Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін сотта айыпталушылар соңғы сөзін айтуы тиіс болған, алайда Төлегенова денсаулығына байланысты сот отырысына қатыса алмады, деп хабарлайды Malim.kz.
Сот отырысының басында баспасөз хатшысы:
«Айыпталушы Төлегенова сотқа келмеді – адвокатының айтуынша, денсаулығына байланысты», - деп хабарлады.
Айыпталушылардың адвокаты Гаухар Айтжанова бұл жағдайды былай түсіндірді:
«Оның жағдайы нашарлағанын сот отырысы басталардан бір жарым сағат бұрын білдім. Жағдайы түзелер деп үміттендік. Қазір ол дәрігер шақыртты. Сондықтан растайтын құжаттарды кейін ұсынамын. Физикалық тұрғыда барып үлгермедім», – деді ол.
Судья Әділбек Баймаханов айыпталушының денсаулығын растайтын құжаттардың ұсынылмағанын атап өтті.
«Төлегенованың денсаулық жағдайын растайтын құжат болмағандықтан, сот сіздерге екі сағат уақыт береді. Осы уақыт ішінде не растайтын құжаттарды ұсыныңыздар, не айыпталушыны онлайн қосыңыздар. Егер құжаттар ұсынылмаса, сот келмеу себебін негізсіз деп бағалайды және тиісті шаралар қабылдайды», – деді судья.
Осыған байланысты сот отырысында екі сағаттық үзіліс жарияланды.
Еске салайық, бұған дейін соттағы жарыссөздер барысында прокурор Ерболат Жанәбіловке 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ал Эльмира Төлегеноваға да 4 жыл жаза тағайындап, оны 1 жылға кейінге қалдыру ұсынылды. Сонымен қатар, мүлікті тәркілеу мәселесі де көтерілген.