Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесінде жәбірленуші Әділет Зейнелден жауап алу басталды. Ол марқұм жұбайымен өткізген соңғы сағаттары мен қайғылы оқиға болған 8 қараша күнін еске алды, деп хабарлайды Malim.kz.
Сотта Әділет Зейнелдің айтуынша, 2025 жылғы 8 қараша күні таңертең ол Ұлданамен бірге Қосшыдан жұмысқа шыққан. Ұлдана Байқоңыр ауданындағы жедел жәрдем қосалқы станциясына күндізгі ауысымға фельдшер болып барған. Ал Әділет өзі жұмыс істейтін Бірінші қалалық ауруханаға кезекшілікке кеткен.
Екеуі шамамен сағат 07:45-те жұмыс орындарына жетіп, хат алмасуды жалғастырған. Сағат 08:00-де Әділет жоспарлы операцияға кірген.
«Сағат сегіз жарым шамасында жоспарлы отаны аяқтап шықтым. Хат алмасуды жалғастырдық. Ол бір шақыртуға бара жатқанын айтты. Мен де өз жұмысымды істей бердім», – деді ол сотта.
Шамамен сағат 10:00-де Ұлдана күйеуіне қайта хабарласып, бір жерде ғимараттың қасбеті құлағанын және зардап шеккен адамның Бірінші қалалық ауруханаға жеткізілуі мүмкін екенін жазған.
Осыдан кейін олардың байланысы үзілген.
«Осыдан кейін сөйлеспей кеттік. Ол хабарлама жазуды тоқтатты», – деді Әділет Зейнел.
Шамамен сағат 10:50-де оған аурухананың ішкі телефоны арқылы қоңырау түсіп, жұбайының қабылдау бөлімінде жатқанын хабарлаған.
«Жұбайың Бірінші қалалық аурухананың қабылдау бөлімінде жатыр. Түсіп, оны танып шығуыңызға болады», – деген оған телефон арқылы.
Алайда Әділет бұл ақпаратқа бірден сене қоймағанын айтты. Себебі бұған дейін ғана Ұлданамен хат алмасып отырған.
«Бірінші ойлағаным – бұл әзіл шығар деген ой болды. Өйткені ол маған бұған дейін жазған еді. Мен оған мән бермей, жұмысымды жалғастыра бердім», – деді жәбірленуші.
Көп ұзамай, сағат 10:55-те, Әділетке анасы қоңырау шалған. Оның анасы бұған дейін Бірінші қалалық аурухананың қабылдау бөлімінде жұмыс істеген. Ол ауруханадағы әріптестерінен Ұлдананың шокқа қарсы палатада жатқанын естіген.
Осыдан кейін Әділет екінші қабаттағы операциялық блоктан бірінші қабатқа түсіп, қабылдау бөліміне барған.
«Оны таныдым да, “бұл менің әйелім” дедім. Өйткені оны ауруханаға белгісіз адам ретінде жеткізген. Мен оның Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуан екенін айттым», – деді ол.
Қазір сотта жәбірленуші Әділет Зейнелден жауап алу жалғасып жатыр.