Депутаттар мәжіліс төрағасын сайлады
Парламент мәжілісінің VII шақырылымдағы депутаттары жаңа спикерді сайлады. Мәжіліс депутаттары жасырын дауыс беру арқылы бірауыздан Нұрлан Нығматулинді спикер етіп сайлады.
Мәжілістегі Nur Otan фракциясы атынан сөйлеген Дархан Мыңбай мәжіліс төрағасына Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын ұсынды.
Депутаттар мәжіліс спикерлігіне басқа кандидаттарды ұсынған жоқ.
Дауыс беруге қатысқан депуттардың барлығы бірауыздан Нұрлан Нығматулинді мәжіліс спикері етіп сайлады.
Ал Балайым Кесебаева мен Павел Казанцев бірауыздан мәжілістің вице-спикерлері болып сайланды.
Депутаттар жеті комитет төрағасын сайлады.
Әр комитет төрағасын мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин ұсынды. Депутаттардың ешқайсысы қарсылық білдірмей, бірауыздан Нығматулин ұсынған кандидаттарға дауыс берді.
Аграрлық мәселелер комитеті төрағасы болып "Ақ жол" партиясының өкілі Ерлан Барлыбаев сайланды. Нұрлан Нығматулин оны "парламенттік оппозиция өкілі" деп таныстырды. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы болып Жәмила Нұрмамбетова, заңнама және сот құқықтық реформа комитетінің төрағасы болып Қанат Мусин сайланды. Қаржы және бюджет комитетінің төрағалығына Марат Құсайынов сайланса, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы болып Бельгияда елші болған дипломат Айгүл Құспан, экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетіне Халық партиясының өкілі Александр Милютин, ал экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы болып Альберт Рау сайланды.
14 қаңтар күні Nur Otan партиясы фракциясының отырысында экс-президент, Nur Otan партиясының Нұрсұлтан Назарбаев мәжіліс төрағасына Нұрлан Нығматулинді, ал вице-спикерлікке Балайым Кесебаева мен Павел Казанцевті ұсынған болатын.