freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Ұлдана Мырзуан ісі: Судья соттан шеттетілмеді

Қоғам
Ұлдана Мырзуан ісі: Судья соттан шеттетілмеді
Фото: видеодан скрин

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесінде төрағалық етуші судьяға қарсылық білдіру туралы адвокаттың өтініші қанағаттандырылмады, деп хабарлайды Malim.kz.

Сот отырысында айыпталушы Сәуле Жұбаниязованың қорғаушысы Асхат Әлімов төрағалық етуші судья Меруерт Абаеваға қарсылық білдіру туралы өтініш берген.

Адвокаттың айтуынша, ол іске тек 2026 жылғы 20 тамызда кіріскен. Осыған байланысты қорғау тарабына қылмыстық іс материалдарымен толық танысуға және сот отырысына дайындалуға жеткілікті уақыт берілмеген.

Қорғаушы бұл жағдай Сәуле Жұбаниязованың Конституциямен кепілдік берілген қорғалу құқығын бұзатынын айтып, сот отырысын кейінге қалдыру туралы өтінішінің қанағаттандырылмауына байланысты судьяға қарсылық білдірген.

Адвокат өз ұстанымын Қылмыстық-процестік кодекстің 87-бабының 1-бөлігінің 6) тармағымен негіздеген. Оның пікірінше, судьяның қабылдаған шешімі оның істің нәтижесіне мүдделі болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Қарсылық туралы өтінішті Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Самат Сембаев қарады.

Судья қорғаушының уәждерін тыңдап, қарсылықты қанағаттандыруға негіз жоқ деген қорытындыға келді.

«Қылмыстық-процестік кодекстің 87-бабының 1-бөлігінде көзделген судьяға қарсылық білдіру негіздерінің тізбесі кеңейтілген түсіндіруге жатпайды. Бұл жағдайда қарсылық білдіруге адвокаттың өтінішін қанағаттандырудан бас тарту түрінде төрағалық етуші судья қабылдаған процестік шешім негіз болған. Алайда мұны істің нәтижесіне деген жеке мүдделілік деп бағалауға болмайды», – деді Самат Сембаев.

Сот судья Меруерт Абаеваның істің нәтижесіне жеке мүдделі екенін көрсететін жеткілікті дәлелдер ұсынылмағанын атап өтті.

Осылайша, адвокат Асхат Әлімовтың төрағалық етуші судья Меруерт Абаеваны істі қараудан шеттету туралы өтініші қанағаттандырылмады.

Сот қаулысына жеке шағым беруге болмайды. Алайда онымен келіспеу туралы уәждер апелляциялық шағымда немесе прокурордың өтінішхатында көрсетілуі мүмкін.

Еске салсақ, бұған дейін сот процесінде айыпталушының жаңа қорғаушысы судьяға қарсылық білдіргенін жазған едік. 

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу