Аймағамбетов "жемқорлықпен ұсталған" орынбасары туралы айтты
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бүгін онлайн брифинг кезінде "5 миллиард теңге жымқырды деген күдікке ілінді" делінген орынбасарына қатысты жауап берді.
Асхат Аймағамбетов барлық орынбасары жұмыста жүргенін айтып, бұл сұрақты жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне жолдауды сұрады.
"Бұл ақпаратты мемлекеттік органнан сұраған жөн. Осы күнге дейін бұған қатысты ресми хабар алғанымыз жоқ. Сондықтан бұл мәселеге тиісті мемлекеттік орган жауап бергені жөн", - деді Аймағамбетов.
21 шілде күні жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев цифрлы даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен білім және ғылым министрлігінің жоғары шенді шенеуніктерінің үстінен тергеу басталғанын мәлімдеген. Бірақ Шпекбаев ол шенеуніктердің атын атамады.
22 шілде күні ҚазТАГ ақпарат агенттігі құпия дерек көзге сілтеме жасап, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің орынбасары 5 миллиард теңге жымқырды деген күдікке ілініп, тергеу жүріп жатқанын жазған.
Сонымен қатар бірнеше ақпарат құралы күдікке ілінген вице-министр Рүстем Биғари болуы мүмкін екенін жазды.
"Рүстем Биғари қазір қайда?" деген сұраққа Асхат Аймағамбетов "жұмыста" деп жауап берді.
"Барлық орынбасарым жұмыста жүр. Рүстем Айдарбекұлы туралы ондай ақпарат естімедім. Ол жұмыс істеп жүр. Жалпы алғанда, кінәсіздік презумпциясы бар. Мұндай жағдайда болжам жасап, олардың (орынбасарлардың - ред.) бірі ұсталыпты деп, олардың атын атау қиын, өйткені іскелһрлік бедел мәселесі бар. Егер ақпарат расталса, әрине, ол туралы айтуға болады. Бірақ мұндай жағдайда барлық әріптесім жұмыста, біз орынбасарым күдікке ілінді деген ақпаратты алмадық".