freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Иран Ормуз бұғазын қайта жапты: бірнеше коммерциялық кеме шабуылға ұшырады

Саясат
Иран Ормуз бұғазын қайта жапты: бірнеше коммерциялық кеме шабуылға ұшырады
Reuters

Иран билігі сенбі күні Ормуз бұғазына қатысты шектеуді қайта күшейткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Әскери мәлімдемеде бұғаздың «бұрынғы режимге» қайтарылғаны айтылып, АҚШ Иран порттарына қатысты теңіз блокадасын тоқтатпайынша, Ормуздағы жағдай «қатаң бақылауда» болатыны ескертілді. Бұл туралы халықаралық БАҚ, соның ішінде Reuters және басқа да батыс басылымдары жазды.

Иранның мемлекеттік телеарнасы арқылы таратылған мәлімдемеде Вашингтон өз міндеттемесін орындамай, Иран порттарына кіретін және шығатын кемелерге қысымды жалғастырып отырғаны айтылған. Соған байланысты Тегеран бұғаздағы еркін кеме қатынасына берілген алдыңғы жеңілдіктің күшін жойғанын жеткізді.

Кейін Ислам революциясы сақшылары корпусының теңіз күштері Парсы шығанағы мен Оман шығанағындағы кемелерге қосымша ескерту жасап, Ормуз бұғазына жақындау «қарсыласпен ынтымақтастық» ретінде бағалануы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл ескерту аймақтағы коммерциялық тасымалға жаңа қауіп төндірді.

Осы күні Ұлыбританияның теңіз сауда операцияларын бақылайтын басқармасы – UKMTO – Оманның солтүстік-шығысына қарай 20 теңіз милі қашықтықта танкерге шабуыл жасалғанын хабарлады. Ресми ескертуде танкер капитанына Иранның Революциялық сақшылары корпусына қатысы бар екі қарулы катер жақындап, радиобайланысқа шықпастан оқ атқаны айтылған. UKMTO дерегінше, кеме мен экипаж аман, қазір оқиғаға байланысты тергеу жүріп жатыр.

Бұдан бөлек, UKMTO тағы бір оқиға туралы хабарлап, Оманның солтүстік-шығысына қарай 25 теңіз милі жерде контейнер тасымалдаушы кемеге белгісіз снаряд тигенін мәлімдеді. Ал басқа хабарламаларда Оман маңындағы круиздік лайнер жанында теңізге белгісіз нысан құлағаны айтылды.

Үндістанның Сыртқы істер министрлігі сол күні шабуылға ұшыраған кемелердің екеуі Үндістан туымен жүргенін растады. Нью-Дели Тегеранға қауіпсіз теңіз дәлізін қайта қамтамасыз ету және Үндістанға қатынайтын кемелердің бұғаз арқылы өтуіне жәрдем беру талабын жеткізген.

АҚШ тарапы да Иранға қысымды жалғастырып отыр. Reuters мәліметінше, АҚШ Орталық қолбасшылығы бұған дейін Иран порттарына бағыт алған кемелердің бір бөлігін кері бұрғанын хабарлаған. Әртүрлі уақыттағы мәлімдемелерде бұл көрсеткіш 21 кеме және кейін 23 кеме ретінде аталды.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның Ормуз бұғазын қайта жабуға талпынып отырғанын растағанымен, Вашингтон бұған көнбейтінін айтты. Сондай-ақ ол Иранмен келіссөздер «жақсы жүріп жатқанын», бірақ АҚШ-тың Иран порттарына қатысты блокадасы сақталатынын мәлімдеді. Reuters таратқан дерекке сәйкес, Трамп Air Force One бортында сөйлеген сөзінде бітім мерзімін ұзартпауы мүмкін екенін де айтқан.

Халықаралық басылымдардың жазуынша, Тегеран мен Вашингтон арасындағы уақытша бітімнің қазіргі мерзімі 22 сәуірде аяқталуы тиіс. Осыған байланысты Ормуз бұғазындағы жағдай алдағы бірнеше күнде Таяу Шығыстағы ахуалдың басты индикаторларының біріне айналғалы тұр.

Ормуз бұғазы – әлемдік мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызы бар теңіз жолы. Бұған дейін Иран бұғазды коммерциялық қозғалыс үшін ішінара ашуға дайын екенін аңғартқан еді. Алайда АҚШ-тың Иран порттарына қатысты шектеулері сақталғандықтан, Тегеран қайтадан қатаң позицияға көшті.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу