Жаңа депутаттарды Шөкеевтің туыстары күтеді

Елнұр Бақытқызы

  • 13.01.2021

Мәжіліске жаңа сайланған депутаттар бастапқыда парламент үйіне жақын жердегі қонақ үйде тұрмақ. Сайлау өте салған күннің ертесінде парламенттің материалды-техникалық қамтамасыз ету басқармасы астана орталығындағы қонақ үйден 103 бөлмеге тапсырыс бергенін Protenge Telegram-арнасы хабарлады. Парламенттің қамтамасыз ету басқармасы 103 депутатты 31,2 миллион теңгеге Hampton by Hilton Astana Triumphal Arch қонақ үйіне тұрғызбақ.

Қызметтік пәтер, жақсы жалақы, депутат портфелі... Парламент мәжілісінің келесі шақырылымдағы депутаттарына қызметке кірісе салысымен барлық жағдай жасалады. Қызметтік пәтері дайын емес депутат қайда тұрамын деп бас қатырып,  астананың ызғарлы аязы мен желдің өтінде риелторларды аралап баспана іздемейді. Себебі олардың қамын күні бұрын жасап қойған қамту бөлімі бюджет есебінен қонақ үй жалдап қойған.

Парламенттің материалды-техникалық қамтамасыз ету басқармасы Hampton by Hilton Astana Triumphal Arch қонақ үйіне иелік ететін "Hotel Service Astana" ЖШС-мен  келісімшартты 11 қаңтарда жасасты. Қонақ үйді жалдау қызметі өтпей қалған тендер бойынша бір көзден сатып алынған. Техникалық ерекшелік құжатына қарағанда, 2015 жылдан ерте салынбаған қонақ үйден кемі 103 стандартты бөлме жалданбақ. Әр бөлме ауданы 20 шаршы метрден кем емес, онда екі кісілік кереует, сыртқы киімге арналған шкаф, төсек үстелі, айна, жазу үстелі, ноутбукты сақтау мүмкіндігі бар сейф, кабельді / спутниктік теледидарға қосылған теледидар, телефон, сымсыз интернет Wi-Fi, үстел шамы, душ кабинасы болуы тиіс.

Келісімшартта 103 бөлме нақты қай уақытта жалданатыны көрсетілмеген. Бірақ қызмет көрсету мерзімі – тапсырыс беруші өтінім берген сәттен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде деп көрсетілген.

Асылы, мәжілістің қазіргі шақырылымдағы депутаттарының өкілеттігі 25 наурызда аяқталады. Бірақ "ҚР парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" заңның 6-бабы 2-тармағы бойынша, " парламенттiң бiрiншi сессиясын Республика Президентi сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап отыз күннен кешiктiрмей шақырады". Сол заңның 2-бабы 1-тармағына сүйенсек, келесі сайланған парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталған сәттен бастап алдыңғы шақырылымдағы мәжіліс депутаттарының өкілеттігі тоқтайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау күні "15 қаңтар күні жаңадан сайланған парламентке арнап мәлімдеме жасайтынын" жеткізді. Егер 15 қаңтар күні Тоқаев кезекті шақырылымдағы мәжілістің алғашқы сессиясын шақырса, олардың өкілеттігі сол мезеттен басталып, алдыңғы шақырылымдағы депутаттардың өкілеттігі тоқтайды деген сөз. Олай болса, су жаңа депутаттар қонақ үйге бір-екі күнде жетіп жайғасуы керек.

Бірақ бұл жердегі ең қызық нәрсе парламенттің су жаңа депутаттарға қымбат қонақ үйден 31,2 миллионға бөлме жалдағаны емес. Бәрінен қызығы, депутаттар уақытша тұратын Hampton by Hilton Astana Triumphal Arch қонақ үйіне  Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің туыстары  иелік етеді.

Ашық дерек көздерге қарағанда, парламенттің материалды-техникалық қамтамасыз ету бөлімі келісімшарт жасасқан "Hotel Service Astana' ЖШС-ның екі құрылтайшысы бар. Олар: "Hotel Stroi Invest"  ЖШС және Мұхаметжанов Серікқали Советкалиевич есімді азамат. Өмірзақ Шөкеевтің әйелі Мұхаметжанова Зәуре Советқалиевнаның Мухаметжанов Серікқали Советқалиевич есімді інісі бар.

Ал "Hotel Service Astana'  ЖШС-ның екінші құрылтайшысы – "Hotel Stroi Invest"  ЖШС құрылтайшылары да Өмірзақ Шөкеевтің етжақын туыстары. Ашық деректерге қарағанда, "Hotel Stroi Invest"  ЖШС-ның құрылтайшысы Мухаметжанов Серікқали Советқалиевич және Естай Берік Естайұлы. Бірінші құрылтайшының аты-жөні тағы да Өмірзақ Шөкеевтің қайын інісінің есімімен біп-бірдей. Екінші құрылтайшыға келсек, Өмірзақ Естайұлының 1980 жылы туылған Берік Естай есімді інісі бар.

Осылайша, су жаңа сайланған депутаттар бюджет есебінен Шөкеевтің туыстары иелік ететін қонақ үйде жайғаспақ.

Мақаланы көшіріп басуға болмайды!

Байланысты жаналықтар

Депутаттар Смайыловқа: Ресейлік күмәнді жазба авторлары елден аластатылсын!

05.10.2022

Шөкеевтің орынбасарының ұсталғаны рас па?

18.05.2021

Әкім 500 сиырмен кездесті

12.05.2021

Жаңа депутаттардың оқымаған оқуы жоқ

15.01.2021

Депутаттар мәжіліс төрағасын сайлады

15.01.2021

ОСК аутсайдер партиялардың ресми тізімін жариялады

12.01.2021
MalimBlocks
Депутаттар Смайыловқа: Ресейлік күмәнді жазба авторлары елден аластатылсын!

Ала-құла ресми ақпарат Смайыловқа онша абырой әпермейін деп тұр. Ішкі істер министрлігі Қазақстанға 200 мың ресейлік кіріп, 140 мыңы шыққан дейді. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі қазір 350 мың ресейліктің Қазақстанда тұрып жатқанын айтқан.

Шөкеевтің орынбасарының ұсталғаны рас па?

Әкім 500 сиырмен кездесті

Жаңа депутаттардың оқымаған оқуы жоқ

Депутаттар мәжіліс төрағасын сайлады

ОСК аутсайдер партиялардың ресми тізімін жариялады