Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Катардың Доха қаласында өткен 2025 жылғы блицтен әлем чемпионатында жеңіске жетіп, үшінші рет әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Malim.kz.
Әйелдер арасындағы жарыста 21 жастағы қазақстандық шахматшы 15 турдың қорытындысы бойынша 11 ұпай жинап, көшбасшылар қатарынан плей-офф кезеңіне жолдама алды. Жартылай финалда Бибісара Қытай өкілі Чжу Цзиньэрді айқын басымдықпен – 3:0 есебімен жеңді.
Финалда ол Украина шахматшысы Анна Музычукпен кездесіп, тартысты матч өткізді. Алғашқы үш партия тең аяқталса, шешуші төртінші ойында Асаубаева жеңіске жетіп, әлем чемпионы атағын иеленді.
Осылайша, Бибісара Асаубаева блицтен әлем чемпионатын 2021, 2022 және 2025 жылдары жеңіп алып, Қазақстан тарихында бұл атаққа үш рет қол жеткізген алғашқы шахматшы атанды.
Сонымен қатар ол бұл көрсеткіш бойынша үш дүркін әлем чемпионы атанған ресейлік шахматшы Катерина Лагномен теңесті.
Айта кетейік, әлем чемпионаты 3+2 форматында (әр партияға 3 минут және әр жүріске 2 секунд қосылады) өтті. Турнирдің жалпы жүлде қоры 1 миллион еуродан асты.