәлаяты, Түрікменстан республикасы) туған. 2010 жылы Алматыда қайтыс болды. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген (1965). Өлеңдері орыс, түрікмен, әзербайжан, башқұрт, украин тілдеріне аударылған. Мақтымқұлыны, Франческо Петрарканы, Саят-Нованы, Лермонтовты тәржімалады. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоғамдық қоры Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы жүзеге аса бастады.

Президентке  ашық хат.  Ар-ұятына кір жұқпаған жазушы бар.

Редакциямызға бір топ ақын, жазушының атынан мемлекет басшысының атына ашық хат келіп түсті. Олар Жазушылар одағына жаңа басшыны ұсыныпты. Жазушылар одағының сайланбалы төрағасына президенттің не қатысы бар екенін түсінбедік. Дегенмен қоғам назарына хат мәтінін жариялағанды жөн көрдік.

Мұқағали минуттары

Сатыбалды Нарымбетов. Жастармен жарысуға болады