freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Ұлытау облысын дамытуға 20 миллиард теңге: «Қазақмыс» пен облыс әкімдігі маңызды меморандумға қол қойды

Экономика
Ұлытау облысын дамытуға 20 миллиард теңге: «Қазақмыс» пен облыс әкімдігі маңызды меморандумға қол қойды
© Ұлытау облысы әкімдігі

Ұлытау облысының әкімдігі мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға отырды.

Маңызды құжат аясында корпорация өңірдегі әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға 20 миллиард теңгеден астам қаражат бөлетін болды. Келісімге Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі қол қойды.

Серіктестіктің бұл жаңа кезеңі денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларындағы ірі жобаларды қамтиды. Сонымен қатар өңірдің инфрақұрылымын жаңғыртуға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға басымдық берілмек. Меморандум аясындағы ең ауқымды бастамалардың бірі ретінде Ұлытау университетінің ашылуын атап өтуге болады. Бұған қоса, биыл Жезқазған қаласындағы зәулім Орталық мешіт пен Сәтбаев қаласындағы жаңа травматологиялық пункттің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

©Ұлытау облысы әкімдігі
© Ұлытау облысы әкімдігі

Спорт саласын дамыту мақсатында өңірде теңдесі жоқ «Намыс» балалар-жасөспірімдер спорт академиясы мен 150 орындық арнайы интернат іске қосылады. Бұдан бөлек, «Ulytau» футбол клубын қаржыландыру жұмыстары жалғасын табады. Ал мәдениет саласында С. Қожамқұлов атындағы театр ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.

Инфрақұрылымды жақсарту және абаттандыру бағытында Жезқазғандағы «Жастар» саябағы, «Ғарышкерлер» бақжолы және Кеңгір су қоймасының жағалауы заманауи талаптарға сай жаңартылмақ. Сондай-ақ корпорация жергілікті билікке облыстың сумен жабдықтау, су бұру және энергия жүйелерін жаңғыртуға қажетті жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге де жан-жақты қолдау көрсетеді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу