Бүгін 19 жас офицер Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановпен кездесті, деп хабарлайды Malim.kz.
Олардың басым көпшілігі үшін бұл – офицерлік қызметтегі алғашқы қадам. 17 лейтенант ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясын, тағы екеуі Ресей Федерациясының жоғары әскери оқу орындарын тәмамдады. Олар төрт жыл бойы арнайы дайындықтан өтіп, енді Күршім және Зайсан аудандарындағы шекара басқармаларында қызметтерін бастайды.

Нұрымбет Сақтағанов мемлекеттік шекарадағы қызметтің айрықша жауапкершілігін атап өтті.

«Сіздер оңай емес, бірақ аса маңызды мамандықты таңдадыңыздар. Ел қауіпсіздігі, азаматтарымыздың тыныштығы және мемлекеттік шекара өздеріңізге сеніп тапсырылды. Сондықтан сабырлық, тәртіп, жауапкершілік және антқа адалдық аса маңызды. Алған білімдеріңіз бен дайындықтарыңыз өз міндеттеріңізді абыроймен орындауға көмектесетініне сенімдімін», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстанға жас кәсіби кадрлардың қажет екенін және оларға еңбек жолының бастапқы кезеңінде қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

Өз кезегінде жас лейтенанттар облыс әкіміне кездесуге мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіріп, әскери борыштарын адал әрі абыроймен атқаруға дайын екендіктерін жеткізді.

18 тамызда атап өтілетін ҚР ҰҚК Шекара қызметінің құрылған күні қарсаңында Нұрымбет Сақтағанов офицерлерді қызметтерінің басталуымен құттықтап, оларға сәттілік, төзімділік және абыройлы нәтижелермен үйлеріне оралуды тіледі.