Жаңа депутаттардың оқымаған оқуы жоқ
VII шақырылымдағы мәжіліске агроном, мал дәрігері мен зооинженерден бастап философ пен тарихшыға дейінгі әртүрлі мамандық иелері жиналыпты. Депутаттардың арасында бір емес, екі, тіпті үш мамандықты оқып білім қуғандар көп болып шықты. Құрылысшы да, дәрігері де, математигі де, инженері де шетінен экономика немесе заң саласын қосымша оқып алған.
Қазіргі мәжілісте барлығы оннан астам инженер бар. Nur Otan-нан сайланған Қайнар Абасов инженер-технолог болса, Самат Ақышев тау-кен инженері. Фахриддин Каратаев, бүгін ғана спикер креслосына қайта жайғасқан Нұрлан Нығматулин мен Асқарбек Үйсімбаев – инженер-механиктер.
Мәжілісте 3 инженер-электрик бар. Олар: Альберт Рау, Игорь Панченко мен Дүйсенбай Тұрғанов. Соңғысының экономист дипломы және бар. Ал Еділ Жаңбыршин жылу энергетикасының инженері.
Сергей Симонов болса, мәжілістегі жалғыз техник-механик.
"Халық партиясынан" сайланған Қазақстан саяси шешімдер институтының жетекшісі Ерлан Смайлов инженер-металлург, оның партияласы Александр Милютин инженер әрі экономист, оған қоса техник құрылысшы. Айтпақшы, әнші, Құрманғазы атындағы консерваторияны "концерт орындаушысы" мамандығы бойынша тәмамдаған Бекболат Тілеухан да Сәтбаев университетінде "инженер-металлург" мамандығын қосымша оқып алған.
"Халық партиясынан" сайланған Жамбыл Ахметбековтің де екі дипломы бар. Ауыл шаруашылығын механизациялау факультетін тәмамдаған ол он жылдан кейін КИМЭП-тегі "басқару" мамандығын оқыпты.
Мәжілісте зоология, зоогигиена, жануарларды ұстау мен баптаудың бір маманы бар болса, ол зооинженер – Сырым Адамбаев. Бірақ кейін КИМЭП-те экономист-ұйымдастыру мамандығын оқып алған соң, басқарушы қызметтер атқарған ол жануарларды күтіп баптауды ұмытып қалған болуы ғажап емес. Ондай болса, оған кезінде мал дәрігері болып істеген Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Аманғали Бердалин көмектесе алатын шығар. Айтпақшы, ол да бір саламен шектелмей, кейін экономист мамандығын оқып алыпты.
Телекоммуникацияны да, консалтингті де, IT саласын да, инвестицияларды басқаруды да қатыратын бір депутат бар болса, ол – Қытайда байланыс саласын оқыған 32 жастағы Тілектес Адамбеков.
Қазіргі парламентте бір емес, бірнеше саланы оқып алған пысық депутаттар өте көп. Мысалы, Көкшетаудағы Мырзахметов атындағы университет ректоры болған Мәди Елубаев құрылысшы ғана емес, заңгер, экономист әрі менеджер. Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл да құрылысшы әрі заңгер, ал Ғани Ташқараев құрылысшы, инженер, құқықтанушы әрі Ресей үкіметі жанындағы ауыл шаруашылығы институтын бизнес әкімшілік бойынша бітірген.
Мәжілісте Самат Мұсабаев пен Ирина Унжакова ғана таза құрылысшылар. Сол сияқты мәжілісте басқа саланың басын шалмаған жалғыз таза математик – Мәлік Құлшар, ал жалғыз есепші – Вера Ким.
Мәжілісте 4 дәрігер бар. Ғалымжан Елеуов дәрігерлікпен қатар заңгер әрі бизнес әкімшілікті оқып алған. Оның әріптесі Гүлдара Нұрымова медик әрі экономист.
Осы жолғы шақырылымда тарихшы депутаттар да аз емес. Берік Әбдіғалиұлы, Айдос Сарым, Ерлан Саиров, Қанат Нұров, Дариға Назарбаева, Жұлдыз Сүлейменова мен "ақжолдық" Берік Дүйсембинов тарих факультетін бітірген.
Мәжілісте бәрінен де заңгерлер мен экономистер қарасы көп. Қайсыбіреулер экономиканы да, заң факультетін де қатар бітірген. Мысалы, Данияр Әлімбаев экономист әрі заңгер, Гүльнара Бижанова қаржыгер әрі заңгер, Назиля Рәззақ пен Арман Қожахметов те солай.
Мәжілістегі "таза экономистер": Дания Еспаева, Анатолий Бойчин, Құдайберген Ержан, Аманжан Жамалов, Марат Құсаинов, Сәлімжан Нақпаев және Берік Оспанов. Айтпақшы, экономика ғылымдарының докторы Аманжан Жамалов Мәскеудегі теміржол инженерлері институтында оқып, инженер-механик мамандығын алып шыққан. Ал Азат Перуашев саясаттанушы, мемлекеттік басқару менеджері және Талдықорғандағы Жетісу экономика институтының экономист-менеджер мамандығын тәмамдаған.
Мәжілістегі жалғыз әлеуметтанушы – Юлия Кучинская, жалғыз дипломат – Айгүл Құспан, жалғыз ревизор – Ерлан Барлыбаев. 107 депутаттың ішіндегі жар дегенде жалғыз философ – Жәмила Нұрмамбетова, саясаттануда оқыған жалғыз адам – Елнұр Бейсенбаев. Ерлік Тайжанов – тергеуші криминалист, Геннадий Шиповских – машинист, ал Бекқали Торғаев – агроном.
Тек қана қаржы саласының жілігін шаққан депутаттар – Андрей Линник, Айбек Паяев, Айгүл Нұркина және Ләззат Рамазанова. Мәжілісте тек қана құқықтануды оқыған – Бауыржан Сартбаев.
Осы жолғы мәжіліске 7 журналист өткен. Олар: Жанарбек Әшімжан, Мақпал Тәжмағамбетова, Артур Платанов, Әлия Сапарова, Дархан Мыңбай, Қазбек Иса және Мейрамбек Төлепберген.
Мәжіліс құрамында ерікті ретінде танылған екі депутат бар. Бірі Н.Назарбаевқа ескерткіш орнатуды ұсынған 25 жастағы Мәди Ахметов болса, екіншісі – медиаерікті Әлия Әбсеметова.
Мектептегі балаларды кейбірі өмірі оқытып көрмесе де, педагог мамандығын тәмамдаған депутаттар баршылық. Мысалы, орыс тілінің мұғалімі Айқын Қоңыровтың өмірбаянына қарасаң, мектепте жұмыс істеген кезеңін таппайсың. Сол себепті ме, әйтеуір слесарь болып істеген Айқын Қоңыров 2005 жылы заңгер-құқықтанушы мамандығын оқып алған. Мәжілісте, жалпы одан басқа 5 педагог бар: Ирина Смирнова, Жанат Омарбекова, Әмірхан Рақымжанов, Екатерина Смышляева және Жанна Телпекбаева. Бірінші президент кітапханасының директоры қызметін атқарған Әмірхан Рахымжанов экономист-менеджер мамандығын қосымша алған.
Мәжілісте экология саласының ұңғыл-шұңғылын білетін небәрі екі эколог бар: Айжан Сқақова және Елдос Абақанов.
Осылайша мәжілісшілердің көпшілігі бір оқумен шектелмей, диплом қуып, қосымша бір, тіпті екі мамандықты оқып алған. Кезінде сән болған экономика мен заңды жұрттан қалмай оқып алайық деді ме, әлде қызметке барсақ артық болмас деп оқыды ма, оны өздерінен басқа ешкім білмейді. Әйтеуір басқасына ерік-жігері жетпесе де, шетінен бірнеше саланы оқып алған депутаттардың заң жобаларын талқылауға сауаты жетеді деп сенейік.
Мақаланы көшіріп басуға болмайды.
Дайындағандар: Қанат Тілеухан, Елнұр Бақытқызы.