Бес министр отставкаға кете ме?
Сайлаудан кейін де сол қалпында қалып қойған министрлер кабинетінде кадрлық өзгерісті Алик ШПЕКБАЕВ жасай ма? Заңға сәйкес бес вице-министрдің қылмысы дәлелденсе басшылары отставкаға кетулері тиіс.
Бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев бес вице-министрге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Және былтырғы жылы қанша шенеунікті абақтыға қамағаны жайлы мәлімдеді. 2020 жылы түрлі дәрежедегі 210 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты.
«722 адам сотталды, оның ішінде бір облыс әкімі, төрт облыс әкімінің орынбасары, екі жауапты хатшы, екі комитет төрағасы, бір елші, бес судья, 10 аудан әкімі мен олардың орынбасары бар. Бес вице-министрге, бес комитет төрағасы мен олардың орынбасарына, сондай-ақ квазимемлекеттік ұйымдардың бес топ-менеджеріне қатысты қылмыстық істер тергеліп жатыр», - деді Шпекбаев алқа отырысында.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы "өткен жылы 25 аса ауыр және 1368 ауыр қылмыстың, сондай-ақ жүйелі сыбайлас жемқорлықтың 112 фактісінің жолы кесілді. Сотта Ұйымдасқан қылмыстық топ құру фактілері бойынша төрт іс қаралады" деді.
Фото: akorda.kz